Шығыс Қазақстан облысы
Глубокое ауданы
«Опытное поле орта мектебі» КММ
ҚАЛАЛЫҚ СЕМИНАРҒА
БАЯНДАМА:
Білім экономикасы
мен еңбек нарығының өзара әрекеттестігі
Баяндаушы: Г.Ж.Ахметова
География пәні мұғалімі
2017-2018 оқу жылы
Білім экономикасы мен еңбек нарығының өзара әрекеттестігі
Білім кез келген қоғамның дамуы үшін қажет. Дүниежүзілік Банк қызметкерлерінің берген анықтамасы бойынша «Білім экономикасы - бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен өзін-өзі дамытуды жеделдету үшін білімді құрайтын, оны тарататын және пайдаланатын экономика» болып табылады. Білім экономикасы өсудің жаңа көздері арқылы еңбек өнімділігінің артуын қамтамасыз етеді, өсудің жаңа факторларын және ұлттық экономиканың барлық секторларында бәсекеге қабілетті артықшылықтарды іс жүзіне асыру үшін негіз құрайды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан адам капиталын мемлекеттің ең құнды активі ретінде бағалайды. Білім - адам капиталы дамуының аса маңызды құралы болып табылады. Сондықтан біздің бастапқы міндетіміз – экономика талаптарына сәйкес білім берудің тиімді жүйесін құру» деп баса назар аударады.
Білім және ғылым, адам капиталының негізі ретінде елдердің экономикалық өсімін белгілейді. Нарықтық экономикаға көшу Қазақстанда білім беру қызметі көлемінің күрт өсуіне әкеліп соқты да, сұраныс пен ұсынысқа байланысты бола бастады. Бірақ, білім беру және еңбек нарығының басқа нарықтан ерекшелігі сұраныс көлемі ұсыныс көлеміне тең емес. Егер еңбек нарығында ұсыныс көлемі сұраныс көлемінен көп болса, білім беру қызметі саласында керісінше, білімге деген сұраныс көлемі ұсыныстан көп.
Білімнің қажетсіздігі немесе алынған білімнің тиімді пайдаланылмауы, сапасыздығы - ең үлкен әлеуметтік мәселе – кейбір мемлекеттердің кедейлігінің бір себебі болып табылады. Кейбір жағдайда оқу орнын бітірушілер жоғары білімді қажет етпейтін мамандықтар бойынша жұмыс істейді, деквалификацияға ұрынады. Әрине жоғары білім болуы жұмысқа тұру үшін қажетті және жеткілікті шарт емес, бірақ өте жағымды, жақсы әсер ететін фактор.
Қазіргі таңда ЖОО мен еңбек нарығы арасындағы өзара әрекеттестікті дамыту қоғамдағы өзекті мәелелердің бірі. Өйткені жоғары білімді дипломы бар жұмыссыз түлектердің саны әлі де азайған емес. Бұның себептерін деректерге сүйене отырып төмендегідей көрсетуге болады:
жастардың барлығының білім деңгейін ескермей жаппай жоғары білім алуға деген талпынысы, ақылы білім алуға деген мүмкіндіктердің кері әсері;
оқушылар білім деңгейіне сай емес қоғамдағы беделі жоғары мамандықтарды таңдауы;
ата-аналардың дұрыс бағыт-бағдар бермеуі.
Қоғамда сұранысы аз мамандықтарды таңдауы;
ЖОО орны мен еңбек нарығы арасындағы байланыстың әлсіз болуы.
Жоғарыдағы себептерді жүргізілген сауалнама қорытындысы да растап отыр. Сауалнама жүргізілген 20 оқушының 40 пайызынан астамы ғана жетістікке жетуін алған білімімен байланыстырады, ал 50 пайыздан астамы жетістікке жетуін сәттілікпен байланыстырады. Олардың осы болашақ мамандығын таңдауына не себеп болғандығы туралы сұрақ қойылғанда, 25 пайыздан жоғарысы ата-анасының, туған- туыстарының ықпалының, 55 пайызы өз қалауының негіз болғандығын, ал қалғандары көпшілік барып жатқандықтан және физика, химия, математика сияқты пәндерден өте алатындығына сенімсіз болғандықтан, гуманитарлық бағыттағы мамандықты таңдағандығын айтты. Оқушылардың құндылық-мақсаттық нысаналары, өмірлік жетістіктер жөніндегі көзқарастары әртүрлі. Жүргізілген талдау олардың отбасылық бақыт, кәсіптік жағынан өзін көрсете білуі, байлық, қызметі жағынан жоғарылау, еркіндікті алдыңғы қатарға қоятындығын көрсетті. Оқушылардың көбісі, тұтас алғанда, қоғамға қызмет еткісі келмейді, олардың басым көпшілігі «өзіне» қызмет етуге бағыт алған. Бұл жайттардан болашақ мамандықты дұрыс таңдалмайтындығын көруге болады.
Сонымен қатар, Қазақстан нарығының қазіргі кезде балансталмағандығын да айта кеткен жөн: елде жұмыссыздықтың болуымен бірге бос орындар сақталған. Ең алдымен білікті кадрлар жетіспейді. Бұл жерде дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, менеджерлер жөнінде болып отыр. Токарь, фрезировщиктер, саймандармен жұмыс істейтіндер, механиктер тапшы. Қарапайым мұғалім мен дәрігерлер неге тапшы, өйткені басқа салаға қарағанда оңайырақ деп мамандықты қате таңдағандықтан кәсібін меңгере алмай, диплом, білімі қажетсіз болып, жұмыссыздық пайда болады. Ол баланың икемі мен қабілеті басқа салаға тән. Сол себепті екінші білім алуға қайтадан қаражат құйып, шығын орын алады.
Елдің барлық аймақтарында бос жұмыс орындары бар. Бұл жұмыс күшінің сапасы мен кәсіби-біліктілік құрылымының жұмыс берушінің қажеттіліктері мен еңбек ресурстарының еңбек жинақылығының төмен деңгейімен байланысты болып табылады. Бұл жерде де екінші білім алу қажеттігі туындайды.
Қазақстан экономикасы техникалық және қызмет көрсету еңбегіне қатысты білікті мамандар санын ұлғайтуды қажет етеді. Бүгінгі күні 848 техникалық және кәсіптік ұйымдарда жыл сайын 45 мың маман дайындайды. Соған қарамастан, еңбек нарығының осы мамандарға қажеттілігінің 30–40%-ы ғана қанағаттандырылады. Бұл жерде де тапшылықтың басты себебі, аталмыш бағытта оқушылар сұранысы аз. Олар заңгер, экономика, IT, тағы басқа қоғамдағы беделді мамандықтарды таңдайды, екіншіден, ЖОО орнына түсе алмаған немесе әлеуметтік жағдайы өте төмен болғандықтан осы кәсіптік білім алуды еріксіз таңдаған (сантехник, дәнекерлеуші т.б), алайда қызығушылығы басқа салада болғандықтан мемлекеттің бұл салаға бөлген қаражаты қайтарымсыз, білім экономикасы тиімсіз болып шығады. Үшіншіден, оқушыға бұл білімнің, болашақ маманның артықшылықтары, нәтижесі жете түсіндірілмейді, осы кәсіп арқылы жетістікке жетудің жолдарын меңгере алмағандықтан уақыт өте келе жұмыссыздар қатарына қосылады.
Білім беру мекемелері оқу бітірушілерді жұмысқа орналастыру бойынша кешенді шаралар жүргізетіндігіне қарамастан, бұл үдеріс жүйелік сипатта емес және көбіне формалды түрде жүзеге асырылады. Жұмыс берушілер еңбек нарығы мен білімдік қызмет көрсету нарығының өзара біріккен әрекетіне қатысуға құлқы жоқ, олар өздерін одан алшақ ұстайды және корпоративтілігі жоғары деңгейде. Салыстырмалы түрде алғанда, жұмыс берушілердің басым бөлігі мамандарды жұмысқа орналастыру мәселесін оқу орындарының, мемлекеттік құрылымдар мен түлектердің өздерінің шешкенін қалайды.Жастар көбінесе қалалық жерлерде қызмет жасағылары келеді. Алайда, мүмкіншіліктер толық бәріне тиесілі болмағандықтан, жеңіл әрі тез жалақы табу жолдарын тауып, жоғары білім қажетсіздігі туындайды. Ал, жастарды ауылға тарту, болашақ жастардың біліміне бөлінген қаражатты тиімді қайтару бағытында сәтті жобалар бар. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қолдау көп. Мысалы, негізгі мақсаты ауылдық аймақтардағы кадрлық әлеуетті күшейту болып табылатын «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Бұл жерде білім экономикасы мен еңбек нарығының өзара әрекеті тиімді жолға қойылған. Жастарға тұрғын үй сатып алуға тиімді несиелер, көтерме бір жолғы жәрдем ақылар төленіп, мамандарға қолдаулар көрсетілуде. Бүгінгі таңда ауылдарға агрономдар, мал дәрігерлері, мұғалімдер мен дәрігерлер қажет. Осы бағытта педагогикалық мамандықтарға жастарды тарту үшін биылғы жылы жүзеге асқайы отырған Қазақ түрік лицей оқушыларына ұсынылған бағдарламаны атап өтуге болады. Үш тілді жетік меңгерген лицей оқушыларына педагогикалық мамандыққа баратын болса, қосымша үстеме шәкіртақы төлеу, демек, егер оқушы мемлекеттік университетке грантқа түссе елу мың, жартылай жекеменшік университеттерге түссе отыз мың, ал жекеменшік университетіне түссе жиырма мың қосымша төленбек және Атырау университеті оқушыларға оқу грантына ие бола алмаған жағдайда оқу ақысын толық төлеп, тұратын орны мен шәкіртақы және демалыс кезінде ауылға бару жол ақысын да төлеуді ұсынып отыр. Алайда, бұл мүмкіндіктер білім деңгейі жоғары оқушылар үшін қол жетімді болатыны анық. Бүгінде ең талап етілгендер болып инженерлік мамандар, құрылысшылар, информатикалық жүйе және есептеу техникасы, машина құрастыру, энергетика мамандары, нанотехнологтар, биотехнологтар және электроника бойынша мамандықтарға сұраныс бар. Дәл осы мамандар Конструкторлық бюро, «Алтай» технопаркі зертханасында, Курчатов қаласы Ұлттық ядролық орталық ядролық технология Паркінде талап етілуде.
Ал, жоғары оқу орынында оқуға мүмкіншіліктері аз, білім грантын ие бола алмайтын оқушыларға да мемлекет тарапынан тегін оқу бағдарламалар қарастырылған. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіптік-техникалық білім алуға баса назар аударылуда. Бұл мүмкіндіктер білім грантын иеленуге мүмкіндіктері аз болған және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары үшін қолдау. "Барлығы үшін тегін кәсіптік-техникалық оқу" жобасы аясында ШҚО Білім басқармасы 2016-2017 оқу жылдарына 4666 білім грантын бөлген. 2017 жылдан бастап Қазақстанда "Барлығы үшін тегін кәсіптік-техникалық оқу" жобасы жүзеге асырылады. Енді мемлекет әр адамға бастапқы мамандығын беруге міндетті.ШҚО-да жұмысшылардан жаңа кадрларды даярлауға үлкен назар аудара отырып, 2016-2017 оқу жылына арналған ауылдық колледждер үшін 1195, соның ішінде жұмысшылар біліктілігі үшін 3306 орындық жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 4666 бөлінген грант бөлінді.Өскемен көпсалалы техникалық колледжінде бөлінген 200 бюджеттік орын бар. Мұнда 4 экономикалық саланың 11 кәсібі бойынша, оның ішінде энергетика, құрылыс, металл өңдеу және қызмет көрсету салалары үшін жас мамандарды мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындайды. Сондай-ақ, көпсалалы Риддер колледжіне - 125, техникалық Зырян ауданына - 105, Глубокое аграрлық колледжіне 102 грант бөлінеді. Бұл өте қуантарлық жайт. Алайда, өкінішке орай, түрлі себептерге орай, кей жағдайда ақпарат алмағандықтан, не оқушылар жоғары оқу орнында оқығанды бедел санағандықтан, тегін оқуға сұраныс орташа болып, бос орындар қалып қоятын жағдайлар да бар. Осы орайда, әр баланың қабілеті мен икемділігі туралы жүйелі жұмыс жүргізу талап етіледі. Бұл деректер де білім экономикасы мен еңбек нарығының сай келе бермейтіндігін көрсетеді.
Қазіргі таңда жастарға көп мүмкіндіктер, мемлекет тарапынан қолдаулар өте көп. Бірақ, жұмыссыздық, жоғары білімді дипломның қажетсіз болуы сияқты факторлар өте көп. Мысалы, сауда саттық, бөлшек сауда, базар аймағында педагогикалық мамандықты, заңгер мамандығын таңдаған түлектер өте көп. Сонымен қатар, қазір аса жоғары білімді қажет етпейтін шаштараз, тырнақ әрлеуші, массаж, косметолог тәрізді қоғамға қажет, әрі дамыған сала мамандары да сұранысқа ие. Бұл салада жүргендердің көбі педагогикалық, заңгер, экономика саласынан жоғары білім алған түлектер. Бұл нені көрсетеді? Қоғамдағы білім экономикасы мен еңбек нарығының сәйкессіздігін көрсетеді, ең бастысы мамандықты дұрыс таңдамаудың салдарын дәлелдейді.
Білім экономикасы мен еңбек нарығының өзара әрекеттестігін дамыту үшін атқарылатын жұмыстар:
Мектеп түлектеріне мамандық таңдауда психолог жұмысы маңызды;
Ата-аналармен жекелей жұмыстар, оқушының жеке бас қасиеті, қызығушылығының болашақ өмірі үшін маңыздылығын түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
Мектеп түлектері мен ата-аналарды еліміздегі ЖОО мен кәсіптік білім, мамандықтар туралы толық, жан-жақты ақпараттармен қамтамасыз ету;
Ашық есік күнін ұйымдастыру. Оқушының таңдаған болашақ мамандығы бойынша кәсіпорындарға саяхат жүргізу арқылы дұрыс таңдау жасағандығына көз жеткізуін қамтамасыз ету;
Мемлекет тарапынан және жергілікті өңірдің жас мамандарға сұраныс, жұмыспен қамту бағдарламаларымен таныстыру. Мысалы, мектебімізде түлектермен байланыс бар, мектеп түлектері іс тәжірибеден өтіп, жұмыспен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда былтырғы түлек орыс тілі мұғалімі мамандығы бойынша іс тәжірибеден өтуде, болашқта жұмыспен қамту қарастырылған. Сонымен қатар, информатика, математика, биология, тарих жас мұғалімдері осының дәлелі бола алады.
Кәсіби-техникалық тегін білім алу бағдарламалары мен болашақ мамандықтың пайдасы мен артықшылықтарын жете түсіндіру;
Кәсіпорын мен түрлі мекемелердің сұранысы бойынша маман даярлау жүйесін жетілдіру;
Жастарды ауылға тарту бағдарламаларының артықшылықтарын ұғындыру;
Білімнің қажетсіздігі мен жұмыссыздық тудыратын факторлардың алдын алу жолдарын түсіндіру.