Абайдың махаббат лирикасы
«Абай – адамзаттық өркениет тарихындағы
ұлы ақын. Абай – қазақтың ғана емес,
адамзаттың ақыны»
(Федерико Майор,
ЮНЕСКО-ның бас директоры, ақын)
1995 жылы ЮНЕСКО-ның ұйғарымы бойынша бүкіл прогресшіл адамзат қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ағартушы, ұлы ақын, ақиық композитор Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерей - тойын атап өтті.
Қазақ сахарасының өзіндей алып, өзіндей ұлы ғажайып таланттың иесі, әлем әдебиетінің жарық жұлдыздарының бірі – Абай Құнанбайұлы 1845 жылы бұрынғы Қарқаралы ауданына қарасты Шыңғыс тауының баурайында дүниеге келген. Шын аты - Ибраһим. Әжесі еркелетіп «Абай» деп атап кеткен. Орта жүз Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан билер әулетінен. Әкесі Құнанбай болыс, аға сұлтандық қызметтер атқарған. Арғы аталары Өскенбай мен Ырғызбай да өз заманының белгілі билері болған. Құнанбайдың жеті баласының ішінде Абай ерте жасынан көзге түскен. Бала Абай жасынан өлең сөзге әуес, әжесі Зере мен анасы Ұлжанның ертегі -аңыздарын барлық ынтасымен тыңдайтын болған.
Жас кезінен өлең сөзге таланты аңғарылғанымен Абайдың нағыз ақын ретінде қалыптасып, қазақ әдебиетін дүр сілкіндірер туындылары ол қырық жастан асқанда дүниеге келеді.
Бүгінгі күнде Абай шығармалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылып, әлем әдебиетінде өз орнын алды. Оның шығармалар топтамалары қытай, ағылшын, орыс тілдерінде жарық көрді.
Абай туралы тоқтаусыз сөйлеуге болады. Бірақ, біздің бүгінгі тақырыбымыз ұлы ақынның махаббат лирикасы.
Абай өлеңдерінің тақырыбы әртүрлі - өмірдің барлық саласын қамтиды:
мәдениет пен білімге арналған өлеңдері: «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» және т.б.;
келешек ұрпаққа үміті: «Әсемпаз болма әрнеге»;
өлеңнің өзіне арналған өлеңдері: «Өлең – сөздің патшасы»;
табиғат лирикасы: «Жаз», «Қыс», «Күз» және т.б.;
адамның мінез-құлықтарына арналған өлеңдері: «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат».
Осы бай лириканың ішінде ақынның махаббат лирикасы өз алдына бір әлем. «Жанға жайлы, жүрекке жылы» тиетін махаббат лирикасы Абайды әр уақыттың жастарына замандас етеді. Абай кіршіксіз, адал махаббатты суреттейді. Өлеңдері арқылы өмір сыры, адам сезімі, көңіл-күйі туралы ой толғайды. Ол қазақ әдебиетін жоғары сапалы махаббат лирикасымен жаңартты.
Абай «махаббат» тақырыбын жоғары эстетикалық тақырып деңгейіне көтерді. Махаббатты «дене сезімінен» «сана сезімі» деңгейіне көтерді.
«Махаббатсыз дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар»,- деп шынайы махаббатты қастерлеген Абай қазақ жастарының ғашықтық сезімін оята түсу ниетімен А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романындағы Онегин мен Татьянаның арасындағы махаббатты үлгіге тартып, олардың сүйіспеншілік хаттарын қазақ тіліне шебер аударды. Осы тақырыпта көптеген көркем өлеңдер, ғажайып сазды әндер шығарады: «Амал жоқ, қайттым білдірмей» (Татьянаның хатыы), «Тәңірі қосқан жар едің сен» (Татьянаның монологы), Онегиннің Татьянаға жауабы. Бұл әндер – қазақ ұлттық музыка мәдениетіне қосылған асыл қазына. Өз әндерінде Абай жаңа өлшем, ерекше әуен мен ырғақ, жаңа үннің бірнеше түрлерін қолданған.
Ал, «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің» әндерінің мәтіні негізінен шығыс әдебиетіндегі махаббат лирикасы үлгісінде жазылған.
«Бұл қылған зарым
Барса жардың маңына.
Ол қылған дәрім
Ғашығымның жанына»,- деген жолдар Омар Хаямның, Науаидің мұңды махаббат туындыларын еске түсіреді.
«Айттым сәлем, қаламқас» әнінің мәтіні өзгешелеу. Бұл әнде Абайдың өзіндік ырғағы мен әуені, өзіндік махаббат сезімі өз бейнесін тапқан. Махаббаты жауапсыз болса да өз сезіміне берік, адал ғашық образы көз алдымызға келеді.
«Сенен артық жан тумас,
Туса туар артылмас.
Бір өзіңнен басқаға
Ынтықтығым айтылмас.»
«Көрмесем де, көрсем де,
Көңілім сенен айрылмас,»- дейді сенімді де ынтық ғашық. Бұл қазақ әдебиеті махаббат лирикасындағы жаңа сөз. Өзінің арманы орындалмасын, тілегіне жетпесін білсе де ғашығына деген сезімі өзгермейтінін айту - бұл сол замандағы қазақ әдебиетіндегі жаңалық еді.
«Көзімнің қарасы» әні ғашығына қолы жетпей, зарлап қалған ғашықтың зары. «Іштегі бітпес» «ғашықтық жарасын» жырлайтын ән. Ғашығын «көзінің қарасына» теңеу бұрын махаббат өлеңдерінде қолданылмаған теңеу. Сонымен қатар ғашық жан «әдеттен озбауды» да ойлайды. Неткен мәдениеттілік, ізеттілік десеңізші!
«Желсіз түнде жарық ай» әні табиғат лирикасына да, махаббат лирикасына да жатқызуға болатын ән. «Қалың ағаш жапырағы» сыбдырласып тұрса, ғашықтар «дүрсіл қағып жүрегі» «тамаққа кіріп иегі» біріне бірі сүйеніп тұр. Тағы қандай теңеу керек! Табиғатқа ғашықтық және жігіт пен қыздың ғашықтығы тығыз байланысып жатыр емес пе!
Ал, «Татьянаның хаты» әні болса - өз алдына бір дүние.
«Татьянаның сөзін кешелер аударып отырған. Абайдың көз алдына Тоғжан мен Салтанаттың жүзі кезек келгендей еді. Жалындап сүйсе де, өмір ырқына сабырлы ақылмен амалсыз көнгендер. Осы Татьянадай болып ғазиз бастарын тағдыр ноқтасына күйзеле жүріп көндірген жастар елестеген...
Сондықтан да соңғы бір-екі күн бойында Татьянаны ақын өз елінің тілімен сөйлете бастап еді. Сөйлеткен сайын Татьяна майда қоңыр үн тауып, бұл тілде де, нәзік көркем күй толғап ділмәр жас, шебер - шерлі боп барады. Қазір ұяң, майда қызға Пушкин жазғызған хат пен өзі жаздырған хатты салыстырды. Кей жерлері Пушкинше емес, қатаңдай. Бірақ ол оқушының шалалығына амалсыз берілген баж.»
Әрине, Абайдың туындысы аударма емес, көпшілік әдебиет сыншылары атап өткендей, жеке бір шығарма. Қазақ халқының салт-дәстүрі ескеріле отырып, ибалы жазылған қазақ қызының әні.
Абайдың әндерін алғашында 1920 жылы Бимбоэс А., соңынан А.Затаевич қағазға түсіріп жазып алады.
Ал нотаға түсіруді М.Әуезовтің ұсынуымен Латиф Хамиди алғаш жүзеге асырады.
Абайдың музыкалық мұрасын терең зерттеген ұлы қазақ композиторы А.Жұбанов «Абай тек өзінің музыкалық қабілетіне, бар даусына, домбыраға сүйенді» («Замана бұлбұлдары» А.1975 ж), себебі оның ноталық сауаты болмады» дейді.
Қазіргі заманауи қазақ музыка өнерінде Абайдың әндері цитата немесе интонациялық түрде кеңінен пайдаланылуда.
20 ғасырдың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев :
«Қуат алып Абайдың тіл - күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден»,- деп бекерге айтпаған. Ұлы ақын жырлаған сезімдер мен тұйғылар ешқашан да ескірмек емес.
Гүлім Исқақова
№10 Фарфоровый орта мектебінің
9 «А» сынып оқушысы