Пәні қазақ тілі
Күні 24.01.2014
Сабақ №74
Сыныбы 4«Б»
Сабақтың тақырыбы Көмектес септік
Сабақтың мақсаты:
Оқушылардың септік жалғауы бойынша алған білімдерін толықтыра түсу, сөйлеу кезінде септік жалғауларын дұрыс қолдана білуге үйрету.
Оқушылардың сауатты жазу дағдыларын жетілдіру, сөздік қорын ойлау қабілетін дамыту.
Ұқыпты, тиянақты, сауатты, шығармашыл жек тұлғаны тәрбиелеу.
Сабақтың түрі аралас сабақ.
Сабақтың типі жаңа білім беру.
Сабақтың әдісі сұрақ – жауап, түсіндіру, әңгімелеу.
Пәнаралық байланыс ана тілі, музыка.
Көрнекілігі ілмелі кесте, семантикалық карта, гүлдің суреті, жетігеннің суреті, ребус, асық.
Сабақтың жоспары:
Ұйымдастыру кезеңі. Психологиялық дайындық 2 мин.
Оқушылардың үй тапсырмасы бойынша білім, білік дағдыларын тексеру.Үй тапсырмасын бекіту. 5 мин.
Жаңа сабақ 20 мин.
Ой қозғау.
Оқулықпен жұмыс.
Сергіту сәті.
Шығармашылық тапсырма 5 мин.
Жаңа сабақты бекіту 3 мин.
Семантикалық картамен жұмыс.
Жаңа сабақты қорытындылау «Кім септей алады?» ойыны 5 мин.
Бағалау 3 мин.
Әр оқушыны сабаққа қатысуына қарай дөңгелекшелермен бағалаймын.
Үйге тапсырма 2 мин.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі 2 мин.
а) Оқушылармен сәлемдесу, түгендеу;
ә) Оқулықтарын әзірлеу, зейіндерін сабаққа аудару. Психологиялық дайындық.
«Қайталау – оқу анасы,»
Мақалдың бір данасы.
Өткенді іске түсірсең,
Ешкімнің жоқ таласы.
Оқушылардың үй тапсырмасы бойынша білім, білік дағдыларын тексеру. Үй тапсырмасын бекіту. 5 мин.
а) 78-жаттығу. Мәтінді көшіріп жазып, мәтіннен шығыс септіктегі сөздерді тауып, астын сызу.
ә) Парта бойынша аралап тексеріп шығамын.
б) Оқушыларға үй тапсырмасын оқытамын.
в) Өткен сабақты «Ханталапай» ойынын ойнау арқылы қайталап еске түсірейік. Асық ойыны – қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Асық дала және үй ішіндегі ойындар болып екіге бөлінеді. Далада ойнау мергендікті, ал үйде ойнау ептілікті көздейді. Ойын мұғалімнің басшылығымен ойналады.Мұғалім «Ханталапай» деп асықты ортаға шашып жібереді.Балалар жылдам асықтарды талап алу керек.Асықтардың әрқайсысында сұрақтар бар.Кім тапсырманы жылдам орындаса, сол «Ханталапайдың» жеңімпазы саналады.
1. Зат есімнің септелуі дегеніміз не?
2. Қазақ тілінде қанша септік бар?
3. Атау септігі дегеніміз не?
4. Ілік септігі дегеніміз не?
5. Барыс септігі дегеніміз не?
6. Табыс септігі дегеніміз не?
7. Жатыс септігі дегеніміз не?
8. Шығыс септігі дегеніміз не?
Жаңа сабақ 20 мин.
Ендеше сабағымыздың тақырыбын ребусты шешу арқылы табамыз.




Ендеше бүгінгі өтетін тақырыбымыз көмектес септік екен.
Ереже: Көмектес септіктегі зат есімдер кіммен? немен? кімдермен? нелермен? деген сұрақтарға жауап береді.
Көмектес септігі атау септікке –мен, -бен, -пен жалғаулар жалғану арқылы жасалады. Бұл жалғауларды көмектес септік жалғаулары деп атайды.
Көмектес септік іс-әрекеттің, қимылдың немен, қандай құралмен, қалай істелгенін, амалын және қимылға ортақтықты білдіріп, сөйлемде пысықтауыш және толықтауыш қызметін атқарады.Мысалы:Хатшы жігіт сағатқа қарап, кезекпен жіберіп тұр.
Көмектес септік жалғауының ерекшеліктері бар. Олар буын үндестігі заңына бағынбайды, жуан сыңарлары жоқ.Сөздің соңғы буыны жуан болса да, жіңішке болса да жіңішке жалғау (-мен, -бен,-пен) жалғанады.
Қазақ халқында жеті саны қасиетті, киелі сан болып есептеледі. Оның себебі орта ғасыр ғалымдарының жеті күнге жеті жұлдыздың атын берді. XVIғасырда өмірге келген Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» да жеті сөзінің қасиетіне, киелі жағына мән беруден туған болуы керек. Қазақ тілінде жеті септік бар, аптада жеті күн бар. Жинақтық сан болатын сөздердің саны да жетеу ғана. Алланың сөзі жеті аяттан басталады. Жеті қарақшы шоқ жұлдызына адам жүгінген.
Жеті атаға дейін қыз алыспау. Жеті жоқ (жерде өлшеуіш, аспанда тіреуіш, таста тамыр, тасбақада талақ, аллада бауыр, құста сүт, жылқыда өт). Жеті жұт ( құрғақшылық, жұт, өрт, оба, соғыс, топан су, зілзала). Жеті жетім ( тыңдалмаған сөз, киюсіз қалған бөз, иесіз қалған жер, басшысы жоқ ел, аққу-қазсыз көл, жерінен айырылған ер, замандасы болмаса, бәріненде сол жетім).
Жетігеннің суретін тақтаға ілемін.

Бұл – көне музыкалық аспап. Қазір мен сендерге осы аспапқа байланысты бір ертегіні айтпақпын. «Ертеде Зат есімнің жерінде Септік деген шал болыпты. Оның жеті ұлы болыпты. Бір жылы елде жұт болып, елді ашаршылық жайлапты. Бұл ашаршылық Септік шалдың үйіне де келіп жетіпті де, ол ұлдарынан айырыла бастапты. Атау атты ұлы қайтыс болғанда шал ағашқа аттың қылын ішек орнына керіп тағыпты да, үнсіз егіліпті. Ай өткен соң Ілік деген баласы өлгенде тағы бір ішек тағып: «Ненің зияны, кімнің көзі тиді екен?» - деп егіледі. Ай өткен соң Барыс атты ұлы дүниеден өтеді. Сонда шал тағы да үшінші ішекті тағып:«Кімге айтып жылайын, неге ғана өлді екен?» - деп жоқтау айтыпты. Табыс атты ұлы өлгенде: «Нені айтып, кімді қарғайын?» - дейді. Жатыс атты ұлы да аштықтан өлгенде «Кімде кетті обалың, неде жатып көз жұмдың?» - деп бесінші ішек тағып егіледі. Шығыс ұлы қайтыс болады онда алтыншы ішек тағылып:«Неден қайтыс болдың, кімнен сені сұраймын?» - деп егіледі. Ал жетінші Көмектес те сол ашаршылықтан қайтыс болғанда, «Кіммен өмір сүрмекпін, енді немен шұғылданамын?» - деп жоқтау айтып егіледі. Содан жеті ішек, жеті тиек тағылып жетіген аспабы пайда болыпты. Осы жеті ішектен жеті түрлі әуен шығарып, әр баласының мінез-құлқын, жүріс-тұрысын суреттеген екен».
Жетіген сөзін септейік.
Не? – Жетіген
Ненің? – Жетігеннің
Неге ?– Жетігенге
Нені? – Жетігенді
Неде? – Жетігенде
Неден ?– Жетігеннен
Немен? – Жетігенмен
Міне, балалар біз қазақ тіліндегі жеті септіктіде білеміз. Енді жаттығу жұмысын жүргізейік(оқулықпен жұмыс).
80-жаттығу. Сөйлемдерді көшіріп жазып, қарамен жазылған сөздерге сұрақ қою.
Атасы Бекзатпен ұзақ әңгімелесті. Нағашы әжемнің үйіне пойызбен бардық. Сәкен шалғымен шөп шапты.
81-жаттығу. Мақалдарды жатқа жазу. Мақалдардың мағынасын түсіндіру. Немен? сұрағына жауап беретін сөздерді тауып, жалғауларды тиісті белгімен белгілеу.
1. Оқу – инемен құдық қазғандай.
2. Сумен ойнама – батарсың.
Отпен ойнама – күйерсің.
«Кім тапқыр?» ойыны оқушылар мақал-мәтел айтып жарысады. Мақал-мәтелдерде көмектес септігінің жалғаулары болу қажет.
Сергіту сәті. «Ағайынбыз бәріміз»
Атау менің есімім,
Іліктің болам інісі.
Бауыр басқан Барысқа,
Табысты ертіп жүреміз.
Жатыста бізге жат емес,
Шығыстан үлкен ағамыз.
Мектепте де, үйде де,
Зат есімнен тараған,
Ағайынбыз бәріміз.
82-жаттығу. Адасқан сөздерді өз орнына қойып сөйлем құра. Қос сызықпен қоршалған сөздер қай септікте тұрғанын айт(ауызша орындау).
Сөз – халықтың қымбаттан қымбат кені.
(С. Мұқанов)
83-жаттығу. Сөйлемдерді көшіріп жазып, сөйлем мүшесіне талдау.
Оқушылар сабақты зор ықыласпен тыңдады. Апай Гүлсіммен ұзақ әңгімелесті. Әсия
терезені таза шүберекпен сүртті. Марат театрға атасымен келді.
84-жаттығу. Мәтінді оқып, көмектес септікте тұрған сөздерді табу және оның көмектес септікте екенін дәлелдеу(ауызша).
Шығармашылық тапсырма 5 мин.
Берілген баяндауыш бойынша сұрақ орнына септелген зат есімді қой.
(не?) жауды(қар)
(кімге?) көмектесемін (анама)
(нені?) орындадым (сабақты)
(неде?) бар (кітапта)
(кіммен?) бардым (досыммен)
(неден?) түстік (ұшақтан)
(немен?) таныстық (мұражаймен)
Жаңа сабақты бекіту 3 мин.
| Жалғау сөздер | -дан | -мен | -пен | -ды | -қа | -ді | -ті |
| Гүлзат (бару) | | | | | | | |
| Жіп (байлау) | | | | | | | |
| Ауыл (көру) | | | | | | | |
| Қол (жуу) | | | | | | | |
Жаңа сабақты қорытындылау «Кім септей алады?» ойыны арқылы «Гүл» сөзін септеп, гүл шоғын жасау 5 мин.

Бағалау 3 мин.
Оқушыларды жинаған дөңгекшелері арқылы бағалаймын.
«5» - 4-5 дөңгелекше
«4» - 3 дөңгелекше
«3» - 1-2 дөңгелекше .
Үйге тапсырма 2 мин.
85-жаттығу. Берілген сөздерді көмектес септігіне қойып, олармен сөйлем құрау.
Пайдаланған әдебиеттер
Қазақ тілі 4 сынып «Атамұра» 2011 ж.
Бастауыш мектеп №5 2010 ж.
Бастауыш мектеп №9 2010 ж.
Ғаламтор желісінен суреттер.
Ы. Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназия
Ашық сабақ
Тақырыбы: Көмектес септік
Сыныбы: 4«Б»
Қазақ тілі пәнінің мұғалімі: Нарынбаева А.К.
Тараз қаласы
2013ж.
Ы. Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназия
Баяндама
Тақырыбы: «Бастауыш сынып оқушыларына ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру»
Пән мұғалімі: Нарынбаева А.К.
Тараз қаласы
2012