Просмотр содержимого документа
««Адам өміріндегі отбасының рөлі» эссе»
«Адам өміріндегі отбасының рөлі» эссе
«Қалай десек те, ең мықты,
табиғи мектеп – отбасы.
Осында қалыптасқан барлық жақсы
қасиеттер өмір бойына серік болады.
Отбасынан кеткен қателікті
ешбір мектеп түзете алмайды…»
Мұхтар Арын
Отбасы – рухани жаңғырудың негізі, ұрпақ тәрбиесінің қайнары. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туабітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіреді.
Қазіргі қоғамда отбасы баланың шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап өмірінің соңына дейін тәрбиелік ықпал ететін негізгі ошақ болып отыр. Әрине, әркім баласын жаман болсын демейді, оның тәрбиелі, білімді, әрі еңбек сүйгіш, жақсы адам болса, еліне, халқына пайдасын тигізетіндей бір маман иесі, үлкен қызмет иесі болса екен деп тілейді. Жақсы тілек пен ниеттің орындалуына мүмкіндік жасайтын ата-ананың өзі. Балаға дүниеге келісімен көп көңіл аударып, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей оның өнегелі қасиеттерін отбасында қалыптастырған жөн. Босағасы берік отбасында әрбір адам өзара қамқорлық пен татулыққа, үй іші жұмыстарын жұмыла кірісіп орындауға, жақсы мен жаман туралы пікірлерін ортаға салып ұштастыруға, қаражатты дұрыс бөліп тұтынуға, еңбекпен табылған ақша құнын бағалап, қадірлеуге үйренеді.
Отбасы шын мәнінде тату-тәтті, өзара түсіністікте болса, одан адамгершілік пен әділеттің көрінісі айқын сезіліп тұрады. Отбасының бірлігі мен ынтымақтастығы оның құрамындағы адамдардың бір-біріне деген қамқорлығынан, тіпті бірегей саяси көзқарасты ұстануын, соған орай ерлі-зайыптылық және ата-аналық сезімін терең түсіне білулерінен байқалады.
Отбасының негізгі міндеті - баланы еңбек етуге, жарқын сезімдер мен мұраттарға тәрбиелеу және адамдар арасында өмір сүре білуге үйрету. Бұл қасиеттердің бәрі негізінен отбасы-ошақ қасында қалыптасып нығаяды. Мұнда әсіресе, отбасындағы ересек адамдар өздерінің жеке бастарының өнегесі арқылы жас балалардың бойында осындай сезімдерді қалыптастырады.
Қазіргі таңда жұмыссыздықтың салдарынан көптеген ата–аналар жұмыс іздеп немесе сауда жасап, отбасындағы бала тәрбиесіне аз көңіл бөледі. Қолға түскен кез келген жұмысты атқарып, әбден шаршаған ата–ана «баланың тамағы тоқ, көйлегі көк» болса болғаны дейді. Отбасындағы табылмаған мейірімді бала сырттан іздейді. Халық даналығына назар аударсақ, ол былай дейді: «Егер сен бір жылдық өміріңді ойласаң,онда арпа ек, ал ғасырлық өміріңді ойласаң, онда бала тәрбиеле».
Бала үшін дүниеде ең жетілген, білімді де, мәртебелі адам – оның ата– анасы.
Ал, ең әдемі де жарық үй – оның туылған үйі. Осы тұста қазақ зиялыларының бірі М. Жұмабаевтың мынадай бір айтқан сөзімен қорытындыласақ: «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн».
Автордың аты-жөні Қахарман Амина
Автордың жасы 15 жас
Аудан, ауыл Теректі ауданы, Жаңа өмір ауылы
Білім беру ұйымының атауы Шаған жалпы орта білім беретін мектебі
Байқаудың аты және номинациясы «Отбасылық дәстүрлер құндылығы балалар
көзімен»
«Адам өміріндегі отбасының рөлі» эссе
Жетекшісінің аты-жөні Танатарова Жупар Тилеповна