СДЕЛАЙТЕ СВОИ УРОКИ ЕЩЁ ЭФФЕКТИВНЕЕ, А ЖИЗНЬ СВОБОДНЕЕ

Благодаря готовым учебным материалам для работы в классе и дистанционно

Скидки до 50 % на комплекты
только до

Готовые ключевые этапы урока всегда будут у вас под рукой

Организационный момент

Проверка знаний

Объяснение материала

Закрепление изученного

Итоги урока

Английский язык

Категория: Информатика

Нажмите, чтобы узнать подробности

Просмотр содержимого документа
«Английский язык»

1.Энеолит заманының өндірістегі және қоғамдық өмірдегі жетістіктері.Энеолит сөзі - мыс-тас ғасыры дегенді білдіреді. Бірақ металл тасты қолданыстан мүлдем шығарып тастаған жоқ. Тас сол кезде де ең негізгі құрал ретінде пайдаланылды. Мыс-тас ғасыры қоғамында екі ірі өзгеріс орын алды: еңбек бөлінісі пайда болды және аталық ру үстемдігі калыптасты. Ең алғашқы ірі қоғамдық еңбек бөлінісі шаруашылықтың - егіншілік пен мал шаруашылығы болып бөлінуі еді. Бірақ, энеолитте бірыңғай егіншілікпен айналысатын тайпалар әлі қалыптаспады. Өйткені теселі егіншілік адамды тамақпен толық камтамасыз ете алмады. Сондықтан бұл тайпалардың мал шаруашылығымен де, аң және балық аулаумен де айналысуына тура келді. Ал мал шаруашылығымен шұғылданғандардың көп бөлігі егіншілікпен мүлдем айналыспады. Мал бағу егіншілікке карағанда өнімді көп беретін. Мыс-тас ғасырының ескерткіштері. Қазақстан аумағында энеолит кезеңінің ерекше ескерткіші - Солтүстік Қазақстандағы Ботай тұрағы. Ботай тұрағы б.з.б. 3-2 мыңжылдықтармен мерзімделеді. Бұл тұрақ 15 гектар жерді алып жатыр. Тұрақты қазу барысында 158 тұрғын үй табылды. Үйлердің кабырғалары жануарлар терісімен қапталған, ортасына ошақ орнатылған. Қазба жұмыстары барысында тастан жасалған кұралдар - садактың ұштары, найзалар, пышақтар мен балталар табылды. Сүйектен жасалған ине, біздер және қыштан жасалған бұйымдар да ұшырасты. Жылқы сүйектері өте көп табылды. Ботайлықтар жылқы малын қолға үйреткен. Энеолиттік ескерткіштер Маңғыстау жерінде де табылды. Шебір елді мекені маңынан тас пен қыштан жасалған еңбек құралдары табылған. Шебір тұрағының тұрғындары теңіз моллюскаларының қабықтарын моншақ етіп таққан. Шебірліктер негізінен аң аулаумен айналысқан.



1.Адамзат баласының пайда болуы.

Адамзат баласының пайда болып, қалыптасу үрдісі ежелгі дүниенің барлық аймағында бірдей жүрді. Адам баласы жер бетіндегі басқа тірі жәндіктер сияқты ұзақ эволюциялық дамудың нәтижесінде қалыптасты.Ежелгі дүние деп адамдардың пайда болып қалыптасқан Жер шары бөліктерін атайды.Адам баласының шығуы мен қалыптасуы бүкіл жанды дүниенің, өсімдіктердің пай да болуы, тарихи дамуы сияқты қарапайымнан күрделіге қарай жүрген. Алғашқы адамдардың қазіргі адамдардан көп айырмашылығы болды. Олар ірі маймылдарға ұқсас келді, терісін қалың түк басты, қолдары аяқтарынан ұзын еді. Қолымен жеміс терді, заттарды ұстау, соғу, жер қазу сияқты қарапайым жұмысты орындай алатын. Алғашқы адамдар қабыландай жылдам, арыстандай епті, аюдай күшті болмады. Бірақ ол еңбек құралдары арқылы өздерінің күш-куатын, шапшаңдығын еселеп арттыра алды. Қазғыш таяқ, үшкір тас, шоқпар-оның алғашқы еңбек құралдары еді. Солардың көмегімен тамақ тауып жеді. Алғашқы еңбек құралдары негізінен тастан жасалды. Олар өте қарапайым болатын. Ғалымдар алғашқы адамды «епті адам» деп атайды. «Епті адам» Африкадағы Кения жеріндегі Олдувай шатқалында табылған. Ол осыдан 1 млн 750 мың жыл бұрын өмір сүрген. Алғашқы адамның бірі питекантроп деп аталады. Питекантроптың қаңқасы алғаш рет Ява аралынан 1891 жылы табылды. Ол мөлшермен бұдан 1 млн жыл бұрын өмір сүрген. Адамзат дамуында бұдан кейінгі сатыда синантроп тұрады. Солтүстік Қытайда табылуына байланысты оған «қытай адамы» деген ат берілген. Синантроптар бұдан 500-200 мың жыл бұрын өмір сүрген. Питекантроп пен синантропты «тік жүретін адам» деп атайды.Көне адамның тағы бір түрі неандерталь деп аталады. Ол Германия жерінен табылды. Оның бойы орташа, денесі мығым, белі еңкіштеу, маңдайы тайқы, қабақ сүйегі шығыңқы келді. Неандерталь баланың сүйегі Өзбекстанның Тесіктас деген үңгірінен де табылған. Неандертальдықтар жер бетінде бұдан 100-35 мың жыл бұрын өмір сүрген. Олар тастан, сүйектен, ағаштан құрал жасай білген. Отты өз керегіне пайдаланған.



1.Рулық қауымның шығуы.

Бірлесіп аң аулау,жыртқыш аңдарға қарсы тұру,ортақтасып от жағу-адамдарды топтастырды. Адамдар тобы бірте-бірте туысқандардың ұжымына-рулық қауымға айналды. Бұл шамамен «саналы адамның»шығу уақытына сәйкес келеді. Әр руда бірнеше ондаған рулас адам болды. Алғашында ұжымдағы барлық жұмыстарды аналар атқарды.Үңгірлерді тазалап күтті, тамақ дайындады,жеуге қажетті жеміс-жидектерді терді. Бұл ұжымдағы аналардың беделін арттырды. Рулық бөлініс те аналардың үстемдігімен анықталды. Әрбір қауым өз аумағында мекен етті. Рулық қауымның барлық мүшелері өзара тең есептелінді. Жер,баспана,еңбек құралдары бәріне ортақ саналды. Барлығы бірлесіп орманда аң аулады, балық ұстады,ортақ жайылымда мал жайды. Қауымның ішкі жұмысын теңдей бөлісті. Әйелдер мен балалар жеміс-жидек жинады, еркектер ор қазды, егістік жерді тазалады, жыртқыш аңдарды аулады. Қауымның жеке мүшесіне тиісті мүлікті, мысалы, найзаны кез келгені пайдалана алды. Ру ішіндегі тіршілік пен әрекетке қатысты мәселелерді жалпы жиналыста шешті. Жалпы жиналысқа ересек адамдардың бәрі-еркектер мен әйелдер түгел қатысты. Әрқайсысы өз пікірін білдірді. Жалпы жиналыс ақсақалдарды сайлады. Оған рудың барлық мүшелері сыйлайтын ең ақылды,ер жүрек,құрметті адамдар таңдалды. Ақсақалдар даулы мәселелелрді шешті, аң аулайтын, мал жаятын жерлерді бөліп берді. Ру әрбір мүшесінің мүдделерін қорғады. Бірнеше ру бірігіп, шаруашылық мәселелелрін бірлесіп шешті. Мұндай рулық бірлесулерді басқаратын көсемдер сайланды.


1.Орта тас ғасырының ерекшелігі.

Мезолиттің хронологиялық шеңбері-б.з.б. 12-5 мыңыншы жылдықтар аралығын қамтиды. Жалпы,Қазақстан жерінде мезолит ескерткіштері аз табылған. Палеолиттің аяғы мен мезолиттің басында үлкен табиғи-климаттық өзгерістер орын алды. Жер бетін басып қалған мұз еріді, қазіргіге ұқсас өсімдіктер мен жануарлар түрі қалыптаса бастады. Мезолит заманының үлкен жаңалығы-микролиттер, яғни ұзындығы 1-2 сантиметр ұсақ жаңқа тастардан жасалатын құралдар пайда болды. Микролит деген сөздің мағынасы-ұсақ тас. Мезолит заманның тағы бір басты жаңалығы садақ пен жебенің жасалуы. Садақ аңды алыстан атуға мүмкіндік берді. Бұрыңғы найзаларға қарағанда садақ аңшылықтың рөлін арттырды. Аңшылық осы кездегі адамдардың негізгі кәсібінің біріне айналды. Себебі мезолитте мамонт, мүйізтұмсық сийяқты ірі және табын-табын болып жүретін аңдар жойылып кетті. Бұрын тобымен жүретін аңдарды ұраға жығып, қаумалап ұстау әлдеқайда жеңіл еді.Енді некен-саяқ, жеке жүретін бұғы, қабан сияқты аңдарды қуып аулау қажет болды. Оған уақыт та, күш-қайрат та көп кетті. Мезолит заманының тұрғындары бір жерде ұзақ тұрақтап мекендемеді. Үнемі жайылымын ауыстырып, өрістеп отырған аңдардың соңынан ілесіп көшіп жүрді. Мезолиттік аңшылар Ертіс, Есіл, Тобыл, Торғай, Жайық өзендерінің жағалауларын мекендеді. Қазақстан аумағындағы жиырмадан астам мезолиттік тұрақтар белгілі. Олар баспананы жеңіл қос сыйяқты ағаштан айқастырып құрып, оның үстін аң терісімен жапты. Осындай қабырғалары терең көмілген, көлемі 40-60 шаршы метр болатын баспана Есіл өзенінің аңғарында табылған.



2.Геродоттың «Тарих» пен Страбонның «География» еңбектеріндегі деректердің ұқсастығын талдаңыз.

Геродот- грек тарихшысы. Б.з.б.484-425жж. өмір сүрген. Геродоттың «Тарих» еңбегі б.з.б.Vғ. 40-30жж. жазылған.

Страбон-грек тарихшысы және географ. Б.з.б.64- б.з.24жж. өмір сүрген. Еңбегі- «География».

Ұқсастықтары:

Екі автор да ежелгі грек тарихшылары, сондықтан олардың еңбектеріндегі ұқсастық та заңды.

1.Скиф атауы туралы: Геродот сақтарды – азиялық скифтер деп атайды, Страбон- «дай, сақ, массагеттен басқаларын ортақ атпен скифтер дейді» деп жазады.

2.Екі автордың да еңбектерінде – сақ, массагет тайпалары жайлы және олардың географиялық орналасуы көрсетіледі. Геродот, массагеттерді Каспий теңізінен шығысқа қарай, Сырдарияның (Аракс) арғы жағына орналастырады. Страбон да «Скифтерді Каспий теңізінен бастап, көбіне –«дайлар» деп атайды. Олардың шығысында орналасқан тайпалар массагеттер мен сақтар» деп көрсетеді.

3.Геродот пен Страбонның еңбектерінде сақтардың парсы патшасы Кирге қарсы соғысы баяндалады. Геродот: «Басында әскерлер садақпен атысады. Садақ оғы біткеннен кейін жекпе-жекке шығып, семсер және найзамен соғысады. Нәтижесінде массагеттер жеңіп шығады. Парсы жауынгерлерінің көбі қырылып, Кир өлтіріледі» деп сипаттаса, Страбон: «Массагеттер Кирге қарсы соғыста өздерінің ержүректілігін көрсетті, оларды көпшілік мақтайды» деп жазды.

4. Екі автордың еңбектеріндегі массагеттердің өмір салты, тұрмысы, наным-сенімі жөніндегі ақпараттар өте ұқсас деуге болады.

Геродот: «Массагеттердің киімі мен өмір сүру дағдысы скифтерге ұқсас.

Олар егін екпейді, үй малдарын және өзеннен аулайтын балықтарды азық етеді. Сүт ішеді.» деп жазса, Страбон: «Жазық жерде тұрғанмен, олар егіншілікпен айналыспайды, көшпелілер. Скифтер сияқты малшылықпен және балық аулаумен күн көреді» дейді.

5.Геродот пен Страбонның еңбектерінде массагеттердің әскери өнері туралы мәліметтер де ұқсас болып келеді. Геродоттың айтуынша: «Олар ат үстінде және жаяу да соғыса береді. Соғыстың екі тәсілін жетік меңгерген. Найза, қылышпен қаруланған, садақты жақсы атады, бәрі шетінен құралайды көзінен тигізетін мерген келеді десе, Страбон: «Олар ат құлағында ойнайды және тамаша жаяу жауынгерлер; садақпен, қылышпен және қола балталармен қаруланған, сауыт киеді» деп жазады.

6. Массагеттердің сауыт-сайманы, қару-жарағы туралы деректер:

Геродот: «Олардың найзасының ұшы, жебе және қылышы мыстан жасалған, баскиімдері мен белдіктері, ер-тұрмандары алтынмен әшекейленген. Сонымен қатар, олар аттардың сауытын да мыстан жасайды. Темір мен күмісті пайдаланбайды, себебі бұл металдар олардың елінде өте аз, ал алтын мен мыс керісінше өте көп» деп жазса, Страбон: «Шайқас кезінде алтын белдік тағады, аттың ауыздығы мен ер-тұрмандарын алтыннан жасайды. Күміс олардың елінде болмайды, темір аз, бірақ мыс пен алтын көп кездеседі» дейді.

7.Массагеттердің наным-сенімі туралы ақпараттар:

Геродот: «Құдайлардың арасынан күнге табынады, оған жылқыны құрбандыққа шалады. Бұл құрбандықтың мәні: «құдайлардың жүйрігі күн болса, жануарлардың жүйрігі жылқы»- дегенге саяды» деп жазады.

Страбон: «Құдай деп олар күнді есептейді және жылқыны құрбандыққа шалады» деп көрсетеді.


1.Алғашқы адамдардың діни көзқарастарының қалыптасуы.

Ертедегі адамдар табиғаттан бөлініп шыққаннан кейін, қоршаған табиғаттан өздерінің қандай айырмашылықтары бар екенін түсінбеді. Олар өсімдік пен жануарлардың түрлерін, іздері мен кылықтарын айыра алғанымен, көптеген нәрсені түсіндіре алмады. Дауыл қайықты аударып, балықшылар мерт болғанда, найзағай баспанаға түсіп, үйлер өртенгенде, адамдар оның себебін білмей аң-таң болған. Әрине, бұл құбылыстардың бәрінің табиғи себептері болғанымен, адамдар оның себептерін білмеген. Діни түсініктердің пайда болуын біз неандертальдықтардың жерлеу ғұрпынан байқаймыз. Олар өлген адамын белгілі бір ғүрыппен жерлеген. Адамды ұйықтап жатқан сияқты бір қырынан жатқызып, бір қолын басының астына салған. Олар өлімді мәңгі ұйқыға кету деп түсінген. Содан соң жерленген адам маңайына киіктің мүйізін айналдыра қойған. Өте ерте заманғы жерлеу ғүрпында өлген адам үстіне қызыл минерал бояу сепкен. Қызыл түс қанның түсі. Ал қан жанмен байланысты екенін ертедегі адамдар білген. Мұндай сенімді анимизм дейді. Ең көне сенімге тотемизм де жатады. Адамдар өздерін белгілі бір жануардан таралдық деп есептеген. Мысалы, киік, бұғы, жолбарыс т.б. Сол аңдарды ата тегіміз деп сыйынған. Адамдар табиғаттың дүлей құбылыстарынан өздерін сақтау үшін әр түрлі тылсым әрекеттер де жасаған. Мысалы, құлшылық етіп сыйынған, құрбандық шалған, билеген, жалбарынған, қорғайды деп тұмар таққан. Осының бәрін магиялық әрекеттер дейді. Адамдардың түсінігі бойынша, жер мен судың, орман мен таудың иелері болған. Сондықтан оларға кұрбандық әкеліп тұруға тырысқан. Табиғаттан тыс күштер әлемді билеп тұрады, олар үрлесе, дауыл тұрады, қаласа, аңдар басқа жаққа ауып кетеді деп сенген. Адамдар оларды әруақтар (рухтар), ал орасан зор күш иесін қүдайлар деп атаған.Адамдардың наным-сенімі кәсіптің түріне тәуелді болды. Егіншілер егіннің, малшылар табынның өз құдайлары болады деп есептеді.


2.Адамзат баласының Жер бетінде пайда болуы жөніндегі көзқарастар. Ол туралы өзіңнің жеке көзқарасың? Қай пікірді қолдайсың?

Бүгінде адамзат баласының Жер бетінде пайда болуы жөнінде көптеген көзқарастар бар. Көзқарастарды үш топқа бөлуге болады. Біріншісі –діни, идеалистік жолмен түсіндіру. Бұл ұғым бойынша, дүниені, соның ішінде адамды, құдай жаратты деу. Екіншісі – әсіресе кейінгі кезде көп айтылып жүрген әлемдік гумоноидтар жөніндегі көзқарас. Ол бойынша, адам баласы Жер бетіне басқа ғаламшардан келген. Үшінші пікір – адамзат баласы жер бетіндегі бүкіл тірі жәндіктер сияқты, ұзақ және біртіндеп дамудың нәтижесінде пайда болып, қалыптасқан дегенге саяды.

Ч.Дарвиннің ілімі бойынша, бүкіл жанды дүниенің, өсімдіктердің пайда болуы, тарихи дамуы қарапайымнан күрделіге қарай, дамудың төменгі сатысынан жоғарыға қарай жүріп отырған. Адамзат баласының пайда болып, қалыптасуы және дамуы жөніндегі пікірлердің ішіндегі осы эволюциялық теория бүгінде көп талқыланатын көзқарас саналады. Дегенмен қазіргі заманғы ғылымның дамуы, ғалымдардың зерттеулері бұл теорияға күмән туғызып отыр. Адамдар бұл мәселелерге өзіндік жеке көзқарас тұрғысынан баға береді.


2.Адам баласының биологиялық даму эволюциясы мен әлеуметтік ұйым формалары қалыптасуын сәйкестендіріңдер. Эндогамия, экзогамия деген ұғымдарды ажыратыңдар.

Адам баласының биологиялық эволюциясы: австралопитек (б.з.б.2,6 млн жыл), питекантроп(б.з.б.1 млн жыл), синантроп (б.з.б.500-200мың жыл), неандерталь(б.з.б. 200-35мыңжыл), кроманьон (б.з.б. 40-30мың жыл). Адам баласының биологиялық эволюциясы ең соңғы деректер бойынша мынадай жолмен іске асқан. Біздің арғы тегіміз гоминидтер – адам тектес маймылдар. Солардың ең бір жақсы зерттелген өкілі –австралопитектер.

Олар тек Африкадан табылған, бұдан 6-1 млн жылдар бұрын өмір сүрген. Осы австралопитектердің кейініректегі (2,8- 2,4млн жыл бұрын) түріне хомо хабилис деген атау берілген. Бұл «қабілетті адам» дегенді білдіреді. Хомо хабилистер Африкадағы Олдувай шатқалынан табылған. Адамның осы түрімен бірге ең алғашқы кездегі тас құралдар табылған. Мөлшермен бұдан 2 млн жыл бұрын хомо хабилистен хомо ергастер (әрекетшіл адам) және хомо еректус (тік жүретін адам) дамып шықты. Бұл адамдар бұдан 500 мың жыл бұрынғы заманға дейін өмір сүрді. Соңғы кезеңде бұлар Еуропаның оңтүстігі, Азияның көпшілік аумағына қоныстанды. Көне адам эволюциясындағы бұдан кейінгі түр гейдельберг адамы. Олар б.з.д. 600-150 мың жылдықтар мөлшерінде өмір сүрген. Соңғы көзқарастар бойынша неадертальдықтардың (б.з.д.130-30мыңжылдықтар) бүгінгі адамдардың дамуына тікелей қатысы жоқ. Бұрын бүгінгі адамға ең жақыны деп есептелетін. Мөлшермен бұдан 40-30 мың жыл бұрын Еуропа жеріне келген гейдельберг адамдары бәсекелестік күрес нәтижесінде олардың тұқымын мүлде құртып жіберген.

Әлеуметтік ұйым формаларының қалыптасуы. Ежелгі адамдардың әлеуметтік ұйымы ұзақ даму жолынан өтті. Бірінші формасы – алғашқы адамдардың тобыры. Австралопитек, питекантроп, синантроп адамдары тобыр болып өмір сүрді. Тобыр- өзара қандас туыстас жандардан құралды және де эндогамиялық ұжым болды. Эндогамия дегеніміз- ұжымның ішінде некелік қатынастарға рұқсат беру ғұрпы. Адамдар тобыры ұжым ретінде бірлікте ұзақ өмір сүре алмады, жиі тарап кетіп отырды. Бір тобырдың адамдары екінші тобырға қосылып, нәтижесінде біртіндеп қандас туыстығы жоқ адамдар тобы құрылды. Адамзат баласының ішкі қатынастарында экзогамия ғұрпы пайда болды. Экзогамия дегеніміз- туыстас адамдардан құралған ұжымның өз ішінде некелік қатынастарға тыйым салу ғұрпы. Уақыт өте келе неке тұрақты сипатқа еніп, адамдар ұжымнан рулық қауым сатысына өтті. Бұл әлеуметтік ұжымның келесі бір формасы болды. Ру саналы адамға (кроманьон) сәйкес келеді.


2.Л.Г. Морганның тарихты дәуірлеуі мен археологиялық дәуірлеуді салыстырып, ұқсастығын анықтаңыз.

Тарихи дәуірлеудің алғашқы нұсқасын жасаған америкалық этнолог Льюис Генри Морган адамзат баласы тарихын –жабайылық, тағылық (варварлық), және өркениеттік (цивилизация) деп үш кезеңге бөлді. Жабайылық кезеңде адамзат қалыптасу үдерісінен өтіп, өзара қатынас құрды – сөйлеу тілі пайда болды, отты игерді, балық аулауды үйренді, садақ пен жебені пайдаланды. Тағылық кезеңде адамзат баласы құмыра жасауды, егін егу мен мал бағуды үйренді, темірді пайдалануды меңгерді. Ал, өркениет кезеңі тарихта жазу-сызу шыққаннан басталады. Л.Г.Морган адам баласы тарихын эволюциялық даму тұрғысынан қарастырып, тарих кезеңдерін материалдық өндірістегі белгілі-бір жетістіктермен байланыстырды.

Адамзат тарихының ең көне дәуірін кезеңдерге бөлуде археологиялық деректер пайдаланылады. Археологиялық дәуірлеу адамзаттың еңбек құралдарын неден жасағанына байланысты бөлінеді. Тас дәуірі (б.з.б. 3млн немесе 2,6 млн - 3мың жылдық)- палеолит (3 немесе 2,6млн -12мың жылдық), мезолит(б.з.б.12-5 мың жылдық), неолит (б.з.б.5-3 мың жылдық) болып бөлінеді, бұл дәуірде құрал-саймандар тастан жасалған. Бұдан соң адамдар еңбек құралдарын жасауда мысты пайдалана бастады. Бұл өтпелі кезеңді энеолит – мысты тас дәуірі (б.з.б.3000-1800ж.) деп атайды. Одан кейінгі кезеңде құрал-сайман қоладан жасалды. Оны қола дәуірі дейміз (б.з.б.2-1 мыңжылдық).Б.з.б. VІІІғ. адам баласы темір қорытуды үйреніп, одан құрал-сайман, қару-жарақ жасай бастады. Бұл тарихта темір дәуірі, дәлірек айтсақ, ерте темір дәуірі (б.з.б.VІІІғ.-б.з.VІ ғ.) деп аталды. Л.Г.Морганның тарихты дәуірлеуі мен археологиялық дәуірлеудің ұқсастығы кезеңдердің бір-бірінен айырмашылығы еңбек құралдарының бірте-бірте жетілдіріле түсуі мен адам баласының соған сәйкес даму деңгейінің өсіп отыруы.


2.«Андронов» мәдениеті мен «Беғазы-Дәндібай» мәдениетін салыстыра отырып,талдау жасаңыз.

Қола дәуірінде Қазақстан жерінде бірінен соң бірі жалғасып келетін екі мәдениет болған. Оның көнесі –Андронов мәдениеті (б.з.б.ХVІІІ-ХІІғғ.). Ал б.з.б. ХІІ-VІІІғғ. яғни соңғы қола дәуірінде Беғазы-Дәндібай мәдениеті қалыптасты. Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштерінің ең көп таралған және жақсы зерттелген аймағы – Орталық Қазақстан. Ә.Х.Марғұланның кезеңдеуі бойынша Орталық Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштері екі мәдениетке - Андронов және Беғазы-Дәндібай мәдениеттеріне жатады.

Андронов мәдениеті екі кезеңге бөлінеді: а) алдыңғысы –Нұра кезеңі; ә)кейінгісі –Атасу кезеңі. Нұра, Атасу өзендері атымен аталады. Андронов мәдениеті алғашқы ескерткіші Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласының маңындағы Андроново селосынан табылған, сондықтан осы селоның атымен аталады.

Беғазы-Дәндібай мәдениеті: Орталық Қазақстандағы Беғазы және Дәндібай мекеніндегі обаларға байланысты қойылған.

Андронов мәдениетіндегі жерлеу орындары: а) Нұра кезеңінің жерлеу орындары кішігірім қазандай жалпақ тастарды жерге жартылай батырып орнатқан қоршау түрінде болып келеді. Қоршау пішімі әртүрлі-дөңгелек, тік төртбұрышты, шаршы түрінде кездеседі. Қабір қабырғалары кішігірім жалпақ тастардан қаланған тас сандық сияқты, тас сандықты –циста деп атайды.

ә)Атасу кезеңінің жерлеу орындары да Нұранікіндей дөңгелек, төрт бұрышты қоршаулар болып келеді. Қабірлері, негізінен, үлкен қақпатастардан салынған, тас сандықтар-циста жоқ. Кейде жер қабір, кейде ағаш рама түрінде де кездеседі. Бұл кезеңде қос қабір(бір қоршау ішіне) немесе көп адамды бір зиратқа жерлеу кездеседі.

Беғазы-Дәндібай мәдениетінің жерлеу орындары: үйлердің, жерлеу орындарының құрылыстары өте ірілігімен, тас қашау, тас қалау өнерінің жетілгендігімен ерекшеленеді. Қабырғаларына екі қатар болып қаланған тастар бір-бірімен иленген балшық арқылы байланыстырылып, ішкі, сыртқы жақтарына тастың тегіс бетін қаратып қалаған.

Андронов мәдениетіндегі адамды жерлеу ғұрпы: а) Нұра кезеңінде көбінесе адамның сүйегін жартылай өртеп қойған, кейбір зираттарда адамды өртемей қою ғұрпы да кездеседі.ә) Атасу кезеңінде адамды сол күйінде жерлеген, өртеу ғұрпы сирек кездеседі.

Беғазы-Дәндібай мәдениетінің адамды жерлеу ғұрпы: үлкен патриархалды отбасыларға арналған, көп адам жерленген зираттардың орнына бір-ақ адам жерленген үлкен жерлеу құрылыстары кездеседі. Бұл- осы кезеңдегі ру, тайпа көсемдерінің, беделді бай адамдардың зираты.

Ыдыс жасау ерекшеліктері: Андронов мәдениетінің Нұра кезеңі қыш ыдыстарының иіні дөңгеленіп келсе, Атасу кезеңі ыдыстарының мойнынан бүйіріне ауысар тұсы тіктеу болып келеді. Нұра кезеңі ыдыстарындағы өрнек мойнынан бүйіріне дейін біртұтас, Атасу кезеңі ыдыстарында өрнек мойнында, ортан белінде, кейде түп жағына да бедерленген.

Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ыдыс жасау ерекшеліктері:ернеуі тік, бүйірі шар тәріздес болып томпайып келген, түбі тегіс. Құмыра өрнектері –тарақ жүзді, үзік сызықты үш бұрышты, ұштаған таяқшамен салынған және батырып салынған таға сияқты, моншақ, түйін өрнектер кездеседі.

2.Мезолит пен неолит шаруашылығындағы айырмашылықтары.

Қазақстан аумағындағы мезолит дәуіріндегі алғашқы тұрақты 1948 жылы археолог А.А.Формозов ашты. Кейінірек 1970-1980жж. ғалымдар В.Ф.Зайберт, В.Н.Логвин, А.Ю.Гиндиндер археологиялық зертеулер жүргізді. Бүгінгі күнге дейін мезолит дәуірінің жиырма ескерткіші табылған. Мезолит тұрақтары санының аздығы, адамдардың тұрмысы мен өмірлерінің өзгеруімен байланысты. Мезолит дәуірінде ауа-райы өзгеріп, мұздықтар еріп, күн жылынды. Баяу қозғалатын жануарлар жойылып, жылдам жүгіретін, ұсақ аңдар пайда болды, адам саны да көбейді. Палеолитте адамдар бір орында ұзақ тұрса, мезолитте олар мекен еткен жерлерін үнемі ауыстырып отырады. Адамдар бір тұрақта бір немесе екі маусым тұрақтайтын. Сонымен қатар б.з.б. 8 мыңжылдықта климаттың бірден жылуы басталды, ұзақ уақытқа тұрақтау үшін жылы үйлер салудың қажеті болмай қалды. Қазақстаннан неолит кезеңінің шамамен 600 (800) ескертіші белгілі. Олардың көбінің мәдени қабаты жоқ, бұлар адамдардың уақытша тұрақтары.Негізгі белгілері бойынша неолит ескерткіштері бір-біріне өте ұқсас және бір мәдени-тарихи топқа жатады. Дегенмен, табылған құралдардың, керамикалық ыдыстардың түрлеріне, олардың жасалу техникасының кейбір ерекшеліктеріне, шаруашылықты жүргізу сипатына қарай Қазақстанның неолиттік мәдениетін ғалымдар бірнеше аймақтық топтарға бөліп көрсетеді.Олар: Солтүстік-батыс Қазақстандағы неолиттік мәдениеттің ерекшелігі- пластикалық тас өндірісінің басым болуы және ыдысты әшекейлеуде геометриялық өрнектер көбірек болды. Арал, Шығыс және Оңтүстік-шығыс Қазақстанның ерекшелігі - әр түрлі құралдардың көп табылуы, геометриялық өрнектер кездеспейтіндігі, керамика- Оңтүстік-Орал (Ресей) және Андронов мәдениетіне ұқсас келеді.

Балқаштың солтүстігі мен Бетпақдала аймағының ерекшелігі-онда кремнийден жасаған ұсақ құралдар көп кездеседі, геометриялық формадағы құралдар өте аз, керамика мүлдем жоқ. Орталық Қазақстанның солтүстік аймақтар тобының ерекшелігі – тұрақтары мен кремний құралдар солтүстік Қазақстан аймағына ұқсас, кескіш құралдар өте аз, шаруашылықтың негізгі түрі-аңшылық. Жезқазған өңірінің ерекшелігі- 150 тұрақ, көне қорымдар мен обалар табылды.

Шығыс-Қазақстан аймақтық тобының ерекшелігі- қоныстар құралдарға өте бай, олар көбіне еңбек құралдары және құрамалы құралдар. Керамикалық бұйымдар мен қырғыштар оймышты өрнектермен көмкерілген.

Мезолит пен неолит шаруашылықтарының айырмашылығы: мезолитте- жеке аңшылық пайда болды, малды қолға үйрету мен дәнді-дақылдарды егу басталды.Неолитте- мал шаруашылығы мен егіншілік қалыптасты, сонымен қатар-тоқымашылық, киім тігу, қыш ыдыс жасау (керамика) пайда болды, тас құралдарды өңдеу жоғары деңгейге көтерілді.


2. Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ пен Батпақ ескерткішін салыстырып, қай кезеңге жататынын анықтаңдар.

Қазақстан аумағында палеолит кезеңі ескерткіштерінің екі түрі табылған.Бірінші түрі-бірнеше мәдени қабаттардан тұратын ескерткіштер. Оларды тек археологиялық қазбалар барысында зерттеуге болады. Осындай ескерткіштерге Қаратаудағы Ш.Уәлиханов есімімен аталған көп қабатты қоныс Түркістан маңындағы Қосқорған, Қарағанды облысындағы Бетпақ пен Шығыс Қазақстандағы Шульбинка жатады. Екінші түрі - ашық жер бетінде орналасқан ескерткіштер.

Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ: Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыстанды мекенінен табылған қалыңдығы 7метр, мустье кезеңіне жататын тұрақтардың ең күрделісі. Ежелгі адамдар бұл тұрақты бірнеше рет қоныстанған. Қазба жұмыстары кезінде қоныстың әр түрлі қабатынан үшкіртас және құрал жасаудан қалған тас сынықтар табылған. Әсіресе, өте жақсы өңделген қырғыштар көп кездеседі.

Батпақ тұрағы: Орталық Қазақстан жерінен табылған кейінгі палеолитке жататын ең көрнекті ескерткіштердің бірі. Оның мәдени қабаты жер бетінен 6 метрдей тереңдіктен табылған. Тұрақтың жас мөлшері – б.з.б. 30-25 мыңыншы жыл.Бұл жерден барлығы 300-дей тас құралдар шықты. Табылған құралдар сопақша келген қырғыштар болып табылады. Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ пен Батпақ тұрағы мустье және кейінгі палеолиттің ең көрнекті ескерткіштеріне жатады, бірнеше мәдени қабатты ескерткіштерге жатады, сол заман адамдарының өмірі, тұрмысы туралы көрнекі ақпарат бере алады.

1.Сақтардың тәуелсіздігі үшін күресі.

Б.з.б. 530 жылы сақ жеріне Кир бастаған парсы әскерлері басып кірді. Бұл кезде сақтардың билеушісі Томирис еді. Кир әскерлерімен Сырдарияға дейін келіп, өз елшілерін Томириске жібереді. Бірақ Томирис “әйел болса да, жаудың шапқыншылығынан қорыққан жоқ” деп жазды Рим тарихшысы Помпей Трог. Сақ патшайымы Томирис келіссөз жүргізуден бас тартады. Парсы патшасы Кир сақтардың жеріне басып кіреді. Геродоттың сипаттауынша,”Басында әскерлер садақпен атысады. Садақ оғы біткеннен кейін жекпе-жекке шығып,қылыш және найзамен соғысады. Нәтижесінде массагеттер жеңіп шығады. Парсы жауынгерлерінің көбі қырылып, Кир өлтіріледі” .Кир қайтыс болғаннан кейін 11 жыл өткен соң б.з.б. 519 жылы парсылар қайта шабуыл жасайды. Бұл жорықты Дарий патша басқарады. ”Мен әскеріммен сақ жеріне жорыққа шықтым”деген Дарийдің сөздері Бехистун жазбаларында айтылады. Сақтарды Скунха атты көсемі басқарады. Скунха соғыста жеңіліп,парсы әскері Сырдариядан өтеді. Бұл шайқаста Шырақ сияқты жауынгердің арқасында сақтар өз тәуелсіздігін сақтап қалды. Алайда ұзақ жылғы соғыста сақтардың біраз жері парсылардың қол астына қалып қойған еді. Олар алым-салық төлеп, парсылармен бірігіп соғысуға өз әскерлерін жіберіп тұрды. Мысалы,б.з.б. 490 жылы Марафон шайқасында парсы әскерінің құрамында гректерге қарсы сақ жауынгерлері соғысты. Сақтар парсы әскерлерімен қосылып, Египеттегі, Грекиядағы соғыстарға қатысты.

Б.з.б. 4 ғасырда гректер сақ жеріне қауіп төндірді. Александр Македонский (Ескендір Зұлқарнайын) бастаған грек әскерлері Орта Азияға басып кіріп, Сырдария өңіріне қарай аттанады. ”Жеңілмейтін әскер”атанып келген Александрдың қалың қолына сақ тайпалары қарсы тұрып, олардың алға жылжуына кедергі жасаған. Грек-македон басқыншыларына қарсы күресті Спитамен атты сақ басқарды. Ол македон әскеріне 3 жыл бойы қарсы партизан соғысын жүргізді. Ежелгі грек тарихшысы Арриан қолбасшы Александр Македонскийдің Сырдариядан жүзіп өтіп, сақтарға қалай шабуыл жасағаны туралы жазады. Бұл шабуылдан грек әскеріне қауіп төніп, олар қырғынға ұшырай жаздады. Күннің ыстығы, сақтардың жиі-жиі қолайсыз шабуылдары мен соғысу тактикасы гректерді әбден әлсіретті. Сөйтіп,Александр Македонскийдің Сырдарияның арғы жағынан мекендейтін сақ тайпаларын бағындыру үшін жасаған жорығы сәтсіз аяқталды. Сақтар оның Шығысқа қарай жүретін жолын бөгеп тастады.


1.Сақтардың мәдени мүралары.

Сақтардан көптеген ескерткіштер қалды. Олар Сырдария,Талас, Шу, Іле өзендерінің бойында, Алатау бөктерінде, Қырғыстан жерінде кездеседі. Сақ обаларынан табылған бұйымдар ежелгі грек ғалымдары айтқан мағлұматтарды дәлелдейді. Археологтар Қызылордадан 300 шақырым жерде Шірік-Рабат қаласына қазба жұмыстарын жүргізді. Ол қыратта орналасқан. Қаланың орталығында күзет мұнаралары бар қамал (цитадел) салынған. Қала қамалдары қалың қабырғалармен қоршалған. Археологтар цитадел орталығынан жебенің қола ұштарын, алтын қапсырмалар, саздан жасалған бұйымдар тапты. Бұл табылған заттар б.з.б. 4-2 ғасырларға жатады.

Археологтар қазба жүргізген тағы бір қала Бәбіш- Молда. Бұл қаланың да қамал қабырғалары және айналдыра қазылған орлары болған. Археологиялық дерктерге қарағанда қала тұрғындары егіншілікпен айналысқан. Қыш күйдіретін пеш, қол диірмен тастары, тары қалдықтары табылған.

Сақтарда қолөнер ісі өте жақсы дамыған. Қолөнер шеберлері қауым мүшелеріне қажетті бұйымдарды жасады. Зергерлер алтын, күмісті балқытып, қалыпқа түсірумен айналысты. Олар аттың ер-тұрманы мен тұрмыстық мүліктерді әшекейлеп, асыл тастардан көз салынған алқа, сақина-сырғалар, өңіржиектер мен әсем белдіктер жасаған. Ұсталар қару-жарақ соқты, оларды алтынмен аптаған. Сақтарда ағаш оюмен қатар ілгек, таға, түйме сияқты заттарды жасайтын сүйек өңдеу қолөнері де дамыған.


1.Беғазы-Дәндібай мәдениеті.

Бұл атау Орталық Қазақстандағы Беғазы және Дәндібай мекеніндегі обаларға байланысты қойылған. Осы мәдениетке жататын үйлердің, жерлеу орындарының құрылыстары өте ірілігімен, тас қашау өнерінің жетілгендігімен ерекшеленеді. Әдетте үйлердің қабырғалары бір-бірімен балшықпен байланыстырылып, ірі тастардан қаланған. Ішкі және сыртқы беттеріне тастың тегіс жағы қаратылған.

Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын жерлеу орындарының көпшілігі - обалар. Андрондықтардың ерекшелігі: Беғазы-Дәндібай корғандары биіктеу болып келеді және ұсақ киыршық тастар мен топырақтан тұрғызылып, етегі үлкен қакпақтастармен бекітілген.

Бұл мәдениетке жататын қыш құмыралардың ернеуі тік, бүйірі шығыңқы, түбі тегіс болып келеді. Беғазы-Дәндібай құмыралары әр түрлі өрнекпен безендірілген. Тарақ жүзді және үзік сызықты үшбүрышты өрнектер көп кездеседі.

Қола дәуірін жоспарлы зерттеу 1946 жылы басталды. Сол жылы қазақтың біртуар энциклопедист-ғалымы Әлкей Хақанұлы Марғұлан көне дәуір тарихын зерттейтін археологиялық экспедиция құрды. Ә.Х.Марғұлан және оның шәкірттерінің зерттеулері нәтижесінде Қазақстан жеріндегі қола дәуірі ескерткіштерінің сыры ашылды.

2.Қытай саяхатшысы Чжан Цянь мен Шоқан Уәлихановтың сапарын салыстыра сипаттап, мақсатын, ерекшеліктерін атаңдар.

Қытайда б.з.б. ІІІ ғасырдың соңында құлаған Цинь патшалығының орнына келген Хань әулетінің императоры У-ди жаңа жерлер басып алу мен сауда жолына ие болу үшін Батыс аймақтарды бағындыруға ұмтылды. Сол мақсатта алдымен батыс өңірдегі халықтар жөнінде материалдар жинақтады. Қазақстан тұрғындары туралы алғашқы анық мәлімет император У-ди (б.з.д. 140-87жж.) Батыс өңірге жіберген тұңғыш Қытай елшісі Чжан Цяньнан алынды. Қытай жазбаларындағы «Батыс өңір» деген жерлер қазіргі Шыңжың (Шығыс Түркістан) және Қазақстан мен Орталық Азияның біраз бөлігіне қатысты қолданылды. Чжан Цянь екі рет Батыс өңірде болып қайтты.

Чжан Цянь бастаған елшіліктің мақсаты:

Чжан Цянь бастаған елшілікке ғұндарға қарсы Жетісудағы үйсіндермен одақ жасау міндеті жүктелді. Ол елшілік барысында жергілікті халықтың шаруашылығына, әскери күштеріне, қару түрлеріне, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне дейін назар аударып, жазып алып отырды. Оның жазбаларын б.з.б. 145-86 жж. өмір сүрген тарихшы Сыма Цян жүйеге келтіріп, өзінің «Тарихи жазбалар» атты еңбегіне енгізді.

Ерекшелігі:Чжан Цян бастаған елшілік Үйсін мемлекетімен ресми түрде дипломатиялық, құдандалық қатынас орнатты.

Б.з.б.138 жылы Чжан Цянь «Батыс өңірге» алғаш келді. Ол: «Қазір үйсіндер күшті елге айналыпты. Мол сыйлық-тартулар ұсыну арқылы үйсіндерді шығыстағы атамекеніне көшіріп әкелуге, оларға ханшамызды ұзатып, күнбимен құдандалық байланыс орнатып, ғұндарға қарсы қолдануға болады», - деп жазды. Қытай императоры б.з.б.119 жылы Чжан Цяньды тағы да үйсіндерге атандырды. Нәтижесінде, елшіліктер алмасып, туысқандық некелік қарым-қатынас орнатылады. Б.з.б.107 (106-105жж.) жылы Қытай ханшасы асқан салтанатпен үйсін күнбиіне ұзатылды. Өз тарапынан үйсіндер қалыңмал ретінде 1 мың жылқы берген.

1858-1859 жылдары Шоқан Уәлиханов атақты Қашғария сапарына барып қайтты. Шоқанға дейін ол өлкеде бірде-бір зерттеушінің барып қайтуының сәті түспеген еді. Тек, орта ғасырда М.Поло, ХVІІғ. иезуит Гоес, ал Шоқанның алдында неміс ғалымы Р. Шлагинтвейттің еуропалықтар үшін мүлде жабық өлкеге сапары қайғылы аяқталып, өлім жазасына кесілген болатын.

Шоқанның Қашғар саяхатының мақсаты:

Жартылай отарлық жағдайға түскен Қытайды экономикалық жағынан өз мүддесіне пайдалануға Ресей барынша тырысты. Еуропалық отаршылдарға қарсы Қытай «жабық саясат» ұстады. Шығыс Түркістандағы Қашғария да еуропалықтарды өз еліне кіргізбеді. Шоқан бұл сапарға Ресей империясы тарапынан жіберіліп, Қашғарияны жан-жақты зерттеп қайтуы тиіс болды.

Шоқан бұл сапарға ғалым ретінде асқан зор қызығушылық танытты, ол Қашғария өлкесінің тарихы, этнографиясы, мәдениеті, географиялық жағдайы жайлы бұған дейін мүлде белгісіз аса құнды деректер жинап қайтты. Соның негізінде «Алтышардың немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхара) шығыстағы алты қаласының жағдайы туралы» деген атақты еңбегін жазды. Шоқанның бұл еңбегі көп кешікпей Германияда және Англияда неміс және ағылшын тілдерінде жарық көрді.

Еңбекті Ресейде де, одан тыс жерлерде де шығысты зерттеуші ғалымдар жоғары бағалады.

Шоқанның Қашғар сапарының ерекшелігі:

Шоқан Қашғария сапарына Әлімбай саудагердің атын жамылып, өз зерттеулерін құпия жағдайда жүргізуге мәжбүр болды. Аса қиын жағдайда өз өмірін қатерге тіге жүріп зерттеп қайтты.


Сақтардың қоныстанған аймақтарын картаға белгілеңіз.

Ғалымдар Қазақстанның ертедегі тұрғындарының қоныстанған жерлерін анықтады. Олардың бір тобы Жетісуда, Тянь-Шань тауларында,Сырдария өзенінің орта ағысында тұрды. Оларды шошақ бөріктілер – сақ-тиграхауда деп атаған. Тайпалардың екінші бір тобы Арал бойы мен Сырдарияның төменгі ағысын мекен еткен. Теңіздің арғы жағындағы сақтар - сақ-парадарайа деген. Олардың оңтүстігінде сақ-хаумаваргалар қоныстанған. Ғалымдардың пайымдауынша мұндай атау оларға хаома сусынына байланысты берілген.

Тиграхауда сақтары осы күнгі Ташкент қаласы аймағында, Солтүстік Қырғызстан, Оңтүстік Қазақстан және Жетісу жерінде өмір сүрген. Жетісу алқабы “шошақ төбелі сақтардың” жиі қоныстанған орталығы болған. Осы”шошақ төбелі сақ” деген атау ұзақ уақыт сақталған. Күні кешеге дейін қазақ халқы өздерін “шошақ төбелі қазақпыз” деп атап келген.

Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағасын мекендеген сақ тайпаларын жазба деректерде дайлар, аргиппейлер, исседондар деп атайды. Бұл тайпалар Қазақстанның Орал тауының оңтүстік өңірлерінде, Солтүстік, Орталық аймақтарында мекендеген

  1. Алғашқы адамдардың кәсібі.

Алғашқы адамдар қарапайым еңбек құралдарын пайдалануды үйренген соң, табиғатқа тәуелділігі азая бастады. Әуелде олар баспана жасауды,тамақ пісіруді білмеді. Жаңбыр мен жабайы аңдардан қашып, үңгірлерді паналады. Жер бетінде, ағаш, бұта басындағы өсіп тұрған әр түрлі жеміс-жидектерді терді.Жеуге жарамды тамырларды қазып алды.Құстардың жұмыртқаларын жинап қорек етті. Мұндай кәсіп терімшілік деп аталады. Бірлесіп тамақ табу мен жабайы жануарлардан қорғану үшін топтанып жүрді. Ертедегі адамдардың мұндай ұжымы адамдар тобыры деп аталады. Алғашқы қауымдағы адамдардың келесі кәсібі аң аулау болды, олар негізінен мамонттарды, бизондарды, маралдар мен жабайы жылқыларды,үңгір аюларын аулады. Аңдарды үркітіп, жарға қарай куатын. Үркіткен аңдар адамдардан қорқып,терең жарға құлады.

Еңбек құралдарын, тас өңдеу техникасын,бұйымдардың жетілдірілуін зерттеген археологтар тас дәуірін үш кезеңге бөледі.Палеолит-ежелгі тас ғасыры,мезолит-орта тас ғасыры және неолит-жаңа тас ғасыры. Бұл үш кезеңнің әрқайсысы өзінен бұрынғыдан неғұрлым жетілдіре жасалған еңбек құралдарымен ерекшеленеді.

3. Есік қорғанынан табылған алтын адам мен Шілікті қорғанынан табылған алтын адамның ортақ белгілері мен айырмашылықтарын анықтаңыз?

Екеуіне де ортақ белгілер:

  1. Екеуі де сақ дәуірінің лауазымды тарихи тұлғалары болған.

  2. Екеуінің де киімдері таза алтыннан жасалған және жерлегенде оған о дүниеде керек болады-ау деп, тірі кезінде пайдаланған заттарының бəрін қоса көмген.

  3. Екеуінің де басты тақырыбы- әлем бейнесі, әлем туралы түсінігі, діни наным-сенімдері мен өмірге деген көзқарасы бейнеленген.

  4. Екеуінде де «Аң стилі» мәдениеті жақсы дамыған. Яғни пайдаланған заттары мен киімдерінде жануарлардың бейнелері салынған. Атап айтқанда екеуінде де қанатты жолбарыстар, қанатты тұлпар құстар бейнеленген.

Айырмашылықтары:Есік қорғанынан табылған алтын адам б.з.д. V-ІV ғасырларда өмір сүрген сақ ханзадасы болса, Шілікті қорғанынан табылған алтын адам б.з.д. VІІІ-VІІ ғасырларда өмір сүрген сақ патшасы әрі Қазақстан жерінде табылған Алтын адамдардың ең көнесі деп есептеледі. Есіктен табылған жәдігердің үстіндегі алтын бұйымдар жұқа фольга түрінде киімге тігілген әшекей. Бұл өлген адамға арналған киім. Яғни жерлеу рәсімінде қолданылған ритуалдық киім. Ал Шілікті алтын адамының киімі тірі кезінде киген киімі. Ол ритуалдық киім емес. Оның киіміндегі алтын бұйымдар жұқа фольга түрінде емес, құйма алтыннан жасалған. Сонымен қатар Есіктен табылған алтын адамның сырт киімдері кезінде қалай көмілсе, сол күйінде бізге аман жеткен. Яғни бұл оба тоналмаған. Ал Шілікті алтын адамның обасы тоналған. Ондағы патшамен бірге қойылған ірі заттары: алтын тәжі, семсер, қанжар, асатаяғы және киімдерінің біраз бөліктері ұрланған. Есік обасын тарих ғылымдарының докторы Кемал Ақышев зерттесе, Шілікті обаларын Әбдеш Төлеубаев зерттеген.





Скачать

Рекомендуем курсы ПК и ППК для учителей

Вебинар для учителей

Свидетельство об участии БЕСПЛАТНО!