Просмотр содержимого документа
«Исторические слова»
СӨЗТАНЫМ 
Көнерген сөздер
Қадірменді қала және ауыл оқырмандары! Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығы биылғы жылы қазақ тілінің жазбаша және ауызша табиғи тазалығын сақтауға үлесімізді қосу мақсатында қазақтың сөз төркінін түсіндіріп және әр түрлі тақырыпта ұмытылып бара жатқан көнерген сөздерді насихаттайтын болады.
Көнерген сөздер – күнделікті қарым - қатынаста жиі қолданылмайтын, бірақ тілдің сөздік қорында сақталған, көпшілікке түсінікті сөздер. Көнеру дәрежесі бойынша мағынасы түсініксіз сөздер байыз – байыз табу, кежеге– кежегесін кейін тарту, ал мағынасы түсінікті, бірақ сирек қолданылатын сөздер бәйбіше, мыстан, алдаспан сияқты сөздер. Сондай-ақ тарихи шығармаларда ғана кездесетін, қолданыстан шығып қалған, мағынасы көмескі сөздер. Көнерген сөздер екіге бөлінеді: тарихи сөздер және архаизмдер. Тарихи сөздер – ескі заманда қолданылған, дәуірі өткен тарихи сөздер атауы және бірнеше салаға бөлінеді. Қазақ халқының қоғамдық өміріне байланысты өткен дәуірдің ерекшелігінен туған сөздер: ханзада, ханша, нөкер, күң, құл, малай.
Қазан төңкерісінен кейін туған жаңа типті тарихи сөздер: қосшы, керуен, ақтар, қызылдар. Ел басқаруға байланысты атаулар: хан, патша, уәзір, би, ағасұлтан, болыс, ауылнай. Пайдаланудан шығып қалған қару – жарақ атаулары: садақ, жебе, сауыт, айбалта, найза. Кеңес дәуірі тұсында қолданылған әкімшілік сөздер: қызыл әскер, қызыл отау және тағы басқа.
Архаизмдер – халықтың тұрмыс-тіршілігіне, салт-санасына, әдет-ғұрпына байланысты қолданылатын, әр дәуірде өзгеріп, басқа сөздермен ауысып отыратын ескірген сөздер. Архаизмдерге мынандай сөздер жатады. Мата атаулары: патсайы, торқа, биқасап, дүрия. Әдет - ғұрып атаулары: бесік құда, сауын айту, ұрын бару. Үй тұрмысына қатысты атаулар: жаппа, лашық, саптыаяқ, кебеже, әбдіре, шидем, күпі, шекпен және тағы басқа.
Алда көнерген сөздердің әрқайсына толығырақ түсінік қалалық газеттің беттерінде жарияланады.
Баян Сәруарқызы
Қалалық тілдерді оқыту
орталығының директоры