СДЕЛАЙТЕ СВОИ УРОКИ ЕЩЁ ЭФФЕКТИВНЕЕ, А ЖИЗНЬ СВОБОДНЕЕ

Благодаря готовым учебным материалам для работы в классе и дистанционно

Скидки до 50 % на комплекты
только до

Готовые ключевые этапы урока всегда будут у вас под рукой

Организационный момент

Проверка знаний

Объяснение материала

Закрепление изученного

Итоги урока

"Әлемдегі ең үздік мекен - Орқаш ауылы"

Категория: География

Нажмите, чтобы узнать подробности

 

Алтын бесік – туған жер

 

    Менің кіндік қаным  Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Құдайберген Жұбанов атындағы селолық округінің орталығы болып табылатын Қаракөл ауылында тамған. Бұрынғы атауы Михайловка, халық ауызында Орқаш деген атпен белгілі. Осы ауылдағы  А.Жұбанов атындағы  орта мектебінде  11 жыл білім алып, қазіргі таңда мұғалімдік өз еңбек жолымды өтеудемін.

   Құдайберген Жұбанов атындағы селолық округке Жаңатұрмыс және Қаракөл ауылдары кіреді. Осы елді -мекендердің ішіндегі Қаракөл ауылына тоқталып толық мағлұмат бергім келеді. Мұғалжар ауданының онтүстік –шығысындағы Көбелей өзенінің саласы Қайындысай бойында орналасқан ауыл.  Шекаралары: шығысында Егіндібұлақ,  Қайынды селолық округтерімен, солтүстік –батысында Ақкемер селолық округімен, оңтүстігі мен батысында Жұрын селолық округімен,  солтүстік –шығысында Ащысай селолық округімен шектеседі.  [1]

Просмотр содержимого документа
«"Әлемдегі ең үздік мекен - Орқаш ауылы"»

Ақтөбе облысы

Мұғалжар ауданы

Қаракөл ауылы









Тақырыбы

«Әлемдегі ең үздік мекен!»

Тарихи – этнографиялық жобалар байқауы













Дайындаған: А. Жұбанов атындағы орта мектебінің

география пәнінің мұғалімі Ж. М. Бузаубаева

















2016-2017 оқу жылы









Мазмұны





І. Әлемдегі ең үздік мекен – Орқаш ауылы............................................1

ІІ. Алтын бесік туған жер.....................................................................2 -10

2.1.географиялық орны, шекарасы, халқы

2.2. тарихы

2.3.табиғат жағдайы

2.4. «Орқаш» қаумалысына сипаттама

2.5. Археологиялық ескерткіштерге сипаттама

2.6. ауылымыздың зиялы азаматтары

ІІІ. Қорытынды.......................................................................................11

ІV. Пайдаланылған әдебиеттер.........................................................12
























Әлемдегі ең үздік мекен – Орқаш ауылы!



Ауыл- бізге дейінгі сан толқын ұрпақтардың кіндік қаны мен маңдай тері тамған киелі мекен. Дүниеде ең құдіретті Ана болса, ауыл да барлық халықтың анасы. Ауыл - адамдардың бойына нәр құятын алтын бесігі. Ұлттық рухтың қуат алар қайнар көз і- туған жер. Ауыл көркейсе халық өмірі жақсарады. Әлеуметтік жағдайы көтеріледі. Ауыл төсінде жайқалып егін өссе, жайылып мал өрсе - ауылдың сәні кірмей ме? Ауыл – қазақ халқының алтын ордасы, салт-дәстүрі, өлең- жыры, өнерімен мәдениеті. Сөз өнерін өрнектеген ақындар, ән өнерін әуелеткен сазгерлер мен күйшілер, аты аңызға айналған даналар да қарашаңырақтан қуат алған. Әр адам үшін туған жер ыстық болады.

Тәуелсіз еліміз жыл санап алға басуда. Мемлекеттің негізгі тірегі – ауыл екені айдан анық. Өйткені, ел байлығы алтын астықты өндіретін ауыл дихандары, мал өсіріп, сүт-ет дайындайтын ауыл адамдары, елдің болашағы жастардың дені ауылда дүниеге келеді. Түптеп келгенде, ауыл өскелең де, өрнекті өміріміздің айнасы іспеттес. Ауыл мен адам да, ауыл мен қоғамда бір-бірінен алшақ кете алмайды. Саналы ғұмырын өзінің кіндік кескен ауылында өткізіп,еңбек еткен азаматтың өзі: «Мен бірінші ата-анама, екінші туып-өскен ауылыма қарыздармын» дейді. Бұл саналы сөзге қарсы дау айта алмайтынымыз өз-өзінен түсінікті жай. Көрнекті жазушы, марқұм Тахауи Ахтанов: «Ойлап отырсам, талантты ақын-жазушылардың тоқсан тоғыз проценті ауылда дүниеге келген екен. Сондықтан біздің ұямыз ауыл. Біздердің қан тамырымыз да, жүрегіміз де ауыл деп соғады»-дейді. Бұл фәниден небары отыз бес жасында өткен, талантты ақын Марат Отаралиев:

…Ауылда өстім, құмға аунап,

Өлең жаздым, қызға арнап.

Қыста кештім ақ қарды,

Жазда тердім қызғалдақ.

Ауыл – менің аспаным,

Ауыл – менің жас-шағым.

Ауылымда өтті ғой,

Жастық шағым – қас- қағым, – деп тебіренеді.

Ауыл қазақтың алтын бесігі. Сұлу сөз өрнектеген ақын, ән тербеген сазгер, қызыл тілді шешен, ел қорғаған қарапайым ауылдың қара шаңырағынан шыққан. Біз үшін туған ауылдың ұлтарақтай жерінің өзі қымбат қазына. Ауыл – сол жерде өмір сүрген барша халықтың шежіресін жазып беретін мәнгілік кітабы. Өзінің туған жерін жан жүрегімен сүйіп, сырын ұғып өскен ұрпақ ғана ұлттық пердесін сақтай алады деп ойлаймын.





Алтын бесік – туған жер


Менің кіндік қаным Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Құдайберген Жұбанов атындағы селолық округінің орталығы болып табылатын Қаракөл ауылында тамған. Бұрынғы атауы Михайловка, халық ауызында Орқаш деген атпен белгілі. Осы ауылдағы А.Жұбанов атындағы орта мектебінде 11 жыл білім алып, қазіргі таңда мұғалімдік өз еңбек жолымды өтеудемін.

Құдайберген Жұбанов атындағы селолық округке Жаңатұрмыс және Қаракөл ауылдары кіреді. Осы елді -мекендердің ішіндегі Қаракөл ауылына тоқталып толық мағлұмат бергім келеді. Мұғалжар ауданының онтүстік –шығысындағы Көбелей өзенінің саласы Қайындысай бойында орналасқан ауыл. Шекаралары: шығысында Егіндібұлақ, Қайынды селолық округтерімен, солтүстік –батысында Ақкемер селолық округімен, оңтүстігі мен батысында Жұрын селолық округімен, солтүстік –шығысында Ащысай селолық округімен шектеседі. [1]

Аудан орталығынан 60 км, Ақтөбе қаласынан 160 км қашықтықта орналасқан. Бұрынғы «Орқаш» кеншары мен ауылдық кеңес орталығы . Жер көлемі 122190га, оның егістігі 17000 га. Аудан аралық көтерме жолы бар. Мұнда 1998 жылғы деректерге байланысты халық саны 1090 адам болған екен. Ал қазіргі кезде(2016ж) 682 тұрғын, 138 аула, 150 отбасы тіркелген. Мұнда 1988 жылы 130 трактор, 75 машина, 84 комбайн, мал шаруашылығында 340 жылқы, 2100 ірі қара, 30000 қой болған. 1988 жылы 100 саулықтан 93 қозы, 100 биеден 73 құлын, 100 сиырдан 73 бұзау, 99600 ц. астық жиналды. [2]

Ал қазіргі уақытта есепке алатын болсақ мұндай ауыл шаруашылық өнімдері жоқтын қасы . 2016 жылғы мәліметтер бойынша ауылда жалпы саны ірі қара - 1403, қой- 5295, ешкі- 473, жылқы – 519, түйе -18, құс- 2751 тіркелген. Ауылымызда «ЖШС Орқаш – А», «ЖШС Бірлік – Д», «ШҚ Рысбек» ,«Асау», «Жомарт», «Жарқын», «Қуаныш» ,«Аманат», «Дархан», «Тірлік», «Нұрболат – 5», «Ердаулет», «Асхат», «Аян-У», «Ислам-1», «Нұр» атты егін егу, шөп шабу, мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар бар [3]

Кезінде 14 адам КСРО ордендерімен, медальдарымен марапатталған. 2000 жылдардан бері ауылымыздың ардақты да аяулы 13 анамыз «Алтын алқа» , «Күміс алқамен» марапатталды.[2,3]


Тарихы


Мұғалжар ауданына қарасты Қаракөл ауылының Орқаш аталу себебі өркеш-өркеш жондардан тұрғанынан болса керек. Бейне бір араларын алыс салып шөгіп жатқан түйелер секілді.

Ауыл үлкендері «Орқаш» атауы қайдан шыққан ?- деген сауалға:

-Кезінде ата- бабаларымыз осы маңды мекен еткен. Қоныстың жазы шұрайлы, егіншілік пен малшылыққа қолайлы, ал қысы қаһарлы аязды болған. сол себепті "жаз жайлау уақытында тұрақта, ал қыс таяса, егініңді ор да қаш», деген саяды.

Аудандық «Мұғалжар» газетінде жариаланған мақалада келесідей мағлұматты кездестірдім. Дәйексөз ретінде :

«Жергілікті жерлердегі географиялық объектілердің белгілі нәрселерге ұқсастырылып аталуы метафоралы атауларға жатады. Мысалы, «Жарықтау», «Сарқырама», «Атжақсы», «Жалпақ», «Сандықтау». Орқаш атауы өркеш-өркеш тау деген мағынаны білдіреді. Орманға апаратын жолдағы жол жөнекей төбелер мен «Қасарма» қырларына қарап, бәлкім шынымен де осы өркеш-өркеш төбелерге қатысты «Орқаш» аталған болар деген ойға келесін. «Орқаш-орқаш таулар, өркеш-өркеш төбелер» секілді сөз тіркестерінде жиі байқайтынмын . «Орқаш» пен «өркеш» сөздері арасында келесідей байланысты байқауға болады.

Аудан орталығынан шыққаннан бері қарай , Жұрын стансасы арқылы өтіп Орқаш ауылына келетін қала қонақтары мен туристтердің ерекше көзайымы болған Қасарма қыры маңыныда қалықтап ұшып жүретін дала қырандарып атап кетуге де болады. Ел ауызында бұл мекен «Қырандар мекені» деп аталып кеткен қыран ескерткіші орнатылған қасиетті орын. Қыран қонған жер халық үшін киелі. Және де осы жерде көктеп самғап жүрген қырандар үшін бұл маңайдың қауыпсіз, жайлы мекен екені сезіледі. Құстарды әуесқойлық тұрғыдан бақылау да экотуризмнің бір түріне жатады. Жыртқыш құстарды сырттай бақылаудың өзі адамға ерекше ләззат сыйлайды. Бұл «Қыран» ескерткішін 1986-1987 жылдар аралығында Пенза қаласынан келген жас мамандар салған деген сөзді үлкендер ауызынан жиі естейміз.

Темір –Орқаш болысының құм шоқылы, көлтабанды қайын- терегі, талы аралас өскен, Орқаш дейтін жағында шамамен 17-18 ғасырдан бері қарай, бір –екі ауылнай көлемінде Жатақ қырғыздар тұрады. Олар өз руларын Тата, Естек, Барақ, Ырысқұл деп қайырғаны болмаса, салт –дәстүр, тілі мен әдет –ғұрыпы, этникалық жағынан әбден сінісіп кеткен ел. Мұнда басқа рудан да келіп қоныстанушылар болыпты. Сондай бір ретпен ағайынды Омар, Оспан деген екі адам Орқаштағы қырғыздардың арасына келіп, Қотыртас деп аталатын тау жынысты бұйраттың Жобал деген тұмсығына қызыл қайрақ тастан мешіт үйін салдырады. Кейбір көнекөз қариялардың айтуынша Омар мен Оспан ишанның сол дәуірдегі қоғам мүшелері үшін жоғары адамгершіліктің, әділеттіліктің, адалдықтың үлгісі болған тәрізді. Мешіт турасына оралар болсақ, осы Оспан ишанының мешітінде айналадағы ауылдардың балалары мұсылманша тіл сындырған. Солардың бірі болып Құдайберген, Ахмет ағаларымызда мұсылманша сауатын ашыпты. Бұл жөнінде профессор Есет Жұбановтың «Әке шаңырағының шырақшысы» деген көлемді мақаласы «Ақтөбе» газетінің 1996 жылғы мамыр - маусым айларының нөмерінде тереңірек баяндалады. Енді өткен ғасырдың басына оралар болсақ, осы мамыржай тірлік жалғаса берерме еді, кім біледі, егер 1905-1911 жылдар арасында Столыпин шаруалардың ауыр жағдайын отарлау саясаты арқылы жақсартамын шығыста, қазақ жерлерінде құнарлы жерлерге орналастырамын деп, орыс мұжықтарының бір бөлігін алдап, бір бөлігін зорлап көшірмегенде. 1908-1909 жылдары қызыл вагондармен, кейбіреулері жермен көшіп келіп, жергілікті халықтан сұрамай –ақ, ұнаған жерлеріне қоныстанды. Алғашқы орыс мұжықтары Ақжарды таңдап алса керек. Бірақ ол жерден құдық қазып, су шығара алмапты. Жері құмақ, опырылмалы болыпты. Бір жыл қыстаған соң Қаракөл көлінің жағасын таңдапты. Көлдің айналасы белуардан шөп, суында үйрек қаз көп екен. Су тайыздан шығып, тепсең мол болған. Қоныстанушылар 1913 жылы ауыл ортасында қазіргі тұрмыстық үйінің артында шіркеу тұрғызады. Ол әрі мектеп, әрі мәдение орталық болыпты. Кейін дүкен,сосын қоймаға айналдырылады. 1927 жылы қазіргі бала бақшаның орнына бастауыш мектебі іргесі қаланады. Бөренелері Жұрыннан тасылып, тақтай етіп қолмен аралап тіліп, сүргілеп іске асырса, кірпішін Орқаштан ағатын бұлақ маңында соғып, кептіріп мектеп қабырғасын қалайды. Осы жұмыстың дені асар, үме жолымен атқарылады. Ауылда бастауыш мектеп соғыс уақытында Шіліктікөлде интернаты бар жеті жылдық мектеп болып, 1958-1959 жылдары 8 жылдық атанады. Бертін келе, 1973 жылдан бастап орта мектепке айналып, 1974 жылы бірінші түлектер бітіреді. 1950 – ші жылдардың орта кезіндегі тың көтеру науқаны кезіңде де көптеген орыс жанұялары көшіп келіп, орталықтың халқы көбейіп, ірілене түсті, әрі көгалдандыру, көркейту жұмыстары да көптеп жүргізіледі. Дегенмен, ірілендірілген колхоздарда үкімет саясатын толық орындай алмады. Міне осы кезде совхоз ұйымдастырылу қолға алынады. 1961 жылы Жаңатұрмыс, орталықта Карл Маркс, Калинин колхоздары негізінде Орқаш совхозы ұйымдастырылады. Совхоз директоры болып мал маманы Степан Шевченко деген адам тағайындалды. 1984 жылы совхоз директоры болып Ермағамбетова Ағлен Құрманғалиқызы сайланды. 1980 жылдардың аяғына қарай совхоз ауданның алдыңғы қатарлы шаруашылықтар тізіміне енеді.

Табиғат жағдайы


Аймақтың климаты жалпы құрғақ жаз айларымен және салқын қарлы қыс мезгілімен сипатталады. Климаттың өзіндік ерекшеліктері болып қысқа көктемгі кезеңімен сипатталатын қыс мезгілінен жаз мезгіліне тез ауысуы, атмосфералық жауын- шашынның тұрақсыздығы және аздығы, ауаның үлкен құрғақшылығы, булану процестерінің интенсивтілігі және барлық көктемгі – жазғы маусым бойында тік күн радиациясының орын алуы табылады. Жаз мезгілінде құрғақ желдер, ал қыста – борандар тән. Көктем және күз мезгілдері ұзақтығы бойынша өте қысқа болып келеді 20-25 күн. Көктемде ауа температурасының күрт төмендеуі мен көтерілуінің жиі алмасуы тән. Кейде қардың түсуін тудыратын кейінгі көктемдік салқындаулар болуы мүмкін. Салқындаулар орташа 13 және 20 мамыр аралығында тоқтайды.

Ауыл аймағы арқылы Көбелей , Көлденен Темір , Жалаңаш өзендері ағып өтеді.

Көлдерің көп бөлігі табақша тәрізді ойыстарда шоғырланған ағынсыз тайыз сулы сулар болып келеді. Өзендер секілді көлдер де атмосфералық жауын-шашынмен қоректенеді. Құрақ жылдары олардың деңгейі күрт төмендейді, ал кейбіреулері тіпті кеуіп кетеді, ал ылғалды жылдары - көлемдері қатты ұлғаяды. Мұздың қатуы көптеген көлдерде қараша айының бірінші жартысында орын алады. Мұздың еруі сәуір айының басында басталады. Сәуірдің аяғында мұз еріп кетеді. Минералдану дәрежесіне қарай бұл көлдер тұзды болып келеді. Ауылымызда осындай тұзды көлдерден Қаракөл, Қырғызкөл, Қамыстыкөл, Шіліктікөл, Тассай көлдері бар. Бірі елді мекен атымен Қаракөл деп аталса, бірі осы аймақта еретеден қоныс тапқан қырғыз руының атымен Қырғызкөл деп аталып кеткен. Маңайында жайқалған алма бағы орналасқан. Сайқұдық атты құдығы, Байырбұлақ атты мөлдір бұлағы, Амансай атты су қоймасы бар.

Қыстақтары: Амансай, Бөгет, Каминтерн, Қамыстыкөл, Талдыкөл, Ордаш қора, Шіліктікөл.

Сайлары: Атансай, Қарағандысай, Қайындысай.

Таулары: Бәсен тауы, Қызыладыр тауы.

Мұғалжар ауданыңдағы тамаша жерлердің бірі Орқаш аумағындағы бекітулі емес құмдар мен қарағайлы орман.


Территорияның геологиялық құрылысында мезозойдың және кайнозойдың сазды және құмды сазды жыныстары кездеседі. Жазықтықты құрайтын құмдар және саздақтар, тастар және қиыршық тастар бор және палеогенің жыныстарының бетінде орналасқан. Эолды массивтер қазіргі кезде өзгеріске ұшыраған ерте және орта төрттік кезеңдегі аллювиальді шөгінділерден айырлған ежелгі өзен аңғарларының өлшемдері және орындарын айқындайды.

Төбелі жартылай бекулі құмдар жазықтықтардың маңында орналасқан және уақытыша су арналарымен , жыралармен тілім делген. Абсолюттік биіктігі -300-400 м. Құмдар жартылай бекулі және бекулі емес, желденетін болып келеді. Маңындағы жазықтық жалпақ , еністі және әлсіз тілімденген. Климаты шұғыл континентті , жоғары жаз температураларымен сипатталады. Шілде айының орташа температурасы +23+24 °С және жұмсақ қыспен ерекшеленеді +14+16°С. Ауаның орташа жылдық температурасы +3+6°С. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері 200-240мм; аязсыз мезгілдің ұзақтығы 160-180 күн. Желдің орташа жылдық жылдамдығы 4-5 м/сек, негізінен оңтүстік және оңтүстік бағыттағы желдер басым болып келеді.

Беткі сулары Ащысай және Шиелі өзендерінің бастауларымен , үлкен емес көлдермен, уақытша арналармен сипатталады. Ұсақ көлдер өзен аңғарларына тән болып келеді. Көлдерде тоғайлы және шалғынды өсімдіктер таралған . жер асты сулары эолды шөгінділерде 0,5 -1 м тереңдікте , ал төбелер астында 5-15 м тереңдікте шоғырланады.

Топырақ жамылғысы төбелі, жартылай бекулі құмдар және ашық қызғылт топырағымен сипатталады. Құмдарда гинетикалық горизонттар мүлдем байқалмайды. Грунт суларының жақын орналасу жерлерінде және олардың жер бетіне шыққан аймақтарында шалғын- батпақты топырақтар түзіледі. Гумус горизонтының қалындығы шамамен 50 см .[5]


«Орқаш» табиғи қаумалысына сипаттама


Мұз басу дәуірінен кейінгі табиғи процестердің әсерінен, өркеш - өркеш жоталар қалыптасып, осы жоталарда қайын – тал, терегі аралас шоқ орман бой көрсете бастайды.

Ауылдың шет жолында «Орқаш» табиғи қорықшасы Ор, Жем, Темір өзендерінің су айрығында орналасқан. Орқаш табиғи қорықшасына облысымыздың , ауданымыздың өлкетанушылары, қонақтары келіп тұрады. Газет бетіне шыққан бір материалдардан мынандай мақалаға көзіміз түсті.

«Ақтөбеде «Қырандар мекеніне» апаратын туристтік бағыт ашылды. Мұғалжар ауданының тарихи, мәдени және табиғат ескерткіштері – қазақ жерінің байлығы, ғажайыптары. Туристтік сапар Көтібар батыр кесенесінен басталды. Ата – баба рухына тағзым еткен тілшілер, туризм саласынынң мамандары мен студенттері алыс жолға бет алды. Жолдар бір ауылдан екінші елді - мекенге жеткізді. Көлдің жағасында, орман саясында орналасқан ауылдардың күйі әртүрлі. Одан әрі бұл жолда бір кездері Құдайберген Жұбанов атын терекке байлап, пойызбен оқуға аттанып кететін, аулдастары жыр етіп айтатын Жұрын стансасының, Орқаш ауылының үстімен өттік. Қырандар мекеніне барған сәтте артта қалып, табиғаттың тірлігіне тәнті болдық. Бұл жердегі тарихи ескерткіш саяхаттанушылады қызықтыра түсті. Одан әрі бағытымыз «Орқаш» табиғи қорықшасы болатын. Орқаш табиғи қорықшасына жеткенен соң , бағдарламаға қатысушылар алыстан бір бөлек ну орман болып ерекшеленіп тұрған қорықшаның қасына барып, іш жағын араладық. Барғандардың айтуы бойынша, өткен ғасырдың басында, төңкерістен бұрын егілген қайын мен көктерек ұщтасып, басқа да табиғи ағаштармен біте қайнасып кеткен...» [6]

Орқаш табиғи қорықшасының өсімдіктері жусанды селеулі, шөл бұталары және дала шымды қуымдастықтарымен құралған кешендерден тұрады. Дала қауыздықтары ішінен басым түрлері: боз, бетеге, селеу, қылқан, шөлді және гибритті еркек шөп. Шөлді қауымдастықтар арасынан Лерх, аз гүлді, селитрлі және сортанды жусандар, алабұта, бұйырғын, көкпек және т.б басым болып келеді. Бірігей орман массивтері қайыннан, көктеректен, қарағайдан, шегіршіннен, талдан және шалғынды әр келкі шөптесіндерден тұрады.

Орманның шөп жамылғысы әртүрлі шөптерге бай бұл жерде кәдімгі мыңжылдық, алтыжапырақты шегіршін, сары маралоты, баршынгүл тағы басқалары бар.

Кәдімгі мыңжылдық- көпжылдық шөптесін өсімдік. Тамырсабағы көлденең орналасқан, жіңішке. Биіктігі 20-60 см, сабақтары тік, бұтақталған. Қолданылуы: Мыңжапырақ шөбінің тұндырмасы жатырдан қан кеткенде қан тоқтату үшін қолданылады. Жинақтары тәбетті арттыру үшін, геморройға қарсы, өт айдайтын дәрі ретінде қолданылады.

Шегіршін— шегіршіндер тұқымдасына жататын, жапырақтары маусым сайын жаңарып тұратын сүректі өсімдіктердің бір туысы. Мұның ұзындығы 20—30 метрден асатын үлкен ағаш, 400 жылға дейін өсіп тұрады. Құм шегіршін.

Маралоты- сарғалдақтар тұқымдасына жататын көпжылдық шөп өсімдігі. Сабағы бұтақтанып тік өседі, гүлі сарғыш түсті. Ормандарда, шіліктерде және тау теріскейлерінде өседі. Маралотының мүшелерінен де бояу шығады, онымен түрліше заттарды бояуға болады.

Облысқа сирек болып саналатын өсімдіктер өседі - батпақты щиповник, шытырлақ. Бұнда Қазақстанда өте сирек кездесетін Қызыл кітапқа енген дөңгелек жапырақты шықшөп өседі, ол жәндікпен қоректенетін өсімдік, трофты батпақтарда , кейде ылғалды құмдарда таралған.

Бауырмен жорғалаушылардың негізін шөлді кешен құрайды: орта азиялық тасбақа, шиқылдауық, сұр және каспийлі гекондар, дала агамасы, шапшан кесіртке, жебелі жылан және тағы басқа. Ойпаттарда, уақытша арналардың аңғарларында, көлдерде – көл және үшкір тұмсықты бақалар, сарымсақшы мекендейді.

Сүтқоректілер ішінен кемірушілер тобы ең көп санды болып келеді, олардың қатарына жіңішке аяқты сұртышқан, кіші қосаяқ, Северцов қосаяғы, тамарисков құмтышқаны және т.б кездеседі. Бұғы елек, қабан мекендейді.

Құстар дүниесіне өте бай болып келеді.

Жерге ұя салатын құстардың 8 түрі кездеседі:

Қара лашын,Кәдімгі көксары, Ақсары, Дала бүркіті, Батпақ құладыны, Шалғындық құладыны, Қарақұс, Кәдімгі бөктері

Тырна тұқымдастарынан 3 түрі:

  1. Ақбас тырна, Безгелдек, Джек тырнасы

Дыбыстағыш құстың 4 түрі:

  1. Жылқышы, Қызғыш, Қарала шалшықшы, Шәушірілдек

Бұлдырықтың 2 түрі:

  1. Қарабауыр бұлдырық, Қолаңтөс

Үкінің 2 түрі:

  1. Үкі, Үй байғызы

Қарға тұқымдасының 2 түрі:

  1. Көкқарға, 2.Сарыбоздақ

Торғайлардың 20 түрі кездеседі. Міне осындай алуан түрлі құстарымен орман іші әсем дауыстарға толы.[5]

Ақтөбе облысының әкімі А. Мұхамбетовтың 2012 жылғы 4 маусым айындағы қабылданған қаулысы бойынша «Орқаш» қаумалысының ауданы 33395 га жерде құрайтын аумақты шартты түрде қорғауға алынсын делінген (қосымша №1)

Мұғалжар ауданының археологиялық ескерткіштерінің сипаттамасы


Археологиялық қазба жұмыстарының дәлелдемелері сонау сақ, сармат тайпаларының жаугершілік заманда осы Орқаш өнірінде де қоныс тепкендігін, қиян – кескі соғыстары өткендігін айғақтайды. Сонымен қатар қазба жұмыстары кезінде табылған жауынгер мәйіті, оның Алтын Орда хандық құрған дәуірімен тұтас екендігін дәлелдеді.

Ақтөбе облысының аумағы соның ішінде Мұғалжар ауданы палеолит дәуірінің ерте кезеңдерінің өзінде қоныстана басталды. Оны Мұғалжар таулары сілімдерінен ашылған осы дәуірден қалған көптеген ескерткіштердер дәлелдейді. Мезолит дәуірінде адамзат тарихының жаңа сатысы басталды. Көшпелі өмір салтында қажетті құралдардың жаңа түрлерін (садақ, жебе, геометриялық микролиттер) пайдалана бастады. Мезолит дәуірінен табылған ескерткіштері бірлі – жарым тұрақтармен және бұйымдардың ас санды орындарымен берілген. Олар көлдер, өзен және бұлақтардың жағалауларындағы құм төбелерге байланысты орналасқан. Мұғалжар ауданында Қаракөл орнын көрсетуге болады. Ол өзі аттас мекеннен оңтүстік –шығысқа қарай орналасқан. Күндізгі жер бетінен әртүрлі рендегі шақпақтас жынысы мен шақпақтасты құмтастардан 14 тас бұйымдар жинақталды. Алғашқы жару техникасы екі конус тәрізді микронуклеустермен, екі техникалық жарықшақтармен және нуклеус тәріздес сынықтармен берілген. Бұл орынды мезолит дәуірі аңшыларының сыналардан құралдарын әзірлеген шағын тұрақ деп қабылдауға болады.

1955-1960 жж. Аралығында облыс территориясында КСРО ҒА материалдық мәдениет тарихы институтының экспедициясы жұмыс жүргезеді. Тың және тыңайған жерлерді игеруге бөлінген аумақты барлау мақсатында Батыс Қазақстандық топты В.С.Сорокин басқарады. Нәтижесінде әр түрлі уақытқа жататын 19 ескерткіш анықталады. Ақжар, Өлке І,ІІ, Тастыбұтақ, Бөгет І,ІІ қоныстарының қазба жұмыстарының нәтижесінде қола дәуірінен бастап ортағасырларға дейінгі кезеңге жататын материалдар алынды. (Сорокин В.С. 1955, 1958, 1962)

Осы жылдары Жем өзенінің жоғарғы және орта ағысы бойындағы ескерткіштерді КСРО ҒА Материалдық мәдениет тарихы институтының Е.Е Кузьмин басқарған келесі бір экспедициясы зерттеді. 1958 жылы бұл топ қазіргі Қаракөл ауылы маңындағы ескерткіштерді тіркеді.

Мұғалжар ауданының териториясында археологиялық жұмыстар өткен ғасырдын 90 – жылдары да жалғасын тапты. 1991 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының тобы, Ор мен Елек өзендер аралығының аумағында барлауларын жүргізіп, Орқаш, Тасбұлақ, Теңізбай және тағы басқа кешендерді ашты. (Гуцалов С.Ю., 1991) келесі 1992 жылы Орқаш қорымында қазба жұмыстары жүргізілді. Ескерткіш Қаракөл ауылынан солтүстік – шығысқа қарай орналасқан суайрық төбеде тұрғызылған 39 оба, оның ішінде 12 обада зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы алғанда ескерткіш ерте темір дәуіріне жатады және б.з. VI-V ғғ бастап құрылған. Сондай-ақ ерте темір дәуірінің кешендерімен қатар кейінгі дәуірлерге және ортағасырларға жататын жерлеулер кездесті. (Гуцалов С.Ю. 1993)[5]


Мұғалжар ауданының археологиялық ескерткіштері


Қаракөл І - зират сопақша келген бойлық бағытында созылған биіктіктің үстінде орналасқан. Қаракөл ауылынан оңтүстік –шығысқа қарай, 4,6 шақырым жерде оңтүстік- батыс солтүстік – шығыс бағытында тізбектелген төрт обадан тұрады. Зираттың солтүстігңн ала аққайынды құмды еңістік орналасқан. Обалардың өлшемдері №1 оба 1,5*26м , №2 оба 0,7* 18м, №3 оба 0,3*22, №4 оба 0,5*22 м тиісінше. Ескерткіш 2010 жылы Ақтөбе облыстық тарих, этнография және археология орталығының экспедициясымен анықталды. (Қосымша №2)

Осы аталған тарихи деректерге көз жүгірте отырып ой сараптар болсақ, Орқаш өнірінің әлде де толық зерттелуді қажет ететін тарихи аймақ екендігі даусыз.


Ауылымыздың зиялы азаматтары


Қаракөл ауылы жөнінде айтқан кезде ағайынды Жұбановтарды атап кетпеуге болмайды. Себебі бұл округ Құдайберген Жұбанов есімімен аталады. Қаракөл ауылының орта мектебі әйгілі музыка зерттеушісі, музыка тарихшысы, дирежер, сазгер, Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, академик , профессор Ахмет Қуанұлы Жұбанов атында. Ұлы адамдар туралы сөз қозғағанда , әлбетте, оның туған жері, туған отаны туралы айтпай кетпеске еш болмайды. Бүкіл әлемге танымал Құдайберген мен Ахмет Жұбанов сияқты ірі тұлғалардың қасиетті осы өңірде туып өскендігін, біз, жерлестері, мақтанышпен айтамыз.

Жұрын ауылынан өткеннен кейін Қаракөл ауылына барар жерде жол оңға бұрылып қос ғұламанын туған ауылы Жаңатұрмысқа (ескі атауы Қосуақтам) осы күнге дейін бірнеше журналисттер жол тартты. Олардың негізгі мақсаттары атақты ғалым Құдайберген, композитор Ахмет, профессорлар Есет, Асқар және Жұбановтардың басқа да ұрпақтары су ішкен «Қуан құдығын» көргелі келеді. Қуан құдығының басынан көлбеп жатқан биік қыр бірден көзге түседі. Ауыл жақ беті – тік жар. Үстіндегі кейінірек салынған үйтамдар әріден байқалады. Басына барып, Қуан қорымына бағыштайды. Ескі бейіттер темір түстес қайрақ тастан қаланған. Әлі сол қалпында сақталған. Бұрынырақ Жолмырза қажы, Оразалы қажы, Бейбіт Орал келіп, бірі осы қорымнан бабаларын тапса, бірі жазуларға назар аударған. Балбалтас бәрін қорып, бәріне тілекші болып тұрғандай әсер қалдырады.

Ахмет Жұбанов – республикамыздағы бүкіл өнертану ғылымының жолбасшысы. Қазақ өнерінің Мәскеуде өткен тұңғыш онкүндігінде өзі құрған ұлттық оркестірдің атағын аспандатқан, операның шаңырағын көтеріп, қазақ музыкалық театрын құрған, Латиф Хамидимен қосылып жазған «Абай» операсы алпыс жыл бойы сахна төрінен түспей келе жатқан, «Төлеген Тоқтаров» операсының, «Абай» симфониялық поэмасының, сан алуан камералық, вокалдық шығармалардың, «Қарғаш», «Ақ көгершін» тәрізді ұмытылмас әндердің, тағы да басқа көптеген өнер туындыларының авторы.

Қаракөл ауылында орналасқан Ахмет Жұбанов орта мектебі аудан бойынша білім сапасы, тәрбие ісі жөнінен бастаушы мектептердің бірі. Ахмет атамыздың атына кір келтірмейік деген мақсатпен оқушылары барлығы алғыр, білімді, интеллектуалды, тәртіпті. Мектеп түлектері республикамыздың жоғарғы оқу орындарының грант иелері, республикамыздан тыс шет елдерде «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жатқан азаматтары да жетерлік. Мұхит асып, теңіз асып өз білімдерін сонау Америка материгінде Канада мемлекетінде, Еуропаның дамыған Аустрия елінде, республикамыздың шекералас Қытай мемлекетінде өз білімдерін шындап жүрген А.Жұбанов мектебінің оқушылары.

Қазіргі таңда мектеп жанында интернаты, асханасы, кітапханасы, мектеп мұражайы бар. Ахмет Жұбанов атындағы орта мектебінің ұжымында жоғарғы санатты мұғалімдер мен жас мамандар еңбек жолдарын өтеуде. Қаракөл ауылында акимат, мектеп, интернат, мәдениет үйі, асхана, «№7 Айгөлек» балабақшасы, Қаракөл ауылдық медициналық амбулаториясы жұмыс жасайды.

Осы киелі мекенде еңбек етіп ауылдың көркеюіне өз үлестерін қосқан азамат азаматшаларымызды атап кету міндетіміз. Қандай жер болмасын сол жерде тұратын халықпен, адамдарымен тығыз байланысты болады.

Қазір еліміз де қыз – келіншектер араласпайтын сала жоққа тән. Өз мамандықтары бойынша жемісті еңбек етіп, билік тізгінін ұстап, ел басқару ісіне араласып жүргендері қаншама?! Алайда , жыл он екі ай бойы «ат белінен» түсірмейтін, қарбалас шаруалары үзілмейтін ауыл шаруашылығы өндірісін басқарып жүргендері сирек. Сол сиректердің қатарында Ақтөбе өңіріне , қала берді елімізге белгілі ауыл шаруашылығы өндірісінің шебер ұйымдастырушысы, Мұғалжар ауданы «Орқаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ағлен Ермағамбетованы атап кетуге әбден болады. Ақтөбе педагогикалық училищесін(1968), Орал педагогикалық институтын, Темір ауыл шаруашылық техникумын бітірді. 1968-1973 жылдары Орқаш орта мектебінде мұғалім, 1973-1984 жылдары Орқаш селолық кеңесі аткомының төрайымы, «Орқаш» кеншары парткомының хатшысы, 1984-1994 жылдары осы кеңшардың директоры. 1994 ж Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1995 жылдан «Орқаш» өндірістік кооперативті басқармасының төрайымы. Уақыт талабына сай ауыл шаруашылық өндірісін ұйымдастырудағы шеберлігі үшін «Құрмет белгісі» орденімен (1981) , Қазақстан Республикасының Президентінің Құрмет грамотасымен (1992) марапатталған.

Құлмағамбетов Асылбек Қалдыбайұлы (1.08.1962жылы Орқаш ауылында дүниеге келген)– Қазақстан Республикасының палуаны(1995 ж). 1990 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетін бітірген. 1985-1986 жылы қазақша күрестен Қазақстан Республикасының спорт шебері , самбо күресі мен дзюдодан КСРО спорт шебері нормаларын орындаған. Самбодан ҚР-ның халықаралық дәрежедегі ұлттық төрешісі. 1998-1999 жылдары дүние жүзінің үздік «Алтын ысқырғышы» төрешісі атағын алған. Басқада айтарлық азаматтарымыз жетерлік.


Қорытынды

Қорыта келе, мектеп табалдырығынан бері өз қызығушылығым осы өз туған жерімді танып білсем деген оймен, өзімнің атамның айтқан әңгімелерін әрдайым қағаз бетіне түсіріп, зерттеп жүремін. Зерттеулерім арқылы Қаракөл елді – мекенінің географиялық орнын, тарихын, геологиялық, климаттық жағдайларының халық үшін маңызын, өзен көлдерінің шаруашылыққа пайдасын, әсем табиғатында мекен ететін жануарларымен өсімдіктерінің маңызын анықтап, әліде археологиялық зерттеулер жүргізуге болатын аймақтарға назар салып, осы аймаққа өз үлесін қосқан ұлы тұлғалар туралы зерттеп білдім.

Ауылымды аралап үлкен қарт – қарияларымыздан, аудандық, ауылдық кітапханалардан көп мәліметтер жинап қорытындыладым. Оқулықтарда берілген мәліметтерді сол аталған аймақтарға бару арқылы табиғат ерекшеліктерін, ауылымның кереметтерін көріп, одан бетер менің Отаныма, туған жеріме деген сүйіспеншілігім артты. Болашақта әлі де осы тақырыпты жалғастырып ауылымның өзен – көлдерінің, тау- тастарының топонимикасын зерттеп өлкетану саласына кішкене болсын өз үлесімді қосқым келеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев өзінің стратегиялық бағдарламаларында әрдайым ау­ыл­ды өркендетуге, ауыл­­­шар­уа­шылығын индустриялық-инно­вациялық жолмен дамытуға ерекше маңыз беретіндігін жақсы білеміз. «Ауыл амандығы – елдің амандығы» деген сөздің жаны бар. Мемлекетімізде ауыл шаруашылығын, ауыл мәдениетін көтеруге қыруар қаражат бөліп, ауылдық жерлерде мектептер,­ ауруханалар, мәдениет ошақ­тары, басқа да әлеуметтік нысандар тұрғызылып, ауыл халқын қолдау мақсатындағы ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі жаһандануға бет бұрған әлемде біз төл руханиятымызды дамытып, ауылды сақтау – ел мен жерді сақтаудың ата-бабаларымыз көрсеткен дана жолы деп қабылдауымыз керек. Нұрсұлтан Әбішұлы 1999 жылды «Ұрпақтар сабақ­тастығына» арнағаны ел есінде. Ақсақалдан балаға дейінгі ұрпақ- аралық байланысты қамтамасыз еткен тарихи тамырлар тереңдей беруі керек.

Ұсыныс:

  1. Қаракөл ауылы туралы өз замандастарым, құрбы –құрдастарым оқып – біліп жүрсе екен деймін.

  2. География, тарих, әдебиет, биология пәндерінде өз өлкеміздің осы материалдары қосымша қолданылса.

  3. Аудандық, облысытық энциклопедияларға барлық ауылдардың географиясы, тарихы туралы жазылса өскелең ұрпаққа көп пайдасы тиер еді.











Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. Ақтөбе облысының географиялық атауларының әліпбилік анықтамалығы, Ақтөбе 2005 ж, 45-49 беттер[1]

  2. Мұғалжар энциклопедиясы [2]

  3. Ауылдық әкімшілік орталығының мәліметтері[3]

  4. «Мұғалжар» газеті 27 наурыз 2009 жыл №34 [4]

  5. «Ақтөбе облысының тарихи – мәдени және табиғат мұралары ескрткіштері» , Мұғалжар ауданы , Ақтөбе, 2013[5]

  6. «Ақтөбе» облыстық қоғамдық- саяси газет. Мақала «Мұғалжар кереметтері» авторы Ардақ Қонақбаева [6]

  7. «Мұғалжар» газеті 14.01.2006 ж авторы Қ.Қуаныш 4-5 беттер[7]














































































12