ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ БАСШЫ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КАДРЛАРЫ
БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРАТЫН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ИНСТИТУТ
Қазақ әдебиетінен
МАЗМҰНДАМАЛАР ЖИНАҒЫ
.
(5-11 сыныптар)
Алматы, 2009 жыл
Баспаға Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институттың Тілдерді дамыту кабинетінің кеңесі ұсынды
Жауапты редакторлар:
Жүнісханова Қ.Қ. – Тілдерді дамыту
кабинетінің меңгерушісі
Редакция алқасы: Абайдуллаева А.А.- Тілдерді дамыту
кабинетінің әдіскері
Омарова Ш.А.- Тілдерді дамыту
кабинетінің әдіскері
Жинақта Ресей Федерациясы, Таулы Алтай өңірі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қазіргі оқыту технологияларын пайдаланудағы озат тәжірибелері бойынша жинақтаған мазмұндамалары ұсынылады.
Жинақ жалпы орта білім беретін мектептердің мұғалімдері мен жоғарғы оқу орындарының оқытушыларына арналған.
КІРІСПЕ
Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі, әдеби тілі. Қазақстанда болғанда мемлекеттік тіл болып саналады.
Заманалар бойында қазақ тілі қазақ халқының күнделікті пікір алысу қажетін өтеп отырумен бірге оның рухани байлығы – ауыз әдебиетін атадан балаға мұра етіп жеткізу біздің мақсатымыз.
Жазуға байланысты қазақ тілі сұрыпталып, жалпыға ортақ әдеби тіл қалыптасты. Қазіргі қазақ тілі өркендеген мәдениеттің, ғылымның тілі, публицистика ресми іс-қағаздарының тілі болып, стиль жағынан жан-жақты сараланды. Сөздік қоры жағынан мейілінше байыған, грамматикалық оралымды тілдердің қатарына қосылды.
Сондықтан біз, Ресейде тұратын ат төбеліндей қазақтар осы әдеби тілді еркін болмаса да шама келгенше меңгертіп, түсінгенімізді айтып, жазып білуіміз керек.
Сабақта және сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстарда оқушылардың тілін дамыту қажет. Сол тіл дамыту жұмыстарының бірі – мазмұндама жаздыру. Бұл жазбаша тіл дамыту болса, оқығанының мазмұнын айту ауызша тіл дамыту болады. Мазмұндама жазу үшін сынып ерекшелігіне көңіл бөлген дұрыс.
5-9 сыныптарда жүргізілетін тіл дамыту жұмыстарының түрлері:
Ауызша әңгіме өткізу.
Берілген сұраққа ауызша, жазбаша жауаптар қайтару.
Жай және күрделі жоспар жасау.
Мәтіннің көркемдік ерекшелігін және шығарманың тіл, стиль ерекшелігін сақтай отырып, мәтінге жақындата ауызша және жазбаша мазмұндау.
Мәтіннің мазмұнын өзгерте мазмұндау, яғни І жақ, осы шақ формасында, ІІІ жақ, өткен шақ формасында немесе керісінше мазмұндау.
Қысқарта мазмұндау, яғни берілген мәтіннің тек түйінді негізгі мәселелерін ғана мазмұндау.
Мәтіннен цитата және эпиграф келтіре отырып мазмұндау.
Берілген мәтін туралы өз ой қорытындысын қоса мазмұндау.
Шығарма жұмыстары.
Сөздік жұмыстары.
Берілген мәтін бойынша шәкірттердің өз беттерімен немесе мұғалімнің көмегімен сұрау-тапсырмалар құру және әдеби-теориялық ұғымдарды пайдалана білуі.
Әр сыныпқа арналған жеке бөлімдерде хабарлау – баяндау, суреттеу және пайымдау – мінездеу түріндегі шығармалардан тиісті үзінділер берілді. Шығармалардың бұл түрлері мазмұндама, шығарма жұмыстарында сыныптың жалпы дайындығына, оқушылардың басым көпшілігін көбірек қызықтыратын тақырыптарға, мұғалімнің алдына қойып отырған мақсатына қарай 5-9 сыныптардың қай-қайсысында болсын белгілі бір дәрежеде қамтылып отырылуы керек. Негізінде 5-6 сыныптар үшін хабарлау – баяндау, 6 сыныпта – суреттеу, 7 – 9 сыныптарда пайымдау – мінездеу түріндегі шығармалармен жұмыс жүргізу негізгі орын алуға тиіс.
Оқушыларды шығарманың жоспарын жасауға жаттықтыру жұмысы ерекше және елеулі орын алуға тиіс. Бұл – оқушылардан көп жаттығуды және мұғалімнің өзінің ізденіп, еңбектенуін талап етеді. Сонымен бірге жоспар жасау оқушылардың берілген мәтінді тереңірек түсінуіне, логикалықойлау дағдыларын қалыптастыруға, мазмұндама, шығарма жұмыстарын дұрыс орындауға көмектеседі, яғни жұмыстың нәтижелі орындалуын қамтамасыз етеді.
Жинақтағы мәтіндердің басым көпшілігіне мазмұндау жоспары берілді. Оларды мұғалімнің міндетті түрде қолдануы талап етілмейді. Ол оқушыларға шығарманың әр түріне қарай қалай жоспар жасау керектігін үлгі ретінде көрсету, жоспардың әрбір тармағын әр түрлі сөйлемдермен құрастыру үлгілерімен таныстыру мақсатымен көздейді.
Оқушыларды мазмұндау жоспарын өз бетінше жасай білуге үйретуде, жеңіл материал алып, оның мазмұндау жоспарын сұраулы сөйлеммен құрастырудан бастаған жөн. Бірте-бірте күрделірек мәтін алынып,, оны жоспарлауды сөйлемнің әр түрімен, яғни хабарлы, сұраулы түрлерін араластыра қарастыру қажет.
5-9 сыныптардың қай-қайсысында болса да, мәтінді мазмұндау жоспарының екі түрі де (жай және күрделі) жасалады.
Жай жоспарда мәтінде баяндалатын негізгі оқиғалар мен суреттемелерді ғана алып, соған сұрақ беру немесе сол оқиға мен суреттемеге ат қою түрінде жоспар жасалады.
5-6 сыныптарға мазмұндау үшін көлемі өте шағын мәтіндер беріліп, оның өзін 2-3 рет қайталап оқып бергеннен кейін оқушылар мәтінді сөзбе-сөз естеріне ұстап қалу, мәтінді оқушылар өз сөздерімен мазмұндаудың орнына дайын фразаларды бере салушылық жиі ұшырайды. Мұндайда бірсыпыра оқушылар мәтіндегі ұмытып қалған кейбір сөйлемдерді екінші сөйлеммен дұрыс жалғастыра алмай, оларды бір-біріне ешбір байланыссыз тіркей салуға мәжбүр. Сондықтан мазмұндама жаздырту жұмысының алғашқы сатысында берілген тексті жазуға кіріспестен бұрын, белгілі бір дәрежеде дайындық жұмыстарын, атап айтқанда сұрақтарға жауап қайтару, тексті бірер оқушыға мазмұндату, тесте кездесетін түсініксіз сөздер мен фразалардың мағынасын ашу, берілген тақырыпқа ұқсас , яки соған байланысты басқа да шығармалардан, газает-журналдардан оқушылардың алған мәліметтері бойынша және шығарманың жоспарын жасауға байланысты әңгімелерін өткізу т. б. жұмыс түрлерін жүргізіп отыру керек. Бұл аталғандар оқушылардың өздігінен сөйлем құрай білуге, өзі білетін сөздік қорын дұрыс пайдалануға, сондай-ақ текстің идеялық мәні мен мазмұнын тереңірек түсінуге баулиды. Сонымен бірге мазмұндау жұмыстарының сапасын арттырады.
Тексті тұтас мазмұндау, қысқаша мазмұндау бұл сыныптарда жүргізілетін жазу жұмыстарының елеулі және мазмұнды түрінің бірі болып табылады.
Мазмұндама - оқушылардың тілін дамыту, олардың өз ойын ауызша және жазбаша дұрыс әрі тартымды баяндай білуге үйрететін тіл дамыту жұмыстарының бірі. Осы мазмұндамалар жинағындағы алынған мәтіндерде кейбір сөздер түсініксіз болу керек, сондықтан оқушылар түсіне алмайды-ау деген сөздердің астын сызып қойдым. Ол сөздерді міндетті түрде түсіндірген жөн. Жазылуы қиын сөздердің астын ирекпен сыздым, ондай сөздерді тақтаға жазып қою керек, оны сөздікке жазған дұрыс болар.
Мазмұндамалар жинағына алынған мәтіндердің мазмұны оқушыларды мейрімді, адал, адамгершілігі зор, батыл болуға, талапты болуға баулитындай және мазмұны жеңіл, жазуға қиындық тудырмайтындай етіп таңдап алдым. Мазмұндама біріншіден, оқушылардың сөздік қорын, тіл байлығын дамытса, екіншіден ойлуа қабілетін арттырады. Ал үшіншіден, сауатты болуына әсер етеді. Әр мәтіннің өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, «Айша» деген мәтінді алып қарайтын болсақ, ауыл өмірін, үй жануарларын білмейтін кішкентай қызға бәрі қызық әрі қорқынышты. Қаздардың шөп жейтінін де алғашқы рет көріп, білді. Сол сияқты қазды көрмеген біздің балаларға да бұл қызық. Олардың түсінігінде мал ғана жейді деп ойлайды.
Мазмұндамаға біртіндеп үйреткен жөн. Сабақтарда шағын мазмұндама жаздырудан бастау керек. Шағын мазмұндаманың мазмұны жеңіл, оқушыға түсінікті болу керек. Шағын мәтіндерді әр түрлі етіп алса, оқушыларға қызықты болады.
Мазмұндамалар жинағының ішіне шағын мазмұндаманың мәтіндерін кіргіздім. Оны әркім өз ыңғайыеа қарай қолданар деп ойлаймын. Шағын мазмұндамалардың мәтіндерінің тәрбиелік мәні бар. Жазуға қиындық тудырмайтын шағын мәтіндерді алдым.
Балуанды құтқару
Өзгелер де мас болды. Есінен айырылған олар қиянкесті төбелесті. Сол апыр-топырда Тоқпан әуелі Балуан Шолақтың камеріне кірді де, аяқ-қолындағы кісенді алды, содан кейін Балуан екеуі барлық камераның есігін, қақпаны ашып, қамаудағылар түгел қашты…
Өзара қиянкесті төбелескендердің басы жарылғаны, көзі шыққаны, жараланғаны аз болған жоқ. Таяқты ең көп жегені Завьялов. Ол өзіне бағынатындарға аса қатал еді, тілінен қолын бұрын жұмсайтын еді. Сол кек кеудесінде жүрген абақты қызметкерлері мас боп алғаннан кейін, Завьяловты жүндей түтті… Өзара да төбелескен олар айғай-шумен көшеге шықты.
(85 сөз)
Сашаның ерлігі
Бір мың тоғыз жүз қырық бірінші жыл. Неміс фашистері деревняға келіп кірді. Олар Сашаның әке-шешесін, апасын атып тастады. Саша жалғыз қалды. Өйткені ол аулаға барып, тығылып қалған еді.
Саша он төрт жаста болатын. Ол әке-шешесін, апасын жоқтап қатты жылады. Бірақ ешкімге ештеңе демей, орманға кіріп кетті. Орманнан шығып, арғы жағындағы темір жол бойына барды. Станцияны паналады.
Ертеңінде жаудың танкісі, артиллериясы, автомобильдері өте бастады. Саша жол бойына шықты. Бір кезде үлкен автомобиль өтіп бара жатты. Үсті толған – неміс офицерлері. Саша жақындап келіп, жеңінің ішіндегі гранатын лақтырып кеп жіберді. Офицерлердің тас-талқаны шықты. Сол арада гранаттың сынығы тиіп, Сашаның өзі де қаза тапты.
(103 сөз)
Жоспар:
1941 жыл.
Неміс фашистерінің жазықсыз адамдарды өлтіруі.
Жалғыз қалған Сашаның кектенуі немесе кек кернеген Саша.
Темір жол бойына бару.
Неміс офицерлеріне граната лақтыру.
Кек алу.
Мал төлдеп жатқан кез
Көктем. Мал төлдеп жатқан кез. Даланың ең бір қызықты шағы бұл. Мұндай кезде біздің, балалардың, «Қоянбай» бауырында отырған қойлы ауылдарға баруға жанымыз құмар. Жақында біздің Түсіп атайдың отары көктеуге көшіп келгелі бері, мен мектепке сол жақтан қатынасып жүргенмін. Ертең демалыс болған соң, өзіммен бірге үшінші сыныпта оқитын Маратты ертіп бармақ болдым. Соқпақсыз жердің шөбі (раңы) қалың болып жетілген. Дала көк торғын. Алыстағы көлден талып естілетін құс шуы тынық ауада бейне бір сырнай даусындай сызылады. Төбеде бозторғай шырылдап, маңайдың бәрін әнмен тербелтіп тұрғандай. Бұл кезде екіндіге құлағанымен, көктемнің жылы лепті сары шуақ күнінің қызуы қайта қоймай, шекеңді қыздырады. Көк бұйра түгі құлпыра түскен көктемгі дала көркіне қызыға, құмарта қарайсың. Мұндай кезде көңіл көтеріңкі.
(111 сөз, Б.Шаханов)
Жоспар:
«Қоянбай» бауырында отырған қойлы ауылға бару.
Тынық ауадағы құс шуы.
Көктемнің жылы лебі.
Көтеріңкі көңіл.
Бақытты Нұрмағамбет
Баймырза Нұрмағамбетке жирен қасқа тай әкеп берді. Жирен қасқа тай босағасына кеп байланған соң, қуанышы қойнына сыймаған бала ілулі ерді үйден алып шықты. Сыртта үлкенді-кішілі біраз бала тайды қоршап тұр екен. Ересектеу екі балаға құлағынан тұқырта бастырып қойып, тайға ерді Нұрмағамбеттің өзі салды.
Ерттеулі тайды құлағынан ұстап Баймырза балаларға айнала қарағанда, Нұрмағамбет қарғып мініп кеп қалды. Ол тебініп қалғанда, тай атып кеп кетті. Баймырза тайдың құлағынан айырылып қалды.
Құлағы қолдан босаған тай аспанға қарғығанда: «Ал, ұшты бала! Жасаған-ай, сақтай гөр!» - деді Қалампыр үрейленіп.
Қарғыған тай секіріп жерге түсті, бала құламады, тайдың тізгінінен қысқарақ ұстап, қамшымен бауырына тартып-тартып қалды.
Қашыдан ышқынды ма, я баланы жыға алмайтынын білді ме, тай енді аспанға секірмей, тура шаба жөнелді.
Шапқан тай лезде қалың орманды айналып көзден ғайып болды. «Құлап қалар, не бірдемеге соқтығар» деп қорыққан Баймырзаға көрші біреу ат беріп, тай кеткен жаққа шықса, бала ашық далада шоқытып жүр екен. Тай манағыдай емес, бастығып қапты (жуасыған). Тайдың енді мөңкімейтінін сезген Баймырза ауылға қайтып кетті.
Күн кешкіре болдырып терлеген тайын аяңдатып ауылға келе жатқанда оған, өзі дүниедегі ең бақытты адам сияқты көрініп кетті. Оның жеті-сегіз жасынан бергі ермегі – тұрымтай мен қырғиды баулып, бөдене мен торғай алдыру еді. Бұл кәсіппен шұғылданып жаяу жүргенде, «әттең, бір тай-ай?!» деп арман ететін еді ол. Сол тай, міне енді астында!
(114 сөз)
Жоспар:
Әкесі сыйлаған тай.
Тайды ерттеп міну.
Тайдан қорыққан ата-ана.
Нұрмағамбеттің ерлігі.
Үйретілген тай.
Айлалы арқар
Қошан жер бауырлап келіп, атасы айтқан кезеңге жете дүрбісін кезеніп, аңды бақылауға кірісті. Құлжа қолдан құйғандай маңғаз қалпы күнге жонын төсеп тұр. Тым кербез, тұрысының өзі ерекше салтанатты. Биік жартастың бауырынан әлдене қыбырлағандай болған соң, бала солай қарай көз тікті. Жусап жатқан бір топ арқарды көрді.
Бір кезде бағанадан сақшыдай қалт етпей күзетте тұрған құлжа арғы жағына жалт қарағандай болды. Құлжа биіктігі арқан бойына жетеғабыл құлама жартастан төмен секірді. Сұрғылт дене екі аунап түсті де, ұшып тұрып, қиғаш беткейге қарай зымырады. «Мұнша биіктен секіргенде қалай өлмей қалды?»- деп ойлады бала. Бұл сауалына атасы жауап берді: «Байқамаған екенсің-ау, балам. Арқар биіктен секірген кезде аяғымен емес, мүйізімен жерді сүзе құлайды да, аунап тұрып, кете барады. Сондықтан да арқар мүйізі үлкен, оның үлкен болуының қасиеті де сонда»,- деді.
(126 сөз)
Жоспар:
Күнге жотасын төсеп тұрған құлжа.
Арқан бойы биіктен қарғыған құлжа.
Биіктен қарғыса да өлмей қалу.
Қасым ұста
Қасым ұста іске жарайды-ау деген мүйіздерді жыл он екі ай бойы жинап жүретін. Оның ішінде киіктің, арқардың, сиырдың, серкенің мүйіздері де болатын. Ол соның бәрін күн тимейтін саялы қалтарысқа жинап қоюшы еді. Көктем шығып, ел жайлауға көшерде Қасым қыстау қасынан ағатын бұлақтың табанындағы қара қорыс, көкала сазды белшесінен қазып, мүйіздерді көшіп кететін.
Жаз өтіп, ел қыстауға оралғаннан бір, бір жарым айдан кейін Қасым ұста көктемгі көмбенің тоңын ойып, мүйізді үйге алып келеді. Оларды үйге әкелісімен жылы суға салып, саз-топырағын жуып тастайды. Сол сәттен бастап көрші-қолаңның тапсырмасымен әр түрлі бұйымдар жасауға кіріседі. Ал мүйіздер бес-алты ай қара қорыс ми батпақта жатқанда қорғасындай балқып, қамырдай иленетін күйге түседі екен. Ұста оларды барынша әрлеп, әсемдеп ожау, қамшы сап, құты-сауыт, тарақ, көзілдірік т.б. жасап шығаратын.
(127 сөз)
Жоспар:
Жыл он екі ай бойы жиналған мүйіз.
Бұлақтың табанындағы сазға мүйіздерді көму.
Батпақта жатқан мүйіздің қорғасындай балқуы.
Мүйізден жасалған бұйымдар.
Тірілген түлкі
Қыстың қақаған аязы. Қою түскен қалың қар жәндік біткенде жатқан індерінен шығармай тастады. Ашыққан түлкінің құлағына тауықтардың даусы келеді. Оңай олжа алыс емес сияқты.
Мынау оқшау қорадан тауық иісі ап-анық келіп тұр. Қораның маңында иттің жоқтығы түлкіні қатты қуандырды. Ол үйілген пішенмен өрмелей қораның төбесіне шықты. Қораның төбесін қазды да, ішке оп-оңай секіріп түсті. Қақтығысып, топырласқан тауықтар түлкінің тырнағы мен тісіне оңай ілініп жатты. Тойған түлкі шықпақшы болып, төбедегі өзі түскен саңылауға секірсе де бойы жетпеді. Адам иісі мен сыбдырын сезген түлкі, есікке таяу өлген болып жата кетті. Айша шешей қораның есігін ашты. Қоқиып өліп жатқан түлкіні көріп таңқалды.
Тауықтарын санап еді, төрт тауық жетпейді. Оларды осы түлкі жеген екен. Айша шешей немересін шақырмақшы болып бұрыла бергенде, аяғының астынан түлкі ата жөнелді. Ол оның бұлаң еткен құйрығын ғана көріп қалды.
(132 сөз)
Тапсырма: Түлкінің айласын ести отыра, кітаптан оқыған әңгімелеріңді пайдаланып, «Айлалы түлкі» деген тақырып бойынша әңгіме құрастырыңдар.
Бокс
Қыстақтан жоғары өрлеп Беларықтың бойымен үш бала келе жатыр. Бұлар: Мұрат, Садық, Шәкір еді. Мұрат пен Садықтың қолтығында газетке орап алған бокс қолғаптары. Ал Шәкірдің қолында түбі түскен ескі шелек. Ол оны әлгінде бір үйдің арт жағында жатқан жерінен тауып алған еді, тамаша гонг болады деп, әдейі әкеле жатыр.
Гонг сыңғыр ете қалды. Айқас басталды.
Өзіне қарағанда нәзік бола тұрса да, Мұраттың осал дұшпан емес екенін Садық өткен жолы байқаған. Сондықтан көзсіз кимелемей, сағырақ соғысуға тырысатын тәрізді. Ал Мұрат болса, «бәлем, танытпасам ба саған!» дегендей, тістеніп алып, шүйліге шабуылдап жүр.
Екеулерінде де аянатын пиғыл жоқ. Мұрат тез алқынып, біраздан соң шаршағандығы біліне бастады. Ал Садық болса, әлі тың.
Жеңіліп бара жатқанына Мұраттың да көзі айқын жетті. Қарсы ұмтылып, тістеніп, жұдырығын сілтеп кеп қалғанда, Садық жалт берді де соққы оған тимей кетті. Мұрат тәлтіректеп барып, өз екпінімен өзі омақаса құлады.
(139 сөз, Б.Соқпақбаев)
Жоспар:
Беларықтың бойымен келе жатқандар.
Гонг үшін алынған шелек.
Айқас басталды.
Шаршаған Мұрат.
Жеңіліс.
Батырбай қария
Батырбай қария колхозшылардың жекеменшік сиырын бағады. Мал дегенде қолқа – жүрегі елжіреп тұратын адам. Сиырларын тойынсын деп, кеш батқанша жаятын әдеті. Бүгін де сол дағдысымен ауылға күн батар алдында ғана келді. Аттан түсіп жатып үй жаққа көз тастаса, тым-тырыс. Әншейінде, бұл кезде есік алдында божылдап, буы бұрқыраған ақ самауыр тұратын еді. Ол да көрінбейді.
Су сіңіп, сіресіп қалған қалың сулығын қаудырлатып, Батыкең ауыз үйге кіргенде, төр үйден Мұраттың қинала жөтеліп ентіккен сыбысы естіледі. Батыкеңнің жүрегі шымыр етіп, үркіп қалғандай болды. Есікті шымылдықтап тұрған пердені қамшы сабымен сырып ашып қарап еді, ала көлеңке тарта бастаған үйдің ішінен төсекте жатқан баласын, оның қасында мелшиіп, салбырап отырған кемпірін көрді. Бір түйір аяз зырқ етіп Батыкеңнің миын тесіп өткендей болды.
Батыкең шешінді де, Мұраттың қасына келді. Алақанын оның маңдайына басып көрді. Еті лапылдап тұр екен.
Атасы бөгелместен дәрігерді шақырып келуге кетті.
(139 сөз)
Жоспар:
Сиыршы Батырбай.
Үй жақ тым-тырыс.
Қинала жөтелген Мұратты көріп, шошып кетті.
Дәрігерді шақыру.
Қайрат пен Санат
Қайрат пен Санат бір жақта тұратын. Екеуінің де табиғаттану сабағынан тоқсандық бағалары «үш». Бірақ Қайраттың ылғи «үштерімен» қатар екі «төрті» бар.
Өткен жазда екеуі ауылдан шеткерірек қалың ақ теректің арасына барған. Шымшықтар оның арасына қаптатып ұя салыпты. Шиқылдаған дауыстан құлағың тұнады. Балапандары жұмыртқаны жаңа жарып шыққан ба қызыл шақа. Кейбіреуі аяғыңның астынан әлсіз шиқылдайды. Жел тұрғанда ұядан құлап қалған болу керек. Әйтеуір, айналаның бәрі шымшық, шымшықтың ұясы. Екеуінің қолында рогаткалары бар еді. Алдымен бірді-екілі шымшықты атып құлатты. Шалбарының екі қалтасы толған тас. Өздерінің әу бастағы мақсаты да шымшық ату ғой. Сәлден соң екеуі терекке өрмелеп шығып, бір-екі ұяны бұзды. Сосын үш-төртеуін…
«Әйтсе де біреулерден сұрап анықтамасақ болмайды, бұлай істегеніміз обал шығар», - десті олар.
Сөйтіп олар шымшықтың құсқа жататын-жатпайтынын мұғалімнің өзінен сұрауды жөн көрді.
Мұғалім оларға шымшықтың құсқа жататынын, оның да пайдасы бар екенін айтты. Енді олар құс атпайтын болды.
(141 сөз)
Жоспар:
Табиғаттану сабағынан «үшке» оқығандар.
Ақ теректің арасына бару.
Шымшық ату.
Ұяны бұзып, балапандарды өлтіру.
Білместік.
Ала мысық
Бекежан оянғанымен, жылы төсектен тұрғысы келмеді. Тұруға ерініп, көзін бір ашып, бір жұмып, ұйқылы-ояу маужырап жата берді. Ол бір сәт көзін ашып жатып, бір нәрселер ойлаған болып еді, көзі өзінен-өзі жұмылып, мызғып кетті. Әлгі ойы түс сияқты бұлдыр тұманға айналды. Содан қайта ояна беріп, тағы бір нәрсе ойлайын деп еді, құлағына жіп-жіңішке үн ызың ете түскендей болды. Сергіп алып, құлағын түріп еді, үн жалғыз емес, бірнешеу болып үздік-үздік естілді және дәл өз төсегінің астынан шықты. Бекежан әп-сәтте жерге қарғып түсіп, етпеттеп барып, төсектің астына үңілді. Түкпірге таман, өзінің ала мысығының бауырында қыбыр-қыбыр етіп жатқан қызылшақа балаларды көрді. Ала мысықтың бір баласын қолына алып, аялағысы келді. Еңбектеп жақындайын деп еді, ала мысық көзі оттай жанып, пыр-пыр етіп, айбат шекті. Бекежан ала мысықтың бұл мінезіне әжептәуір ренжіп, не істерін білмей тұрып қалды. Кетейін десе, оларды қимайды, жақындайын десе, ала мысық жолатпайды.
(141 сөз)
Жоспар:
Ұйқылы-ояу Бекежан.
Құлағына келген нәзік үн.
Ала мысықтың бауырындағы қызылшақа балалары.
Ала мысықтың айбат шегуі.
Мысықтың күшіктерін жақсы көруі.
Туған жердің суы да тәтті
Қарауытып бір топ қоға көрінді. Қоғаны қолымен серпіп ашып жіберіп еді, бетіне ай сәулесі түскен мөп-мөлдір бұлақ жарқ ете қалды. Бұл бұлақтың қайнар басы еді. Жер астынан бүлк-бүлк етіп, шолп еткен дыбысы келеді құлаққа. Уа, қасиетіңнен айналайын, күміс қайнар!
Нариман етпетінен түсіп жатып, кәусар судан ұзақ ішті. Сусыны қанып, әл кіріп, ес жиған соң ауылға тартпақшы еді. Бір түрлі тұрғысы келмей, тұла бойы зіл тартты. Басына бірер уыс жалбыз төсеп, астына бешпетін салып, сәл қисайғаны сол еді, тастай батып, судай сіңіп, бір тәтті ұйқыға кетті. Әлде түсі, әлде өңі, әлде өз анасы, әлде ақ жаулық салған қарт әже оны иығынан түрткілеп: «Тұр, балам, тұр, таң атып қалды.Айдалада жата берме»,- деп еді. Көзін ашып, жан-жағына қараса, ешкім жоқ. «Түсім екен-ау…
Апыр-ау, сонда да мені оятып жіберген кісі осы Домалақ анамыз емес пе екен?» – деп қойды.
(143 сөз, Ш.Мұртаза)
Жоспар:
Мөп-мөлдір бұлақ.
Кәусар судан ішіп Нариманның шөлі қанды.
Тәтті ұйқыға кету.
Ұйқыдан әлдекімнің оятуы.
Түсіндірілетін сөздер: кәусар бұлақ, Домалақ ана.
Ерлік іс
Қыстың аязды күні балалар көшеде ойнап жүрді. Олар бір-бірін шанамен сүйретті, қар лақтырысты. Қар кеше ғана жауған еді, сондықтан бәрі көңілді жүрді. Алешаға балаларға өзен жағасына барып, биік жерден сырғанауды ұсынды. Ол өзен мұзының қатқанын хабарлады. Балалар Алешаның бұл ұсынысын қызу қолдады.
Балалар алдымен бір-бірлеп төмен сырғанады. Содан кейін Коля мен Саша бір шанаға мінгесті.
Бұлай етуге болмайтынын балалар тез-ақ сезді. Бірақ кеш қалды. Мұз сытырлап жарыла бастағанда, балалар өзен ортасына жетіп қалған еді, енді олар шана-манасымен суға бата бастады. Су өте суық еді, сондықтан балалардың дем алуы ауырлады, ал Коляның аяғы тартылып қалды.
Жағадағы балалардың көңілді шуы бірден тыйылды. Олар аса қорқынышпен өзен ортасына көз тікті. Олардың ішінде Юра деген бала бар еді. Ол жылдам шаналардың жібін шешіп алып, сыртқы киімін шеше салып, Коля мен Сашаны құтқаруға ұмтылды. Ол еңбектеп келіп жіптің бір ұшын балаларға лақтырды. Екі бала да жіпке жармасты. Юра екі баланың өзіне қарай сүйреп бара жатқанын байқап қалды. Сондықтан жіпті біреуің ғана ұстаңдар ,- деп бұйырды.
Алдымен Юра судан Коляны шығарып алды. Ол қатты тоңып, мұздап қалыпты, тілі сөйлеуге келмейді. Бұдан кейін Юра Сашаны құтқарды. Балаларды жарға ең жақын үйге жеткізіп, киімдерін ауыстырды, ыстық шай ішкізіп жылындырды.
(149 сөз)
Тапсырма: 1. Мәтінді оқып шыққаннан кейін жоспар құрыңдар.
2. Юраға жазбаша мінездеме беріңдер.
Қолғанат
Ерланның атасы түстен кейін ауырып қалды. Ауа райы күрт өзгерді. Күн суыта бастады. Ерланның әкесі мен шешесі жұмыста. Үй іші суи бастаған соң, пешке от жағатын отын жару керек болды.
Ерлан қалыңдау киініп, сыртқа шықты. Есік алдына шығып, аспанға қарап біраз тұрды. Жапалақтап қар жауа бастады. Ерлан қойма ішінен балта тауып алды. Қысқа кесілген ағаштың біреуін алып, балтаны сілтеп қалды. Ағаш екіге бөлінді. Екіге бөлінген ағашты тағы да жарды. Ол бірте-бірте ағаштарды жаруға әбден машықтанып алды.
Оң аяғы қақсап ауырған атасы жаюлы төсекке жата салған еді. Көзі ілініп кетіпті. Бір уақытта көзін ашса, күн кешкіріп қалған екен. Үйде Ерлан жоқ.
Бір кезде сырттан тарс еткен дыбыс естілді.
Атасы аяғын жай басып, терезеден сыртқа көз тастады. Ерлан жарып тұр екен. Ол жан-жағына мүлдем қарар емес. Үстіндегі пальтосын шешкен, қолында балта. Ағашты асықпай қояды. Балтаны төбесінен асыра көтеріп, төмен қарай сілтейді. Кепкен ағаш қақ бөлінеді. Атасы Ерланның қолғанат болғанына өте қуанды.
(152 сөз)
Түсіндірілетін сөздер: машықтанып, қолғанат.
Жоспар:
Үйде кісі жоқ.
Ағаш жарып, от жағу.
Ауырған ата.
Қолғанат Ерлан.
Тапсырма: Осы мәтінді оқығаннан кейін өздерің Ерландай қолғанат болып, үлкендерді қуанышқа бөледіңдер ме? «Ата-ананы қуанышқа бөледім» деген тақырыпта өзің туралы әңгіме жаз.
Электрлі шахта
Электр сәулесін іші ашық аспанды күндіздей жарқыратқан штректі бойлай, сыртында брезент сулығы, аяғында үлкен етігі бар Алтынсары келе жатты. Беті – инженердің кабинеті. Шахтаның төбесіндегі порода тастардың жігінен шапшыған су оның жалбағайына кейде тырсылдап тамшылады, кейде фонтандай атқылады. Шахтаны бойлай салынған жіңішке темір жолдармен кен тасыған электр вагонеткалары зырылдап ерсілі-қарсылы өткенде Алтынсары ығысып жол береді де, тағы да ілгері жүреді.
Аяғын аттаған сайын оның көзіне ескі замандағы қараңғы шахта, тар шахта елестеді, сол қараңғы, тар шахтада қолына ұстаған кәрісін лампасының әлсіз жарығынан алдындағы екі адым жер еркін көрінбейтіні есіне түсті. Міне, ендігі электрлі шахта, ертегілерде кең алтын сарай сияқты…
Алтынсары білегіндегі сағатына қараса түскі үш екен. Үште шахтадағы кабинетіне оны инженер Таубай шақырыпты. Неге шақырғанын білмейді.
Таубай оны «Алтын таң» колхозына, сайлаушылар арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізуге жіберді.
Олар «Алтын таңға» ілезде келіп қалды. Колхоз таудың етегіндегі бұлақты жиектей салған алпыс шақты үй еді. Үйлердің бәрі де сұрыпталып қиылған жаңа қарағай.
(154 сөз, С.Мұқанов)
Торғай
Қабақтағы қия жолмен аяңдап келемін. Итім алдымда жүгіріп бара жатқан еді. Ол кенеттен жүрісін бәсеңдетіп, құстың иісін сезгендей-ақ бұға бастады. Мен қалың бұтаның арасындағы алаңшыққа көз тіктім. Торғайдың ақ үрпек балапаны қыбырлап көрінеді. Ол ұясынан құлап түсіпті. Жел жол жағалауындағы ағаштардың бұтағындағы жапырақты тербеп тұрған.
Ит балапанға жақындай бергенде, шырылдаған дәрменсіз үлкен торғай иттің алына келіп қонды. Байғұстың зәресі ұшып, түсі бұзылып кеткен. Жүнін үрпитіп, қарсылық көрсеткісі келетін сияқты. Иттің арандай ашылған аузына, ақсиған тістеріне қарай таптап беріп те қояды.
Титтей денесі қорыққанынан дірілдеп, даусы шыр-шыр етеді. Балапанын денесімен бүркемек болып, өзін-өзі құрбандыққа шалудан тайынар емес. Мүмкін, оның көзіне ит қорқынышты тажал ретінде көрінген шығар. Балапанына қауіп төнгенде, торғай бас сауғалап бұтақта жайбарақат отырған жоқ. Оны балапанын қорғау қажеттігі деген үлкен күш жерге ұшырып түсірді. Менің итім төбеге ұрғандай тоқтап қалды. Ол керемет күшті мойындаған сияқты. Итімді мазасыздана өзіме шақырдым. Кішкене ғана торғайдың аналық жүрегінің құдыреті мені таң қалдырды.
(154 сөз)
Түсіндірілетін сөздер: құрбандыққа шалу, жайбарақат, бас сауғалап.
Тапсырма: Өздерің жоспар құрыңдар.
Жаралы Балуан.
Балуан Шолаққа оқ тигенін шамалаған офицер, ат жалын құшып жортып бара жатқансын, жай ғана жараланған екен деп ойлап, соңынан қуалап барып атып өлтіремін деп еді, алдыңғы жақтағы алапта бірнеше арбалылар келе жатқан соң, қалың орманға жоқ болды.
Арбалыларға Балуан аттың жалын құшып әрең жетті. Салт аттың үстінде теңселіп келе жатқан адамнан олар әуелі шошынып, қасына келген соң: «кім де болса білейік» деп, атын бөгеп қараса – Балуан Шолақ!!
«Балуан! А, Балуан! Не болды саған?» – деп үрейленген жолаушыларға есеңгіреген Балуан Шолақ басын көтере қарады да, сөйлейін деп аузын ашып еді, лықсып қан төгіліп кетті…
«Кім?» – деген сұрауға Балуан басын шайқады.
Жолаушылар Балуанды аттан түсіріп, арбаға жатқызып денесін қараса, жауырын түбінен тиген оқ, төс сүйегінің жүрек тұсын үңірейте бұзып шыққан екен. Жолаушылардың біреуі үстіндегі көйлегін сыпырып алып жараны айналдыра байлады… Олар Балуанды ауылына алып жүрді.
Үйіне әкеліп, төсекке жатқызғанда Балуан тіл қата алған жоқ. Күн батқан кезде, Балуан Шолақ көзін қатты жұмды. Бұл – көзін дүниеде біржола жұмуы еді…
(156 сөз)
Жоспар:
Балуан Шолақты атқан офицер.
Жаралы Балуанның арбалыларға кез болуы.
Балуанды үйіне әкелу
Дүниеден көзін біржола жұмуы.
Торы ат
Адал еттіден Жүніс Мұхамедилерде бір кәрілеу торы ат бар. Бізде түк жоқ. Екі үйдің аяқ лау етері сол ғана.
Отқа жағатын көк тал тоғайдан сонымен әкелінеді.
Ауылдың дәл қасындағы түбекшеге тұсап қойған торы ат бір күні тұсауымен Текеске түсіп өліп қалыпты. Ішіне су толған, қарнын қампитып бірнеше адам жағаға сүйреп шығарды. Мал иелерінің сондағы боздап жылағанын көрсеңіз. Шал да, Мұхамеди де, әйелдері де, тіпті кішкентай Садық та мал емес, ең бір аяулы жақын адамдары өлгендей көздерінің жасы көл болып, еңіреп жүр. Қазаққа малдың қаншалық жақын екенін мен сонда білдім. Бір үйдің бүкіл үміт тіршілігі, күн көрісі торы атпен қоса өлгендей болды.
Садықтың ата-бабасы Жаркенттен біздің үйді пана тұтып, көшіп келген. Садықтың әкесі Мұхамеди Жүніс шалдың баласы.
Мұхамедидің мен құралпы бір ер баласы, аты Садық. Екеуіміз бірге ойнаймыз.
Садықтың резинкадан істелген мүйізатары (рогаткасы) бар. Біз, Қостөбенің балалары, бұрын мұндайды көрмегенбіз. Біздің қару-жарақ қорымызда мұндай аспап бұрын-соңды болмаған. Біздің қаруларымыз: садақ, сақпан.
(156 сөз, Б.Соқпақбаев)
Түсіндірілетін сөздер: Жаркент, сақпан, Текес, лау етер, құралпы.
Тапсырма: Жоспар құрыңдар. Өздеріңнің де аттарың болу керек, сондықтан үйде «Менің атым» деген тақырып бойынша шағын шығарма жазыңдар.
Қаздан қорқу
Картоп егісінің шетіндегі айдалмай тың қалған жердің көгалында төрт қаз және қаздың есейген он шақты балапаны жайылып жүр еді. Аяжан қызықтап әлгілердің қасына таман келді. Қаздар сүп-сүйір тұмсықтарымен нәзік шөпті бырт-бырт үзіп, бірімен-бірі бәсекелескендей бас көтермей жайылуда. Малға ұқсап құс та шөп жейтінін Аяжан білмеуші еді. Әрі қызықтап, әрі таңырқап, ол одан гөрі жақындап келді. Тап сол кезде қаздардың ішіндегі қара ала мойын ірілеу біреуі күтпеген оқыс мінез көрсетті. Мойнын Аяжанға қарай созып жіберіп, аузын ашып, ысылдап, тістейін деп жүгіріп келеді.
Аяжан жаман састы. Баж еткен даусының қалай шығып кеткенін өзі де білмей, жалт беріп, қаша жөнелді. Сәл болмағанда жауыз қаздың тістеп алуы ықтимал еді.
«Өй, әке, не болды?» – деп ана жақтан Сарыкең ұшып түрегелді.
Бақшаның талдан тоқылған есікшесінен атып шығып, Аяжан артына бір-ақ көз тастады. Ала мойын қаздың қуыңқырап келіп, жете алмай қалғанын көрді.
Аяжанның жүрегі дүрс-дүрс етіп, кеудесіне симай тұрды. Бұл оның бүгін осы ауылға келгелі екінші рет қатты қорқуы еді.
(157 сөз)
Жоспар:
Картоп егісіндегі тың жер. Көгал.
Жайылып жүрген қаздар.
Қаздарды қызықтау.
Қорқу.
Мерген
Жарқыраған ашық күн болатын. Төңірек – құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тау, тас, өсімдіктердің – бәрі аңшының қимылын бағып, үнсіз тынып қалған тәрізді.
Аңшы ентігін басып, ақырын жүріп, етек жаққа көз жіберді. Жылғадағы қараған ішінде жатқан таутекенің серейген ұзын мүйізі көзіне шалынды. Мерген қос мүйізді қарауылға алды. Осы кезде тынық ауаны шыр ете қалған құс даусы бұзды.
Аңшы жартас жиегінен екі-үш метрдей ғана биікте жанын қоярға жер таппай шырылдаған бозторғайды көрді. Ұзындығы бір құлаш қара шұбар жылан биікке өрмелеп шығып барады екен. Аңшы жыланның алдындағы жиектен бозторғайдың ұясын көрді.
Ол балапандарын қорғап жүргені белгілі болды. Жыланның басы жиекке шыға бергенде, аңшы мылтықтың шүріппесін басып қалды.
Жылан иіріле умақ-шумақ болып, құлап бара жатты. Таутеке де қияға қарай қаша жөнелді. Ұшты-күйлі жоғала қалған бозторғай да қараған ішінен лып етіп жоғары көтерілді. Аңшы соған қарап аз тұрды да, тау шатқалына қарай аяңдап кете берді. Балапандары аман қалған бозторғай, балаларына тамақ таси бастады. Аңшы бозторғайдың балапандарын қорғап қалғаны үшін өзіне-өзі риза болды.
(160 сөз)
Жоспар:
Құлаққа ұрған танадай тыныштық.
Аңшы көзіне шалынған таутеке.
Ұяға өрмелеген жылан.
Балапандары үшін жанталасқан бозторғай.
Аман қалған балапандар.
Жастық
Ауылымыз Бақанаста отыр. Үш жасқа келдік. Енді біз ауыл көшкенде атамның алдына мінуден қалдық. Атам өзі жуас, ашамай ерлі атқа мінгізетін болды. Мұнда екі аяғымыз үнемі қоржында болады. Мұхтардың шылбыры атамның қолында болады екен, ал менің шылбырым болса Сақыш анамның қолында болады. Ерден мықтап ұстап, кейде қалғып, кейде ұйықтап, ереміз де отырамыз көшке.
Байқаймын, Мұхтар мен Біләл тізгінге ие болып, астындағы аттарын қалай болса солай еркін бұрып жүр… Әлі есімде. Ауыл Бақанастан Сарыкөлге көшті. Атам мені атқа мінгізді. Сақыш апам тағы да жетегіне алды. Ойымда дәнеңе жоқ. Ат үстінде жайбарақат, баяғыдай бірде қалғып, бірде ұйықтап келемін. Бірде атам шауып келіп шылбырымды Сақыштан алып, ердің басына мықтап байлады да: «Ал, Ахмет, мықтап отыр», - деп атымды періп-періп жібергені. Ат шаба жөнелді.
«Өлдім, ойбай!» – деген даусым тарғыл-тарғыл болып бір-ақ шықты.
Аткөп ұзаған жоқ. Топ жылқыға келіп қосыла берді. Байқаймын, жығылар емеспін. Сол сәтте менің соңымда бір-екеу сақылықтап күліп келеді екен. Бұрыла қарасам Мұхтар мен Біләл екен. Қатты ұялдым.
(160 сөз, Ахмет Әуезов)
Жоспар:
Ауыл Бақанаста.
Ашамай ерлі атқа міну.
Ашамайлы ерге отырып ұйқылы-ояу жүру.
Мұхтар мен Біләлдің атпен жүре алуы.
Атасының атқа мініп жүруіне баулу.
Ұялу.
Тапсырма: Өздерінің алғашқы рет атқа мініп үйренгендеріңді еске алып, ауызша әңгімелеп беріңдер.
Қабылан
Көктем шығуы-ақ мұң екен, Қабыланның барлық мінез жүріс-тұрысы, күнделікті әдеті, төңірекке көзқарасы – бәрі-бәрі де өзгеріп сала берді. Оның біздің есіктің алдына келгеніне, міне, төрт ай болды. Осы төрт айдың ішінде Қабылан көз алдымызда жүрсе де, бәрімізден ұрланып ержеткен секілді. Осы көктем шығып, наурыз торғай келгенге дейін ол шыныдай жылт-жылт етіп, алдындағы адамға тек балалық қызығушылықпен басын қалт-құлт еткізіп қарап отыратын кіп-кішкене күшік еді. Алды адамнан бастап өмірдегі тірі мақұлықтың бәрін белгілі дәрежеде есейтетін, ой қосатын тіпті барлық мінезінің күрт өзгеруіне тікелей әсер ететін үлкенді-кішілі кездесетін сол өмірдің оқиғалары ғой. Қабыланның да мінезіне күрт өзгеріс енгізген сондай бір оқиға болды.
Қар кетіп, жер енді бусанған шақта, бір күні (атам) әкем атадан келе жатқан салт бойынша Қабыланның бүкіл жүріс-тұрысына, қимылына ерекше бір сүйкімділік сеуіп тұратын селтеңдеген құлағы мен шұбатылған әдемі құйрығын табалдырыққа қойды да ұстарамен ғырт-ғырт еткізіп кесті де тастады. Қабылан қыңқ деп дыбыс шығарған жоқ. Екі құлағын кесіп болып, әкем енді құйрығын ұстап жатқанда, оның сүйкімді ойлы көздеріне айрықша бір шыдамдылық пен сабырлылық пайда болып, екі құлағынан сорғалаған қою күрең қанды елемегендей артына жай бір бұрылып қарады да, қоя салды. Қабыланның шыдамдылығына бәріміз сүйсіндік.
(161 сөз)
Жоспар:
Көктем шыға Қабыланның өзгеруі.
Кіп-кішкентай күшіктің ержетуі.
Құлағы мен құйрығын шабу.
Қайсарлық.
Жас Мұхтар
Арадан айлар, жылдар өтті. Түсінігі о бастан кең Мұхтар сыныптас балаларының ішінен дараланып оқшау шықты. Мұхтар үнемі байсалды, тәртіпті әрі ұстамды. Сол үшін болса керек, үнемі сабақты жақсы оқыды. Бала Мұхтардың бойында тағы бір ерекшелігі бар. Ол – жаңалыққа құмарта, қызыға қарайтындығы, орыс балаларының жүріс-тұрысына зер салып, үлгі ала қояды.
Қазақ балаларын орыс әдебиеті баурап алды. Ендігі жерде сабақтан тыс орыс пәні мұғалімінің көмегімен әдебиетпен жете таныса бастадық. Енді Мұхтар бұрын тек атасынан ғана естіген Толстой, Пушкин, Крыловтардың кітаптарын алдына жайып қойып, өзі оқитын дәрежеге жетті.
Әлі есімде, Мұхтардың үлесіне «Түс» әңгімесінің 16-шы тарауы түсті. Арада бір күн өткен соң Мұхтар әлгі әңгімені сыныпта, мұғалім алдында әңгімелеп берді. Мұхтар орыс тілінде жақсы сөйлейтін. Орыс тілінде жақсы, сенімді сөйлейтініне оқытушы да дән риза болған еді.
Ол әрқашан байсалды, әдепті мінезінің ұстамдылығымен оқытушылары алдын да, жолдастары алдында да қадірлі саналатын, тіпті өз сыныбында ерекше көзге түсетін, бір курстағы оқушылар арасында да аса беделді болатын. Орыс тілін өте жақсы игергені үстіне, сол тілдің жай-жапсары жайындағы білімнің кеңдігіне бізді таң қалдыратын еді.
(161 сөз, А.Әуезов)
Жоспар:
1.Мұхтардың сыныптас балаларының ішінен дараланып шығуы.
2.Жаңалыққа құмар.
3.Толстой, Пушкиннің кітаптарын оқи алатын халге жетуі
4.Орысша жақсы сөйлейтіндігі
5.Бәрінің алдында беделді.
Кек қайтару, кек алу
Жаз болды. Нұрмағамбет тағы бір тұрымтайды ұстап баулып, торғай, бөдене, шіл сияқты құстарға салды. Осы ермекпен кейде жаяу, кейде құнан шыққан тайын мініп, үйіне екі-үш күнде бір-ақ келетін болды. Жылдар өтіп жатты. Кек баяғыдай. Ол он төрт жасқа шықты. Бір күні бесті шыққан тайын әкесінен сұрап мінді де, тұрымтайын алып аттанды. Бірақ бұл жолғы ойы аңшылық емес, урядниктің үйін күйдіру еді. Сол ниетпен қалтасына бір қорап сіріңке салды. Ол Қайрақтыны төңіректеп келді де, іргесіне жақын жердегі қалың қарағайдың арасынан атын байлап отырды, ынтасы – урядниктің үйін күйдіру!
Қала ұйықтады-ау деген кезде ол тұрымтайын қарағайдың бұтағына қондырды да, Қайрақтының көшесіне кірді. Бұл – шілденің ыстық шағы еді. Көптен жаңбыр жаумағандықтан – құрғақшылық. Оның үстіне, кешке қарай жел, түнге қарай қатайып кетті.
Ойында «күйдіруден» басқа сөз жоқ бала, селоның сыртын айналып урядниктің үйіне келді. Оның үйі жел жақ шетте, төбесін қамыспен жапқан қарағай үй еді.
Бала үйдің жабығына өрмелеп шығып, төбедегі қамысына сіріңке тигізіп еді, жел үрлеген от лап ете түсті. Лаулаған жалын үйдің төбесіне барып қалды.
(166 сөз)
Жоспар:
Тұрымтай ұстап баулу.
Қайнаған кек.
Нұрмағамбеттің ынтасы – урядниктің үйін күйдіру.
Желдің қатаюы.
Өртенген үй.
Өртенген ауыл
Жел Нұрмағамбеттің алдынан еді. Мұрнына өрт иісі келген ол, қалың қарағайдың арасынан жоғары қарап еді, қою қара түтін аспанға будақтала көтеріліп, бұлтқа ұштасып тұр екен. Өрт шығады деген күдігі жоқ ол, «күлін сабынға алуға жаққан алабота болар» деп ойлайды ішінен.
Сол кезде жел қатайып, алдынан жаңбыр келе жатқанын көрген бала, ауылға тез жетейін деп тайын тебінді. Шаршаған тай жортып кете қоймай, тақымында бұлтыңдай берді. Жаңбыр да жетті, жылдам жүрмеуіне ренжігенмен, әлі қылауы түспеген, қызығы басылмаған тайды ол сабамады.
Өртенген ауылды көргенде, баланың зәресі ұшып кетті. Теп-тегіс жанып жатқан ауыл! Бірақ жан да, мал да жоқ!.. Ауыл тып-типыл!.. Күйген қоралардың, үйлердің қабырғалары, төбелері опырыла құлап жатыр! Әлгіде қатты құйған жаңбыр, қазір бәсеңдеу, бірақ өрт сөнер емес, қайта май құйғандай өршелене береді.
Қорқудан ба, қою қара түтіннен бе, баланың тынысы тарылып, өкпесі алқымына тығылды.
Алқынған ол, тайы өрттен үрке берген соң, от бармайды-ау деген бір ағашқа байлады да, өзі жаяу жүгіріп үйіне барды. Онда да адам жоқ! Әкесі мен шешесін шақырып айқай салды – ешкім дыбыс бермейді!
(167 сөз)
Жоспар:
Өрттің иісі келуі.
Жел қатайып, жаңбыр жауу.
Өртенген ауылды көріп, зәресі ұшу.
Жаңбырдан соң, өршеленген өрт.
Тынысы тарылған бала.
Көктем
Қыс бойы қора-қопсының айналасында жатып әбден кірлеген сүрі қар көктемге қарай ериді. Ауланың маңы лайсаңға айналды. Оның үстіне дәл осы кезде ауа райы да құбылмалы бұзылғыш келеді. Ауық-ауық соқыр тұман басып, біресе сыбырлап, біресе нөсерлеп дегендей, жаңбыр да жиі жауады. Кейде, тіпті, арты қарға айналып барып ашылады.
Содан соң күн жылынып жер бусанады. Ауада майда сағым пайда болады. Ағаштар бөртіп, бүр шығарады. Жер бетіне көк шыға бастайды. Жан-жануардың арқасы кеңіп, жәндіктерге де жанбітіп, құрт-құмырсқа қыбырлай бастайды.
Көктемнің осы сәтіне адамдар да, жан-жануарлар да сағынып жететін сияқты. Әйтеуір, балалардың жыл құсын сағына күтетіні анық. Қар кете сала жыл құстары қайтып оралып, ұя салады. Ең алдымен қараторғай жетеді. Содан соң қарлығаш, сарала қаз сонау көкте үшбұрыш жасап, тізіле, тыраулап ұшқан тырналар келеді. Түрлі-түсті көбелектер де, шыққан малдар да, аңдар да тойынып, масайрап қалады.
Сөйтіп көктемде қарбалас тіршілік басталады – мал төлдейді, егін салынады. Қора-қопсыны да тазалау керек. Қыс бойы қой-ешкінің астында тапталған қиды күрекпен ойып, сыртқа шығарып үйеді.
(168 сөз)
Тақтаға жазылатын сөздер: сарала қаз, құрт-құмырсқа, қараторғай.
Түсіндірілетін сөздер: бусанып, сағым, сүрі қар.
Тапсырма: Көктем кезінде бақылау жасап ауа райының өзгерісін күнделіктеріңе жазып алыңдар.
Әсия
Далада сықырлаған аяз, үй ішінде тышқанның тықырынан басқа дыбыс жоқ.
Әсия қазір тоғызда, әкесі Майлыбай қырықтың ішіндегі кісі. Көптен бері Байғабыл байдың қойын бағады. Былтырдан тамақ асырау қиын болып бара жатқан соң, үй ішімен байдың бір үйіне кіріп алып, әйелі байдың үй шаруасын басқарады, өзі далада малда жүреді. Әсия әкесін тіпті аз көреді. Балалар ұйықтап жатқанда кетеді. Тек кейде әжесі: «Ұйықтамай от жағып отыра тұр, мен кешікпей келемін!» – деген соң, от жағып күтіп отырғанда ғана көріп қалады.
Сақал-мұртына мұз қатып, күпісінің жағасы, тымағы қырауытып, сықырлап келеді. Келгенде үндемейді, кейіп жүрген сияқты.
Әжесі тіпті босамайды. Күні бойы байдың үйінде. Балалар ұйықтап жатқанда кетеді, байдың суын әкеліп, отын жағып, шайын даярлап беріп, үйге бір келіп кетеді. Су әкеліп, от жағып балаларға кешеден тұрған байдың үйінен келген аз ғана сарқытты беріп, болмаса көжесін беріп, Әсияға ол-пұл үйдің шаруасын тапсырып, «бөпеңді жылатпа, қарағым», - дейді де кетеді.
Әсия таңертең үлкен қыздармен суға барады. Иін ағашқа ілген екі шелек судың ауырлығынан ілмиіп, үйіне жеткенше неше рет дем алып, бәрінің соңында қалып, жете алмай келе жатқаны…
(168 сөз, С.Мұқанов)
Мейірімділік
Омархан Әуезұлы 1909 жылы, ал Мұхтардың анасы Нұржамал 1912 жылы қайтыс болды. Омарханның шаңырағына ие болып, үй шаруасына басшылық еткен Самарханның баласы Разақ. Мұхтардың өмірден таршылық көрмей, бұла боп өсуіне Разақ себеп болған.
Мен болсам Мұхтардан екі жыл кейін 1909 жылы Қаскенің күшімен жаңа Семейдегі екі кластық орыс-қырғыз училищесіне оқуға түстім, пансионда жаттым. Қаске мен Мұхтар үлкен Семейде бір үйде тұрады. Мен болсам жаңа Семейде болдым. Сенбі күні болды дегенше менің екі көзім Ертістің арғы жағында болады. Қаске мен Мұхтарды асыға күтемін. Әсіресе Қаскенің демалыс сайын базардан маған арнап алып келетін қос қызыл алмасын айтсаңызшы! Марқұм Қаске екі алманың бірін маған пансионда жегізіп, екіншісін үнемі үйге барғанда жейсің деуші еді-ау.
Қаске Семейдің учительдік семинариясын 1913 жылы бітірді. Ол Семейдегі учительдік семинарияны бітіргеннен кейін Москваға барып, жоғары оқу орнына түсіп, қайтадан дайындалып, аттанғалы тұрғанда, іш сүзек ауруына тап болды, ауру асқынып 1913 жылдың сентябрь айында дүние салды. Мұхтарды орысша оқытып, көзін ашқан, үлкен адам болуға себепші болған Қаске. Біз аяулы аға Қаске алдында көп-көп борыштымыз.
(168 сөз, Ахмет Әуезов)
Жоспар:
Разақтың қамқорлығы.
Семейдегі екі кластық орыс-қырғыз училищесіне оқуға түсуі.
Қаскенің Москваға барып оқуға түсуі.
Мұхтардың үлкен адам болуына себепші болған Қаске.
Дәрігер Дуся
Қызылшекараның «доқтыры» Дуся дейтін жас орыс қызы. Екі жылдық фельдшерлік мектепті бітірген білім-шарқы бар. Бірақ жар дегенде жалғыз «доқтыры сол болғаннан кейін бұл араның халқы оның білімін есепке алып жатпайды. Көрінгісі келгендері қандай аурумен ауырса да келіп, көріне береді.
Ауыл қазағының ырқына Дуся да көніп алған. Күн болсын, түн болсын, ерте келсін, кеш келсін келгендерді қабылдай береді. Терезенің алдында шашылып жатқан азғантай дәрі-дәрмектен әйтеуір жұғымды деген біреусін тегіннен-тегін беріп жөнелтеді.
Дусяның өз қолынан келері осы ғана.
Ал ауруы салмақты адамдар жәрдем тілесе, Дуся жолдама жазады да, аудандық емханаға жібереді.
Сөз қайыруды, беттен алуды білмейтін биязы мінез Дуся қазақтарға ұнайды. Олар оны еркелетіп, өз тілдеріне бейімдеп, «Доса», «Досажан» дейді.
Шақырып келген Батыкеңнің алдына түсіп алып, келте шашы дударланып Дуся келеді. Мұраттың ыстығын өлшеп көрді, өкпесін тыңдады. Аузын аштырып «а!» дегізіп қарады. Содан кейін: «Аудан апарса керек. Оныкі өкпеге суық тиген. Сонда укол салады. Жазылады», - деді.
Екі қарт «доқтырдың» айтқанын үрке үрпиісе тыңдады да, баланы Марқаның терісіне салмақ болды. Бірақ айтқандарына Мұрат көнбеді.
Ертеңінде ыстығы көтеріле түскенін көріп, Батыкең Мұратты ауданға алып жөнелді.
(175 сөз, Б.Соқпақбаев)
Жоспар:
Қызылшекараның жалғыз докторы.
Ауыл қазағын сыйлайтын Дуся.
Батыкең үйіне келу. Мұраттың сырқаты.
Марқаның терісіне салмақ болғаны.
Ауруханаға апару.
Батыр қыз
Оғы таусылған Мәншүк екінші пулеметке қарай еңбектеп жүгіріп бара жатқанда, бір мина аяқ жағынан жарқ етіп кеп түсіп, шатырлай кеп жарылғанда денесі аударылып түсті. Мина денесінің қай жерін жараласа да, ауыр жараланғанын сезді. Ауырған аяғын ашып көрсе, тізеден төменгі жағы былқылдап бос жатыр…
Жүрегі дір ете қалған ол, жау жаққа қараса, жапырлай ұмтылған жау жақындап қапты.
Сасқан Мәншүк, жарасын байларлықтай еш нәрсе табылмаған соң, белдемшесінің оң жақ етегін дар еткізіп қақ айырды да, жаралы аяғын шымқай орап, ағытқан қайыс белбеумен тас қып байлады. Содан кейін бір тізе, екі шынтағымен жылжып пулеметке жетсе, айналасында сөреге жайған құрттай қаз қатар тізбектеле жатқан оқтаулы ленталар.
Мәншүктің есінен жаралануы шығып кетіп, жапа-тармағай жақындап қалған жауға пулеметтен оқ шашып қоя берді. Жау шапқан шөптей оталып кеп түсті…
Әлсіреген Мәншүк талықсып кетті. Осы кезде біздің әскерлер де келіп қалды.
Олар жауды жосылта отап, Изочка станциясына қарай тықсырып алып кетті.
Олар машинадан түсіп, өлік-өліктің арасымен қабақ шыта жүріп келе жатыр.
Аяқтарын жылдамдау басып, пулеметке асылған адамды көтере беріп, «Бұл біздің қыз, Мәншүк Мәметова ғой!» – деп денесін көтеріп құшағына алғанда, Мәншүк ышқына көзін ашты да, қайта жұмды.
(181 сөз, С.Мұқанов)
Дос бидің ақырғы аманаты
Таудағы жұмбақ қырғын оқиғасын бастан кешкен адамның бірі – осы Айша ханым. Түнгі аласапыран шабуылда бұл жас отау да тауда болатын. Айша екіқабат еді. Тым болмаса іштегі күнәдан пәк нәрестені сақтау үшін жан-далбасамен жүгіріп барып, төңкерілген тай қазанның астына кіріп жасырынды. Әлден уақытта қазан астынан шығып, айналаны барлап, өзінің отау үйіне кіргенде, ауыр ыңыранып, хал үстінде көзі жұмулы қиналып шалқалап жатқан Дос биді көрді. Желкеден тиген ауыр соққы Дос биді қапылыста талдырып құлатқан еді. Қарақұстан қатты тиген соққыдан омыртқа жұлынына зақым кеткенін, мына жарық дүниеге деген үміт отының сөне бастағанын Дос би сезгендей болды. Еңіреп отырған Айшаны қасына шақырып алып: «Менің халім ауыр, енді дәрмен де, пәрмен де болмайды. Сен төркініңе тарт. Сонда босанғаның жөн. Іштегі бейкүнә нәресте жарық дүниеге тірі келсін», - деп біраз демігіп, әлсіреп қалды. Аздап тыныс алып, күш жинап, ол мына сөздерді қосты: «Көп кідірме, мұнда саған қауіпті. Бұл – Тұрсын ханның ісі. Сенен тілегім сол, ұл тапсаң, есімін Әліқұл қоюды ұмытпа. Қырғыздың батыры Әліқұл – менің досым, Бейсенәлі бидің үлкен ұлы, сенің өз ағаң. Осыны есте сақта». Бұл аманатты Дос би қиналып жатып, әрең айтты. Таң атып, күн шығар алдында ол мәңгілікке көз жұмды.
(190 сөз, «Домалақ ана» кітабынан)
Жоспар:
Жұмбақ қырғын.
Айшаның тай қазанның астына кіріп жасырынуы.
Ауыр соққы тиген Дос би.
Дос бидің аманаты.
Баланың атын Әліқұл қоюы.
Балқаштың тарғылы
Бақташы шал сиырын өргізіп Балқаш көлінің маңындағы қамысты тоғайға кіре берді. Тоғай арасындағы көк шалғынға келген сиырлар қалың шөпті сүйсіне оруға кірісті.
Әлден уақытта қамыс сыбдыр ете қалды. Шал жалт қарағанда оның көзіне тарғыл ала бір нәрсе көрінді. Тұлғасы тым зор. Шал шошып кетті. Ол бұрын-соңды бұл сияқты үлкен жолбарысты көрген емес-ті.
Бірнеше күннен бері ет жей алмай ашыққан жолбарыс шалды көзге де ілген жоқ. Мысықша бұқпалап келді де, бір жиырылып алып, қарғыды. Жолбарыстың қимылы көз ілеспейтін шапшаң болды. Ол шетте жүрген бір семіз сиырды ұмар-жұмар бір-ақ басты да, апыл-ғұпыл асай бастады.
Қалған сиырлар өкірісіп ауылға қарай қашты. Шал не істерін білмей қорқып, тұрған орнында қатты да қалды. Аш жолбарыс жас етке құнығып, асықпай жей берді.
Шалдың есіне иығындағы мылтығы енді ғана түсті. Ол мылтығын қолына алды. Қасқыр кездесе қалса, крек болар деп сақтап жүрген жалғыз оқпен оқтады. Сөйтті де аяғын ептеп басып, жолбарысқа қарай жүрді. Жолбарыс сыбдырды сезді де, жалт қарады. Шалдың бойын манағы үрей қайта биледі. Ол сасқалақтап қалды.
Жолбарыс жемтігін тастай беріп, енді шалға атылуға ыңғайланды. Сол кезде мылтық даусы гүрс ете қалды. Артқа қатты тепкен мылтық дүмі шалды ұшырып жіберді. Оқ тиген жолбарыс та құлап түсті.
(195 сөз)
Бүлдірген тере барғанда
Біздің жақта көк бүлдірген сайда болады.Жартастардың астына, яки бұлақ суының бойына шығады. Жылда бүлдірген піскенде сайға атпен әдейі келіп, бүлдірген теріп қайтамыз.
Бүгінде Сөрелі сайдағы бүлдіргеннің қалың шығатын жеріне келсек, тұнып тұр екен. Жанымда өзіммен бірге оқитын Рақтай деген жолдасым бар.
Сол екі арада қалың бүлдіргеннің арғы шетінен бір елік шыға келді.
«Елік, елік», - деп айқай салдық. Сөйтіп, мәз болып тұр едік, іле-шала дәл әлгі жерден еліктің лағы шыққаны. Ол жүгіріп барып, көп ұзамай қалың шөптің арасына кіріп кетті. Шөптің басы бес-алты метр жер қимылдап барып тына қалды. Екеуіміз бір сәт аңқиып тұрып қалдық та, аттарды тастай салып жүгіріп сол жерге келдік. Рақтай еліктің лағы алғашқы кірген жерден іздей бастады. Мен жүгіріп шөп қимылының тоқтаған жеріне келсем, еліктің баласы жермен-жексен болып, құлағын жымқырып, бүк түсіп жатыр. Бас салып ұстай алдым. Еліктің лағы аянышты дауыспен бақырып жіберді.
Рақтайға қарап едім, өзі таба алмай қалғанына өкінгендей боп тұр. Соны білдім де, лақты оған ұстата салдым. Рақтай менің қолымнан ала бергенде, еліктің лағы тағы бақырды. Осы дауысты естіп, аналық елік тұрған орнынан бізге қарай жақындай түсті. Бізден қорқатын емес. Еліктің лағы енесін көмекке шақырып бақыруын қоймады. Елік біздің жанымыздан кетпеген соң, лақты енесіне қоя бердік.
(196 сөз)
Жоспар:
Бүлдіргенді сайға атпен бару.
Рақтаймен бірге Сөрелі сайға барғанда.
Еліктің лағы.
Еліктің лағын ұстап алу.
Баласын құтқаруға шығу.