Тақырыбы: Б дыбысы мен әрпі.
Мақсаты: Б дыбысымен таныстыру, дауыссыз екенін сөздің басында, ортасында келетінін түсіндіру, б дыбысы бар сөздерге дыбыстық, буындық талдау жасай білу, сауатты да әдемі жаза білуге үйрету.
Логикалық ойлауын, сөздік қорын дмыту, дүниетанымын кеңейту.
Туған жерін, Отанын сүюге, мақтан ете білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Б әрпінің баспа, жазба түрі, мазмұнды сурет, кеспе әріптер, сөзжұмбақ, балықтар
Әдісі: көрнекілік, әңгіме, жинақтау, талдау, ойын.
Түрі: сайыс сабақ.
Сабақтың барысы.
І. Ұйымдастыру.
а/Күннің жадын, апта күнін еске түсіру.
ә/Психологиялық көңіл-күйлерін реттеу
Шаттық шеңбері:
Қуанамын мен де.
Қуанасың сен де.
Қуанайық достарым,
Арайлап атқан күнге!
-Бүгінгі күннің сәулесі сіздерге шаттық әкелсін! Енді бір-бірімізге қарап, қуанышты күлкі мен алақан жылуын сыйлайық!
-Балалар, бүгінгі сабағымыз бұрынғы сабақтардан өзгеше болғалы отыр. Өйткені бүгін бізге қонақтар келіп отыр. Қазақта «Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген сөз бар. Біз қонақтарға осыған дейін не үйреніп, не білгенімізді көрсетейік, қонақ алдында ұятқа қалмайық. Сабағымыз сайыс түрінде өтеді. «Балдырған», «Айгөлек» болып екі топқа бөлінеміз. Топ жетекшілері: Әмина мен Бақытнұр. Әр тапсырма сайын әр түрлі фигуралар беріледі. Соңында есептеп, топты бағалайтын боламыз.
ІІ. Өткен материалды пысықтау.
-Өткен сабақта қандай әріппен таныстық?
-Е қандай дыбыс?
-Мен үш сөз оқимын, соны жазып, дауысты дыбыстардың астын сызуларың керек.
І топқа тапсырма: Осы сөздерді кеспе әріптерден құрау.
ІІ топқа тапсырма: Сөзді суретпен сәйкестендір ойыны.
Қызығушылықты ояту. «Жасырынған суреттер» ойыны
Жаңа сабағымыз осы суреттерге байланысты болмақ
Шарты: Жасырынған суреттерді табу үшін мына сұрақтарға жауап беруіміз керек.
І топқа: 1.Дыбыс пен әріптің айырмашылығы неде?
2.Дыбыстар нешеге бөлінеді?
ІІ топқа: 1.Буын неден құралады?
2. Сөзден не құралады?
-Нелердің суреттері шықты? - Бақа мен балықтың суреті. Бақа мен балық туралы білетіндерін сұрау.
Ой қозғау. «Бақа мен балық» әңгімесін айтып беру.
Сұрақ: Бақаның көлшігі неге өзіне қымбат деп ойлайсыңдар?
Балықтың неліктен үнсіз қалғанын осы оқиғамен байланыстырып бір сөйлеммен айту.
/ Әркімнің туған мекені өзіне қымбат/.
ІІІ. Жаңа сабақ. Мағынаны тану.
-Әңгіме нелер туралы екен?
-Бақа, балық сөздері қандай дыбыстан басталып тұр?
-Б қандай дыбыс деп ойлайсыңдар?
Б-еріннің бір-біріне нық тиіп,артынша кілт луынан пайда болатын ұяң дыбыс.
Ойын «Сөз ойла, тез ойла» /Б дыбысы бар сөздер айту/
а/Көрнекілікпен жұмыс.
Суреттердің атын атап, буынға бөліп, б дыбысының орнын анықтау.
Б дыбысы сөздің басында, ортасында келеді. Басқа тілден енген сөздерде сөздің соңында келеді. Мысалы: клуб, штаб.
ә/Оқулықпен жұмыс.
Сызба арқылы берілген сөздерді оқу, сөздік жұмысын жүргізу.
б/Жазу дәптерімен жұмыс.
Б б әріптерін жазу.
Сөздер мен сөйлемдер жазу.
ІV. Сергіту жаттығуы Әріптерді мұрынмен, шынтақпен, аяқпен жазу.
в/Мазмұнды суретпен жұмыс.
1/Сурет туралы пікірлерін айтқызу
2/Әңгімені оқу. 3/ Әңгімеге ат қою.
І топқа: Балалар балық аулады. сөйлемін тақтаға жазу.
ІІ топқа: Екінші сөйлемді сызбаға түсіру.
Ойын «Қайсысы артық?»
Шарты: суреттерден артық затты тауып, дәлелдеу: алма артық, себебі алма-жеміс, бақта өседі, қалғандары-көкөністер, бақшада өседі./
г/«Бақшада» суреті бойынша тірек сөздер арқылы сөйлемдер құрау.
Ойын «Кім шапшаң?»
І топ Кім өсірді? сұрағына, ІІ топ Не өсірді? сұрағына жауап беруі керек.
V. Ой тұжырым. « Балық аулау» ойыны.
Шарты: аулаған балықтарында жазылған сұрақтарға жауап беру.
Б дыбысы қандай дыбыс?
Б дыбысы бар сөздерге мысал келтір
Суретті жұмбақты шеш /Б есік. Б өрік/
Сөзжұмбақты шеш. /бу,бор,бала,балға/
Ауданымыз, ауылымыз қалай аталады? /Байғанин, Көкбұлақ/
Өзіміздің туған ауылымызды мақтан етеміз бе?
VІ. Мадақтау. Әр топтың жинаған балықтарын санап, оқушыларды мадақтау.
VІІ. Үйге тапсырма беру.
1-сынып сабақтарында дидактикалық ойындарды қолдану
Бастауыш сынып оқушылары әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттаған жас бүлдіршіндер үшін мұғалімнің орны ерекше. Бұл оқушылар -әлі ойын баласы. Міне, осы оқушыларды мұғалім жылы шыраймен өзіне тартып, бала жүрегіне жол таба білуі керек.
Бастауыш сынып оқушылары, әсіресе, 1-сынып оқушылары тез шаршағыш. Сондықтан да сабақты тартымды өткізу үшін сабақ тақырыбына сай көрнекі құралдар, дидактикалық материалдар, сергіту жаттығулары, дидактикалық ойындарды қолдану қажет. Бір сарынды сабақтар баланы жалықтырып, сабаққа ынтасын төмендетіп жібереді. Бұл жастағы балалар ойын баласы болғандықтн сабақ тақырыбына сай ойын түрлерін қатыстырып, сабақты түрлендіріп отыру керек.Осы мақсатта дидактикалық ойындардың ролі ерекше.
Дидактикалық ойындар балалардың білімін кеңейту және бекіту мақсатындағы жоспарлы және мақсатты педагогикалық тәсіл. «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма?» дегендей, ойынның қай түрі болмасын зер салып, ой жүгіртіп қарар болсақ,одан мәнді де, мағыналы істер туындап өрбитінін байқаймыз. Өйткені, алдымен ненің болса да, бастамасы, жол бастар қайнар көзі болатыны белгілі. Демек, біз ойынды бар өмірдің бастауы деп білеміз.Ойын үстінде бала өзін еркін ұстайды, ал еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы.Сондай-ақ, ойын баланың болашақ өміріне есік ашып, оның ізденімпаздық, тапқырлық қабілетін оятады. Осы тұрғыда баланың байқағыштық, зерттеп салыстыру, сезім қабілетін дамытуға, баланың заттарды белгілері бойынша тану,түйсіну қабілетін ұштап қана қоймай, сонымен қатар сөздік қорын молайтуда дидактикалық ойынның орны ерекше болып табылады.
Дидиктикалық ойын оқытудың әдістерінде екі жолмен қарастырылады: ойын сабақтар, дидактикалық тапсырмалар.
Мен өз тәжірибемде ойындардың көмегімен балаларға білім беріп қана қоймай, оларға қалай ойнауды үйретемін. Мен бір мезетте оқытушы және ойынның ұйымдастырушысы ретінде де балаларды ойнауға талпындырамын, ал балалар ойнай отырып,үйренеді, сондай-ақ, өзіндік ойын әрекеті нәтижесінде де қалыптасады. Өзіндік ойын әрекеті балалардың ойынға деген қызығушылығы артқан кезде ғана іске асады. Балалар ойын ойнағанды ұнатады және өз ынталарымен беріліп ойнайды.Тапсырмаларды балалар өз беттерімен орындап, бір-біріне әділ баға беруге үйренеді. Ойын ережелерге сүйенеді, ережелер әр баланың не істеу керек , қалай істеу керек екендігін мақсатқа жетудің жолдарын көрсетеді, ақыл-ой қабілеттерін арттырады,дамытады, сонымен бірге психологиялық жағдайларын жақсартады, яғни, көңіл аударғыштығын, байқағыштығын арттырады және мейірімділікке, кішіпейілділікке үйретеді.
Оқытып-тәрбиелеудегі негізгі мақсат-оқушыларды мектептегі оқуға, ұйымшылдыққа, еңбек ете білуге даярлау, олардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру,ойлау, сөйлеу қабілеттерін дамыту. Сабақ үстінде жүргізілген жұмыс түрлері, тақырыпқа сай алынған тәрбиелік мәнді ойын түрлері оқушылардың ойлау белсенділігін қажет етеді.Әр сабақта ойын түрлерін орнымен қолданып, оны қызықты ету балалардың білімге ынта-ықыласын пәнге деген сүйіспеншілігін арттырады.
Ойынды балалар тек сабақтан зерігіп, шаршаған кезде сергіту мақсатында ғана емес, оларға берілген негізгі білім, ұғым, түсініктерді берік меңгерту мақсатында да жүргіземін.Ойын арқылы оқушылар өздігінен жұмыс істеуге үйреніп, ойлау қабілеті дамып, өздігінен қорытынды жасай алатын болады. Қолданған ойын түрлері барлық сабақта тақырыпқа сай өтіледі.Мысалы: математика сабағында «Күн мен түн», «Бәйге», «Үндемес», «Балық аулау», «Көкөністерді жинайық», «Жемісті кім көп жинайды?» т.б. ойындар ойналса, дүниетану сабақтарында «Қайда бардым, не көрдім?», «Затты сипатта», «Жер, су, ауа», «Артығын тап» т.б. ойындар ойналады.
Ал, сауат ашу сабақтарында «Шашылған әріптер», «Суретке қарап әңгіме құра», «Гүл терейік», «Сөз ойла, тез ойла», «Буынға буын қос», «Буынға әріп қос» т.б. көптеген дидактикалық ойындар ойналады.Бұл ойындар оқушыларды дұрыс ұғып тыңдай білуге, дыбыстарды ажыратып, ойда ұстап сөз құрастыруға ауызекі сөйлеуге төселдіріп, сөздік қорды молайтып, тілін дамытуға арналған. Дидактикалық ойындарды қолдану үшін үлкен педагогикалық шеберлік қажет. Ойын түсінікті, анық, жас ерекшелікке сай, орындалатын тапсырма да сабаққа лайықты болу керек. Сауат ашудан «Б дыбысы мен б әрпі» тақырыбында өткен сабағымда осы ойын түрлерін пайдаландым. Өткен материалдарды пысықтау, тиянақтау мақсатында «Сөзді суретпен сәйкестендір», қызығушылығын ояту мақсатында «Жасырынған суреттер», жаңа сабақ ты меңгерту барысында «Сөз ойла, тез ойла», «Қайсысы артық?», білімді бекіту үшін «Балық аулау» ойындарын ретімен қолдандым деп ойлаймын.Өйткені сабақ барысында балалар берілген тапсырмалардың барлығын шапшаң, көңілді орындап шықты.
Қорыта айтқанда, бастауыш сынып оқушылары үшін сабақты ойын түрінде қызықты да мазмұнды етіп жүргізу мұғалімнің өзіне, шығармашылық ізденісіне, әр түрлі әдістемелік әдіс-тәсілдерді сабақта тиімді пайдалана білуіне байланысты.