








Мазмұны
І. Кіріспе
Бесік- періште сәбидің ақ отауы
ІІ.Негізгі бөлім
Бесіктің құрылысы
Бесіктің жасау- жабдықтары
Бесіктің пайдасы
Бесікке салу дәстүрі
Бесік жыры
Бесікке қатысты тыйым сөздер мен ырымдар
Сауалнама жүргізу, нәтижесі.
ІІІ. Қорытынды
Бесік- нағыз халық мұрасы
Пайдаланған әдебиеттер
Аңдатпа:
Зерттеу мақсаты:
Бесіктің қадір- қасиетін, оның тәрбиелік мән-мағынасын түсіну.
Зерттеу міндеттері:
1. Қазақтың даналығы мен тапқырлығынан туындаған бесік тарихына зер салу
2. Бесіктің құрылысы мен жабдық- жабуларын білу
3.Бесіктің бала тәрбиесіндегі маңызына тоқталу
4.Сыныптас достарыма «Бесік» туралы айтып түсіндіру, іздену жұмысыммен таныстыру.
Зерттеудің өзектілігі:
Бұрынғы ата-бабаларымыз баланы бесікке бөлеу тәрбиенің қайнар көзі- деп танып,оған үлкен мән берген. Ал қазіргі кезде көптеген жас аналарымыз балаларын бесікке бөлеуден бас тартып, салт- дәстүрімізді ұмыт қалдырып бара жатыр. Сондықтан, мен өз жұмысымда киелі, қасиетті саналаған алтын дүниеміз бесіктің қадір- қасиетін өзіммен қатарлас достарыма дәріптеу мақсатында жаздым.
Нысаны: бесік
Пәні: қазақ әдебиеті
Болжамы: егер біз бесіктің қадір- қасиетіне көп мән беріп, кішкентай сәбилерді бесікке бөлеп, бесік жырын айтсақ, ата- бабамыздың салт- дәстүрі өшпей, қазақ тіліміздің де мәртебесі артар еді.
І. Кіріспе
Бесік- періште сәбидің ақ отауы
Бесік — қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы. Жас нәрестеге арналып жасалған ағаш төсек. Біз өмірге жаңа келген баланы періштеге балаймыз. Дүниеге жаңа келген бала періштедей пәк, таза. Сәби мен періштенің аты қатар аталады, сондықтан да бесікті қазақ таза ұстаған. Бесіктің бірде-бір затын кірлетпейді. Бесік сөзінің мағынасына тоқталатын болсақ: Э.Севортян бесік сөзінің мағыналарын былай түсіндіреді: 1 колыбель, люлька; 2. младенец; 3. поколение десе, М.Қашқари сөздігінде: «құндақтау», «бесікке тану» мағынасын береді.
Көшпелі өмір кешкен қазақ халқының аса қастерлеп ұстаған мүлкі бесіктің қадір-қасиетін кім білмейді? Бесік – өмірге жаңа келген періште-сәбидің ақ отауы, оның ер жеткенде алаңсыз балалық шағын есіне түсіретін ардақ тұтар асыл бұйымы емес пе?! Қазақтар бесікті қарағайдан, қайыңнан, көбіне талдан жасайды. Бесікті «тал бесік» деп атаудың сыры осында. Бесік көшіп-қонатын қазақ тіршілігіне өте ыңғайлы. Оны түйе үстіне, өзге жүктермен қоса артып жүре береді. Кейде бала бөленген бесікті де осылай алып жүретін болған. Бұл қазақтың «баланың ұйқысын бұзған періштенің үйін бұзғанмен барабар» деген ұғымына толығымен сай келеді. Бесіктің тал бесіктен басқа «аспалы бесік» деп аталатын түрі де болған. Жалпы ата-бабамыз бесікті қасиетті, құтты мүлік деп есептеген. Мұны бабамыз Төле бидің мына бір әңгімесінен байқауға болады: Жоңғарлар шапқыншылығынан соң тоз-тоз болған ел таулы жаққа қарай босып, үдере көшкенде, екіқабат жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төлемен қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай», – дегенде, Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», – деген екен.

ІІ. Негізгі бөлім
Бесіктің құрылысы

1. Арқалық (арыс, белағаш) – ұзындығы 70-75 сантиметр, ұстап тұруға ыңғайлы, бесіктің ең үстіңгі, көлденең, жұмыр бел ағашы.
2. Бөген (алдыңғы бас, артқы бас) – негізінен жас тал мінсіз жонылып, жақсы әрленіп, морға қыздырылып, қыртысын сыртына қарай иген бесіктің екі басы.
3. Жақтау. Ол – төртеу. Екі үлкен жақтаудың ұзындығы арқалықпен бірдей, қос бөгеннің аңғарларын керіп тұратын екі қысқа жақтаудың ені бесік еніне тең.
4. Шабақ. Бұл да – төртеу. Екі бөгеннің аяқтарын қосып тұратын ұзын жақтауларға біркелкі қашықтықта көлденең қашалып бекітілген бесік еніндей тақтайша.
5. Сабау. Ол – екеу. Екі бөгенді қосып тұратын екі ұзын жақтаудың астына түсетін, бесік ұзындығына тең жұмыр ағаш.
6. Жорға. Бұл да екеу. Бөгендердің иілген басына қарама-қарсы бекітіледі, оның астыңғы қыры қайқы – бесіктің табаны. Табанның қайқылығы бесіктің бірқалыпты жеңіл тербелуін қамтамасыз етеді. Бесіктің осы бөлігі – жорғаны қазақтар табан деп те атай береді.
7. Тақтай. Бесіктің түбек орналасатын, төсек салынатын ортасындағы бөлігі.
8. Шүмек. Бесіктегі сәбидің кіші дәреті үшін қойдың асық жілігінен бір басы тесіліп, екінші басының төменгі жаны ойылып жасалған түтікше. Кейде айрықша аппақ болуы үшін оны алғаш пайдаланар алдында сүтке қайнатып алады.
9. Түбек. Сәбиді бесікке бөлегенде жаялығы былғанбас үшін бесіктің ортасындағы тақтайды тесіп орнататын алмалы-салмалы киіз қалта. Шағын шыны құтылар (банкілер) пайда бола бастасымен содан түбек жасалатын болды. Шүмектің ұшы түбекке сұғынып тұрады.
1.2. Бесіктің жасау-жабдықтары

Бесіктің жабдықтары ши, жөргек, құс төсек, жастық, көрпе, жаялық, кепіл, таңғыш және жапқыштан тұрады.
1. Ши. Бесік жабдықтарының үстінен ұзына бойы жайылатын тоқылған ши төсеніш. Түбек бекітілетін тұсы ойық болады.
2. Жөргек (қаузау). Шидің үстінен төселетін, түбек тұсы ойық келген, жұқа киіз немесе арасына мақта, жүн салынып сырылған көрпеше.
3. Құс төсек. Түбек тұсында дөңгелек ойығы бар, жөргектің үстінен төселетін, арасына құс мамығы салынып, қабылған жұмсақ төсеніш.
4. Жастық. Бесік енімен бірдей етіп жасалады. Арасына құс мамығы толтырылады.
5. Көрпе. Жұқа матадан тігілгені – жаздық көрпе, арасына мақта, түйе жүні салынып, қабылғаны – қыстық көрпе.
6. Жаялық. Сәбидің денесін орайтын жұмсақ шүберек.
7. Кепіл. Түбек ойығын төңіректеп төселетін, сәбидің жалаңаш тәнін қажамас үшін жамбас тұсына, тізесіне қоюға арналған кішкене жұмсақ жастықшалар.
8. Тартпа бау (қолбау, тізе бау). Оны таңғыш деп те атай береді. Ұштары бесіктің екі жанындағы сабау ағаштарға таңылады, біреуі бөленген сәбидің көкірек тұсынан, келесісі тізеліктің үстінен түседі. Ол биязы жүннен тоқылады немесе екі-үш қабат матадан сырып, кеуде, тізеден оралатын тұстары жалпақтау етіп жасалады. Тартпаның екі ұшы арқалыққа байланады.
9. Бесік жапқыш (жабу). Бесіктің көлеміне сай, жұқа матадан кестеленіп тігіледі. Бөленген сәбиді маса мен шыбыннан, желден, күн көзінен, суықтан қорғайды.
Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды.
1.3.Бесіктің пайдасы
Қазір баласын бесікке бөлейтін ата-ана аз. Тіпті «бесік зиян…» дейтіндер де бар. Бұл баяғы кеңестен қалған көзқарас. Кешегі кеңестiк дәуiрде мединституттың оқытушылары шәкірттеріне бесікті жамандап оқытатын арнайы тапсырма болған. Ол заманда жек көрген нәрсеңізді «ескіліктің қалдығы» десеңіз жетіп жатыр . Қазақтың коляскасы да, манежі де осы. Әрі таза, әрі жайлы. Кезінде «баланы бесікке бөлеу-рахит ауруына шалдықтырады»- деген де шолақ пікір болған талай дәрігер бесіктің денсаулыққа «зияндығын » дәлелдеп баққан. «Бесікке бөленген баланың бұты талтақ болады» -деген де жаңсақ пікір қоғамдық санаға таңылған. Кеңес үкіметі кезінде бесіктен бездіру, бесіктен безендіру саясаты жүрді.. Бесікті лақтырып жіберген…., Бесікті өртеген….., Бесікті балтамен шапқан.. да қазақтар болды
Біз кезінде бесіктен безіну арқылы өзіміздің мәдениетіміз бен дәстүрімізден, қазақтық қалпымыз бен ата салтымыздан, ұлттық рухымыз бен ұлттық сипатымыздан, өз жөргегімізден безінгенімізді білмей қалыппыз. Дәлелдің қажеті жоқ. Сөйтіп, бесік қолданыстан шығып қалды. Әйтпегенде, жүздеген ғасыр сынақтан өткен бесікті пайдасыз деп кім айтады? Оның ұрпақ үшін оның пайдасы ұшан - теңіз Айталық:
Біріншіден – қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді.
Екіншіден – баланың мазасыздығы ананың психологиясына әсер етеді. Бұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыздау болады.
Үшіншіден – баланы бесiктен шешкен кезде сәби керiлiп-созылып, рахаттанады. Денесінің әртүрлі күйде болуы оған демалыс сыйлайды.
Төртіншіден – сәбидің тұлабойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді.
Бесіншіден – бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Ол мықты денсаулық кепілі. Әрі қол-аяғы сыптай болып өседі.
Алтыншыдан – бесік белгілі бір ритммен ғана тербетіледі. Баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі.
Жетіншіден – бесіктегі балаға ана әлдиі әбден сіңеді. Қайырымды мінез қалыптасады. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды.
Сегізіншіден – бесік сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тiл-көзден сақтайды.
Бұлар бесіктің толып жатқан пайдасының бір парасы ғана. Бесікті пайдаланбау арқылы қаншама ұлттық дәстүрімізден айырылып жатырмыз. «Бесікке салу», «Тыштыма», т.б. жоғалды.
1.4. Баланы бесікке салу дәстүрі.
1.Бесіктің жабдықтарын орын – орындарына қою
Кіндігі түскен баланы бес күннен кейін бесікке салады. Бұл томалаққа жиналған ауылдың көрші – қолаң әйелдері шашуларын ала келеді. Баланы бесікке салардан бұрын ауылдың жасы үлкен, беделді әйелі бесік жабдықтарын орын – орындарына қояды. Содан кейін бесікті адыраспанмен аластап шығады.

2.Адыраспан түтінімен бесікті аластап шығу.
Баланың ұйқысы тыныш болу үшін және жын – шайтанды қуу мақсатымен адыраспанды отқа жағып, түтетіп, баланы бесікке бөлерден бұрын бесікті айналдыра ырымдайды. Кейде бесіктің бел ағашына қыздырылған темір тигізіп, те ырымдайды.
3.«Тыштыртыма» ырымын жасау
Баланы бесікке бөлерден бұрын тыштырма ырымы жасалады. Бесіктің түбек тесігі арқылы бауырсақ, кәмпит және басқа тәтті дәмдер жапа тарамағай астына тосылған алақандарға тасталады. Басқарушы әйел, «тышты ма» дегенде, қасындағы әйелдер іле – шала «тыштым» деп шу ете түседі. Әрбір жақсылықты үнемі шашу шашумен қарсы алатын халқымыздың бұл дәстүрі балаға бесік құт дарытсын деген ниетпен туған рәсім.
4.Бала бөленген бесіктің үстіне жеті нәрсе жабу.
1 – бесік көрпе, одан кейін шапан, кебенек, тон жабу, жүген және қамшы сияқты бұйымдармен жабады. Тон, шапан жабу ержеткенде халықшыл болуына, жүген тез өсіп, ат үстіне ойнақ салсын. Кебенек пен қамшы – ел қорғайтын ер болсын деген тілек.
1.5. Бесік жыры .
Халқымыздың ұлттық дүниетанымы мен мағлұматының, нәрестенің жастайыннан құлағына құйып өскен тағылымының бірден-бір айнасы есептелінетін жырларының бірі – бесік жыры. Қазақтар жас сәбиді бесікке салуды қуаныш етіп, тойлап өткізген. Онда айтылатын өлеңдерден жас баланың ені сау, ер-азамат болып өсуін халықтың тілейтіндігі де көрініп отырады. Кейіннен, бесіктегі жас баласын тербете отырып, аяулы ана көңіліндегі ой-арманын, жақсы тілегін білдіреді. Мұны халық «Бесік жыры» деп атайды.Бесік жырын айтпайтын халық жоқ. Халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным-сенімінің, дүниетанымының көрігісі бар. Бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Бесік жыры әр халықта әр түрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы, поэтикалық құрылымы мен саз-әуені жағынан үндесіп жатады.
Бесік жырының басты қызметі – бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Ә. Диваев хатқа түсіріп, 1905 жылы жарияланған. Содан бері там-тұмдап жиналып келе жатқанымен, халық жырларының асыл үлгілері әлі де толық хатқа түсе қойған жоқ. Бір- екі бесік жырларына тоқталатын болсақ:
І.
Әлди, әлди, әлпешім!
Ұйықта деймін, ұйықтайсың.
«Мә-мә» берсем қайтесің,
Ұйықта десем, ұқпайсың.
Жоқсың бүгін көз ілген,
Көп ісімнен бөгедің.
Жаудыраған көзіңнен!..
Ұйықтай қойшы, бөбегім.
Әлди,әлди, әлди-ді,
Әлди біздің қалғиды.
II
Ұйықта десем, күлесің,
Айналайын күлкіңнен!
Ер жеткен соң білесің,
«Тұр-тұрлармын» бір күн мен.
«Кешіктің, – деп, – сабақтан»,
Тыншыңды алсам «тұр-тұрлап»,
«Жоқ қой әлі таң атқан», -
Деп жүрмеші бұртындап.
Әлди, әлди, әлди-ді,
Әлди біздің қалғиды.
III
Ұйықта, бөпем, ұйықтай ғой
Ұйықтайтын бұл шағыңда.
Қызық өмір – думан той
Тұр ғой күтіп алдыңда.
Ұйықтап өткен не табар
Бұл өмірге бекер кеп?
Ұйықта, бөпем, ұйықтап ал,
Ер жеткен соң бол сергек!
Әлди, бөпем, бөпемсің,
Кім боп шығар екенсің?
IV
Күлімдейсің – күнімсің,
Батар дағы күн шығар.
Уілдейсің – күйімсің,
Күй де бір кез тыншығар.
Сен де тынық бір мезгіл,
Толқып кана жат, бөпем.
Аспанымда жүзе біл,
Айым менің – ақ бөпем!
Әлди, өлди, әлдиім,
1.6. Бесікке қатысты тыйымдар мен ырымдар.
1. Бос бесікті тербетуге болмайды.
2. Бесікті сатуға болмайды. Бесікті саудаламайды. Айтқан бағасына сатып алу керек.
3.Кез келген адамға беруге болмайды.
4.Аяқ астына тастауға болмайды.
5.Бесіктің өзін отпен аластап қояды.
6.Бос бесікті еш уақытта жабусыз қалдырмау керек. Үстіне ақ мата жауып, ең болмағанда ұршығына орамал байлап қою қажет.
7. Бесіктің теріс жағына отырмайды.
9.Бесік жасайтын шеберлер ынсапты болуы тиіс. Киелі дүниенің бағасын аспандатпауы керек.
Хадисте де бесік жайында сөз қозғалады екен. Жатырдағы бала бұл құбылыстардың барлығын анасының денесі арқылы қабылдайды. Ал туғаннан соң аяғы шығып, өздігінше жүріп бейімделгенге дейін, оның денесі табиғи түрде қажетті тербеліске түсіп отыруға тиіс. Мұны іске асыратын нәрсе – тек қана бесік. Сондықтан бесікті орысша «колыбель» (тербелетін құрылғы) деп атайды. Отырықшы халықтарда, мысалы, орыстарда аспалы бесік (люлька) болған. Олар оны төбеге ілмектей бекітіп, тербетіп отырған. Ал көшпелі халықтарда, мысалы, қазақта көшіп-қонып жүруге ыңғайлы етіп тал бесік жасалған.Емшектегі бала бесікте жатса, оны қоршаған кіші кеңістікте (микроортада) өсіп-жетілуіне керек барлық физикалық жағдайлар, соның ішінде, ең негізгісі – жылу тұрақтылығы сақталып, заттар алмасу үдерісі қалыпты деңгейде өтеді. Сондықтан, дені-қары сау болуы үшін бөбек бесікке бөленуі қажет. Бұл туралы Құранда мынадай сөз бар: «Мәриям баланы көрсетті. Олар: «Бесіктегі бір бөбекпен қайтып сөйлесеміз?», – деді». («Мәриям» сүресі, А-29). Аятта Иса пайғамбардың анасы Мәриям пайғамбарды бесікте тәрбиелегені анық айтылған. Бұл мысал – бөбекті бесікке өсіру керек екенінің бір дәлелі.
1.7. Сауалнама жүргізу, нәтижесі.
Біз осы төңіректе жас аналарға сауалдар қойып,ауылымыздағы аналардың ішінде бесік жырын айтатын аналар бар ма екен деп іздестіріп көрдік.Мынадай сұрақтар қойдық:
1.Сіз балаларыңызға “Бесік жырын” жиі айтасыз ба?

2.Баланы бесікке бөлеу оның ұйқысына әсер ете ме?

Болжам: Егер біз бесік жырына көп мән беріп,сәбилерге тыңдатып отырсақ,ана тілімізге деген құрмет арта түспек. Баламызды бесіке салып, тербететін болсақ, оның ұйқысы да тыныш, жатқан жері де жылы болар еді.

Немересін бесікке бөлеген әже
Қорытынды:
Бесік- нағыз халық мұрасы
Бәрін айтпай –ақ қояйық, төл теңгемізде бейнесі бар әлемдегі екінші ұстаз, екінші Аристотель атанған Әл- Фараби де бесікте жатқан. Сөздің пірі Сүйінбай мен аққан жұлдыздай жарқ еткен ғұлама -Шоқан да бесікке бөленген. Қазақтың қамын жеп, қартаймастан қайғы ойлаған қайран Абай да әжесінің ертегісі мен апасының әлдиін естіп бесікте жатқан. Ұлт басына туатын әбігердің қайда жатқанын әріден ойлаған Әбілхайыр хан да бесікке таңылған. Қазаққа қорған болған айбынды ер Абылай хан да шүмек пен түбектің түбінен шыққан. Ендеше, «Ел болу үшін, бесігіңді түзе” – деген нақыл айтып кеткен Мұхтар Әуезов атамыздың бұл бір сөзіне ой жүгіртсең, елдің сапасы сонау бесік тәрбиесімен байланысы зор екенін айтады. Қазақ даналығының алтын қазынасы тіл мен тәрбиеде жатқаны анық. Ғасырлар бойы көшпелі қазақ жұртының өмірден жиған тәжірибесі, бүгінгі күнде Қазақстан Республикамыздың тағдырына үлкен үлесін қосуда.
Қазақта «түйе мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі»- деген сөз бар, сөйте тұра бүгінде өзге мамандық иелері ән айтса, біртүрлі тосырқап қабылдаймыз. Ән айту қазақтың қанында бар екенін айтып өттік. Ендеше, әншілік өнер қазаққа неге жат болуы керек?! Керісінше, кешегі от ауызды, орақ тілді, сөзге жүйрік бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы тілден айырылған. Мақалдатып сөйлеген былай тұрсын, көрген оқиғасын, оқыған әңгімесін баяндап айта білмейді, әсерлеп жеткізе алмайды. Ойын толық әрі түсінікті қылып, еркін сөйлей алатын, әңгіме айта білетін балалар жоқ. Сәби тәрбиесі мен мінез-құлқын қалыптастыруда бесік жырының орны мүлде бөлек. Ол баланың көкірек көзін ашады, жан-жүйесін тербейді, сезімін сергітеді, көңіл-күйін көтереді. Есейе келе өнерге, сөз өнеріне бейімделеді. Әже мен ананың әлдиі сәбидің алғашқы өнер мектебі екені баршаға белгілі.
Ұлы Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деуі тегін емес. Бесік жырында ұлттық тәрбиенің үздік үлгісі жатыр. Алайда соңғы жылдарда бесік тербетіп отырып бесік жырын айтатын әже, ана азайды. Бесік тербететін баланың өзі бөпесін өлең айтып ұйықтататын. Бұрын ананың бесік жырын сәби ғана емес, ауыл балалары, тіпті үлкендер де құлағын салып тыңдап отыратын. Кейінгі кездерде жастардың халық әніне назар аудармауы, өлеңге әуестенбеуінің бір себебі – осы бесік жырының ұмытылуында болса керек.
Ендеше, қазақы мінезіміз бен болмысымызға қайта оралу үшін әр ана бесік жырын сәбиінің бойына сіңіріп өсіруі керек. Бесікке асыла отырып мейірлене бала емізген анадан, бесік жырын айтып отырған анадан бақытты адам жоқ шығар, сірә! Осыны естен шығармағанымыз жөн...
«Бесік – атадан қалған көне мұра» атты ғылыми жобаны зерделегеннен кейінгі ұсыныс:
-Ата-аналар жиналысында өз жұмысымызды көрсетсек.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан
Атамұра 2010 жыл
2. Интернет жүйесін пайдалану
3. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы (2-том)
4. Зейнеп Ахметованың жазбаларынан
5. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» С.Қалиев 1993 жыл Алматы
6. Қазақ этнопедагогикасы.Алматы.1999ж
7. .Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері – Алматы, Қазақстан,
8.Көкшеева З. Бесік жырлары – эстетикалық мәдениетті қалыптастыруы
9. .Өмешұлы Ә. Бесіккее бөлеу зиян ба? Парасат, №7
Бесіктей – көздің жауын алатын алтын мүлкімізді қадірлейік!



Жақсыбай өңіріндегі бесікке салу дәстүрінен көрініс


