6-сынып
Мәтінмен жұмыс
Білу, еске түсіру, ақпараттарды түсіну арқылы дұрыс жеткізу, болжау немесе түсіндіре білу бойынша тапсырмалар
А деңгейі 15 тапсырмадан тұрады. Әр тапсырмада 4 жауап нұсқасы бар. Әр жауап нұсқасы1балмен бағаланады. Тапсырмадағы дұрысжауап нұсқасын белгілеңіз.
Тест
1. Ана тілінің күші мен құдіретіне, сөз өнеріне арналған мақалды табыңыз.
А) Ғылыммен жақын болсаң, қолың жетер
В) Білімдіге дүние жарық
С) Өнер алды- қызыл тіл.
D) Өнер көкке жеткізер [
2. Әдеби тіл дегеніміз не?
А) ауызша тіл
В) жазбаша тіл
С) қарым- қатынас тілі
D) бәріне түсінікті тіл [1балл]
3. Лексикалық норма дегеніміз не?
А) дыбыстардың дұрыс қолданылуы
В) грамматикалық тұлғалардың орынды жұмсалуы
С) сөзді мағыналарына сәйкес қолдану
D) бір тілде сөйлейтін адамдардың бәріне ортақ, түсінікті тіл [1балл]
4. Грамматикалық норма дегеніміз нені білдіреді?
А) сөздердің қолданылуындағы бірізділік, үндестік
В) грамматикалық тұлғалардың орынды жұмсалуы
С) дыбыстардың дұрыс қолданылуы
D) сөздердің дұрыс жазылу нормалары [1балл]
5. Фонетикалық норманың анықтамасын табыңыз.
А) сөздердің дұрыс жазылу нормалары
В) дыбыстардың дұрыс қолданылуы
С) сөздердің қолданылуындағы бірізділік, үндестік
D) грамматикалық тұлғалардың орынды жұмсалуы [1балл]
6. Орфоэпиялық норма терминінің баламасын анықта.
А) сөздердің қолданылуындағы бірізділік, үндестік
В) сөздердің дұрыс жазылу нормалары
С) дыбыстардың дұрыс қолданылуы
D)грамматикалық тұлғалардың орынды жұмсалуы [1балл]
7. Орфографиялық норма нені білдіреді?
А) дыбыстардың дұрыс қолданылуы
В) сөздердің қолданылуындағы бірізділік, үндестік
С) грамматикалық тұлғалардың орынды жұмсалуы
D) сөздердің дұрыс жазылу нормалары [1балл]
8. Ойды жазбаша не ауызша жеткізу ... деп аталады.
А) мәтін
В) оқиға
С) белгі
D) хабар [1балл]
9. Мәтіннің түрлері
А)пайымдау, хабарлау, сипаттау
В) пайымдау, әңгімелеу, бейнелеу
С) пайымдау, әңгімелеу, сипаттау
D) пайымдау, әңгімелеу,хабарлау [1балл]
10. Көп нүктенің орнына нұсқадағы тиісті тіркесті қойыңыз.
Зат немесе құбылысты суреттеп, сипаттайтын мәтін түрі ... деп аталады.
А) әңгімелеу мәтіні
В) пайымдау мәтіні
С)сипаттау мәтіні
D) барлығы қате жауап [1балл]
11. Пайымдау мәтініне тән ерекшелікті белгілеңіз.
А) бірінші сөйлемде негізгі ой айтылады.
В) қалған сөйлемдерде сол ой дәлелденеді.
С) «неліктен?» деген сұраққа жауап береді.
D) барлығы дұрыс жауап [1балл]
12. Әңгімелеу мәтінінің ерекшелігі
А) тірек сөздері етістіктерден болады.
В) сөйлемдер тізбектеле байланысады.
С) мәтін соңына қарай негізгі ой айтылады.
D) барлық жауап дұрыс [1балл]
13. Мәтіннің тақырыбы нені білдіреді
А) онда не туралы айтылатындығын білдіреді.
В) онда не туралы айтылатындығын білдірмейді.
С) онда не туралы айтылатындығын білдіре бермейді.
D)онда не туралы айтылатындығын білдіруі де, білдірмеуі де мүмкін [1балл]
14. Мәтіндегі негізгі ойда анықталады:
А) қандай нәрсеге баса назар аударылады
В) неге көз жеткізу мақсат етіледі
С) неге үйретеді
D) аталғандардың бәрі дұрыс [1балл]
15. Мақалдың жалғасын тап
Оқу -білім бұлағы, ....
А) еңбек-ырыстың бұлағы
В) еңбек-бақыттың шырағы
С) білім-өмір шырағы
D) жер-ырыстың кіндігі [1балл]
В деңгейі
Нақты жағдайда және жаңа жағдаятта білімін қолдана білуін есепке алуға арналған
тапсырмалар
В деңгейі 20 тапсырмадан тұрады. Мәтін тақырыбы бойынша меңгерген
теориялық біліміңізді қолданып, тапсырмаларды орындаңыз. Әр тапсырмада 4 жауап
нұсқасы бар. Әр жауап нұсқасы 1 балмен бағаланады. Тапсырмадағы дұрыс жауап
нұсқасын белгілеңіз.
1-мәтін
Бәрі де балмұздақ туралы
Балмұздақ- тәтті тамақ және дені сау адамдардың көбі үшін өте жұғымды тамақ. Кейде ол диеталық тамақ орнына да жүреді. Бірсыпыра ғалымдар асқазан органдарының қан тамырларын тарылтып, осының нәтижесінде тері түтіктерін кеңейтеді, - деп есептейді. Алайда балмұздақта май да, барынша сіңімді қанттектер де көп. Балмұздақтың ең калориялы сорттарының бірі «пломбир» Францияның Пломбир қаласының атымен аталған. 18 ғасырдың аяғында осында балмұздақтың нақ осы сортын жасау алғаш игерілген екен.
Францияда елдің әрбір тұрғынына шаққанда орта есеппен жылына, шамамен, 3 килограмм, Италияда 15 килограмм балмұздақ желінеді екен. Бұл жағынан алғанда нағыз чемпиондар Америка Құрама Штаттарының тұрғындары, өйткені оларда ілгеріде айтылған көрсеткіш 30 килограмнан асады. Француз профессоры Анри Жуайо қазір семіздіктің зардабын тартып жүрген адамдар қай замандағыдан болсын көп деп санайды. Бұл тұрғыда балмұздақтың да айтарлықтай «рөл атқаратыны» атап айтылады.
1. Автор неге назар аударғысы келді? Балмұздақтың ...
А) құрамына
В) қасиетіне
С) салмағына
Д) пайдасына [1балл]
2. Балмұздақтың құнарлы сорты үшін кімге рахмет айтқан дұрыс?
А) чемпиондарға
В) италияндықтарға
С) америкалықтарға
Д) франциялықтарға [1балл]
2-мәтін
Ақы
Жаңа жайлауға қоныстанған бір бай екі кедей жігітке құдық қаздырады. Құдық қазылып біткен соң, жігіттер байдан ақысын сұрайды. Бай олардың біреуіне – саулық, екіншісіне қозы береді. Екінші жігіт оған наразы болады. Төлеге келіп шағымданады. Төле байға құдық қазған екі жігіттің еңбегі бірдей екенін айтады. Бірақ құдық иесі өз дегенінен қайтпайды.
- Адамның екі көзінің, екі қолының қайсысы кем?- дейді би байға.
- Ешқайсысының кемдігі жоқ. Екеуі бірдей. Сөзіңізге жығылдым, биеке! Өкпелі жігітке қой берейін,- депті амалы құрыған бай.
1. Мәтіннің негізгі ойын білдіретін мақал-мәтелді анықта
А) Кісі бергені кісіге ырыс болмас.
В) Берместің сылтауы көп.
С)Әділдікке жығылмайтын адам жоқ. D) Аш бала тоқ баламен ойнамайды. [1балл]
2. Мәтін қандай үлгіде жазылған
A) өсиетнама
B) әңгіме
C) аңыз
D) шешендік сөз [1балл]
3-мәтін
Қарлығаштар
Нағашы атамның үйі біздің үйден аса қашық емес еді. Сабақтан бос уақытта мен көбіне соларға баратынмын. Бір күні сол үйдің жаздық ас бөлмесіне екі қарлығаш бірдей ұшып кірді де, кідірместен тез шығып кетті.
- Бұлардың қасиеті неде екен?- деп таңданды дастарқан төрінде отырған нағашы атам.
- Нені айтасыз?- деп мен елең ете қалдым.
- Мына қарлығаштардың сезімталдығын айтам?
- Олар нені сезді?
- Осыдан жиырма жыл бұрын,- деп бастады атам әңгімесін, - мына бөлменің анау бұрышына қарлығаштар ұя салған еді. Біз тамақ ішкенде олар шықылықтаса, кәдімгідей тамашалап отыратынбыз. Күз келе кететін. Көктемде қайта келетін. Сөйтіп, жүрген достарымның ұясын бір күні Сәтбек бүлдірген еді. Содан бері бұл бөлмені қанша тазалап, қанша әктесек те, қарлығаш біткеннің бәрі шетінен ұшып кіреді де, кідірмей шыға жөнеледі. Шамасы, сол оқиғаны қанша жасырып бүркемелегенмен, бұлар кірген сәтте- ақ біліп қоятын болулары керек.
Мен қарлығаштың мұндай қасиетіне қатты таңданып қалдым.
1. Мәтіннің жанрын анықтаңыз.
А) Эссе
В) Аңыз
С) Әңгіме
D) Ертегі [1балл]
2. Мәтіндегі негізгі ойды табыңыз.
А) Қарлығаштың қасиеті
В) Жаңа қонысқа көшу
С) Қарлығаштың ұясын бұзу
D) Нағашы атамның сезімталдығы [1балл]
4-мәтін
Көне Отырар
Көне Отырар – екі мың жыл өмір сүрген, Арыс өзенінің оң жақ жиегіндегі екі жүз гектар территорияда орын алған қала. Көне Отырар арқылы көшпенді қазақтар саудамен шұғылданып,отырықшылықпен танысып,басқа халықтармен қатынаса бастады. Отырар тұрғындары күріш, тары, бидай, мақта, жүзім өсірумен шұғылданды. Отырар қаласы тоғысқан сауда жолдарының ортасында тұрған,сондықтан өзіне басқалардың назары көп түскен. Мықты қорғанысы бар Отырарды монғол басқыншыларына бермей, қаланы алты ай қорғаған кезде, қолды басқарған батыр хан – Қайырхан еді. Отырарлықтарды алты ай мерзімнен кейін басып алған жау қаланы түгел өртеп жіберді. Жауға қарсы тұрған,қаланы басқарған Қайырхан өлім жазасына кесілді. Күйзеліске ұшыраған қала 50 жылдан кейін ғана қайта өмірге келді. (Елтану» кітабынан) 1. Автор айтқысы келген астарлы ойы
А) Көне Отырардың тарихын біл
В) Отырардыңқайта қалпына келуі туралы
С) Қайырхандай батыл болу керек
Д) елдің отырықшылыққа көшуі [1балл]
2. «Қолды басқарған» сөзін қай сөзбен алмастыруға болады? .
А) басқыншыларға қарсы шыққан
В) соғыс жүргізген
С) әскер басқарған
D) қаланы басқарған [1балл]
5-мәтін
Ағам
Менен екі жас үлкендігі бар ағам нағашыларымның айтуына қарағанда үлкен кісілердің әңгімесін айтады екен. Туғанынан мүгедек болып қалған ағам, тапжылмай отырып сурет салатын. Мен оның салған суреттеріне сүйсінуші едім Бірде ол маған дәптердің бетіне салынған гүлдің суретін сыйлады. Шетіне «Бауырыма ағасы Даныштан» деп жазып қойыпты. Оны мен кейін хат таныған кезде ғана оқыдым. Мектеп түгілі, балабақшаның табалдырығын аттамаған ағам сол кезде өздігімен әліппені танып, оқуды үйреніп алған. Әлгі суреттегі гүл тірі сияқты еді. Әлі есімде, жататын кереуетімнің басына іліп қоятынмын. Таңертең тұрған кезде ағама: «Дәкай, қарашы сен салған гүл жел соққандай билеп тұр»- деп таңқалатынмын. Ол соған мәз болушы еді ...
1. Мәтіндегі тірек сөздер қатарын белгілеңіз.
А) нағашым, сурет салу, жазу, хат тану
В) тірі гүл, таңдану, сағыныш
С) ағам,сыйлық, сурет, мәз болу
D) өздігімен үйрену, билеу,риза болу [1 балл]
2. Автордың ағасына деген қырым- қатынасы қандай деп ойлайсыз?
А) балалық шағын еске түсіреді
В) түсініспеушілік күйде болады
С) ағасы ол үшін қымбат
D) ағасын сағынышпен еске алу [1 балл]
6-мәтін
Бәйтерек
1. Астана қаласының символы – «Астана – Бәйтерек». 2. Ол ашылып келе жатқан қызғалдақ сияқты. 3. Осы бәйтеректің шығу тарихы ежелгі аңызға негізделеген. 4. Көк теңіздің жағалауында өмір ағашы – алып бәйтерек өседі екен. 5. Жыл сайын бәйтеректің бұтағындағы ұясына келіп, киелі Самұрық құс күн бейнелі алтын жұмыртқа салады екен.6. Бірақ жыл сайын айдаһар сол жұмыртқаны жеп қояды екен. … 7. Аңыз бойынша Ер Төстік жыланды өлтіріп, Самұрық құстың алтын жұмыртқасын аман алып қалады екен.8. Оған риза болған құс оның жер асты патшалығынан шығуына көмектеседі. 9. Киелі ағаш туралы аңыз – бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге ұмтылған Қазақстан мақсатының көрінісі. («Елтану» оқу құралынан)
1. Мәтін мазмұны ...
А) қызғалдақ туралы
В) Киелі өмір ағашы туралы
С) Самұрық құс туралы
Д) алтын жұмыртқа туралы [1балл]
2. Қай сөйлемдерде еліміздің мақсаты, ұмтылысы туралы айтылады?
А) 2,3
В) 4,5
С) 6,7
Д) 8,9 [1балл]
7-мәтін
Құлын, қозы, лақ
Жаз кезі еді. Өрісте лақ, құлын, қозы кездесе кетті. Іші пысқан олар бірігіп ойнамақ болды. Әуелі қандай ойын қызық екенін айта бастайды. Сөзді лақ бастады.
- Ойынның қызығы – тауға шығу, тастан – тасқа секіру. Әрі қан тарайды, әрі етті боласың.
Қошақан ақ лақтың сөзін жаратпай, өз ойын айтты:- Секіріп, атылып ойнау – ойын емес. Дүниедегі ойынның ең қызығы – қошқарлар сияқты сарт-сұрт сүзісу. Соның арқасында күшің толады. Әрі бұлшық етің қатаяды.
- Сендердің ойындарың көңілге қонбайды. Ойнаған соң шапқылап, жарысайық. Тұра қалып тебісейік, – деді құлын екеуінің ойындарын жақтырмай. Үшеуі қызыл кеңірдек болып
ұзақ керісті. Ақыры ешнәрсеге келісе алмай, әрқайсысы өз жөніне кетті. 1. Автордың айтқысы келген астарлы ойы
А) Достықтың қадірін біл
В) Ойын ойнаған азар
С) Әрқашан әдепті болуға әдеттен
Д) Әркім құрметке лайық [1балл]
2. Асты сызылған сөз тіркесін қандай сөздермен алмастыруға болады?
А) өштесті, жауласты, аңдысты
В) жанжалдасты, араздасу, ұрсысу
С) жауласты, өшікті,маза бермеді
D) төбелесті, жауласты, аңдысты [1балл]
8-мәтін
Жанашырлық
Бір күні базар қақпасына кіре берістен Әбунасырдың төбесін көзі шалғанда- ақ, елпілдей жүгіріп, бір жігіт қасына жетіп барады.
- Ассалаумағалайкүм, ұстаз!
- Уағалайкүмассалам, аманбысың, жігітім? Әрекетің өнімді ме? Маған бірдеңе айтайын деп пе ең?
- Базардан алған заттарыңызды үйіңізге жеткізіп берейін...
- Ә, онда, соңымнан ер ...
Әбунасыр базардан керек- жарағын алды да, көп айналмай үйіне қайтты. Жігіт ұстаздың заттарын арқалап жүрді. Аулаға кірген соң, Әбунасыр ақысын төледі. Сонда жігіт:
- Ұстаз, ренжімесеңіз маған жанашырлықтың не екенін түсіндіріп бермес пе екенсіз?...- деп өтінеді. Ғұлама тұңғиық ойға шома тұрып, жігітке қадала қарады.
- Жарайды, ұғындырайын, есіңде жүрсін,- деді ғұлама жігіттің талабын қостағандай күлімдеп.- Жанашырлық ағыл- тегіл су емес. Ол- адамның адамға бөлінген мейір- шапағаты арқылы пайда болатын ізгілік. Әр адам өзі көздеген мақсатқа жетуге ұмтылады. Сонда қиындыққа тап болса, бір мейірімді кісі көмектесіп, жебеп жібереді. Ақ ниеттен туған сол жақсылық- жанашырлық деп аталады. Жігіт оған бас иіп, алғыс айтты.
1. Мәтіннің сізге айтар ғибратын табыңыз
А) Адам тіршілігінде байлық жинау керек.
В) Адам өмірде жақсылық жасау керек.
С) Адам тіршілігінде білім жинау керек.
Д) Адам қиындықты жеңе білу керек. [1балл]
2. Мәтіндегі асты сызылған сөзге сәйкес сөзді табыңыз.
А) ниетін
В) әрекетін
С) өтінішін
Д) ойын [1балл]
9- мәтін
Домбыра - кең таралған ұлттық музыкалық аспап
Домбыра - қазақ халқының өте ерте және кең тараған, нағыз табиғи ұлттық музыкалық аспабы. Көне Шумер тілінен аударғанда «кішкене садақ» деген мағына береді. Алматы облысы, Жамбыл ауданы аумағынан шамамен 2,5 ғасыр бұрын табылған таста қашалған суреті мен 16 ғасыр бұрын Мысыр еліндегі Нахт қабіріне салынған пішінінен еш өзгермеген. Қос ішекті шертіп ойнайтын музыкалық аспап ішекті, шертпелі аспаптар тобына жатады.
Аспап әр түрлі үлгіде тұтас ағаштан ойылып жасалады. Тоғыз, он бір, он төрт, жиырма төрт пернесі болады. Күй арнайы құлақтарымен келтіріледі. Аспап үні қоңыр, құлаққа жағымды әрі жұмсақ болып келеді.
Домбыра - сан ғасырлардан бері сырын сақтаған, қазақ даласында кеңінен танымал аспап. Дегенмен домбыра әр аймақта әр түрлі болып келеді. Солтүстік, орталық, оңтүстік аймақтарда домбыра көлемі шағын, жеті-тоғыз пернелі болса, Батыс Қазақстан аумағында кездесетін домбыра шанағы жұмыр, мойны ұзын, он екі, он төрт пернелі болып келеді.
Домбыра аспабында халық күйлерін ғана емес, батыс және шығыс классикалық шығармаларын, танымал туындыларын орындауға болады.
1.Мәтіннің құрылымына сай нұсқаны белгілеңіз.
А) домбыра 16 ғасыр бұрын табылған,ұлттық аспап, «кішкене садақ»
В) домбыраның табылған жері, мағынасы, құлағын күйге келтіру
С) домбыра- ұлттық музыкалық аспап, құрылысы, түрлері, ерекшелігі
D) домбыраның тарихы, неше пернелілігі, шертпелі аспап [1балл]
2. «Сырын сақтаған» сөзінің мағынасы
А) құдіретті де қасиетті дыбыс шығаратын аспап
В) ата- бабамыздың жан сырын сақтаған аспап
С) бітімі бөлек, дауысы, тұлғасы ерекше аспап
D) сән-салтанатты, асыл бұйым, рухани жан серігі [1балл]
10-мәтін
Жол талғамайтын электрлі велосипед құрастырылды
І. Стандартты технологиямен жасалған велосипедті құмда, қалың жауған қарда немесе шөп үстінде жүргізу оңай емес. Америкалық Xterrain компаниясы осы мәселелерді ескеріп, жол талғамайтын велосипед құрастырды,-деп жазады massaget.kz. ІІ.Xterrain500 немесе Fat Bike (ресми емес) деп аталатын жаңа электрлі транспорт ерекше техникалық құрылымға ие. Қалыңдығы 20 сантиметр болатын велосипедтің алдыңғы дөңгелегі артқы дөңгелектен кіші. ІІІ. Xterrain500-ге арнайы қондырылған 500 Вт қуатқа ие электрлі қозғалтқыш велосипед тебуді жеңілдетеді. Ал қозғалтқышқа жұмсалатын энергия батареялары 40 шақырым жолға жетеді екен. Электрлі велосипед сағатына 32 шақырым жылдамдықпен қозғала алады. ІV. Жақын күндерде америкалық компания жобаға Indiegogo платформасында инвестиция тартуды бастайды. Ал өнімді алдын ала сатып алуды көздеген тұтынушылар үшін бастапқы баға 1 600 АҚШ доллары болмақ.
1. Мәтін қандай үлгіде жазылған
А) ақпарат
В) жарнама
С) мәлімдеме
D) хабарлама [1балл]
2. Қай азат жолда батареялардың қанша қашықтыққа жететіні жайлы айтылған?
A) Біріншісінде
B) Екіншісінде
C) Үшіншісінде
D) Байқалмайды [1балл]
11-мәтін
Қалай дұрыс тамақтануға болады?
Біртіндеп тамақтың қуырылған түрінен бұқтырылған және қайнатылған түріне көшу керек. Тамақ құрамын өзгерту керек. Ақ және тоқаш нанды, шұжықты, жартылай фабрикаттар мен қалбырдағы өнімдерді аз жеуге тырысу керек.
1. Сүт тағамдары өте пайдалы, бірақ әрі өте калориялы. Құрамында майы аз
тағамдарды таңдаңыз. Көкөністер мен жемістерді көбірек жеңіз. Рационнан майды мүлдем алып тастауға болмайды, балықтың майлы сорттарын, жаңғақтарды және де басқа табиғи тағамдарды қолданыңыз.
2. Тамақты шұғыл шектеуге болмайды. Бұл жағдайда қорғау механизмдері іске қосылып, адам ағзасы керісінше май жинайтын болады.
3. Көбірек тамақтануға тырысыңыз. Күніне аз-аздан 5 реттен тамақ ішіңіз.
4. Таза суды көбірек ішіңіз.
5. Физикалық белсенділігіңізді арттырыңыз. Бұл зат алмасу жылдамдығын
көбейтеді.
6. Тез қорытынды шығаруға асықпаңыз. Сізге және сіздің ағзаңызға салауатты өмір сүруге көшу үшін уақыт керек, бірақ оның сіз үшін келтірер пайдасы орасан зор.
1. Кіріспе қай сөздермен аяқталады?
A) жартылай фабрикаттар мен қалбырдағы өнімдерді аз жеуге тырысу керек.
B) табиғи тағамдарды қолданыңыз.
C) тамақтың бұқтырылған және қайнатылған түріне көшу керек.
D) тамақ құрамын өзгерту керек [1балл]
2. Екінші ұсыныс сөйлемде автор бізді неден сақтандырады.
A) зиянды тамақтардан
B) адам ағзасына май жинаудан
C) физикалық белсенділікті шектеуден
D) салауатты өмір сүруге көшуден [1балл]
12-мәтін
Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында құс атаулының ірісі- түйеқұс өсіретін жиырмадан астам құс фермасы бар. Биіктігі екі жарым метрге жуықтап қалатын, салмағы 120- 130 килограмға жететін бұл құстарды өсіру өте тиімді болатын көрінеді. Алпыс жылдан астам жасайтын түйеқұстар қырық- елу жыл бойы жұмыртқалайды екен. Және жылына қойдың басындай жүзге тарта жұмыртқа салады. Түйеқұс ыстыққа төзімді, жас шөп, тұқым, жеміс жейді, ұсақ жәндіктерді де жей береді. Еті сиыр етінен он есе артық бағаланады. Оның төзімді, жұмсақ, мамығы құлпырып тұратын терісі де өте- мөте құнды деп саналады.
Гуандундағы ең байырғы Ин Цзи Ли шаруашылығының өзінде ғана 30 мыңға тарта африкалық түйеқұс, оларға қоса австралиялық түйеқұс тұқымынан сегіз мыңы өсіріледі.
Бір замандарда түйеқұстар, қазіргі Қазақстан жерінде, Монғолияның Гоби шөлінде көп өсетін болғанын айта кетуге болады. Археологтар әсіресе, Гоби шөлінен түйеқұстардың тас болып қатып қалған жұмыртқаларын көп кездестіреді.
1. Мәтінге сай тақырыпты белгілеңіз.
А) Түйеқұстың пайдасы
В) Гуандун провинциясындағы құс фермасы
С) Түйеқұс- ыстыққа төзімді құс
D) Түйеқұстардың жұмыртқалары. [1балл]
2. Жауаптарды мәтін құрылымына сай нөмірлеңіз (мысалы, 1.А)
А) Түйеқұстың еті сиыр етінен он есе артық бағаланады
В) Бір замандарда түйеқұстар Қазақстан жерінде көп болған
С) Гуандун провинциясында түйеқұс өсіретін құс фермасы бар
D) Түйеқұстар қырық- елу жыл бойы жұмыртқалайды екен [1балл]