Тақырыбы: «Үйдегі, көшедегі, ауылдағы тәртіпсіздіктерге мүлдем төзбеушілік»
Мақсаты: Тақырыптың мазмұнын ашу, оқушыларды Елбасымыздың "Қазақстан – 2050" Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Жолдауында қоғамдық тәртіпсіздіктерге нөлдік төзімділікті қалыптастыру идеясының мағынасын түсіндіру, мәдениеттілікке тәрбиелей отырып құқықтық тәрбие ортасын құру.
Көрнекілігі: тақырыптық суреттер.
Әдісі: әңгімелесу, сұрақ-жауап.
Барысы:
І. Ұйымдастыру
Амандасу. Түгендеу.
ІІ. Негізгі бөлім
Мұғалім сөзі:
Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады. Ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы - қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам.
Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясынан.
Біз құқықтық немқұрайлылықты жеңіп, қоғамды қоғамдық тәртіпті қорғау ісіне тартуымыз керек. Мұның бәрі қоғамдық өмірдің нормасы болуға тиіс. Біз «нөлдік төзімділік» түсінігінің нені білдіретіндігін жан-жақты түсіндіргіміз келеді.
"Нөлдік төзімділік" дегеніміз не?
Елбасымыздың "Қазақстан – 2050" Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Жолдауында қоғамдық тәртіпсіздіктерге нөлдік төзімділікті қалыптастыру, кез келген ұсақ құқық бұзушылықтардың жазасыз қалмауына, мәдениетсіздік пен бассыздыққа жол бермеуге баса мән берілуі керектігін айта келіп,"біз тіпті ұсақ-түйек құқық бұзушылықтарға, бұзақылыққа, мәдениетсіздікке төзбеуге тиіспіз, себебі, бұл қоғамдық тыныштықты бұзады, өмір сүру сапасын төмендетеді" деген-ді. Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрлігінің қоғамда құқық бұзушылықтарға "нөлдік төзімділік" қағидасын қалыптастыру аясында бекітілген жұмыстың жоспар-жобасы да бар
"Нөлдік төзімділік" дегені-міз не? Оны көп жағдайда құқық саласының мамандары түсінуі мүмкін.. – Ол, сөзіңіз рас.
Нөлдік төзімділік – бұл азаматтардың теріс реакциясы немесе ең ұсақ құқық бұзушылықтармен де келісуді қаламауы.
Енді қарапайым тілмен айтсақ, нөлдік төзімділік дегеніміз бұл кәдуілгі күнделікті тіршілігімізде болып жататын ұсақ-түйекті, бірлі-жарымды кішігірім бұзақылық, қоқысты жол бойына шығару, белгіленбеген жерде шылым шегу, алкогольді сусындарды ішу, кәмелетке толмағандардың түнгі көңіл көтеру мекемелерінде болуы.
"Нөлдік төзімділіктің" мақсаты қандай?
Қоғам болып бірігіп құқық бұзушылықтарды болдырмау.
Қоғамның тыныштығын бұзылуына жол бермеу.
Қоғамдық тәртіп нығайту.
Қылмыспен күресті жақсарту.
Өмір сапасын жақсарту.
Біз оны қалай түсінеміз?
Қай-қайсымыздың болмасын түйсігіміз осы сөздерді бірден қабылдамауы да ықтимал.
Бірақ үлкен бақытсыздықтарға әкелетін әдеттегі «Барлығы да осылай жасайды», «Сен тименсең, мен тимеймін», «Менің үйім шетте» сөздері.
Осы "Нөлдік төзімділіктің" ең негізгі мақсаты қоғамды белсендіру яғни қай-қайсысымыз болмасын кез-келген құқық бұзушылыққа жайбарақат қарамауымыз керек. Біз кейде оны құқыққорғау органдарының жұмысы деп білеміз, бұл дұрыс емес.
Заң дегеніміз – қоғамның негізгі тірегі. Қоғам деп отырғанымыз – мына біздер.
Халқымызда «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды» деген тамаша мақал бар. Ақылды болу айналаңдағы адамдарды сыйлай, қадірлей білу деген сөз. Құқықтық тілмен айтқанда бұл – заңды білу, яғни заңды білген адам өзгелерге құрметпен қарайды. Заңды білмегендіктен заңсыз істер істеп, зардап шегіп, өзін қорғай алмай жүргендерді көптеп кездестіреміз. Қазіргі кезде жасөспірімдер мен мектеп оқушылары арасындағы қылмыстың түрлері көбеюде.
Қазақтың ертедегі аңыз-әңгімесіне байланысты өз ойымызды ортаға салайық: Баласы көршінің тауығының ұясынан жұмыртқа ұрлап әкеледі де, шешесіне қуырып беруін сұрайды. Анасы жұмыртқаны қуырып береді. Арада біраз күндер өтеді. Бала көршінің тауығын ұрлап әкеледі, анасына береді. Анасы оны қорадағы тауықтарға қосып қояды. Бірнеше жылдар өтеді, бала ұрлықты кәсіп қылып жігіт болып өседі. Бір күні жігіт бес баласы бар жесір әйелдің ала сиырын ұрлап, сойып жатқан жерінен ұсталады. Ашынған ел жігітті бидің алдына апарып, үкім шығарып, жазалауын сұрайды. Би: Сен бес баласы бар, өзі сырқат, жұмысқа жарамсыз жесір әйелдің жанын бағып отырған жалғыз сиырын ұрлап, балалардың ауызын ақтан қақтың. Сенің жазаң – дарға асу. Жігіт: Дат, тақсыр. Би: Датың болса айт! Жігіт: Маған анаммен соңғы рет тілдесуге рұқсат етіңіз. Анасы келеді. Жігіт: Апа, тіліңді көрсетіңізші. Анасын тілін көрсетеді. Уәзір жігітке ұрысады: Сені жарық дүниеге әкелген, ақ сүтін берген анаңның кінәсі не? Сонда жігіт: Тақсыр, мен ең бірінші көршінің жұмыртқасын ұрлап алып келген кезде маған жекіп ұрыспай, ұрлықтың қылмыс екенін түсіндіріп, ақылын маған айтпаған адамның тілі де кінәлі шығар деп тұрмын,- деп жауап береді. Би: Әй, балам, бұл сөзіңнің де жаны бар екен, сенің ұрлықшы болуына анаңның да кінәсі бар екен. Бұл жігіт дарға асылмасын. Алланың кітабы Құранда былай жазылған «Ұры әйел болсын, еркек болсын қолын шауып тастау керек» делінген. Бұл жігіттің оң қолының бес саусағын шабыңдар. сарбаздар жігіттің саусағын айбалтамен шабады. Жігіт өкініп тұрып:
Бауырларым, менің өкінішті ісімді қайталамаңдар. Мен қалған өмірімде ешкімнің ала жібін аттамауға ант етемін. Істеген ісім үшін ел жұрттан кешірім өтінемін. Би:
Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң.
Сұрақтар: 1. Жігіттің ұры болып өсуіне кім кінәлі? 2.Бидің шығарған үкімі дұрыс па?
Заң ережелерінің барлығы да адамдарды адал жолға салу, оларды адамгершілікке тәрбиелеу мақсатынан туған. Ата-ананың тілін алмағанның бір пәлеге ұрынары сөзсіз. Осыған байланысты нақыл сөз бар «Ана алдындағы құрмет, ата алдындағы қызмет», «Анасына орын ұсынбаған, әкесіне қолын ұсынбас», «Ана сүтін ақтамағанды, ешкімде мақтамайды». Ертедегі қазақта әкенің бетіне келу, ананың тілін алмау, үлкенге қарсы шығу мүлдем болмаған. Ал қазіргі таңда мұндай қылықтар көбейіп кетті. Осы қылықтардың жасөспірімдердің қылмыс жасауына себебі бар.
Суретте не көріп тұрғандарыңызды айтып беріңіздер. Неге мен бұл суреттерді сіздерге көрсетіп тұрмын деп ойлайсыз?

Өмірің болсын десең сенің сәнді
Ойланып, айналаңа қара мәнді.
Адам бол! Білімі тасқан, өнері асқан
Өзіңе сүйсіндірер басқа жанды.
Салауатты мақсатың — өмір сүру,
Өмірдің мағынасын керек білу.
Ішімдік, нашақорлық сенің жауың
Пайдасы сол – бұл жолдан аулақ жүру.
ІІІ. Қорытынды
«Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады...»
Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясынан.
Негізгі ойымызды мына мақал – мәтелдермен аяқтайық.
1. Жазасын тартпайтын… (жамандық жоқ)
2. Тәрбие… (отбасынан басталады)
3. Әділ істің...(арты игі)
4. Қолыңмен істегенді… (мойныңмен көтер)
5. Заңды сыйлаған… (еркін жүреді).
Кез келген құқық бұзушылыққа қарсы "нөлдік төзімділікті" қалыптастыру жұмыстарын өскелең ұрпақ сізбен бірге атқарсақ қоғамымызда әрқашан тыныштық орнап, бейбіт өмір сүреріміз хақ.