СДЕЛАЙТЕ СВОИ УРОКИ ЕЩЁ ЭФФЕКТИВНЕЕ, А ЖИЗНЬ СВОБОДНЕЕ

Благодаря готовым учебным материалам для работы в классе и дистанционно

Скидки до 50 % на комплекты
только до

Готовые ключевые этапы урока всегда будут у вас под рукой

Организационный момент

Проверка знаний

Объяснение материала

Закрепление изученного

Итоги урока

Серуен кортотекасы-Жаз

Нажмите, чтобы узнать подробности

Мектепке дейінгі ұйым балаларына арналған жаз мезгілінің кортотекасы

Просмотр содержимого документа
«Серуен кортотекасы-Жаз»

Серуен №1

Жаздың белгісін байқау

Мақсаты: балалардың табиғаттағы маусымдық өзгерістерді байқай білу және оны анықтап айта білу дағдыларын дамыту. (күннің ұзаруы, өсімдіктер дүниесінің әсемдігі, ауа-райының өзгешелігі т.б.).

Бақылау барысы

Көркем сөз: «Жаз» С. Оспанов

Ауыл қонды жайлауға,

Дала жатыр жадырап.

Қой қаптады қойнауда,

Қозы, лақтар жамырап.

Жаз жайдары, алақай,

Жатыр жайнап даламыз.

Жүр, қанекей, балақай,

Шомылуға барамыз.

Балаларға сұрақтар

  • Көктем мен жаздың қандай айырмашылықтары бар?

  • Жазда ауа-райы қандай болады?

  • Біз жазды не үшін жақсы көреміз?

  • Айналаны қарағанда қандай көрністерді көреміз?

Зерттеу жұмысы

Балалармен көктемгі ағаштар бейнесі салынған суреттермен, қазіргі ағаш бейнесін салыстыру.

Еңбек Гүл отырғызатын гүлзардағы еңбек (жерді тазалау, қопсыту).

Мақсаты: Балаларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Қимылды ойын: «Өз орныңды тап»

Максаты: денесін тепе – тең ұстап, бір аяқпен бірнеше рет секіруге үйрету. Ойын тәртібін бұзбау.

Жаттығу ойындары: Доппен жаттығу: допты жерге лақтырып, екі қолмен қағып алу

Мақсаты: допты жерге лақтырып, екі қолмен қағып алу.

Халық болжамы:

1.Торғайлар топ - тобымен ұшып жүрсе - ауа райы құрғақ, күн жылы болады.

2.Ыстық жел тұрса - жаңбыр жауады.

Серуен №2

Табиғатты бақылау

Мақсаты: қоршаған ортаны, табиғатты, ауа – райын бақылау. Табиғатқа, табиғаттағы тіршілік иелеріне қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу.

Бақылау барысы

Көркем сөз «Жаз» Ә. Ахметов

Нұр тұнып, құлпырып,

Айнала жайнады.

Тұр күнге ұмтылып,

Алма ағаш бақтағы.

Өзен жай ағады,

Жағасы балауса.

Көбелек қағады,

Қанатын жалауша.

Балаларға сұрақтар

  • Бүгінгі ауа-райы қандай?

  • Жазда жан-жануарлар қалай тіршілік етеді?

  • Майда жәндіктер қалай тіршілік етеді?

  • Жәндіктердің қандай пайдасы бар?

  • Жазғы ағаш бейнесі туралы не айтуға болады?

  • Жаз несімен қызықты?

Зерттеу жұмысы. Балалардың назарын жәндіктерге аудару.олардың тіршілік әрекеттерін бақылау.

Еңбек Ағаш түптерін қопсыту.

Мақсаты: топырақты қалай қопсыту керек екенін көрсету, маңызын түсіндіру.

Қимылды ойын: «Бәйге».

Мақсаты: Тез жүгіруге жаттықтыру,жылдамдықтарын дамыту.

Жаттығу ойындары: Қимылдарын дамыту

Мақсаты: екі аяқпен бірдей бір орында секіре білуге, тұрған жерінде секіруге жаттықтыру.

Халық болжамы:

  • құмырсқа илеуіне тығылса (ұясына) күн күркірейді;

  • егер күн ұясынан шығарда ауа райы қапырықтау болса - кешке жакын жаңбыр жауады.

Серуен №3

Жәндіктерді бақылау

Мақсаты: балабақша ауласындағы жәндіктерді бақылау жұмыстарын жалғастыру. Олардың жазғы тіршілігі туралы білімдерін молайту.

Бақылау барысы

Балаларға сұрақтар:

  1. Жәндіктерге нелер жатады?

  2. Жәндіктер қандай табиғатқа жатады?

  3. Қандай жәндіктер пайдалы жәндіктерге жатады? Неге?

  4. Зиянды жәндіктер деп нелерді айтамыз? Неге?

  5. Балабақша ауласынан жәндіктерді кездестіруге бола ма?

Жәндіктер дүниесі алуан түрлі. Олардың біз білмейтін, біз көрмеген түрлері де көп-ақ. Олардың өз ерекшеліктері, өз тіршіліктері бар. Жәндіктер көктемнің аяғына қарай, жер әбден қызған кезде пайда болады. Олар қайдан шығады? Олар жаз бойы азықтарын жинап, қысқа дайындалады да, күз түсіп күн суыта бастаған кезде жер астындағы індеріне кіріп жатады. Кейбір жәндіктер өз індерін ағаш қуыстарына, қалың шөп астына да салады.

Балаларға тапсырма: «Құмырсқалар илеуі» тақырыбына бормен сурет салу.

Еңбек: Алаңшаны тазалап, түтікті су құбырына біріктіріп, шөптерге су құю.

Мақсаты: бірлесе еңбек етуге, еңбек нәтижесіне жетуге баулу. Табиғатқа қамқорлыққа тәрбиелеу.

Қимылды ойын : «Аққу - қаздар»

Мақсаты: белгі берісімен тез жүгіруге жаттықтыру.

Жаттығу ойындары: допты жерге лақтырып,әуелі екі қолмен, кейін бір қолмен допты қағып алуға жаттыктыру.

Халық болжамы:

  • өрмекші ауын тоқтаусыз, белсеніп құра берсе - күн ыстық болады;

  • өрмекші бұрышқа тығылса - жел көтеріледі;

  • бақалар бақылдап тынышталмаса - ауа райы өзгеріп бұзылады.

Серуен №4

Бағдаршам жұмысына бақылау

Мақсаты: бағдаршам туралы балалардың білімдерін бекітіп, тереңдете түсу, жолда жүру ережесін қатаң сақтауға тәрбиелеу.

Бақылау барысы

Сұрақтар:

1. Бағдаршамның қандай белгісіне жаяу жүргіншілер жүре бастайды? Машина жүргізушілер қандай белгі берілгеңде жүреді?

2. Бағдаршамның төрт жағындағы шамдар қалай жанады?

3.Неге бағдаршамның екі жағынан қызыл шамдары, екі жағынан жасыл шамдары жанады? Бұл нені аңғартады?

4.Бағдаршамның неше жағы бар?

5. Бағдаршамның сары шамы бір сәтте барлық жағына жанады. Бұл нені аңғартады?

Бағдаршам дұрые жұмыс істеп тұрса, бір белгі келесі белгімен алмастырылады. Барлығы соған бағынады, сондықтан көшеде тәртіп болады.

Көркем сөз: «Бағдаршам» Ә. Табылдиев

Ашса кезек үш көзін,

Айтты деп ұқ үш сөзін.

«Тоқта! Сақтан! Жол ашық!»

Жүрме жолға таласып.

Қызыл көзін ашқанда,

Сынық сүйем баспа алға!

Сары көзін ашқанда,

Қарап қалма аспанға!

Жасыл көзін ашқанда,

Өте бергін, жасқанба!

Зертеу жұмысы: балалармен бағдаршам жұмысын және жол реттеуші жұмысын бақылау. Не көргендерін, не ұққандарын әңгімелеу.

Еңбек: алаңшада, жол қиылысындағыдай белгі жасау, оны тазалап, сыпырып, жөнге келтіру.

Мақсаты: жұмыла еңбек етіп, бастаған істі аяғына дейін жеткізу.

Қимылды ойын: «Бағдаршам».

Мақсаты: бағдаршамның белгілері туралы балалардың білімдерін бекіте түсу.

Жеке жұмыс: «Көңілді жолаушылар» тақырыбына шағын әңгіме құрастыру

Серуен №5

Ағаштарды бақылау

Мақсаты: Балабақшаның ауласыңда өсіп тұрған ағаштрды жапырақтары бойынша танып, атын атай білу. Табиғат байлығы ағаштарға қамқор болуға, үлкендер еңбегін бағалауға тәрбиелеу.

Бақылау барысы

Балаларға сұрақтар:

  • Ағаштардың бір-біріне қандай ұқсастығы бар?

  • Айырмашылығы кандай?

  • Ағаштардың қандай пайдасы бар?

  • Қалың ағаш өсетін жерді қалай атайды?

  • Орманды қалай сақтау керек?

  • Орманды қорғайтын адамдарды қалай атайды?

Көркем сөз: «Орманшы» М. Әлімбаев

Орманшы менің нағашым, Лайлатпайды тұнығын,

Омырауында үлкен дүрбісі. Ауырлатпайды ауасын.

Аралап орман арасын, Көрсең де қашан, қай түні,

Түспейді аттан бұл кісі. Айтатын сөзі әйгілі:

Шырылдатып шыбығын, -Қалың ну-халық саулығы!

Аңыратпайды ағашын. Көк орман-Отан байлығы!

Дидактикалық ойын: «Қай ағаш екенін тап»

Мақсаты: тәрбиешінің берген нұсқауымен аталған ағашта табу.

Еңбек: ағаштар түбінің топырағын қопсыту.

Мақсаты: балаларға ағаш түптерін не үшін қопсыту керектігін түсіндіру, ағаштарды күтуге тәрбиелеу.

Қимылды ойын: «Кім ағашқа бұрын жетеді».

Мақсаты: Берілген белгі бойынша тез жүкіруге жаттықтыру, мақсатқа жетуге деген ынталарын арттыру.

Еңбек: ағаштардың діңгектерін (жерін, топырағын) қопсыту.

Жаттығу ойындары: Қимылдарын дамыту.

Мақсаты: балаларды допты баскетбол ойынындағыдай қимылмен алып жүруге және лақтыруға жаттықтыру.

Мақал-мәтел: - Адамның құдыреті жүрегінде,

Ағаштың құдыреті түбірінде.

  • Қалың ну-халық саулығы,

Көк орман-Отан байлығы

Серуен №6

Аққайың ағашын бақылау

Мақсаты: Балалардың қайың ағашы туралы білімдерін толықтыру, оның әсемдігімен қатар дәрумендік қасиеттері туралы білім беру. Табиғат сұлулығын сезінуге, аялап, қамқор болуға тәрбиелеу.

Бақылау барысы «ОЙЛАН-ТАП»

  • Қай ағаштың қабығы ақ?

  • Қай ағаш қысы-жазы бір түсте?

  • Қай ағаш шырын береді?

  • Қандай ағаш жеміс береді?

Тәрбиеші әңгімесі

Діңі түзу, ақ қабықпен қапталған қайың ағашы ең әдемі, ең сұлу ағаш. Оны ақындарымыз жырға, халқымыз әнге қосқан.

Қайыңның кездейсоқ сынған әр бұтағынан нәрлі де, дәмді шырын тамады. Ұшып келген әнші құстардың көбі қайыңды тоғайға жиналады.

Қайың сәуір-мамыр айларында гүлдейді. Қайыңның бүршігін жапырақ жармай тұрғанда жинап, көлеңке жерде кептіреді. Қайың ағашының бүршігінен тұнба дайындап, оны сырқаттанғанда ванна қабылдау арқылы пайдаланады.

Ерте көктемде қайың ағашының діңін тіліп шырын алады. Бұл шырынның құрамында дәрумендер (витаминдер) көп болғандықтан адамға пайдасы зор.

Зерттеу жұмысы Қайың ағашы мен оның жапырақтарын басқа ағаштармен салыстыру. Ұқсастықтары мен айырмашылықтарын табу.

Еңбек: Қайың ағашының айналасын тазалап, түбін қопсыту

Мақсаты: Ағаштарға қамқорлық жасауға тәрбиелеу, істеген ісіне қуана білуге баулу.

Қимылды ойын: « Теңге алу»

Мақсаты: Жүкіріп келе жатып, жердегі затты іліп алуға жаттықтыру. Жеңіске деген құлшыныстары мен ұлттық ойынға деген қызығушылығын арттыру.

Жаттығу ойындары Қимылдарын жаттықтыру

Мақсаты: секіргіш жіппен екі аяқпен, қос аяқпен секіре білуге жаттықтыру

Серуен №7

Құмырсқаны бақылау

Мақсаты: Балалардың жәндіктер туралы білімдерін молайту. Құмырсқаның еңбекқорлығы, бірлігі туралы айта отырып еңбексүйгіштікке, бірлікке тәрбиелеу.

Бақылау барысы

Жұмбақ: Бәрі бірдей жұмысқа,

Шығатын кім ? - Құмырсқа.

Көркем сөз «Құмырсқалар» М. Әлімбаев

Құмырсқаның илеуі- Илеуіне жұмылып,

Құмырсқаның үйлері. Инелікті сүйрейді.

Бір тілек, бір ниетте, Құмырсқалар тамағын,

Барлық тұрғын үйдегі, Еңбекпенен табады.

Елгезектер бұйығып, Өзін қорғай алады,

Ерінуді білмейді. Шамшандырсаң, шағады!

Балаларға сұрақтар

  • Сендер құмырсқа жайлы не білесіңдер?

  • Оларды неге «орман дәрігері» деп атайды?

  • Құмырсқаның адамға қандай пайдасы бар?

  • Құмырсқалар ағаштардан басқа тағы нелерге көмектеседі?

Құмырсқалар өте еңбексүйгіш. Олар өздерінің қыстық азағын жаз бойы тынбай дайындайды. Бұл істе олар өте ұйымшылдықпен жұмыс істейді. Құмырсқаның бірлігі мен еңбексүйгіштігін адамдар үлгі тұтып, ертегі, аңыздарға, жыр, мысалдарға қосқан. Оларды өлтіруге, илеулерін бұзуға тыйым салған.

Балаларға тапсырма: «Еңбекқор құмырсқа» тақырыбына шағын әңгіме құрастыру.

Еңбек: Құмсалғышты құммен толтыру.

Мақсаты: Баршаның игілігі үшін еңбек етуге тәрбиелеу, ынтасын арттыру.

Қимылды ойын: «Орамал тастамақ»

Мақсаты: Байқампаздыққа, жылдамдыққа баулу..

Жаттығу ойындары: шеңбер ішіне қапшық лақтыру.

Мақсаты: көз мөлшерлерін дамыту, нысанаға тигізуге жаттықтыру

Халық болжамы: Құмырсқа илеуіне тығылса - жаңбыр жауады.

Серуен №8

Жәндіктерді бакылау

Максаты: Балалардың қоршаған ортаны көріп, ондағы тіршілікті байқап, аңғарып, сезінулерін дамыту, табиғатқа аяушылық сезіммен қарауға тәрбиелеу.

Бақылау барысы

Жұмбақтар

  1. Ағашқа қапрай өрмелеп,

Жейтін дәмі жапырақ. Бұл не? (құрт)

  1. Ызыңдап ән салып,

Жұп-жұқа қанаты.

Тәттіге тамсанып,

Қоқысқа қонады. (шыбын)

  1. Тор тоқуға шебер-ақ,

Бірақ киім тікпейді.

Өнері де, өнер-ақ,

Бірақ ісі бітпейді. (өрмекші)

  1. Ұшқанда өлен айтады,

Қонғанда жер қазады.

Мұны да ойлап көрейік,

Шешуін кім табады? (қоныз)

Тәрбиеші сұрақтары

  • Балалар тағы қандай жәндіктерді білесіңдер?

  • Жәндіктердің адамға пайдасы бар ма?

  • Қандай жәндіктерді пайдалы жәндіктер дейміз? Неге?

  • Қандай жәндіктерді зиянды жәндіктер дейміз? Неге?

Зерттеу жұмысы Балабақша ауласында кездесетін (көбелек, маса, құмырсқа) жәндіктер мен суреттегі жәндіктерді (ара, сона, шегіртке) салыстыру. Ұқсастықтары мен айырмашылықтарын табу.

Еңбек Гүл егетін жерді қопсыту, гүл отырғызуға көмектесу

Мақсаты: еңбек қуанышын сезінуге тәрбиелеу.

Қимылды ойын: «Орныңды тап».

Мақсаты: жылдам жүгіруге жаттықтыру.

Жаттығу ойындары: Қимылдарын дамыту .

Мақсаты: керілген арқан үстінен екі аяқпен секіріп өтуге жаттықтыру.

Серуен №9

Алма ағашын бақылау

Мақсаты: Балаларды алма ағашымен таныстыру. Осы жерде өсіп тұрған басқа ағаштардан оның қандай өзгешілігі бар екендігін зерттеу.

Бақылау барысы

Көркем сөз: Алма пісті қызыл алма, ақ алма,

Оттай болып басылады жанарға,

Сілкіп қалсақ бір бұтағын ақырын,

Топырлап бір төгілгені жаман ба?

Балаларға сұрақтар

  • Біздің аулада өсіп тұрған қандай ағаштар бар?

  • Ал, мынау қандай ағаш? (алма ағашының жанына келеді)

  • Бұл ағаштың басқа ағаштан қандай айырмашылығы бар?

  • Жеміс беретін ағаштарды қандай ағаш дейміз?

  • Жеміс ағаштары көп етіп отырғызылған немесе әртүрлі жеміс ағаштары бар жерді не деп атайды? (бақ)

  • Балалар, жабайы алмалар да болады. Ал, мынау нағыз алма ағашы. Жабайы алма ағашының жемісін жеуге болмайтынын естен шығармаңдар.

Зерттеу жұмысы

Алма ағашының жемісін көру, ұрығы, түйіні, жасыл алмалары қандай? Ағаштағы көк алма мен әбден піскен алманы салыстыру. Бұл ағаштың діңі, жапырағы, гүлі қандай?

Еңбек: алма ағашына су құйып, айналасындағы топырақты өңдеу.

Мақсаты: табиғатқа жанашырлықпен қарауды үйрету, еңбекке баулу.

Қимылды ойын: «Бәйге»

Мақсаты: Тез жүгіруге, ептілікке үйрету.

Жеке жұмыс: «Алма бағы» тақырыбында асфальтқа сурет салу.

Жұмбақтар:

  1. Көктемде ақ гүлге оранады,

Күзде қолға доп боп оралады. (алма)

  1. Ортасында қазығы,

Бұтағында азығы. (алма)

  1. Күн нұрымен піседі,

Уылжып қолға түседі. (жеміс)

Мақал-мәтел: Көк алманы үзбе, өзі үзілер күзде.

Серуен №10

Қарақат бұтасын бақылау

Мақсаты: Балабақша ауласында өсіп тұрған бұталармен таныстыру, бұтаны ағаштан айыра білуге үйрету, оның пайдасы туралы түсініктерін молайту.

Бақылау барысы

Тәрбиеші әңгімесі

Жер бетінде адамға өмір сыйлайтын шипалы қасиетке толы алуан түрлі өсімдіктер өседі. Оларға ағаштар, шөптер, гүлдер, жидектер мен бұталар жатады. Ағаштар ауаны тазартып, адамға ең қажетті оттегіні шығарады. Ағаштан үй тұрғызады, жиһаздар, кемлер, вагондар т.б. жасайды. Ал, әртүрлі өсімдіктер мен бұталардың да өзіндік құпиясы, өзіндік емдік қасиеттері мол. Адамдар өсімдіктердің емдік қасиетін жануарларды бақылау арқылы тапқан. Ит пен мысықты шөп жейді деп кім ойлаған. Бірақ олар ауырған кезде өсімдіктерді жеп емделеді екен. Қарақат та сондай өсімдіктің бірі. Бұл өсімдіктің құрамында «С» дәрумені (витамині) көп екен. Оның тосабын салқын тиіп ауырғанда да ем ретінде қолданады. Оның жидектерін әбден піскенде ғана жеуге болады. Піскен жидектерін үзгенде өте ұқыпты болу керек,яғни бұтаның бұтақтарын сындыруға болмайды.

Зерттеу жұмысы

Жабайы қарақат бұтасын зерттеп, көру. Қарақат бұтасының ағаштардан айырмашылығы қандай? Жемісіне назар аудару.

Еңбек: Қарақат бұтасына су кұю. Піскен жемісті теру.

Мақсаты: Табиғатқа жанашырлықпен. қамқорлыкпен қарап. оны сақтауға тәрбиелеу..

Кимылды ойын: «Күн мен түн”

Мақсаты: Жылдам жүгіруге жаттықтыру, зейіндерін дамыту.

Жаттығу ойындары: нысана көздеу.

Мақсаты: көз мөлшерлерін дамыту, ыждаһаттылыққа, төзімділікке тәрбиелеу.

Халық болжамы:

Жазда жидек көп болса, қыс қатты болады.

Қайыңнан шырын көп ақса, жаз жаңбырлы болады.


Серуен №11

Емен ағашын бақылау

Мақсаты: Балалардың балабақша ауласында өсетін ағаштар туралы білімдерін тиянақтау, оларды қорғап, күтім жасауға үйрету.

Бақылау барысы

Көркем сөз: Қарағай, емен сақ,

Ортаға қайыңды ап.

Бір - бірін аялап,

Бір - бірін тұр қорғап.

Емен өте баяу өсетін ағаш. Кейбір емендер мың жылға дейін өседі. Қалың ормандарда емендердің жасыл басы көк тіреп, зәулім болып өседі. Ал, кеңістікте өскен емен қатты жасыл жапырақ жамылған әулетті қалың бұтақтарын кең жая өседі. Емен ағашы көктемде басқа ағаштардан кешірек бүршік жарады. Емен гүлдейді. Бірақ, оның гүл жарғаны білінбейді, себебі гүлдері ұсақ, сарғылт жасыл, сырғалар тәріздес болады. Еменнің жасыл жапырақтары майысқақ болады. Сарғайып кеткен өлі жапырақтар кейде қыс бойы ағаш басында үзілмей ұзақ тұра береді. Емен суда шірімейді. Еменнің діңі су астында ондаған, жүздеген жылдар бойы жатып қарайып кетеді. Кезінде осындай қарайған еменнен қымбат бағалы жиһаз жасаған. Бұл-ағаш жөнінде көп ертегі, мақал - мәтелдер, ән де бар. Емендей күшті, емендей мықты, емендей көп жаса деп те айтылады.

Зерттеу жұмысы Емен ағашының жапырағын қарау. Құрлысына назар аудару, басқа ағаш жапырақтарымен салыстыру.

Еңбек: Аула сыпырушымен бірге жас ағаштар түбін қопсытып, ағаштарға су құю.

Мақсаты: ересек адамдарға қолқабыс жасауды үйретіп, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу.

Қимылды ойын: «Айлакер түлкі».

Мақсаты: тез жүкіруге жаттықтырып, байқағыштық дағдыларын калыптастыру.

Жеке жұмыс: Ағаштар туралы әңгіме құрастыру.

Мақсаты: балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, тілдерін дамыту

Мақал - мәтелдер:

Ағаш та ылғалды жерде көгереді.


Серуен №12

Гүл егілген алаңқайды бақылау .

Мақсаты: Гүлді дән себу арқылы еккен кезде, егілген гүл дәнінен алғашқыда жапырақ, содан кейін кішкентай өскін, кейін үлкен гүл өсімдігі өсіп шығатыны туралы балаларға түсіндіру. Гүлге тек қана әсемдік үшін ғана емес, табиғаттың бір мүшесі ретінде қамқорлық жасауға тәрбиелеу.

Бақылау барысы

Көркем сөз

Кешкілік пе, күндіз бе, Үзіп алсаң сен бір гүл,

Өсіп тұрған гүлді үзбе. Үзіп алсам мен бір гүл,

Туған жерді далаға, Не қалады сиқынан,

Тастағалы жүрміз бе? Қызыл-жасыл жердің бұл

Жайнап өсіп далада,

Көздің жауын ала ма.

Бірде – бірін жұлғызба,

Қасыңдағы балаға.

Гүл біздің өмірімізге қуаныш сыйлайтын әдемілік әлемі. Қатар-құрбыларымыз бен туыстарымыздың туған күндеріне гүл сыйлаймыз. Мерекелерде аналарымызды қуанту үшін гүл ұсынамыз. Ең алғаш мектеп табалдырығын аттағанда да гүл алып барамыз.

Үйде, аулада гүл өсіреміз. Осы бір табиғаттың әсем мүшесін күтіп, баптау кезінде өзіміз қандай керемет әсерде боламыз десеңші!

Зерттеу жұмысы

Балалармен гүл егілген алаңқайға барып, өніп шығып келе жатқан гүл өскінін қарау. Дәннен кішкентай ғана жапырақ, одан өскін, одан гүл өсіп шығатынын түсіндеру. Әр гүлдің жапырақтары мен сабақтары арасындағы айырмашылықты қарау.

Еңбек: Балалармен гүл егілген алаңға сусепкішпен су себу.

Мақсаты: Балаларды еңбексүйгіштікке баулу, жас гүлдерді суды себу арқылы суғаратынын көрсету.

Қимылды ойын: «Ақ серек-көк серек»

Мақсаты: Бірлесе ойнауға,ойын шартын сақтауға баулу.

Жаттығу ойындары: «Волейбол ойыны»

Мақсаты: Бір-біріне доп беру, кері лақтыру.

Болжам: Гүлдердің иісі одан сайын аңқып шықса, жауын жауады.


Серуен №13

Бақбақ өсімдігін бақылау.

Мақсаты: Ауладағы бақбақ өсімдігін танып-білулерін тиянақтау. Бақбақ туралы білімдерін молайту. Балалармен бұл өсімдіктердің әдемі болуымен бірге емдік қасиеттері де бар екенін еске түсіру.

Бақылау барысы

Жұмбақ жасыру: Аулада, бақта өседі,

Басы сырғылт домалақ.

Мұны қай гүл деседі

Айтыңдаршы жобалап? (бақбақ)

Балаларға сұрақтар.

  • Сендер қандай емдік өсімдіктерді білесіңдер?

  • Біздің балабақша ауласында бақбақ өсімдігі бар ма?

  • Бақбақты халық қалай атайтынын естеріңе түсіре аласыңдар ма? (жер күні, денсаулық элексирі)

Гүлденген бақбақты алып қарасақ онын басы мамық болады, сол басында оның тұкымы орналасқан. Бақбақ күн батқан кезде гүлдерін жабады да, күн шыққан кезде ашады. Оның гүл жапырақшаларының түсі, жарқыран тұрған күндей, сап - сары болады. Оның емдік қасиеті өте көп: қан қысымын түсіруге, дене қызуын басуға, ішек құртын түсіруге т. б. ауруларды емдеуге қолданады.

Зерттеу жұмысы: Балабақша ауласындағы басқа да өсімдіктерді туып, оларды бақбақпен салыстыру. Ұқсастықтары мен айырмашылықтарын табу.

Еңбек: Гүлзар айналасын қоқыстар мен түскен жапырақтардан тазалау. Мақсаты: Балалардың үлкендерге көмек көрсетулерін қолдап, ынталарын арттыра түсу, үлкендер еңбегін қадірлей білуге тәрбиелеу.

Қимылды ойын: «Гүлді кім тез табады»

Мақсаты: Балаларды аңғарымпаздыққа, зейінділікке, сезгіштікке тәрбиелеу.

Жаттығу ойындары: «Баскетбол»

Мақсаты: Баскетбол ойынындағы қимылдарды жасап,жаттығу. Допты оң, сол қолмен жерге ұрып, жаттығулар жасау.


Халық болжамы:

Күндіз бақбақ «басын» жапса - жаңбыр болады.


Серуен №14

Кұстарды бақылау.

Мақсаты: Балалардың құстардың жазғы тіршілігі туралы білімдерін молайту. Құстарға қамқор болуға тәрбиелеу.

Бақылау барысы

Балаларға сұрақтар

  • Қандай құстарды білесіңдер?

  • Қыстап қалатын құстарға қандай құстар жатады?

  • Ұшып кететін құстарға қандай құстар жатады?

  • Біздің ауладан қандай құсты жиі көруге болады?

  • Құстардың ең көп мекендейтін жері қай жер деп ойлайсыңдар?

  • Құстардың адамға, табиғатқа қандай пайдасы бар?

  • Құстар жайлы қандай тыйым сөздерді білесіңдер?

Құстар – аса ұшқыр, қанат қауырсындары әдемі табиғаттың ғажайып бір мүшесі. Құссыз орман, көлдердің сәні келмейді. Құстар табиғатқа тек көрік беріп қана қоймайды, орман, бау-бақша зиянкестерін жойып, адамға көп көмегін тигізеді. Құстардың «тазалықшы» ролі де ерекше. Ұсақ құстар аса қатерлі ішек ауруларын тарататын, адам, малға зиян келтіретін көптеген шыбын-шіркейлерді, маса, соналарды жояды. Құстар жазда балапан басып шығарады, оларды өз бетінше өмір сүруге үйретеді. Балапандары аяқтанып, өз беттерінше тамақтанып, қауырсындары қатайып, ұшуға жараған кезден бастап алыс жолға дайындала бастайды.

Зерттеу жұмысы. Балабақша ауласындағы торғайларды бақылау. Шықылықтаған дауыстарын тыңдау.

Еңбек: Құстар жиі қонатын алаңқайға жем шашу.

Мақсаты: Балаларды құстарға деген қамқоршылық сезімге, табиғатты қорғауға тәрбиелеу.

Қимылды ойын: «Ұшты-ұшты»

Мақсаты: Құстар аттарын есте сақтауға, аңғарымпаздыққа баулу.

Жаттығу ойындары: Қимылдарын дамыту

Мақсаты: денені тепе-тең ұстап, гимнастикалық орындықтардағы затгарды аттап етуге жаттықтыру.

Халық болжамы: Қарлығаш келсе күн күркірейді.

Құстар ұясын күн жаққа қарай салса, жаз салқын болады.


Серуен №15

Орманға саяхат

(ата-аналармен бірлесе отырып арнайы ұйымдастырылады)


Мақсаты: Балалардың орман туралы білімдерін тиянақтау. Ормандағы өсетін ағаштар мен құстар, жәндіктер туралы білімдерін молайту. Орманға барып, балалардың көңілін көтеріп, оларға қуаныш сыйлау. Бақылау барысы

Орманның ең басты байлығы – ағаштар. Олар көптеген жануарлар түрлерін тамақпен қоректендіреді, баспана болады. Ормандар ондағы өсетін ағаштардың басымдылығына қарай: қайыңды орман, еменді орман, шыршалы орман, қарағайлы орман болып бөлінеді.

Ормандағы биік ағаштар, гүл жарған гүлдер, әртүрлі қүстардың бірі ұшса, басқалары тоғайды әнге толтырады.

Көркемсөз: «Орман байлығы»

Үйеңкі, қайың, қарағаш, Қаулап өскен ағаштар,

Самырсын, емен, қарағай. Жеміс, жидек сайда да.

Өседі бәрі аралас, Хош иіске елітіп,

Бақшада өскен баладай. Тынып қалған айнала.

Зерттеу жұмысы

  • Айналадағы ағаштарды қарау, қандай ағаштар өсіп тұрғанын ажырату, аттарын айту.

  • Олардың жапырақтарына назар аудару, салыстыру.

  • Айналадан құстарды бақылау, қандай құс екенін табу.

  • Айналадан жәндіктерді бақылау, құмырсқа илеуін табу, бақылау.

Еңбек: Балалар тоқтаған алаңқайдағы ағаш сынықтарын, бұталарды жинау.

Мақсаты: Орманға, ағаштарға қамқор болуға тәрбиелеу

Қимылды ойын: «Аталған ағашқа кім бұрын жетеді?»

Мақсаты: жылдамдыққа, ептілікке баулу. Ағаш аттарын есте сақтауларын, айналаны бағдарлай білу дағдыларын дамыту.

Жеке жұмыс Балалармен табиғат, жыл мезгілі, құстар т.б. жайлы өлеңдер оқу. Қызықты ойындар ойнау.

Мақал-мәтел: Қалың ну-халық саулығы! Көк орман-Отан байлығы!

Ер - елдің көркі, орман, тоғай - жердің көркі.

Бір ағаштан жасалады мың шырпы, мың ағашты өртеп кетер бір шырпы.


Серуен №16

Су тоғанға мақсатты серуен.

Мақсаты: Балаларды су тоғанның жазғы кейпімен, су өсімдіктерімен, су жәндіктерімен, су жағасын жақсы көретін инелектермен таныстырып, су тоғанның қыстағыдан қандай өзгешеліктері бар екендігін табу.

Бақылау барысы

Балаларға сұрақтар

  • Балалар біздің қыста осы жерге келгеніміз естеріңде ме?

  • Ол кезде бұл жер қандай еді?

  • Қар мен мұздар қайда кетті?

  • Қазір айналадан не көріп тұрсыңдар?

  • Су тоған жағасының жазғы кейпі қандай екен?

«Су жердің қаны, тамыры» деп бекер айтылмаса керек. Сусыз өмір сүру мүмкін емес. Тіршіліктің барлығы суға байланысты. Өсімдіктер сусыз солып, қурап қалады. Адамдар мен жан-жануарлар су жеткіліксіз болса ауруға шалдығады. Су – адамның, бүкіл тіршіліктің негізгі құрамы. Сондықтан да, «Судың да сұрауы бар» дегенді ұмытпаған жөн.

Көркем сөз «Су» С. Боранбаев

Мен жүрген жер көктейді,

Ағып, шалқып жатамын.

Аязға әлім жетпейді,

Әттең қыста қатамын.

Зерттеу жұмысы су жағасындағы өсімдіктерді қарау, суретке түсіру, аттарын атау;

Су жәндіктерін бақылау;

Су жағасындағы инеліктерді тамашалау, ұшақты осы инелікке қарап жасағанын еске түсіру.

Енбек: өзен жағасындағы қоқыстарды, жан - жағы үшкірлеу келген тастарды жинастырып, тазалау. Серуен соңында балалар өздері жүрген жерлерін тексеріп, артық заттар қалдырмағандарын бақылау.

Мақсаты:балаларды табиғатты қадірлеуге, жанашырлық білдіруге тәрбиелеу. Жағалаудан қашық жерде қызықты ойындар ойнау.

Жеке жұмыс: Топқа келген соң көргендері бойынша сурет салуға ұсыну.


Серуен №17

Жол жүру тәртібін бақылайтын мемлекеттік автоинспекция қызметкерлерінің жұмыстарымен танысу.

(жақын маңдағы көше қиылысына серуен)

Мақсаты: мемлекеттік автоинспекция қызметкерінің (жол жүру тәртібін реттейтін) жұмысымен таныстыру.

Бақылау барысы

Көркем сөз

Ау, жарандар, жарандар,

Жан-жақтарыңа қараңдар.

Бағдаршам жоқ көшеде,

Жолды кесіп өтерде,

Алдыменен оң жаққа,

Содан кейін сол жаққа,

Сақтықпенен қараңдар.

Кей бұрышта таяқты,

Реттеуші аға тұр.

Ақырын бас аяқты,

Қимылдарын баға тұр.

Жол қозғалысын көшеде реттейтін, сенің көшеден өтуіңе көмектесетін сиқырлы үш көзді бағдаршам. Сол сияқты, үлкен көшелерде, көше қиылыстарында жол жүру тәртібін МАИ - дың полиция қызметкері басқарады. Оны жол тәртібінің реттеушісі деп атайды. Кішкентай ала таяқшасымен ол жол жүру тәртібін реттеп басқарады. Ол сол таяқшасымен кімге қалай, қай жаққа жүруді нұсқап, белгі береді, біреулерге тоса тұрудың белгісін жасайды.

Балалар тәрбиешімен бірге МАИ қызметкерінің жұмысын бақылайды.

Еңбек: Ойын алаңын тазалау.

Мақсаты: Алаңды тәртіпке келтіріп, бастаған істі аяғына дейін жеткізу..

Қимылды ойын: «Сақшылар»

Мақсаты: Белгі берісімен белгіленген жерге дейін жүгіруге , айналаны бағдарлауға үйрету.

Жеке жұмыс: Алаңда сызылған жол бойына балалар ойыншық машиналармен келеді. Жолда жүру тәртібін есте сақтау үшін әр балаға жеке тапсырма беріледі, тәрбиеші жұмыстың дұрыс орындалуын бақылайды.

Серуен №18

Ауа райын бақылау.

Мақсаты: Ауа райының бақылай білуге, күннің бұлттануына қарап жаңбыр жаууы мүмкін екендігін болжауға үйрету.

Бақылау барысы

Көркем сөз: «Найзағайлы нөсер» Ө. Ақыпбекұлы

Нөсерлеп жаңбыр басталды,

Науада көлкіп қақ қалды.

Нақыштап жатыр сәулемен,

Найзағай экран аспанды.

Нұрлана түсті жасыл бақ,

Нәрлене түсті атырап.

Найзағай тынбай жарқылдап,

Нөсер тұр құйып сатырлап.

Балаларға сұрақтар

  • Жаңбыр неден пайда болады?

  • Жаңбыр жауарда бұлт қандай болады?

  • Жаңбыр неге керек?

  • Қандай жаңбыр түрлері естеріңде бар? (ақ жаңбыр, сылбыр жаңбыр, нөсер жаңбыр, найзағайлы жаңбыр)

Зерттеу жұмысы Ауа-райын бақылау. Аспандағы бұлтқа назар аудару. Жаңбыр болуы мүмкін бе? Болса қандай болуы мүмкін?

Еңбек Құмсалғыш айналасына шашылған құмдарды, алаңға алып шыққан құралдар мен ойыншықтарды жинау.

Мақсаты: Жинақылыққа, тазалыққа баулу. Өздеріне қажетті заттарға мұқият болуға тәрбиелеу.

Қимылды ойын: «Күркеге кім бұрын жетеді?»

Мақсаты: Берілген белгі бойынша жылдам жүгіруге жаттықтыру, жеңіске жетуге деген ынталарын арттыру.

Жеке жұмыс:

Шешуін тап: Бірі құяды----------------- Бірі жұтады-------------

Бірі өседі---------------

Халық болжамы

Жаз жаңбырлы болса - қыста қар мол болады, әрі аязды болалы.

Жаңбыр болар алдында карлығаштар төмен үшып жүреді.

Қарлығаш жер бауырлап ұшса, жаңбыр болады.


Серуен №19

Жаңбырдан кейін өсімдіктерді бақылау.

Мақсаты: Балаларға жаңбырдан кейін табиғаттың алуан түрге бөленіп, ғажайып әсер беретінін түсіндіру.

Бақылау барысы

Көркем сөз «Жаңбыр» Н. Әлімқұлов

Жаңбыр жауды себелеп,

Жасырынды көбелек.

Аспан кетті күркіреп,

Бұл не деген керемет!

Жаңбыр, жаңбыр жауа бер,

Сенен бақша, бау өнер.

Жадырасын туған жер,

Күміс моншақ тама бер!

Жаңбырдан кейін табиғат одан сайын құлпырып, сұлулана түседі.

Жаңбырдың мөлдір таза тамшыларына молынан шомылған өсімдік дүниесі күннін алтын нұрымен шағылысып, жалт - жұлт етеді.

Ағаштар мен бұта жапырақтарынан моншақтай - моншақтай болып төгілген тамшылар, жер - ана қойнауына тырс-тырс етіп сіңіп жатады. .

Зерттеу жұмысы Ағаш жапырақтарына қонған жаңбыр тамшыларын қарау. Ағашты сілкіп қалғанда не жағдай болатынын бақылау.

Еңбек: Балалармен бірге гүл егілген алаңды қоқыстардан тазалау. Мақсаты: Гүлдерге қамқорлықпен қарауға, оларды күтіп-баптауға тәрбиелеу.

Қимыдды ойын: «Теңге алу»

Максаты: Балаларды ептілікке, жылдамдыққа, төзімділікке баулу. Ұлттық ойындарға деген қызығушылықтарын арттыру.

Жаттығу ойындары: Лақтыру

Допты қабырғаға лактырьш, оны жерге түсірмей қағып алу..

Мақал-мәтелдер

  • Су баға жетпес табиғат байлығы.

  • Су тіршіліктің қаны,

Табиғаттың жаны.

  • Жер – қазына, су – алтын.

  • Қара жерге де қамқорлық керек.

Серуен №20

Кемпірқосақты бақылау.

Мақсаты: табиғаттың тағы бір әсем көрнісі кемпірқосақ туралы білімдерін тиянақтау. Әсемдікке, әдемілікке баулу.

Бақылау барысы

Тәрбиеші балаларға жұмбақ жасырады.

  • Жарқылдан соң жаңағы,

Суға бөкті бар алап.

Көкте түрлі жолақты,

Өрнек тұрды ғаламат. (кемпірқосақ)


  • Жаңбыр жуды жерімді,

Көкте өрмек керілді. (кемпірқосақ)


Балаларға сұрақтар

  • Кемпірқосақ қай уақытта көрінеді?

  • Кемпірқосақта неше түс болады? Қандай?

  • Кемпірқосақ жылдың қай мезгілінде көп көрінеді?

  • Кемпірқосақ сендерге ұнайды ма?

Жаңбыр жауып, күннің көзі көрініп тұрған мезгілде аспаннан кемпірқосақты байқауға болады. Ол жаңбыр тамшылары арасынан күннің сәулесі өткен уақытта көрінеді. Жаңбыр тамшылары неғұрлым үлкен болса, кемпірқосақ соғұрлым анық көрінеді. Кемпірқосақта жеті түс бар: қызыл, қызғылт, сары, жасыл, көгілдір, көк, күлгін. Бұлар барлық уақытта осы бір ретпен орналасады.

Зерттеу жұмысы

Жаңбырдан кейінгі аспанды қарау. Бұлттардың қозғалысы. Кемпірқосақ қайда жоғалды?

Еңбек Ойын алаңын тазалауға кішкентайларға көмектесу.

Мақсаты: Өздерінен кішілерге қамқорлық жасауға, көмек қолын созуға тәрбиелеу.

Қимылды ойын «Қасқыр қақпан».

Мақсаты: Балаларды байқампаздыққа, сақтыққа, батылдыққа, ойын шартын сақтап ойнауға баулу.

Жаттығу ойыны: Қимылдарын дамыту.

Мақсаты: арқасымен алға қарай жүруге жаттықтыру.

Халық болжамы.

  • Кемпірқосақ кешке көрінсе, ертесіне күн ашық болады.

  • Ерте көктемде найзағай ойнап, күн күркіремесе жаз құрғақ болады.


Серуен №21

Саябаққа мақсатты серуен.

Мақсаты: Саябақтың көпшілік демалыс орны екенідігін және онда әр түрлі ағаштар, гүлдер өсетіндігі туралы балалардың түсінік - білімдерін арттыру. Балаларға қуаныш сыйлау.

Бақылау барысы

Көркем сөз «Тал ектім» Т. Елеусізұлы.

Таңнан бері әлекпін,

Ауламызға тал ектім.

Әжем маған күлімдеп,

«Ексең ағаш аялап,

Болар, - дейді - саябақ»!

Балалармен саябаққа келіп, айналаға назар аудару. Бұл жерде қаншама ағаш түрлері, қаншама гүлдер өсіп тұрғанына, жанға рахат беретін сушашарларға (фонтан) көңіл бөлу. Ағаш көлеңкелеріндегі орындықтар не үшін қойылған? Неге саябақ деп аталған? Олай аталған себебі бұл демалыс орны. Саялауға (күн ыстықта көлеңкелеу), демалуға арналған дегенді білдіреді. Айналадағы адамдарды бақылау, олардың көңіл-күйлеріне зер салу. Көпшілік орында адамдар өздерін қалай ұстау керек?

  • Айналадағы ағаштарды қарау, қандай ағаштар өсіп тұрғанын ажырату, аттарын айту.

  • Өсіп тұрған гүлдерді қарау, әртүрлілігіне, әдемілігіне назар аудару.

  • Айналадан құстар дыбысын тыңдау, оларды бақылау, қандай құс екенін табу.

  • Айналадан жәндіктерді, көбелектер мен инеліктерді бақылау.

Дидактикалық ойындар: «Аталған ағашты кім табады?», «Ең жас ағашты тап», «Не қайда мекендейді?»

Мақсаты: Серуенде көргендерін есте сақтау, зейіндерін дамыту.

Ецбек: Табиғи заттарды (материалдар) жинау.

Мақсаты: Табиғи заттардың қажеттілігі, оларды әртүрлі мақсатта (ойыншықтар, гербарийлер жасау) пайдалануға болатындығы жайлы түсініктерін молайту.

Балалар қызығушылығына орай қызықты ойындар, бақылаулар өткізу. Жұмбақтар шешу, өлеңдер оқу.

Топқа оралған соң «Менің көргендерім» тақырыбында сурет салу.



Серуен №22

Арамшөптерді бакылау.

Мақсаты: Балалардың өсімдіктер туралы білімдерін молайту. Арамшөптердің зияны туралы түсініктерін кеңейту.

Бақылау барысы

Көркем сөз Жеміс біткен бау - бақта,

Желі жайды жан - жаққа.

Бақта құстар сайрайды

Құйқылжытып жан – жаққа.

Қолға ап бақша құралын,

Суды атызға бұрамын.

Ағаш түбін қопсытып,

Арамшөпті жұламын

Жан-жағымызда өсіп тұрған қызылды-жасылды өсімдіктерді көргенде, көңілімізге қуаныш ұялайды. Өсімдіктер тек қана көрік беріп қана қоймай ауаны тазалайды, ауаның ылғалдылығына да әсерін тигізеді. Кейбір өсімдіктерден ерекше заттар бөлінеді де, адам денсаулығына зиянды микробтарды жойып отырады. Ол фитонцид деп аталады. Енді осындай жайнап өсіп тұрған өсімдіктердің арасында зиянды өсімдіктер де кездеседі. Оларды арамшөптер деп атайды. Олар мәдени өсімдіктерге көп зиян келтіреді: топырақтың нәрін алады, топырақтағы ылғалды алады, күн қызуын тартып алады да, сөйтіп өсімдіктердің өсуіне кедергі жасап, өздері қаптап кетеді. Олар мәдени өсімдіктерге қарағанда тез өсіп, жетіледі.

Сондықтан да гүл егілген гүлзарлар мен бау-бақшаны, егіс алқабын үнемі арамшөптерден қорғап отырады.

Зерттеу жұмысы Гүлзарларда, өсімдіктер өсіп тұрған алаңшалардан арамшөпті тауып алып, оларды жақсылап көріп алу.

Еңбек: Балабақша ауласындағы гүлзарлардағы, гүл егілген алаңқайдағы арамшөптерді жұлу.

Мақсаты: Балаларға гүлдерді күтіп-баптауды үйрету, әсемдікті сақтай білуге тәрбиелеу.

Қимылды ойын: «Үшінші артық»

Максаты: Аңғарымпаздыққа, ептілікке, тез жүгіре білуге үйрену. Ойын шартын сақтап ойнауға дағдыландару.

Жаттығу ойыны Тепе-теңдікті сақтауға жаттықтыру.



Серуен №23

Аспан мен күн көзін бақылау.

Мақсаты: Жазда аспан ашық, күн жарқырап шығып тұрғандағы ауа-райының ерекшелігі, тірі табиғат пен өлі табиғат арасындағы байланыс туралы білімдерін тиянақтау.

Бақылау барысы

Көркем сөз А. Меңдібай

Көкпеңбек аспан әлемі, Көлеңкені саялап,

Нұрын төккен алтын күн. Көл жағасын жағалап,

Қыздырып құмы табанды, Суға түсіп салқындап,

Бебеулеткен жазғы күн. Жан сергіткен жазғы күн.

Балаларға сұрақтар:

  • Балалар жазғы күннің басқа жыл мезгілдерінен қандай еркшелігі бар?

  • Жазда көбіне ауа-райы қандай болады?

  • Жазда күн ұзақ па, түн ұзақ па?

  • Жаз мезгілін неге «ең қызық мезгіл» деп айтамыз?

  • Бүгінгі ауа-райы қандай?

  • Ыстық күннің айнала қоршаған ортаға яғни адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге қандай әсері бар (егін піседі, құстар балапан шығарады, аралар гүлдерден бал жинайды т.б)?

Балалар, назарларыңды жарқыраған күн көзіне, мөп-мөлдір аспан әлеміне аударыңдаршы. Керемет емес пе?! Күн көзі жер ананы, барша табиғатты мол шуағына бөлеп тұр. Осы күннің шуағынан нәр алған ағаштар мен гүлдер жайқалып өсуде. Алтын күн төккен нұр,

Аспаным көктеңбіл.

Алмайық кірлетіп,

Айнаны мөп-мөлдір.

Еңбек: Құмсалғышты құммен толтыру.

Мақсаты: Балаларды өз-өзіне қызмет етуге, өз қажеттіліктерін түсініп әрекет етуге баулу.

Қимылды ойын: «Күн мен түн».

Мақсаты: Ойын ережесін сақтап ойнауға дағдыландыру, зейіндерін дамыту.

Жеке жұмыс: «Табиғатым тамаша» тақырыбында асфальтқа сурет салу.


Серуен №24

Аула сыпырушының еңбегін қадірлей біл.

Мақсаты: Үлкендер еңбегңмен таныстыруды жалғастыра отырып, аула қараушы еңбегін бағалауға тәрбиелеу.

Бақылау барысы

Көркем сөз. «Аула тазалықшысы» А. Меңдібай.

Балабақша ауласында, Көмектесем мен де оған,

Таң атқаннан кешке дейін, Жинап қоқыс, қағаздарды.

Тынбай еңбек ететін Құметтеймін, қадірлеймін,

Бар тазалық сақшысы. Еңбексүйгіш адал жанды.

Ауланы да тазалайды,

Ағашты да бұтайды.

Су себеді гүлдерге де,

Шаршамайды, тынбайды.

Балаларға сұрақтар:

  • Балалар біздің балабақшамызда кімдер еңбек етеді?

  • Ал, біздің ауламыздың әсем де, таза болуына кім қарайды?

  • Аула сыпырушы қандай жұмыстар атқарады?

  • Біздер ол кісіге қандай көмек көрсете аламыз?

Аула сыпырушының да балабақшада өзіндік үлкен орны бар. Ол балабақша ауласының тазалығына, гүлдер мен ағаштардың жақсы өсуіне, аулады сендерге зиян немесе кедергі келтіретін бөгде заттардың болмауына қарайды. Ол кісінің еңбегін дұрыс бағалап, көмектесіп отыруымыз керек. Қажетсіз заттарды кез келген жерге лақтыруға, ауланы бүлдіруге болмайды.

Еңбек: аула сыпырушыға көмек жасау: кесілген бұтақтарды, жиналған қоқыстарды тасу.

Мақсаты: Үлкендер еңбегін бағалауға, көмек көрсетуге тәрбиелеу.

Қимылды ойын: «Итеріспек»

Мақсаты: Күштілікке, ептілікке, ойын кезінде бірін-бірі түсіне білуге баулу.

Жаттығу ойындары: Қимылдарын дамыту.

Мақсаты: кедергілер арасынан, затты құлатпай ирелеңдеп жүгіруге жаттықтыру.

Мақал-мәтелдер: Ердің атын еңбек шығарар.

Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті.

Серуен №25

Ағаштар мен бұталарды бақылау.

Мақсаты: Балаларды айнала қоршаған ортамен, таныстыруды жалғастыру. Табиғатқа деген қызығушылықтарын арттыру. Балабақша ауласында өсіп тұрған ағаштар мен бұталар туралы балалардың білімдерін молайту.

Бақылау барысы

Тәрбиеші әңгімесі

Жер бетінде адамға өмір сыйлайтын, шипалы қасиетке толы алуан түрлі өсімдіктер өседі. Ағаштардың шөптердің, гүлдердің, бұталардың әрқайсысының орны әр бөлек. Олардың өздеріне тән қасиеттері бар. Ағаштар ең қажетті оттегін бөліп, ауаны тазартады. Өмірде тұрмысқа қажетті көптеген заттар жасалады.

Өсімдіктердің ішінде шөптерге, гүлдерге, бұталарға тоқталсақ, олардың түрі біздің елімізде өте көп. Олардың емдік қасиеттері ертеден белгілі. Осындай өсімдіктер біздің балабақша ауласында да кездеседі.

Балаларға сұрақтар

  • Біздің балабақша ауласында қандай ағаштар өседі?

  • Қандай гүлдер өседі?

  • Қандай бұталар бар?

  • Ағаштар мен бұталардың қандай айырмашылықтары бар?

Зерттеу жұмысы Терек ағашы мен сирень бұтасының жапырақтарын салыстыру, айырмашылықтарын атау.

Еңбек Ағаштар түбін қопсыту.

Мақсаты: Ағаштарға күтім жасау, еңбекке баулу.

Қимылды ойын: «Ақ серек, көк серек»

Мақсаты: ойынға деген қызығушылықтарын арттыру, ойын шартын сақтап ойнауға баулу.

Жаттығу ойындары: Қимылдарын дамыту

Мақсаты: Допты оң және сол қолмен 10 реттен үздіксіз жерге соғу.


Мақал-мәтелдер:

  • Гүл-араға, бал-балаға.

  • Дана көптен, дәрі шөптен.

  • Құнарлы шөп, қосымша сүт.


Серуен №26

Сутоғанға мақсатты серуен

Мойыл өсімдігін бақылау.

Мақсаты: Балаларға мойыл өсімдігі, оның пайдасы туралы білім беру. Табиғат байлығына деген құрмет сезімдерін арттыру.

Бақылау барысы

  • Балалар біздің осыдан біраз уақыт бұрын су жэағасына келгеніміз естеріңде ме?

  • Ол кезде су жағасы қандай еді?

  • Қазір айналадан не көріп тұрсыңдар?

  • Су тоған жағасының жазғы кейпі қандай екен?

Тәрбиеші әңгімесі

Балалар біз бүгін сендермен мойыл өсімдігімен танысып, бақылаймыз. Мойыл өсімдігі су жиегінде көбірек өседі.

Мойыл- тек қана емдік өсімдік емес, сәндік те өсімдік. Мойыл гүлдеген кезде сәнділігімен көздің жауын алады. Оның хош иісі мұрын жарады. Мойыл мамыр-маусым айларында гүлдейді. Гүлдері ұзақ уақыт тұрмайды, бірнеше күн аралығында қардай борап жер бетін жабады. Мойылдың жемісі тамыз-қыркүйек айларында піседі. Қоңыр күзде жемістер өте дәмді болады.

Мойылдың емдік қасиеті өте жоғары: іш ауруларын, көз ауруларын, безгек ауруларын осы мойылдың жидектерінен, гүлінен, қабығынан жасалған дәрілер арқылы емдейді.

Мойылдың емдік және көңілге қуаныш ұялататын қасиетін ескере отырып, оның бұтақтарын сындырмай, гүлдерін жұлмай сақтаған дұрыс. Себебі келесі көктемде тағы да мойыл өсіп шығуы керек екенін ұмытпаған жөн.

Зерттеу жұмысы. Мойыл өсімдігінің бұтақтары мен жапырақтарының құрлысын қарау. Басқа өсімдіктерден қандай айырмашылықтары бар екенін табу.

Су жиегінен алыстау алаңқайда балалармен ойындар өткізу.

Қимылды ойын: «Ормандағы аюда»

Мақсаты: Балаларды аңғарымпаздыққа, кеңістікті бағдарлай білуге баулу.

Балалармен айналаны, табиғат көрнісін қызықтау. Жәй ойындар ойнау.



Серуен №27

Гүлдерді бақылау

Мақсаты: Балабақша ауласына отырғызылған гүлдердің өсуі мен гүлдеуін бақылау, олардың әртүрлілігіне, әсемдігіне, гүл шешегінің құрылысына, иісіне назар аудару.

Бақылау барысы

Көркем сөз «Гүлдер» А. Меңдібай

Аула іші жайнайды,

Қызыл-жасыл гүлдермен.

Көз қараса тоймайды,

Әсем еді не деген!

Өзім қолмен еккен ем,

Әсем гүлді көптеген.

Бойын салып сыланып,

Күн мен судан нәр алып,

Өсіп қапты әдемі-ақ!

Тәрбиеші сұрақтары:

  • Балалар, ең алғаш бұл жерге не сепкен едік?

  • Дәннен не пайда болды?

  • Гүлдің өсу жолы қалай жүреді? (әуелі жапырақша, сосын өскін, одан кейін гүл пайда болады)

  • Мына гүлдер қалай аталады?

  • Гүлдер туралы қандай мақал мәтелдер, тыйым сөздер білесіңдер?

Зерттеу жұмысы Аулада өсіп тұрған бархат, астра, георгин гүлдерінің жапырақтарын, сабақтарын, шешектерін, бойларын салыстыру, түстерін атау. Иіскеп көру.

Еңбек: Гүлзардағы гүлдерге су себу, айналасын тазалау.

Мақсаты: Гүлдерді күтіп, оған қамқоршы болуға тәрбиелеу.

Қимылды ойын: «Орамал тастамақ»

Мақсаты: Тез жүгіруге, аңғарымпаздыққа баулу.

Жаттығу ойындары: Секіру.

Мақсаты: Балаларды жүгіріп келіп ұзындыққа секіруге жаттықтыру.

Жұмбақ:

Үзуге қимайсың,

Достарға сыйлайсың. (гүл)

Серуен №28

Табиғатты бақылау

Мақсаты: Қоршаған ортаны, табиғатты, ауа – райын бақылау. Жаз мезгілінің соңына қарай табиғатта болып жатқан өзгерістерді көре білуге үйрету.

Бақылау барысы

Көркем сөз «Бұл қай мезгіл?» А. Меңжанова

Қойның толы жеміске,

Көк майсалы еңісте,

Көбелек қуып ойнайтын,

Қай мезгіл деп ойлапйсың?

Балаларға сұрақтар

  • Бүгінгі ауа-райы қандай?

  • Айналадағы ағаштар бейнесі қандай?

  • Ағаштар жапырақтары неге түсіп жатыр? (кейбір ауыратын немесе кәрі ағаштардың жапырақтары ерте түседі)

  • Майда жәндіктер қалай тіршілік етеді?

  • Қазір ауа-райынан қандай өзгерістерді сезуге болады? (таңертең және кешке күннің салқындағанын)

  • Жаз несімен қызықты?

Зерттеу жұмысы. Балалардың назарын жәндіктерге аудару. Олардың тіршілік әрекеттерін бақылау.

Еңбек Түскен ағаш жапырақтарын жинау..

Мақсаты: Алаңда тазалық сақтауға, жинақылыққа, айналаны таза ұстауға тәрбиелеу..

Қимылды ойын: «Көкпар».

Мақсаты: Тез жүгіруге жаттықтыру, жылдамдықтарын, күштерін дамыту.

Жаттығу ойындары: Қимылдарын дамыту

Мақсаты: екі аяқпен бірдей бір орында секіре білуге, тұрған жерінде секіруге жаттықтыру.

Халық болжамы:

  • Жаз жауынды, күз жылы болса, қыс ұзақ болады.

Күзде құмырсқа илеуі биік болса, қыс ұзақ, қатты болады.



Пайдаланылған әдебиеттер:

    1. «Балбөбек», «Біз мектепке барамыз» бағдарламалары

    2. «Табиғат адамзаттың өмір нәрі» ҚР Білім және ғылым министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы білім академиясы 2007 ж.

    3. Айналамен таныстыру А. Бәкірқызы 2001 ж.

    4. «Мен және айналадағы табиғат» С.Ф. Еликова, О.И. Вязовая, Е.А. Москаленко

    5. Экологиялық әліппе Ө. Ақыпбекұлы 2007 ж.

    6. Көркем әдебиет Хрестоматия «Алматыкітап» 2009 ж.

    7. Көркем әдебиет Хрестоматия «Аруна»

    8. «Балабақшадағы экологиялық терезе» В. М. Корнилова 2008 ж.

    9. Балабақшада мезгілдік бақылаулар А.И. Иванова, В. Я. Михаиленко

    10. «Әдеп әліппесі» Ә. Табылды.

    11. Қазақы тыйымдар мен ырымдар. А Құралұлы «Өнер» 1998 ж.

    12. 777 жұмбақ Ә. Ысқабаев «Ана тілі» 1994 ж.

    13. Мақал-мәтелдер




Скачать

Рекомендуем курсы ПК и ППК для учителей

Вебинар для учителей

Свидетельство об участии БЕСПЛАТНО!