СДЕЛАЙТЕ СВОИ УРОКИ ЕЩЁ ЭФФЕКТИВНЕЕ, А ЖИЗНЬ СВОБОДНЕЕ

Благодаря готовым учебным материалам для работы в классе и дистанционно

Скидки до 50 % на комплекты
только до

Готовые ключевые этапы урока всегда будут у вас под рукой

Организационный момент

Проверка знаний

Объяснение материала

Закрепление изученного

Итоги урока

Место работы

КГП на ПХВ "Усть-Каменогорский медицинский колледж"

Обо мне

Мектеп қабырғасында оқып жүргенде орыс тілі мен  әдебиеті   жақсы көретін пәніме айналды.  Оның  үстіне осы пәннен сабақ беретін мұғаліміміз (Гарипова Р.) сабақты өте қызықты да, әсерлі өткізетін. А.Пушкин, М.Лермонтов, А.Блоктың өлеңдерін, Л.Толстой, И.Тургенев, М.Горький шығармаларын бас алмай оқитынбыз. Ұстазымның әр сабағы жадымда қатты сақталып қалғандықтан, өзім мұғалімдік қадамымды бастаған уақытта  сол кісінің тәжірибесін жиі еске алып отырдым.

          Ал, әкем болса  «Қыз балаға табылмайтын мамандық – ол ұстаздық», -  деп есептеп, отбасындағы төрт қызын  бірдей мұғалімдік  мамандық алуға баулыды. Оның үстіне анамыз 30 жыл  ұстаздық қызметін абыроймен атқарып, мектеп табалдырығын алғаш ашқан шәкірттерді біліммен сусындатып, саналы тәрбие берді. Бүгінгі уақытқа дейін шәкірттері хабарласып, кездесулерге алғашқы мұғаліміміз деп  шақырып, қатты   құрметтеп жатады. Мүмкін,  ұстаздық мамандықтың ерекшелігі де осында шығар.

         Сонымен,  «орыс тілі мен әдебиетінің оқытушысы» деген дипломмен  туған ауданыма   оралып,  ұстаздық жолымды бастадым. Ұстаз болғаныма еш өкінбеймін, оны үнемі мақтан тұтып келемін.

     Еңбек жолымды  Ақмектеп ауылында  «Ленин жолы» мектебінде  бастап, кейіннен аудан орталығы, Ақжар ауылындағы Абай атындағы орта  мектебінде жалғастырдым. Жасыратыны жоқ алғашында талай қиыншылықтарды бастан кештім, оның үстіне жоғары 9–11 сыныптарында сабақ бердім.  Сыныптарда тәртібі қиын оқушылар да болды. Олар менің жастығымды пайдаланып сабақ үстінде түрлі қиыншылықтар туғыза бастады.   Үйге келіп талай  кейіген, жылаған да кездерім болған. «Әттең,  осы мамандықты неге ғана таңдадым,   кабинетте отырып істейтін  басқа мамандықты неге таңдамадым,  мектептен кетіп қалайын!», -  деп те оқталғанмын. Алайда, ертеңгісінде оқушыларымның жаудыраған жанарларын көргенде, білімге деген ынталарын сезгенде, менде жаңа күш пайда болатын.  Алдыңғы қиыншылықтарды ұмытып, қайта құлшына жұмысқа кірісетінмін.  Әр сабағымда  оқушылардың қызығушылығын, танымдық  деңгейлерін арттыруды ойластырып, түннің бір уағына дейін отыратын кездерім де жиі болған. Қосымша әдебиеттерді оқу, үнемі  іздену  қажеттілігі туындады, бірақ еш ерінбедім.  Кейіннен,  тіпті «тентек» оқушыларым да  сабағыма ынта қоя бастады,  менің  әр нәрсеге жауапкершілігімді, талап қоя білетінімді  сезініп,   сөзімді екі етпей сыйлайтын болды.  Бұл, әрине, көп еңбектің арқасы екенін жақсы түсіндім.

      Бірде, Абай атындағы мектепті аттестациядан өткізу мақсатында он шақты адамнан тұратын облыстық комиссия  бір жұма бойы тексеру жұмыстарын  жүргізді. Сабақтарға қатысып, барлық оқу-әдістемелік құжаттарды, жоспарларды тексере бастады.  Менің де бірнеше сабағыма қатысты. Жоғары сынып оқушыларымен  М.Горькийдің  «Мать» атты шығармасынан  үзіндіні сахналадық. Балалар  менің өте толқып, қобалжып жүргенімді шынайы сезініп өз рөлдерін жақсы ойнап шықты. Комиссия мүшесі, бүкіл облысқа танымал тәжірибелі әдіскер-ұстаз Римма Маратовна Войцик осы іс-шара аяқталған соң  менің қасыма келіп  өзінің жылы лебізін білдіріп:  «Поставить на сцене,  здесь в глубинке  произведение  М. Горького    такому молодому педагогу,    с учениками,  для которых русский язык не является родным – это большой труд. Вы будете хорошим учителем. Молодец!» - деп қолымды алды. Римма Маратовнаның осы сөздері маған,  үш жыл  ғана өтілі бар мұғалімге берген «ақ батасы» іспетті болды десем артық емес сияқты. Аттестация қорытындысы бойынша мені Құрмет Грамотасына ұсынды. Бұл менің  ұстаздық жолымдағы алғашқы жеңісім еді.

    Әскери адамның жұбайы болғандықтан  облыс көлемінде бірнеше рет көшіп-қонуға тура келді. Қоныс аударған сайын,  әрдайым жұмысты қайта бастау қажет болды. Аз мерзім ішінде қолыңнан жұмыс келетін, өз ісіңді жақсы меңгерген білікті маман екеніңді қөрсету қажеттілігі үнемі туындап отырады. Осындай жағдайда, қандай да болсын ұсынылған жұмысты шығармашылықпен, белгіленген уақытта, аса жауапкершілікпен орындауға     дағдылана білдім.    

    Келесі бес жыл жұмысым облыс орталығы Өскемен қаласындағы Ленин атындағы қазақ мектеп-интернатымен тығыз байланысты болды.  Сол тұста қалада бар жоғы екі ғана қазақ мектебі бар еді. Осы интернатта шалғайдағы жұмысшы-малшылар қауымының балалары оқып білім алды. Мұғалімдерге қойылатын талап өте жоғары деңгейде жүргізілді. Мектеп директоры Г.С.Садыков көпті көрген, тәжірибесі мол адам екен. Ұжымда  аса тәжірибелі, майталман ұстаздармен (Н.Сандыбаева, К.Нугуманова, А.Кушерова, Г.Сагидолдина, Н.Жакупова, С Адамбекова, Ф.Шарипжанова, Л.Манапова) қоян-қолтық жұмыс істеп, көп нәрсені  көрдім, үйрендім, озық тәжірибе жинақтадым. Менің білікті маман ретінде қалыптасуыма айтулы қара шаңырақта істеген тәжірибелі ұстаздарымның ықпалы зор болды, сондықтан оларға  алғысым шексіз.

    Осы аралықта Кеңестер Одағы көлемінен жиналған ұстаздар құрамында Белоруссия Республикасының астанасы Минск қаласында екі рет ұзақ мерзімді стажировкада болып кәсіптік білімімді көтеріп қайттым. Бұл  курстардан алған сабағым маған көп азық болды. Минскіде әр республикадан  жиналған ұстаздар қауымы өз білімдерін  көтеріп қана қоймай, Европа елдерінің мәдени, рухани байлықтарын бойына сіңіруге үлкен мүмкіндік алды. Опера, балет қойылымдарын, драмалық театрдағы спектакльдерді тамашаладық. Түрлі музейлер мен тарихи орындарды аралап, көптеген танымдық мағлұматтар алдық.

    1987 жылы Күршім ауданына жұмыс бабымен қоныс аударып,  аудан орталығындағы №3 мектебіне жұмысқа тұрдым.  Осы ұжымда істеген  жылдары  «Жыл мұғалімі» сайысына, облыстық педагогикалық оқулар,  аудандық білім бөлімінің жетекшілерімен бірге алыс ауылдарды аралап,   шалғайдағы мектептерде, танымайтын сыныптарда сабақ та бердік. Сол кезеңдерде осындай тәжірибе алмасу дәстүрі қалыптасқан болатын. Шығармашылық жұмыс бізді жаңаша жұмыс істеуге, белсенді әдіс-тәсілдерді шыңдауға көмектесті. Мектеп директоры  С. Ботаханов ағамыз менің  жұмысыма үнемі оң баға беріп отырды. Бесжылдық  жұмыс  нәтижесі бойынша, мектеп   ұжымы мені ҚР Білім Беру Министрінің «Құрмет Грамотасына» ұсынды.

      Келесі мекен  жайымыз көне Зайсан  қаласы болды. Бұл кез (1992 жыл) «қайта құру» мен «жарияшылықтың» белең алған кезеңі еді, басқа алыс-жақын елдермен  тығыз байланыс  басталған уақыт. Зайсандағы  Ю.А.Гагарин атындағы  қазақ-американ мектебінде  ұстаздық жұмысымды жалғастырдым. Мектеп ұжымын мықты ұйымдастырушы, адами қасиеті аса жоғары А.С.Закиев деген ағамыз басқаруда екен. Мектеп ұжымы өте тату, белсенді, ұйымшыл болды. Бүгінде, осы ұжымдағы әріптестерімді сағына еске алып отырамын. Жаңа ұжымға   қолымнан іс келетін, жүйеленген  іс-тәжірибем  мол ұстаз екенімді  көрсете білу қажет болды. Сондықтан, оқушылармен жаңа  сабақ түрлерін,  дәстүрлі емес жұмыс формаларын қолға алдым. Оқушылардың  шығармашылық жұмысы арқылы өз беттерімен жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыру жолында түрлі ашық сабақтар өткізіп,  сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырдық. Брей-ринг,  аукцион, бинарлық сабақ, конференция, экскурсия сабақ түрлерін қолға алып әріптестеріммен тәжірибе бөлістім.  Республикалық әдістемелік журналдарда  бірнеше мақалаларым басылып шыға бастады.      1998 жылы  «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі»  белгісімен марапатталдым. 

2000 жылдары қоғамымыздағы  болып жатқан елеулі өзгерістер білім беру саласына өз ықпалын тигізбей қоймады.  Жаңа типтегі  білім беретін мектептер құру қажеттілігі  туындады.  Жаңа типтегі білім беру жүйесі қандай болу керек  деген сұрақтар барлық  ұстаздарды толғандырды.  Өзім жұмыс істеп жүрген Өскемен қаласының № 3 мектебі  көпсалалы мектеп-гимназиясы болып жаңа типтегі мектепке  бетбұрыс жасады.  Мектеп директоры Е.Т.Акитбаев өз ұжымын осы бағытта жұмыс жасауға жұмылдыра білді. Жаңа типті  мектеп алдында тұрған негізгі міндет – оқушылардың ойлау қабілеттерін дамыту, негізгі ойлау әрекеттерін қалыптастыру арқылы білімді саналы және сапалы меңгеруге үйрету болып табылды.  Аталған  міндетті орындау үшін әр ұстаз көп ізденіп, шығармашылық пен  айналысып, жаңаша жұмыс атқару қажеттілігін түсіне білді. Осы кезеңде гимназия сыныптарына арнап көптеген оқу – әдістемелік құралдарды әзірлей бастадық. «Русский язык для школ с государственным языком обучения»  (5-6 класс),    «Задания для олимпиады  по русскому языку» (9-11 классы), «Внедрение регионального компонента  в содержание литературного образования  в школах с государственным языком обучения» т.б. әдістемелік-оқу құралдарым  дайындалып  баспадан шығып, облыс және қала мектеп оқытушыларына әдістемелік көмек ретінде ұсынылды. Қазіргі кезде 8  оқу-әдістемелік  құралдарым  баспадан  жарық көрді.

Осы кезеңде Өскемен қаласы қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәні оқытушыларының  әдістемелік бірлестігі құрылды. Құрамында 45-тен  аса ұстаздар топтастырылып, басшылығы маған жүктелді. Бес  жыл ішінде талай қызықты іс-шаралар өткіздік, озық тәжірибемен бөлістік, пәндік олимпиадалар  мен семинарлар, ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргіздік. Проблемалық тақырыбымызды бекітіп («Использование регионального компонета в содержание литературного образования»), соның шеңберінде қала деңгейінде  көптеген ауқымды жұмыстар жасадық. Аталған проблемалық тақырыпты қала көлемінде  жүзеге асыруға Өскемен қаласының №44 мектебінің   директоры, талантты ұйымдастырушы Таңатқан Қалибекұлы Туменбаевтің еңбегі айтарлықтай зор болды. Ол кісінің көрсеткен  қолдауы мен берген кеңестерінің  негізінде Оралхан Бөкей шығармалары қала мектептері оқу үрдісіне енгізілді. Жерлес жазушының шығармаларын мектеп оқушылары, студент жастар мен кітап сүйер қала жұртшылығы қызыға оқуға кірісті. Ұстаздар қауымы  аймақтық компонентті оқытуға арналған  көптеген оқу-әдістемелік құралдар шығара бастады. Бұл жұмыс бүгінде  жалғасын табуда.

Бірнеше жыл бойы облыстық оқытушылар білімін арттыру институтының лекторы ретінде Шығыс Қазақстан мектептерінде жас мамандарға дәріс оқып келемін. Аталған жұмысым да ескерілмей қалмады. Шығыс Қазақстан облысы білім беру басқармасы көп жылғы шығармашылық еңбегімді бағалап  «Алғыс»  жариялады.

Соңғы он үш  жыл С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті көпсалалы колледжісінде оқу-әдістемелік жұмысына жетекшілік етемін. Бүгінгі күні  колледж ұжымы еліміздегі болып жатқан қоғамдық үрдістерге белсене араласып, озық тәжірибелер мен инновациялық технологияларды пайдаланып, болашақ мамандарға заман талабына сай білім беруді мақсат тұтады. Мен сол мақсаттың биігінен көрінуге ұмытылып, білім ордасының беделін арттыруға адал қызмет етіп келемін.  Жинақталған іс-тәжірибемді жас ұстаздарға үйретуден жалыққан емеспін. Ұжым директоры, тарих ғылымының кандидаты, білікті басшы Фархад Сақанұлы Құрмановтың басшылығымен колледж бірнеше  рет республикалық  экперименталдық алаңына айналып,  ғылыми - эксперименталдық  жұмыстар жүргізді. Осы эксперимент нәтижесінің қорытындысы бойынша  Өскемен, Алматы, Қарағанды  қалаларында өткізілген республикалық семинарларда баяндамаларым тыңдалып,  жинаған іс-тәжірибем  ортаға салдынды. Қазіргі кезде 18 ғылыми мақалаларым  түрлі баспа беттерінде жарық көрді.

      «Үйретуден жалықпаған ұстаз ғана – нағыз ұстаз!» деген даналық сөздер еріксіз ойға келеді. Педагогикалық өтілім 36 жыл болса да, үнемі білімімді жетілдіріп, шеберлікті арттырып отыру керек екендігін әсте естен шығармаймын. Ұстаздық деңгейіңді ерінбей шыңдау, үнемі іздену, оқушыларыңды жақсы көру, олардың ішкі нәзік дүниелерін етене түсініп,  ерекше сезінбей, мықты ұстаз болып қалыптасу  мүмкін емес деп ойлаймын, оған көзім әбден жетті.

Рейтинг

Баллов: рейтинг87 Место: место198889 (Подробнее)

Вебинар для учителей

Свидетельство об участии БЕСПЛАТНО!