Ақтөбе облысы. Ырғыз ауданы Жайсаңбай ауылы.
Ө.Қанахин атындағы орта мектебі.
Сатай Кенжегүл Жұбанқызы – технология пәнінің мұғалімі.
Пәні Технология. Сыныбы: 5 сынып
Сабақтың тақырыбы: Көкөністерді алғашқы өңдеу.Жас көкөністен салат дайындау.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Оқушыларға тақырыптың мазмұнын ашып, көкөністен жасалған тамақ дайындалу тәсілін түсіндіру. Алған білімдерін практикамен ұштастыру,.
Дамытушылық: Алған білімдерін практикамен ұштастыру, оқушылардың шеберліктерін, ой-өрісін,ұшқыр қиялын,аспаздық қабілетін дамыту.
Тәрбиелік: Аспаздық өнерге баулу арқылы,оқушыларды өмірге икемділігін,эстетикалық талғамдарын қалыптастыру.Оқушыларды еңбекке деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, ұқыптылыққа, жұмысты өз бетімен орындауға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: теориялық, практикалық.
Әдіс- тәсілдері: Интербелсенді оқыту технологиясы.
Көрнекіліктер: презентация, қанатты сөздер, жұмбақтар шешу.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
а) оқушылардың сабаққа әзірлігін реттеу.
2.Өткен тақырып бойынша (1-слайдтан) 1 тапсырма-сұрақ арқылы.
1.Тамақ дайындайтын адамға қандай гигиеналық талаптарды орындау керек?
2.Көкөністер не үшін қажет?
3.Көкөністерді қандай топтарға бөледі?
4.Көкөністерді алғашқы өңдеу дегеніміз не?
5.Қандай дәрумендерді білесің?
Жаңа сабақ .
Кіріспе. Адам қорегінде көкөністердің атқаратын рөлі зор. Көкөністердің құрамында көп мөлшерде дәрумендер бар,сондықтан, олар біздің күндізгі ағзамыздың елеулі бөлігін құрайды. Көкөністердің құрамында дәрумендер, жеңіл қорытылатын көміртегі, минерал заттар, органиклық қышқылдар, фитонцидтер (ауру қоздыратын кейбір микробтарды өлтіруге қабілетті айрықша зат) бар.
Көкөністердің аспаздықта жіктелуі.
Көкөністердің құрамында көп мөлшерде су болады, сондықтан, олардың көбі жасаң күйінде ұзақ сақтауға жарамайды. Жасаң көкөністерді қараңғы, салқын жерде сақтау керек.
Көкөністерді аспаздық өңдеу жуу,тазалау қайтара шаю турау.
Қарапайым кесу формалары тілімше дөңгелекше сабанша томарша текше бөлекше
кеспектер.
Күрделі кесу формалары жұлдызшалар ширатпалар роза гүлдері жаңқашалар.
Ал енді, балалар, көкөністер туралы бірталай мәліметтер білдік, үйрендік
Салат көкөністердің бірнеше түрлерінен дайындалатын салқын тағам,ол қаймақпен,майонезбен,тұздықпен қатталады.Құрамына қарай салаттың жай және құрама түрлері болады.
Жай салатты жасағанда көкөністерді дөңгелектеп,тілімдеп,шыбықша етіп,ал құрама салатты текше пішіндеп,майда тілімдеп турайды,сондай-ақ
ет,балық,жұмыртқа және т.б. қосылған салқын тағам.Салат құрамында шикі қияр,қызанақ,қызылша,картоп,сәбіз,маринадталған,тұздалған
(ашытылған қырыққабат) және күрделі әрі ұзақ өңдеуден өткен өнімдер (шұжық,ысталған балық,консервілер) қосылуы мүмкін.
Жаңа тақырып бойынша жоспар құру.
«Асхана» ойынын ойнайық.
Оқушылар үш топқа бөлінеді:
1.«Береке»- асханасы.
«Дастархан»- асханасы.
3.«Өте дәмді»-асханасы.
Даяшыны тағайындау.Әр ,топ жасаған салаттарына ат қойып, қорғайды..Қандай дәрумендерден тұратынын сипаттап айту.
Даяшы.Келген қонақтардан тапсырыс алу.
1.Шай,кофе,шырын сусыны,винегрет салаты т,б.салаттар түрі.
Жаңа тақырып бойынша сұрақтарға пысықтау беріледі.
Техника қауіпсіздігін сақтау ережесі.
1.Сулы қолмен элертр тоғын ұстама.
2.Пышақ,шанышқы,қасықтармен ойнама.
3.Пышақпен жұмыс істегенде абай бол.
Тазалық талаптары:
1.Отырған орнымызды таза,жинақы ұстау.
2.Әрбір оқушының өзінің алжапқышы,орамалы болуы керек.
3.Столда дастархан болуы керек.
4.Тағам жасар алдында қолымызды жуып,тазалап алуымыз керек.
2-слайдтан.«Көкөністен жасалған винегрет» салаты.
19- сарамандылық жұмыс.
Ингридиенттер: Картоп-50г,Қызылша-46г,Сәбіз-20г,Тұздалған қияр-30г,Пияз-40г,Аскөк-10г,Өсімдік майы-30г.
Жаңа сабақты қорытындылау.
3-слайдтан. 2-тапсырма. «Тапқырлық»
Кел, балалар,ойнайық,
Ойнайық та, ойлайық.
Қандай жұмбақ болса да,
Шешпей оны қоймайық - деп жұмбақ шешіп көрейік.
Құрғақ жерде сақтайсың
Онсыз тамақ татпайсың ( тұз )
Сүйегі бар, қаны бар
Бірақ емес жануар ( балық )
3.Мен болмасам егер де,
Көзің жақсы көре ме ?
Жетіспесем ағзаңда
Бойың биік өсер ме ? ( А дәрумені )
Менсіз жүйке шаршайды,
Ашуланып, саларсың кеп айқайды.
Қан азайып, әлсірейді жүрегің,
Асқазаның ас қорыта алмайды. ( В дәрумені )
Мен болмасам бойыңда,
Тісің дұрыс өспейді,
Ішкен асың бойыңа
Жөнімен тарап сіңбейді. ( С дәрумені )
Мен жетіспей қалғанда
«Мешел» болып өсесің,
Қаңқаң қисық болғанда
Өкінумен өтесің ( Д дәрумені )
1.Дайындалған салатты ыдысқа жасап салу, көркемдеу.
Топ жетекшілері даярлаған салаттарын қорғайды.
3.Үйге тапсырма беру: Салат түрлері туралы мағлұмат жинау.
Пәні: Технология. Класы: 5.
Сабақтың тақырыбы: Киім және аяқ киім гигиенасы.
Сабақтың мақсаты: киім түрлері туралы мағлұмат беріп, жөндеу түрлерін жүргізу.
а. киімнің пайда болуы, қолданылуы, қоғамдағы рөлі туралы түсінігін молайту.
б. арнайы киімге қойылатын қолданымдық және эстетикалық талаптар.
в. киім туралы эстетикалық талғамын қалыптастыру. Еңбекте тәртіптілік пен өзара көмекті тәрбиелеу. Сонымен бірге интеллектуалдық сезімін дамыту, экономикамыздың дамуына үлес қосатын саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: аралас.
Сабақтың көрнекілігі: суреттер, киім түрлері, пайдалы кеңестер, СТО. элементтері, интерактивті тақта.
Пәнаралық байланыс: сызу,, сурет, тарих, әдебиет.
Сабақтың барысы: 1. Ұйымдастыру бөлімі.
2. Үй тапсырмасын тексеру.
3. Жаңа сабақ.
Киім - дегеніміз адамға ең қажетті, мәдени материальдық элемент болып табылады. Киім үлгілері адамның өсу ортасына, техниканың, экономиканың өсуіне, ұлттық мәдениет пен дәстүрге, қоғамдық өндіріске байланысты өзгереді.
1. Осы киімдер пайдаланылуына қарай нешеге бөлінеді?
- Үшке.
2. Енді соны кім айтады?
- Тұрмыстық, өндірістік, формалық.
3. Тұрмыстық киімдерге не жатады?
- Сәнді, салтанатты, ұлттық, үйде, мерекелік, күнделікті, спорттық.
4. Өндірістік киімдерге не жатады?
- Дәрігерлік, аспаздық, санитарлық.
5. Формалық киімдерге не жатады?
- Әскери, ұшқыш, стюардесса, полицей, сатушы, мектеп формасы.
6. Алжапқыш пен бас орамал қандай киімге жатады?
- Тұрмыстық киімдерге жатады.
7. Маусымдық белгілері бойынша қалай бөлінеді?
- Жазғы, қысқы, барлық маусымға бірдей және көктем мен күз маусымдарына арналған киімдер.
Киім сатып алғанда ескеретін талаптар:
- Ыңғайлылығына.
- Әсемдігіне.
- Мықтылығына.
- Гигиеналығына.
Әсемдігі – суретші модельерге (модельер эскизін жасайды, өңдеудің детальдарын ойлап табады).
Ыңғайлылығы – тігін бұйымдарының құрастырушысы мен тігін бұйымдарының пішушісіне.
Гигиенаға сәйкестігі:
– Киім адам денесіне кигенде зиянсыз болуы керек.
– Ауа өткізгіш.
– Ылғал сіңіргіш.
– Модель жасау кезінде матаның қасиеттері ескерілуі қажет.
Мықтылығы:
- Үйкелу.
- Созылу әрекетіне.
- Ылғалға.
- Жуғыш құралдар ықпалына төтеп бере алатын болуы керек.(слайдпен көрсету).
- Балалар, сендерге айтарым киім сатып аларда осы талаптарды естеріңде ұстаңдар.
Киіну мәдениетіне оны күте білу де кіреді. Жақсы киінуге ұмтылатын кісіге жинақылық, тазалық сияқты қасиеттер тән болуы керек. Үтіктелмеген, дақ түскен, кей жерлері майланып кеткен көйлектер мен костюмдерді, жағасы манжеталары кірлеп, қыртыстанған жейдені киюге болмайды. Түймелердің дұрыс, берік қадалуын, киімдегі тесілген, жыртылған жерлерді дер мезгілінде жамап, тігіп, отыруды ұмытпау қажет.
Жамау – бұйымның жыртылған, сөгілген жерін бүтіндеу. Егер шалбар жыртылса оны лақтырып тастамай, жыртылған жерін жамап, әлі де болса серуенге, ойынға шыққанда киюге болады.
Жамаудың бірнеше түрлері бар:
1. Торлап жамау.
2. Кестелеп жамау.
3. Көктеп жамау.
4. Желімдеп жамау.
Жыртылған мата қандай болса жіп те сондай түске сәйкес келу керек. Ине де жуан - жіңішке болады. Шалбардың матасы қалың болса, онда жуандау инені таңдап аламыз, ал егер жұқалау болса, онда жіңішке инені таңдап аламыз.(слайдпен көрсету).
4. Сарамандық жұмыс.
Оқушылар қауіпсіздік ережесімен таныстырылып, киімге жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Нұсқау картамен таныстырылады.
Нұсқау карта:
- Матаның сетінеген шетін тегістейміз.
- Сетінеген шетін көктейміз.
- Жіптердің аралығын 2 - 3 мм. етіп жүргіземіз.
- Қалың матаның жыртығын жамауға жуан жіп аламыз. Жіптің аралығы 3 мм. болады.
- Жұқа киімнің жыртығын жамағанда жіңішке жіп қолданамыз. Жіптің аралығы 2 мм. болады.
5. Бекіту. «Түртіп оқу».
Пәні: Технология. Класы 11.
Сабақтың тақырыбы: Дизайн туралы түсінік.Дизайнер шығармашылығы.Ұлттық
нақыштағы қазіргі заманға сай костюм үлгісі.
Мақсаты: Жалпы сән туралы жан - жақты түсінік беру. Жалпы түс үйлесімділіктері мен
киім кию мәдениетін қалыптастыру.
Білімділік: Оқушыларды «сән», «стиль», «костюм», «силуэт» ұғымдарымен таныстыру.
Дамытушылық: оқушыларды талдау жасауға және киім стилінің ерекшеліктерін ажырата білуге үйрету.
Тәрбиелік: оқушылардың эстетикалық талғамдарын қалыптастыру, өзара көмек көрсетуге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: аралас.
Сабақтың әдістері:
• Суретті - түсіндірмелі (әңгіме, дидактикалық материалдармен жұмыс, үлгілерді көрсету)
Көрнекілік және құрал - жабдықтар: суреттер, сән журналдары, оқулық, дәптер, қарындаш, қайшы, желім.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Жаңа тақырыпты баяндау.
Қазіргі кезде кез келген адамның өз қалауынша сәнді киінуіне мүмкіндігі бар. Тіге білетін және осы іске қызыққан адам өзіне ыңғайлы және сәнді бұйым тігіп кие алады.
Киім өзінің бастамасын алғашқы қауымдағы шөптен жасалған белдік байламдардан, жануар терісінен денесіне жапқан жабулардан алады. Киімді суықтан, ыстықтан, жараланудан, сырып кетуден сақтап қалу үшін киді. Киім үшін тек тікелей табиғаттан алынатын, өңдеуді қажет етпейтін материалдарды ғана пайдаланған. Мұндай киім қарапайым болған және не жыныстық не әлеуметтік жағынан айырмашылығы болмаған. Тарихи кезеңдерге байланысты адам қауымдарға бөліне бастағаннан кейін, киімді түрлі жыныстық, әлеуметтік, мүліктік белгілері бойынша бөліп қарау туындады. Осыған орай, костюм өзінің жетілуінің ерте кезеңінен бастап адамның қоғамдық өмірінде болып жатқан барлық өзгерістерін көрсетеді.
Сән ( франц. Moda, лат. Modus – өлшем, әрекет тәсілі)- киім кию мәдениеті, өмірдің әр түрлі сферасында жеке талғамның уақытша үстемдік етуі.
Костюм ( франц. Costume – киім - кешек ) – белгілі бір ұлттың, дәуірдің, әр түрлі қоғамдық топтардың тұрақты киім үлгісі. Киім үлгілерінің пішіндерінің алмасуы қоғаммен бірге өзгеретін әр дәуірдің эстетикалық идеалын, көркемдік бейнесін көрсетеді.
Стиль ( лат. Stylus) – мәнер, сипат, ерекшелік. Сонымен қатар стиль сол дәуірдің мәдениетін, сұлулық туралы түсінігін, қоршаған ортаға қарым - қатынасын көрсететін тұрақты, анық, ерекшеленген дәуір тілі.
Киімде бірнеше: классикалық, спорттық, романтикалық және фольклорлық стильдер болады.
Классикалық стиль – келісті, іскерлі, элеганттты (өзгермейтін стиль) салыстырмалы түрде тұрақты, сән әлеміндегі өзгерістерге онша беріле бермейтін киім түрлері кіреді.
Оның негізгі белгілері – форманың тұрақтылығы, адамды іскер, ұстамды етіп көрсету, мінсіздігі, қолайлылығы, беріктігі.
Ерлердің классикалық киімдеріне – костюм шалбар немесе тек шалбардың өзі, жакет - костюм, ағылшын пальтосы, плащ, ал әйелдердің классикалық киіміне – жеңді көйлек жакетімен, белдемше, блузка немесе жакет, шалбар мен жакет - жейде кіреді. Қазіргі кезде классикалық киімдер аясы ерлер үшін де, әйелдер үшін де трикотаж күртешелердің ештеңеге міндеттемейтін еркін түрлерінің енуіне байланысты біршама кеңеюде. Әйелдер киімінің құрамына ерлер пиджагі, жейдесі, шалбары түпкілікті енді.
Спорттық стиль – демалыста, спортпен айналысқанда, саяхатқа шыққанда киюге ыңғайлы киімдер. Жалпы спорттық стильдегі киімдерде адам өзін еркін және ыңғайлы сезінеді.
Романтикалық стиль – әдемілік, ерекшелік, сүйкімділік немесе нәзіктікті әдеттегіден тыс бөліп көрсетеді. Романтикалық стильдің ерекшелігі – қатпарлар, желбіреушелер, шілтерлер, банттар жиынтығынан тұрады.
Фольклорлық стиль (этникалық стиль) – ұлттық сипаттағы осы заманғы киімдер. Бұл стильде ұлтық ою - өрнектер, кестелер, қол жұмысының көптеген элементтері кеңінен пайдаланылады.
Қазақстанның қазіргі сәнгерлері (модельер) ұлттық киімдердің дәстүрлерін сақтап дамытуда. Көненің құндылықтарын біздің заманымызға жеткізуге тырысады.
Қазіргі заман өзінің тұрмыстық киім стилі, өзінің таза көрінісін сирек қолданады. Көбінесе стильдердің араласуы кездесіп отырады. Бұл құбылыс эклектика деп аталады.
Қазіргі сәнді демократияшыл десе де болады. Ол таңдау идеясы мен еркіндігінің көптігімен, яғни әр түрлі стильдермен, пішіндермен, үлгілермен, сондай - ақ әр түрлі көлемдерімен және алуан түстің гаммалығымен ерекшеленеді.
Костюм - өнер туындысы. Ол адамзат мәдениетінің даму кезеңдерін көрсетеді.
Ал қазіргі заманғы костюмдерді шартты түрде қарапайым геометриялық мүсіндерге жатқызуға болады.Силуэт ( siluett деген француз сөзі) – ұзындығы мен ені бойынша адам мүсінінің пропорциясына жақындау келетін геометриялық фигуралардың бірін беретін киімнің кез келген бөлігінің сыртқы кескіні. Силуэттің мынадай түрлері болады:
«Түзу» силуэт өзінің ерекшелігі бойынша тіктөртбұрышқа немесе шаршыға жақындау.
«Трапеция» силуэті үстіңгі жағы тар, төменгі жағы кең трапецияны елестетеді.
«Үшбұрыш» төменгі жағы үшкірлеу келеді де, үстіңгі жағы кеңейіп келген үшбұрышқа жақын.«Сопақ» және «Жартышар» силуэттері геометриялық сопақ мүсінді елестетеді. Бұл силуэттерді екі геометриялық фигуралардың қосындысы деуге болады: жартылай сопақ дене төменгі бөлігі төртбұрыш.Бұйымның ұзындығы мен енінің ара қатынасы, бұйымның жалпы көлеміне қарай әрбір бөлшектің өлшемі келесі бөлшектің өлшеміне байланысты алынады. Мысалы: үсті қысқа, төменгі жағы ұзын,; үстіңгі жағы ұзын, төменгі жағы қысқа; үсті мен төменгі жағы бірдей.Костюмді композициялауда түс үлкен рөл атқарады. Түсті дұрыс таңдау киім моделін жасауда көп көмегін тигізеді.
ІІІ. Зертханалық жұмыс
Сән үлгілерін салу, өздері құрастырған сән үлгілерін көрсету, сипаттау.
ІV. Ағымдағы нұсқаулық
• Жұмыс орнының ұйымдастырылуын тексеру
• Техника қауіпсіздігінің ережелерін сақтау.
V. Материалды бекіту
1. «Сән», «стиль», «костюм» ұғымдарына анықтама беру.
2. Классикалық стиль дегеніміз не?
3. Спорттық стиль дегеніміз не?
4. Романтикалық стиль дегеніміз не?
5. Фольклорлық стиль дегеніміз не?
Соңғы нұсқаулық• Қателіктер мен оның себептеріне талдау жасау • Баға қою