ЕЛ ЕРТЕҢІ БҮГІНГІ БАЛАБАҚШАДАН БАСТАУ АЛАДЫ
Умарова А.Ж.
Қарабұлақ мектеп-балабақшасы
aijanat_bota@mail.ru
Сапалы білім беру қашан да қоғамның маңызды мәселелерінің бірі. Бүгінгі жас бүлдіршіндер, ертеңгі күні ел қорғанына айналып, өз істерімен мемлекеттің мерейін тасытатын тұлғалар екенін ескерсек, олардың кішкентай кезінен дұрыс бағытта жетілуіне жіті мән бергеніміз жөн. Балабақша барлық білімнің бастауы. Өмірге деген көзқарастары енді қалыптасып келе жатқан бүлдіршіндерге тәрбие мен білімді қатар сіңіру, болашақтың іргесін берік қалыптастырғанмен бірдей.
Мектеп – балабақшасының басшысы ретінде, мекеме жұмысын тікелей бақылауға алып, барлық жағынан үздік болуын басты міндетім деп білемін. Жалпы, директорға жүктелетін міндеттің жүгі осал емес. Себебі, ұйымның алға қарай дамып, ынтымақтаса ілгерілеуі, сапалық жағынан дес бермей, өздеріне сенімді тұлғалар қалыптастыруының бәрін үнемі қатаң бақылап отыруы қажет. «Тәртіпке бас игер құл болмайды» деп батыр Бауыржан атамыз айтып кеткендей, мен ең алдымен ұйым ішінде тәртіптің орын алуын алғашқы қатарға қоямын. Себебі, нақты бекітілген ереже болмайынша, жұмыстың да берекесі кететіні анық. Ол ең алдымен, қызметкерлердің күнделікті жұмыс кестесіне сай, кешікпей келуі мен себепсізден қызметті босатпауы. Әр күн белгілі бір бағдарламаға, тақырыптық – күнтізбелік жоспарға сай бекітілгендіктен, бүлдіршіндердің сабақтан қол үзіп қалмауы үшін мамандардың жауапкершілігі маңызды рөл атқарады.
Оған қоса, мектеп-балабақшасы кіші жастағы бүлдіршіндерді өз қарамағына алып, құшағын ашқандықтан, тазалық жағы қашан да кіршіксіз болуы шарт. Қазіргі таңда әлем бойынша, онсыз да қауіпті дертпен күресіп, барынша сақтықты ұстанғандықтан, мен басшы ретінде бұл мәселені жіті назарда ұстаймын. Күн сайын сыныптарды аралап, балалардың жатын орыны мен гигиенаға арналған бөлмені бір қарап шығуды ешқашан ұмытқан емеспін. Себебі, балалардың денсаулығы өте қымбат. «Дені саудың – жаны сау демекші», өскелең ұрпақты барынша, түрлі дерттен қорғап, қолдан келгенше әрекетке жүгінгеніміз абзал.
Тазалықты тұрақты ұстап тұрудан бөлек, білім сапасына да айрықша мән бергеніміз дұрыс. Себебі, бүгінгі жас бүлдіршіндер, ертеңгі күні ел әлеуетін арттыратын нар тұлғалы азаматтар мен азаматшаларға айналары анық. Сол себепті, әр педагогтың жұмысын жіті бақылауда ұстап, еңбектерін саралау, ұстанған оқу –тәрбие бағыттарымен үнемі танысып отыру басшының тікелей міндеті. Мен барынша ұтымды әдіс- тәсілдердің жүзеге асырылуын қолдап, ұстаздарға үнемі жол сілтеп отырамын. Қазір заман ағымына орай, жаңашыл ұстаздар, өздерінің жан-жақтылығымен танылып, қашан да кез-келген өзгерісті дереу қабылдай алуы тиіс. Біз ұжым ішінде өз – ара ақпарат алмасу, тәжірибе бөлісу мақсатында, сабақтарға қатысып, пікір бөлісеміз. Әр күнге бекітілген арнайы жоспар негізінде, мұғалім алға қойған мақсатына жете алды ма, ол өзінің тиімділігін қаншалықты көрсете алды, одан да жақсы жаққа өзгертуге бола ма, осы мәселелер төңірегінде үнемі жан – жақты сараптама жұмыстарын жүргізуді жөн көремін. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы»,-дегендей, мекемедегі әр мұғалімнің еңбегінің нәтижесінде болашақта өздеріне сенімді, білімдері толық қалыптасқан, тәрбиесі тоғысқан ұлт ұландарын қалыптастыруға болады. Сондықтан, директор ретінде, жұмыс барысының тиянақты, дұрыс бағытта ұйымдастырылғанына көз жеткізу ең басты алғышарттардың бірі.
Әр мекемеде қауіпсіздік барысы да қашан да қолға алынып, ұмыт қалмауы тиіс. Соңғы уақытта әлем бойынша түрлі жаға ұстарлық жаңалықтарды естіп, көріп жүрміз. Әсіресе, соңғы бір жылдың өзінде көрші елдің білім беру ұйымына екі рет шабуыл жасалып, соңы қайғылы жағдайлармен аяқталғаны белгілі. Сол себепті, мекеменің күзеті, бейнебақылау камералары мен бөгде адамның ішке кіруіне тыйым салыну басшы тарапынан ескертіліп, үнемі бақылауға алынып отыруы тиіс. Біз бүлдіршіндерді, қызметкерлерімізді барынша қорғап, келеңсіз әрекеттерге тосқауыл болып, қауіптің алдын алуымыз керек. Сол себепті, күнделікті күдікті әрекеттерге мониторинг жасап, күзет барысын да жіті тексеріп отыру менің құзіреттілігіме кіреді. «Сақтансаң, сақтайды» деген дана қазақ. Олай болса, еліміздің әр тұрғыны, мектеп-балабақшасының әр қызметкерінің жеке басы қашан да қорғалуы тиіс.
Маңызды мәселелердің бірі ретінде, мекеме ішіндегі асхана жұмысын да айта кетер едім. Бүлдіршіндер мен қызметкерлердің тамақтану барысында құнарлы өнім тұтынып жатқанына көз жеткізіп, жауапты мамандармен келіссөздер жүргізу менің тікелей міндетім. Қандай да бір олқылықтар орын алған жағдайда, бірден ескерту айтып, күнделікті ас мәзірін бақылап отыру арқылы, сау ұрпақты қалыптастыруды мақсат тұтамын. «Ас адамның - арқауы», дегендей, балалардың дұрыс жетіліп – өсуіне, дендерінің сау болуына дұрыс тамақтану тікелей әсер етеді. Сондықтан, мекемедегі жұмыстың бұл бөлігі де қашан да бақылауда болы шарт. Тамақтан улану салдарының соңы өкінішпен аяқталып жататыны жасырын емес, сондықтан балаларын аманаттаған ата-аналардың жауапкершілігін жоғары қойып, асхана жұмысын жіті тексеріп отыруды әдетке айналдырған жөн.
Мекеме басшысы ретінде мектеп ішіндегі іс – шаралардың жүйелі жүргізілуін де есепке аламын. Оқу мен тәрбиені қатар ұштастырып, бүлдіршіндердің жан-жақты болуына барынша ат салысқанымыз дұрыс. Қандай да бір қажеттілік туындаған жағдайда, оны дереу жеткізуге тырысып, ұстаздардың білім алуына еш кедергі келтірілмейтін маңызды құрал – жабдықтармен қамтамасыз етуге тырысамын. Тың технологиялардың да қолданыста болуын қадағалап, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына бар жағдай жасауға тиістіміз. Қоғамдық шараларды да назардан тыс қалдырмай, үнемі белсенділік танытып, бүлдіршіндердің де, ұстаздардың да, қатысуын қапердан тыс қалдырмағанымыз абзал. Бұл, өскелең ұрпақтың жан – жақты дамуына негіз болып, ал педагогтердің тәжірибесін одан әрі тереңдетуге түрткі болмақ.
Жалпы, белгілі бір ұйым, мекемеге басшылық жасау оңай жұмыс емес. Біз әр бөлшекті назардан тыс қалдырмай, әр сәтті қалт жібермеуіміз қажет. Барлық сала бойынша біліктілігіміз бойда көрініс тауып, кез –келген істен хабарымыз болуға тиісті. Мекеменің әр қызметкернің міндетін тікелей бақылауға алу, жұмыс сапасының көрсеткішін саралау, білім беру барысын дамыту бізге артылған үлкен міндет. Дегенмен, мен бұл жауапкершіліктің бәрін абыроймен атқарып, барынша ел дамуына үлес қосуды алдыма мақсат етіп қойғанмын. Ұлт мерейін асқақтататын ұстаздар мен болашақтың іргесін қалыптастыратын бүлдіршіндердің барынша дамуына негіз болып, мемлекеттің мерейін үстем ету үшін бар күш – жігерімді сарп етіп еңбек ете бермекпін. Сапалы білім беретін мұғалімдер, бойларына білім нәрін сіңіре білген саналы шәкірттер қатары көп болсын!