Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының
«Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжі» КМҚК
ТОП САҒАТЫ
Тақырыбы: «Біз өмірге ғашықпыз»
Дайындаған: 16 IS-IX
тобының топ жетекшісі
А.С.Ихсанова
2018-2019 оқу жылы
«Біз өмірге ғашықпыз» тәрбие сағаты
І Ұйымдастыру кезеңі: Психологиялық дайындық “Шаттық шеңбері”
Сәлеметсіздерме! Бүгінгі топ сағатындада біз сіздерге жақсы көңіл -күй сыйлағымыз келеді. Бүгінгі кездесуімізді Тұманбай Молдағалиев ағамыздың өлеңімен ашқым келіп отыр.
Адам күліп қарсы алады таң нұрын,
Адам жырлап жөнелтеді әр күнін.
Сәл қайғырса, ол ұғына түседі,
Дүниенің кеңдігі мен тарлығын.
Адам күліп қарсы алады таң нұрын,
Адам жырлап ұзартады әр күнін.
Сәл қуанса, шығарады ол естен,
Дүниенің кеңдігі мен тарлығын.
- Осы өлеңде не жайлы жырлаған?
Әрине,өмір жайында. Ендеше бүгінгі біздің топ сағатымыздың тақырыбы БІЗ ӨМІРГЕ ҒАШЫҚПЫЗ! - деп аталады.
ІІ. Негізгі бөлім
1. «Мен өмірге ғашықпын» оқушы шығармашылығы.
Өмір – өзен ағып жатыр, тынбайды,
Өмір болмас қасіретсіз, мұң қайғы,
Сондықтан да, өз-өзіңе абай бол,
Өмір сені сонда ғана шыңдайды- деп ақындар жырлағандай, Өмір – арнасы кең өзен, сол өзеннен өз арнаңды тауып ағу сенің басты мақсатың.
Ал, «өмір» деген сөзді қалай түсінесіндер?
Өмірдің мәні неде?
Өмір адамға несімен қымбат?
Осы сұрақтардың жауабын алу үшін келесі сөзді оқушыларымызға берсек, Өмір туралы білетін шығармаларын, өз ойларын ортаға салып айта отырса.
Өмір деген - Алланың берген сыйы. Өмірдің ащы да, тәтті де кезеңдері болады. Бұл кезеңдерді жеңе білу керек. Адамзат өмірге келген соң өмірін қалай болса солай өткізбеуі тиіс. Яғни адам саналы , жарқын, өмір сүруі тиіс. Адам кез келген мақсатқа қол жеткізе алады. Тек соған ерінбей еңбек етсе болды. Мен де өмірімнің мәні болсын, бұл өмірден алар еншімді ала өтсем деп өмір сүремін. Еліме елеулі, халқыма қалаулы егемен еліміздің ертеңі болсам деген үкілі үмітімнің үзілмеуін қалаймын, және сол үшін күресемін. Жалғанда қалмай, жаныма жарық түсірер мақсат қою адамды алға жетелейтін секілді. «Шіркін!»- дейсің тек қана, жаһанға жар салып, барша адамзатты да осы ізгі ниетімнің жолына салсам ғой,- деп қиялдаймын. Мен өмірге ғашықтығымды осылай дәлелдесем деймін. Мен өмірге ғашықпын. Тек ӨМІРГЕ ғана!!!
Адам өмірге бір рет келеді, бір рет кетеді. Сол келіп кеткен кезінде көп нәрсені білесің, үйренесің. Бір сөзбен айтқанда өмір - ол емтихан секілді. Емтиханды өткіздің бақыт құшағына бөленесің. Тапсыра алмадың бағың ары қарай өзі шешеді. Өмір – арнасы кең өзен, сол өзеннен өз арнаңды тауып ағу сенің басты мақсатың. Ал өз мақсатыңа жету оңай емес, ол үшін қандай да бір қиындықтарға, кедергілерге кездесуің мүмкін. Ал енді біреулерге қиындықтар кездеспеуі де мүмкін. Сондай кездерде біреулерге қызғаншақтық, көре алмаушылық танытпа, өз мақсатың үшін күресе біл. Өзіңнің күшті жақтарыңды көрсет, әлсіздік, шарасыздық танытпа. Сен өз өмірің үшін өмір сүруге тиіссің.
Өмір дегеніміз – адам баласының туған күнінен бастап, осы күнге дейінгі жүрген жолы. Өмір былайша алып қарағанда төрт-ақ әріптен тұратын сөз. Алайда осынау сөзге қаншама ұғым сыйып жатыр десеңізші. Оның әрбір мезеті сынақтан тұрады. Қиындық пен қуаныш кезектесіп жетіп отырады. Бір ағамыз: “Өмір – сырын білгізбейтін тентек ат секілді, қай жағыңнан келіп тебетінін білмей де қаласың” деген екен.Иә, шынында да солай. Басқаша алып қарағанда өмір шеті де, шегі де көрінбейтін үлкен өзен тәрізді. Ал, біз сол өзенде ақырын жүзген қайықпыз Олай болса, Өмір адамға бірақ рет беріледі. Осы қамшының сабындай қысқа ғана өмірде бір-бірімізбен тек сыйласып өткенге не жетсін.
Өмір дегенің – Өмір сенің көмегіңе мұқтаж болып, іздеген жандардың санымен немесе өмірлік серік ретінде таңдаған жанмен өрнектейтін болсаң қателескен екенсің. Өмір санға толы есеп емес. Өмірді бағалы киіммен, соңғы шаш үлгісімен, терісінің түсімен, ата-тегімен байланыстыратындар бар. Сосын тәлім алып жатқан оқу орындарымен, қызмет орнын өмір деп түсінетіндер бар. Өмірді жалғыздық немесе көпшіліктің ортасы деп ұғатындар да бар. Бірақ өмір дегеніміз бұл емес! Өмір дегенің дос-жаранға қамқор болу, санаңды торлаған тұманды ойларды шуақты қуанышқа ауыстыра білуің. Қызғаныштың отын бүркіп, сенім үдесінен шыға білу. Уәделі сөздеріңе берік болуың. Кісінің сыртқы емес, ішкі болмысына үңіліп қадірлеу. Ең бастысы, өзгеге жақсылық тілеуші бола білу.
Тамаша өмір сүрудің 7 кілті.
1. Өзіңді таны. Өз ішіңе саяхат жаса. Күнделік жаз. Жүрегің, көңілің, ар-ұжданың не дейді? Не нәрсені алдыңғы қатарда ұстайды? Мына әлемге терең үңіліп, сыры мен қырын меңгерудің жолы ең алдымен ішкі жан дүниеңе сапар шегумен басталады.
2. Өмірде шыншыл, әділ бол да дұрыс ойла. Жүрегіңнің даусына құлақ сал да соны қорға. Өмірде бір нәрселерді қорғау үшін ат салыспасаң, барлық нәрсе сенің мәртебеңді түсіреді.
3. Үнді ырғаққа айналдырған ғашық-дүр. Ғашықтық, сүйіспеншілік болмаса, тартымдылық кем болса өмірің құрғап қалған бұтақтан ешқандай айырмашылығы қалмайды.
4. Істеген амалдарыңның барлығы ең алдымен қиял-ойдан бастау алады. Өмір деген барлық адамдар үшін, ойлағандарын жүзеге асыру, істеген ісінің әрі істейтін ісінің ең дұрысына жету.
5. Жеңіс қайсарлықты қажет етеді. Бастапқы кездегі қайсарлық кейіннен сенімге айналады. Сенім адам бойындағы қызметке деген ынтаны ояндырғанда, мүмкіндіктер одан сайын жоғарлай береді.
6. Өмір жылдам қозғалыс, шешім мен шешімді болуды талап етеді. Күдіктенгендер артта қалады. Өмірдің үстімен жүрмесең, өмір сенің үстіңнен жүретін болады.
7. Тек қана ақылды, саналы әрі ұқыпты әрекеттердің нәтижесінде үлкен жетістіктерге жетуге болады. Алмасты жонбасаң қолыңда тек тастың түйірі қалады. Шүкір етуді ұмытпау керек!
Бейне жазба «Өмір – деген тамаша»
Ей, өмір тамсандырған талайын,
Жарыстырған пенделікпен маңайын.
Саған ғашық мынау әлем, кейбіреу,
Сезбейді ғой ғашық болған талчайың.
«Біз өмірге ғашықпыз» тақырыбына дайындалған бейне жазбаны тамашалаңыздар.
Экранда «Өмір ғажайып» атты бейне жазба көрсетілді.
3. «Поэзия әлемі»
Өмір деген тұрмайды: қап-қарадан
Өмір деген тұрады: ақ - қарадан
Ақ - Қара, екі арасын ашып өтіп
Арымен өз бақытын тапқан Адам!
Өмір - сенің жарқылдайтын аспаның,
Өмір – сенің сарқылмайтын дастаның.
Қиыншылық түскен кезде басыңа,
Дәл бүгінгі қорған болсын қалқаның.
5. Ой қозғау «Ұлылардан ұлағат»
«Жақсының жақсылығын айт - нұры тассын,
Жаманның жамандығын айт - құты қашсын» - дейді.
Адам жаман - жақсыны ажырата біліп, жаманнан бойын аулақ ұстап, бойына жақсы қасиеттерді дарыта алғанда ғана дұрыс өмірлік айқындамасын таба алады.
Өмір жолы көшкен керуен соқпағы тәрізді. Оның бұлтарысы да, жазығы да көп. Асуы қиын асқарымен қатар, төмен қарай құлдырап өтер ылдиы да болады. Керуен жолы кейде ұзақ, кейде қысқа келеді. Бірақ қауіп-қатерсіз, қиындықсыз болмайды. Ойламаған жерден жел тұрып, сұрапыл дауыл соғады, қалың жауын нөсерлей құйып, бұрын суы толарсақтан келер тайыз жыра, кенет сарылдай аққан, өткел бермес, долы өзенге айналады, көшті бөгейді. Бұндай бөгеттен тек шаршамайтын, талмайтын керуен ғана өте алады. Тоқтамай көшіп өзінің деген жеріне жетеді.
І. Есенберлин.
Көз алдымнан өзіме сонша таныс жиырма жылдық өмірім өтті. Біріне-бірі жалғасып келіп, біріне-бірі айқасып жатқан әдемі шақ, қымбат күндер жүрегіңді жүз бұрап, сол күйінде қайтадан есіңе түседі. Бір тізбегі – сегіз жылдық бақытты шағың, бала кезің; одан соң оқумен өткен он жылың, одан кейін – армия, майдан. Шынын айтқанда менің өмірім – қазақтың жас жігітінің өмірі жаңа ғана басталды.
Б.Бұлқышев
Бақыт әркімнің өзіне, өмір сүрген ортасына, жағдайға байланысты. «Бақыттымын» деп паңданып, аяғын еріне басып жүрген көп кісілердің бақытсыз екенін өздері сезбеген. Тарихта дәулетке, атаққа паңданып, мәз болып, өмірін ақымақтықпен өткізгендер аз емес…
Б.Момышұлы
Дән көтерген құмырысқаға тимеңдерші, алысқаны өмір ғой, өмір сондай абзал ғой. Фирдоуси
Топ жетекшісі: А.С.Ихсанова