Ашық сабақ. Сыныбы: 9 Пәні: тарих
Сабақтың тақырыбы: Мен және менің Отаным.
Мақсаты:
Білімділік: Жас ұрпақты Отанын сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге, бай - қуатты ел екендігін мақтан етуге үйретіп, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, махаббат сезімін ояту;
Дамытушылық: Отанын, туған жерін қорғай білуге, халқымыздың талантты ақындарының өлеңдері мен ата - бабаларымыздың өнеге етіп қалдырған даналық сөздері арқылы оқушыларды ұлтжандылыққа, атамекенін көздің қарашығындай сақтай білуге, патриоттық сезімге тәрбиелеу;
Тәрбиелік: Ойларын жүйелі түрде жеткізе білу, шығармашылықпен жұмыс жасап, мәнерлеп өлең оқып, мағынасын түсіне білу дағдыларын дамыту.
Көрнекілігі: Елбасы суреті, Қазақстан Республикасының картасы, рәміздер, авторларының суреттері, қанатты сөздер, слайд.
Методикалық әдіс - тәсілдер: Әңгімелеу, көрсету, түсіндіру, сурет бойынша, әңгіме құрастыру, сүрақ - жауап.
Сабақтың барысы:
«Менің Отаным – Қазақстан» Қазақстан дейтін менің бар елім, Жатыр алып жарты дүние әлемін! Бұл даланы анам жаспен суарған, Бұл далада атам қолға ту алған. Бұл далаға жылап келіп,уанғам, Бұл даланы көріп алғаш қуанғам, Бұл далада өскен жанда жоқ арман!
Мұғалім:
І кезеңі: Оқушыларды үш топқа бөліп белсенді тақтадан суреттер береді. «Бұл тұлғаны таны» сайысында оқушылар белсенді тақтадан ұяшық таңдау арқылы тұлғалардың кім екенін айтып, сол тұлғаларға түсінік береді:
Мәселен, Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары хан есімдері жаңғырды. Бұлардың қатарында батырларымыз Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Ер Жәнібек, Махамбет Өтемісұлы, Сырым Датұлы және Елбасымыздың суреттері беріледі. Осы суреттердің маңыздылығын айта отырып оқушылар өздеріне балл жинайды.
Отан дегеніміз біздің еліміз, жеріміз, туған - туыс, бауырымыз, ауыл - қаламыз, өзіміз туып - өскен жеріміз.
ІІ кезеңде:
Қазақстан жер көлемі жағынан Дүниежүзі бойынша тоғызыншы орында. Кең байтақ жеріміз біз үшін мақтанышқа тұрарлық. Қазақ елінде 17 млн астам халық тұрады. Қазақстанда 150-ге жуық өзге ұлт өкілдері өмір сүреді. Бұл нәтижеге жүгіне отырсақ, Қазақ елі өзінің жері сияқты кең пейілді, қонақжай, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ел екеніне көз жеткізуге болады. «Отан отбасынан басталады» Осы мақалда менің ойымша отбасына ғана емес, Отанға деген сүйіспеншілік туралы айтылған. Бұл кезеңде даналар сөзінен үзінді. Әр топ басшысы Отан туралы білген өлеңдерінен үзінді айтады.
Жарылқасынұлы Бекарыс: «Отан»
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен... Мұхағали Мақатаев.
Рахматулаева Ақбота
Менің елім
Көкірегімнің үміті мен тілегі
Күй боп түлеп, күн боп шығып күледі.
Күн астында көк төбелер түледі —
Менің елім, менің елім — гүл елі!
Айтпағым бір ағыл-тегіл сыр еді —
Шежіреңе ол өлең болып кіреді.
Мендегі өнер сен деп өмір сүреді
Менің елім, менің елім — жыр елі!
Қанат қомдап таң атқанда шығыстан
Торғайым бар қыраныңмен бір ұшқан.
Жүрегім бар жүрегіңмен ұғысқан,
Менің елім, менің елім — гүлстан!
* * *
Салқындап саясында самал-көлдің,
бұла өскен баяғыдан балаң менмін.
Сіміре саумалыңды, бұл жолы да,
Сабылып, сағымды өлке, саған келдім.
Тағы да топырағыңда жаңарды ізім,
Сен десем бал-бұл жайнап жанар жүзім.
Бір пейіл, бір ықылас — қолда бары,
әкелген базарлығым — сол болады.
...Тікенге балтырымды талатып ем,
ал қазір дала барқыт, дала — кілем.
Кетіп ем сол даладан шыбық мініп,
Оралдым бір талаптың қанатымен.
Сырым бар тереңімде көрінбеген,
жырым бар шебер қолмен өрілмеген.
Әйтеуір біреуімін көп балаңның
өзінді елім деген, жерім деген! Жұмекен Нәжімеденов
Бердикулова Мерей
Туған елім
Менде сөйлер сөз болса –
Өзің берген сөзің ғой!
Менде көрер көз болса –
Өзің берген көзің ғой!
Шаттық құшқан шеруде,
Күйді өтерген өзің ғой!
Қиындықты жеңуге
Үйреткен де өзің ғой!
Толқығанда сезім –ой,
Әппақ арым, тілегім.
Туған елім өзің ғой –
Арқа сүйер тірегім!
Туған елім, өзіңнің,
Жазираңды кездірдің.
Жайма –шуақ кезімнің,
Рахатын сездірдің!
Туған елім – гүл елім,
Қасиетіңді білемін.
Өзіңе деп жүремін –
Лүпілдеген жүрегім! Бәкір Тәжібаев
Мұғалім:
Отан - менің ата - анам
Отан - досым, бауырым,
Отан - өлкем, астанам
Отан - туған ауылым- дей келе үшінші кезең мақал-мәтел сайысына кезек берейік.
ІІІ кезең нақыл сөздерден жарыс:
1. Отан үшін отқа түс күймейсің. Бауыржан Момышұлы
2. Отаншылдық – ең ізгі сезім. Л.Н.Толстой
3. Ең зор ізгі ерліктерді Отанға деген сүйіспешілік туғызған Ж.Ж.Руссо
4. Өз Отанын жан тәнімен сүю – адамшылықтың асқар шыңы. В.Г.Белинский
5. Адам жүрексіз өмір сүре алмайтыны сияқты, отансыз да өмір сүре алмайды. К.Г.Паустовский
6. Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен үркер күшім жоқ,-деп ер қайратыңа мін дағы, өрге бас. М. Әуезов
7. Опасызда отан жоқ.
8. Отансыз адам - ормансыз бұлбұл.
9. Отан - елдің анасы, Ел - ердің анасы.
10. Отан үшін күрес – Ерге тиген үлес
ІVкезең «Жылдарсыр шертеді»
1992жылы 15 қаңтарда«Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды
1992 жылы Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайы өтті.
1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан БҰҰ-на мүше болып, оның халықаралық қатынастар жүйесінде дербес субъект сапасында ықпалдасуы басталды.
1992 жылы 22 мамырда Қазақстан ЮНЕСКО құрамына енді.
1992 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңдар күшіне енді. 11 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының мәтіні туралы» заң қабылданды.
1993 жылғы қаңтардың 28-інде Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Негізгі Заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды.
1993 жылы 25 ақпанда Президент Жарлығымен Т.О.Әубәкіров Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық аэроғарыш агенттігінің бас директоры болып тағайындалды
1993 жылғы 5 қарашада «Ақша жүйесін тұрақтандыру жөніндегі шұғыл шаралар туралы» Президент жарлығы шықты. 1993 жылы 15 қараша «Ұлттық валюта» күні деп аталып, алғашқы Қазақстан Республикасының теңгесі айналымға түсті.
1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашақ» бағдарламасын тағайындады. Осы жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге жастарды оқыту басталды.
1994 жылы 16 ақпанда Қазақстан ядролық қаруы жоқ ел ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды.
Ата Заң негізінде 1994 жылы наурыз айында алғаш рет парламенттік сайлау өткізілді.Сол жылы парламент таратылды.
1994 жылы мемлекетіміздің тұңғыш ордендері мен медальдары дүниеге келді. Талғат Мұсабаев Союз-ТМ6 ғарыш кемесімен көкке самғады.
1995 жылы 12 қаңтарында Президент Жарлығымен қазақ ғарышкерлері Т.О.Әубәкіровке, Т.А. Мұсабековқа, Ресей ғарышкері Ю.И. Меленченкоға -«Халық Қаһарманы» атағы беріліп, жоғары ерекшелік белгісі -«Алтын Жұлдыз» тапсырылды. Т.А. Мұсабековқа, Ю.И. Меленченкоға «Қазақстанның ғарышкер ұшқышы» құрметті атағы берілді.
1995 жылы 1 наурызда Президент Жарлығымен Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды.
1995 жылы 29 сәуірде өткізілген бүкілхалықтық референдумда сайлаушылардың 95,4% Президент өкілеттілігінің мерзімін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуды жақтап дауыс берді.
1995 жылы 3 шілдеде Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Алматы қаласында Тәуелсіздік ескерткішін орнату туралы» қаулысы шықты.
1995 жылы 30 тамызда Конституциялық өзгерістер процесі аяқталып, қазіргі Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы қабылданды.
1996 жылы 25 мамырда Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа, сонымен қатар Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану тәртібі туралы келісімге қол қойды.
1996 жыл - ұлы ақын-импровизатор Жамбыл Жабаевтың жылы.
1996 жылы 3 сәуірде Қазақстандағы қазақ ұлтының азаматтары құжатқа тари хи халық дәстүрге сәйкес өз әкесінің аты-жөнін, ата-бабасының атымен жаздыруға мүмкіндік алды.
1996 жылы 30 қыркүйекте Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу (ЯСЖТ) шартына қосылды.
1996 жылы Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуына байланысты 16 желтоқсанда «Тәуелсіздік монументі» ашылды.
1997 жыл.
1997 жылы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңы қабылданды.
1997 жылы 8 қарашада мемлекеттік рәміздер мен Қазақстан Президентінің байрағын Алматы қаласынан Ақмола қаласына табыс ету салтанаты өтті.
1997 жылдың 20 қазанындағы «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» № 3700 Жарлығына сәйкес, Ақмола қаласы ресми түрде 1997 жылдың 10 желтоқсанынан астана болып саналады. 1998 жылдың 10 маусымы - астананың тұсаукесер күні ретінде белгіленеді.
1997 жылы қазан айында Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық жолдауы жарияланды.
1997 жыл -халықтық жалпы келісім мен саяси репрессия құрбандарына арналған жыл болып, «Қуғын сүргіндерді еске алу жылы» деп аталды.
1998 жыл
1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының жұртшылығының тілегі ескеріліп, ҚР Үкіметі жанындағы ономастикалық комиссияның қорытындысы негізінде Ақмола атауын Астана қаласы деп өзгерту туралы Президент Жарлығы шықты.
1998 ж. 1 маусымында - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері құрылды.
1998 жылы 10 маусымда тұңғыш рет жаңа Астананың ресми тұсаукесері болып, астана күні тойланды.
1998 жылы 24 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев бастаған ресми делегацияның Ватиканға сапары барысында Қазақстан Республикасы мен Киелі Тақ арасындағы өзара байланыс туралы келісімге қол қойылды.
1998 жыл - Ұлттық тарихы мен бірлігі жылы.
1998 жылы 6 шілдеде ХХІ ғасырға бағытталған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында мәңгілік достастық пен одақтастық туралы Декларацияға қол қойылды.
1999 жыл.
1999 жыл - Ұрпақтар бірлестігі мен сабақтастығы жылы.
1999 жылдың 10 қаңтарында өткізілген мерзімінен бұрын болған президенттік сайлауға қатысқан дауыс берушілердің 79,78 %-ы Н.Ә.Назарбаевты қолдады.
1999 жылдың шілдесінде Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталды.
2000 жыл.
2000 жылы 29 маусымда Семей ядролық сынақ полигоны біржола жабылды.
2000 жылы 1 қыркүйекте «Қазақстан Республикасының тәуелсіз сот жүйесін күшейту жөнінінде» Президент Жарлығы қабылданды.
2000 жылы 10 қазанда Астанада ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалық етуімен Кедендік одаққа қатысушы елдер - Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Мемлекетаралық кеңесінің кезекті мәжілісі болды.
2000 жыл Елбасы Жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» деп аталды.
Хор: «Атамекен»
Тас жаратын семсердей тілімдесің
Жүрегімде, дінімде, ділімдесің.
Байлығым, бақытымсың, ардақты Отан
Ойым да, түнім де, күнімдесің.
Мұғалім: Қазақ халқы сөз қадірін білген, қасиетті сөзді қастерлеп, аузынан тастамай, өнеге ретінде данышпандығын өлең өрнектерімен өрнектеп, терең мағыналы сөздерімен зерделеп келе жатқан халық. Терең мағыналы сөз өнері арқылы тәлім - тәрбиесі зор ойлар айта білген. Қазір қазақ халқының үш биінің сөзіне назар аударалық.
Ортаға Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би түрінде киінген үш бала шығып, нақыл дана сөздерімен шығады.
Қорытынды:
Бәрі: Қазақстан, сен заңғар биіксің, кеңсің. Біздің жанымыз өзіңе деген мақтанышқа бөленген. Біз сенің атыңды жер бетіне жар салар перзентіңбіз, тәуелсіздікті мықтап қолға ұстайтын балаңбыз! Мен – егеменді елімнің ертеңімін «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та , бар қалан » , - деп Абай атамыз айтқандай , Отанымның болашағы үшін өз үлесімді қосуға тырысамын.