Балаларға арналған шағын өлеңдер мен тақпақтар.
Сабақ
Жазғы демалыс бітіпті.
Бірінші қыркүйек жетіпті.
Сабақ қызық болған соң,
Барлық бала келіпті.
Бұзау
Тентек болма, ақ бұзау,
Еріншек болма, ақ бұзау.
Кең далада сенімен,
Жарысып мен жүгірем.
Ала мысық.
Ала мысық тырнама,
Тырнағаның бола ма?
Ұстайыншы қолыңнан,
Ойнайық, ер соңымнан.
Әдептілік
Біз әдепті баламыз,
Айтқан тілді аламыз.
Үлкендерге жол беріп,
Біз ақылды боламыз.
Наурыз-ай
Наурыз-ай, наурыз-ай,
Тәтті көже бересің.
Қарнымыздың тойғаны-ай,
Кетпейді әлі елесің.
Күшігім
Күшігім менің келе ғой,
Құшағыма ене ғой.
Мойныңа бау тағайын,
Ойынға ертіп барайын.
Мұғалім
Мұғалім біздің анамыз,
Анамызды сыйлаймыз.
Айтқан ақыл, білімін
Ықыласпен тыңдаймыз.
Кішкентай бала
Мен кішкентай баламын
Кітап оқи аламын.
Дәптер, қалам, сызғышты
Сөмкеме өзім саламын.
Бөпешім
Әлди, әлди бөпешім,
Жат бесікте көкешім.
Неге жылай бересің,
Ертең-ақ жүріп кетесің.
Қуыршақ
Қуыршақ, қуыршақ,
Таза суға жуынсақ.
Қол ұстасып, дос болып,
Бақ ішінде қыдырсақ.
Мысығым
Мысығым, кел, кел маған,
Сүт берейін мен саған.
Ит кеп қалса, қорғаймын,
Көтерейін, сен маған.
Гүлдер
Гүлім, гүлім, өсе бер,
Әдемі боп, асыл боп.
Күндей жайнап кете бер,
Қызыл, сары, жасыл боп.
Ер жетсек
Нан жесеңдер балалар,
Үлкен болып өсесің.
Сүт ішсеңдер, балалар,
Тезірек ер жетесің.
Ойыншықтар
Ойыншықтар көп екен,
Бірге ойнайық, балақай.
Көгорай шалғын көк екен,
Жарысайық, алақай!
Ойын
Ойын маған ұнайды,
Көп ойнауға болмайды.
Күні бойы доп қусаң,
Ақыл-білім қонбайды.
Құлыншақ.
Құлыншақ, құлыншақ,
Шапқылайсың даламен.
Дос болсайшы құлыншақ,
Мен сияқты баламен.
Көктемде
Бүршік жарып ағаштар
Құстар ұя салады.
Сылдыраған бұлақтар
Ағып бара жатады.
Балықтар
Су астында балықтар
Сазан, шортан, бекіре,
Неше түрлі балық бар
Шошытасың секірме.
Туған күн
Туған күнім бола берсе,
Қуанамын күнде мен.
Үйге қонақ тола берсе.
Шай жасауға үлгерем
Аяз Ата
Жаңа жыл келгенде.
Қуанып қарсы аламыз.
Аяз Ата келгенде
Билейміз, ән саламыз.
Машина
Үлкен болып өскенде
Машина алам мен де.
Бірақ ол үшін әрине
Оқу керек күнде де.
Ақша қар
Ақша қар, ақша қар,
Аппақ болып қонасың.
Тоса қалсам қолымды
Алақаныма толасың.
Сиыр
Көк сиыр бұзау туғанда,
Қамап қойдық қораға.
Көк сиыр тұрды мөңіреп,
«Қайда менің балам», — деп.
Ағаш егу
Жақсылықты қолдаймыз,
Табиғатты қорғаймыз.
Гүл егеміз бақтарға,
Айналасын қоршаймыз.
Табиғат
Табиғат біздің анамыз,
Жер–Ана біздің панамыз.
Таза болса табиғат
Біз де аман боламыз.
Мен жерімді сүйемін
Мен жерімді сүйемін,
Жеріме дән себемін.
Ауа таза болсын деп,
Жылда ағаш егемін.
Құстар
Құс ұясын бұзбаңдар,
Балапанын алмаңдар.
Құстар біздің досымыз,
Обалына қалмаңдар.
Лагерь
Біз лагерьде демаламыз, ойнаймыз.
Неше түрлі қызықтарға тоймаймыз.
Жүгіреміз, секіреміз жарысып,
Ән саламыз, би билейміз майысып.
Сонда ылғи біз жеңеміз ұлдарды!
(қыздарды!)
Туған жер
Кең далада жүремін,
Бауырында ойнап күлемін.
Мен жерімді сүйемін,
Ол үшін отқа түсемін.
Көктем
Көктем болды алақай,
Қуанар барлық балақай.
Көктемде жаңбыр болады,
Бақшаға гүлдер толады.
Шымшық
Сөзі Қ.Мырзалиевтікі
Әні Қ.Қуатбаевтікі
Шымшықтың өр тырнағы,
Құдды шабақ қармақтай.
Бар тұлғасы, болғаны,
Бармақтай-ау, бармақтай!
Сонда да ол, асылы,
Мешкейлікке меңзейді,
Күнде жеке басының,
Салмағындай жем жейді!
Күнде жеке басының
Салмағындай жем жейді!
Ерден Атайдың әні
Сөзі: Ә.Асылбековтікі
Әні: Е.Хасанғалиевтікі
Кел,балалар,тұрмаңдар
Бізде қызық думан бар.
Атамыздың алуан
Ертегісін тыңдаңдар
Қайырмасы:
Ерте,ерте,ерте,екен,
Ешкі-ай жүні бөрте екен.
Ертегі сөз қашанда
Тамашаның көркі екен
Түрлі-түрлі ертегі,
Тұла бойды ертеді.
Ерте өткен ерлердің,
Ерлік ісін шертеді.
Қайырмасы:
Қиялдаймыз,самғаймыз,
Кең әлемді шарлаймыз.
Ертегісін атайдың
Тыңдаудан біз талмаймыз
Қайырмасы:
Ойлан, тап
Сөзі: Қ.Ыдырысовтікі
Әні: Ә.Еспаевтікі
Кел балалар,ойнайық,
Ойнайық та ойлайық,
Қандай жұмбақ болса да
Шешпей оны қоймайық.
Қайырмасы:
Ал балалар тыңдаңдар,
Асығыстық қылмаңдар.
Асықпайық деп және
Бөгеліп те тұрмаңдар.
Бәрің жақсы тыңдаңдар,
Бөгеліп көп тұрмаңдар.
Жұмбақ та бар аспан көк,
Самолетпен зырлаңдар.
Қайырмасы:
Жұмбақтар бар өзен,көл,
Пароходпен жүзіңдер,
Айдын суға шомылып,
Ақ шабағын сүзіңдер
Бала уату
Сөзі И.Оразбековтікі
Әні халықтікі
Әлди, әлди, балам-ай,
Әлди әнге салам-ай.
Әлди әнге мен салсам,
Балам ұйықтап қала ма-ай.
Әлди,әлде, бөпешім,
Жылай беріп не етесің.
Қазтұрасың ертең-ақ,
Тәй-тәй басып кетесің.
.Балбөбегім базарым,
Пәс түспесін назарың.
Сенің күлкің ашады
Дүниенің ажарын
Тұсаукесер
Сөзі мен әні К.Палымбетованікі
Бал бөбегім, сен өлеңім,
Аймаласам нұр өбемін.
Жұпар сенің, құмар еттің,
Кеудеме гүл, шынар ектің.
Иіп те мен, сүйіп келем,
Құшқан сайын биіктегем.
Немереммен керегем кең,
Ең қызыққа бөленем мен.
Жібек естім, теңге тестім,
Жүйрік бол деп тұсау кестім.
Бастың қадам,бол жақсы адам,
Ел-жұртыңа болсын бағаң.
Аяулы әнім-мектебім
Сөзі Ә. Аймақтікі
Әні С. Сапарәлиевтікі
Мейірімді шапағатын тербеткен,
Арманға асқар құлашымды серметкен.
Мен бақытты балдырғаның саяңда,
Біліміңнің бал-бұлағы шөлдеткен.
Жүрсем-дағы қай жерде
Кцялымнан кетпедің.
Сағыныштың сезімдерін шайқап ән,
Ораламыз жылда өзіңе қайтадан.
Әліппені жаттатқызған,ұстазым,
Сенің ізгі көңіліңнен жай табам.
Қайырмасы:
Тіршіліктің дүрсілдетіп жүрегін,
Мен өзіңнен қанаттанар түлегің.
Саған деген махаббатым – әнімді
Асқақтата шырқай салып жүремін.
Қостанай қаласы әкімдігінің «Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №3 бөбекжай-бақшасы» Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны.
Государственное коммунальное казенное предприятие «Ясли-сад № 3акимата города Костаная отдела образования акимата города Костаная»
Балаларға арналған шағын тақпақтармен өлеңдер.
Ересек "Көбелек" тобы
Тәрбиешілер : Садвокасова В.А.
Смағұл П.А.
Костанай қ 2018-2019 оқу жылы