Сабақ жоспары
Сабақтың тақырыбы: «Махаббат- өмір көркі»
Сабақтың мақсаты:
1. Білімділік мақсаты: «Махаббат» құндылығы туралы түсініктерін кеңейту. Адам бойындағы махаббат сезімін, сүйіспеншілікті танып, оны құрмет тұтуға баулу;
2. Дамытушылық мақсаты: адамды, өмірді, табиғатты сүйе білуге, оны құрметтеп, қадір тұтуға баулу және өз сезімін дамытуына, сезім шуағынан ләззат алуға жетелеу;
3. Тәрбиелілік мақсаты: сүйңспеншілікке, сезімталдыққа, нәзіктілікке, өз қанағат сезімдерін басқара алуға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: тренинг - сабақ
Сабақтың әдісі: пікірлесу, сұрақ-жауап, ойын
Сабақтың көрнекілігі: ақ қағаз, гүл шоғыры, мультимедиялық тақта
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі:
Тренинг мақсатын хабарлап айту.
Сабақтың тақырыбын ашатындай «Махаббат-өмір көркі», «Махаббат – өмір нәрі» дегендей ұғымдарға сипаттама береміз. Махаббат сезімі туралы, оның неге әкелетіні, бұл өмірде неге қажетті екені сияқты сұрақтарды талқылаймыз. Сіздерге махаббат сөзінің түсінігін кеңейтетін, ол туралы ой дамытатын, өзінің өмірлік мәнін сезіндіретін түрлі жаттығулар мен тапсырмалар ұсынылады.
Тыныштық сәті
«О, махаббат аяулы асыл сезім,
Арнамаған бар ма екен саған сөзім.
Мекендеген жер үстін жан иесін
Баурамаған бар ма екен сірә кезің...» атты өлең жолдарымен оқушыларды шаттық шеңберіне жинап, музыкалық үнге ілесіп бір-бірлеріне махаббат сезімдерін тілеу.
ІІ. Жаңа сабақ:
Әңгімелесу.
Танысқан өлең бойынша сұрақ – жауап өткізіп, талқылау жасау.
1. Неліктен махаббат құдыретті де қасиетті ұғым?
2. «Ғашықтық» және «құштарлық» ұғымдарының мәнін қалай түсінесіз?
3. Туған жерге, туған елге деген махаббат сезімін қалай түсінесіз?
4. Махаббаттың сыйластық пен достыққа деген қандай байланысы бар?
5. Махаббат сезімінсіз адам бола ма?
6. Қандай құс махаббаттың белгісі деп аталады?
Махаббат түрлерімен танысу
Анаға балаға екі жастың отбасыңа отанға
Қабуснамадан алынған үзінді мазмұнын талқылау:
«Ей, перзентім, адамның табиғи сұлулығы болмаса, ғашық бола алмайды, өйткені махаббат дегеннің өзі табиғи сұлулыққ байланысты екені даусыз.
Табиғи сұлулық дегеніміз-оның ұнамдылығы. Әрбір ұнамды мінез-құлық пен келісімді көріктен әдемілік пайда болады».
Тапсырма: бір күн ішінде өз басынан кешкен жақсы көру және жек көру сезімдері туралы есеп жүргізіп, нәтижесін сұрыптап, көңіл-күйіңе әсері туралы тұжырым жасаңыздар.
Қатысушыларға дәптер, қалам беріледі. Олар өздерінің ой тұжырымдарын жазады.
Қажетті заттар: дәптер, медитациялық музыка.
ІІІ. Бекіту кезеңі:
Махаббат тарихына қысқаша шолу жасау. Сұрақ-жауап жүргізу. Атақты махаббат жұптарымен таныстыру:
Қозы Көрпеш- Қыз Жібек пен Еңлік-Кебек
Баян сұлу Төлеген
МАХАББАТ
Қалқаман- Ләйлі-Мәжнүн Ер Тарғын
Мамыр Ақжүніс
«Қызықты жағдаяттарды талдау»
1. Бір-бірін ұнатқан екі жас, яғни қыз бен жігіт көшеде келе жатады.Сол кезде қыз жігітті сынамақшы болып сұрақ қояды.
Сұрақ: жолдың шетінде бір құмыра жатады,қыз жігітке сен мені шын сүйсең осы құмыраның ішіне кіріп кет дейді.Сол кезде жігіт қызға жауабын қалай қайтарады?
2. Бейтаныс қыз бен жігіт өтіп бара жатқан екі автобустың екеуінде отырады.Сол кезде бір-бірін бақылап ғашық болып,танысып үлгіреді.Екі автобус екі жаққа жүріп кете береді.
Сұрақ: Сол екі ортада қалай танысып үлгіреді?
Тыныштық сәті: Оқушыларды ыңғайына қарай дұрыстап отырғызу, көздерін жауып, босаңсып отыруын қадағалау. Медитациялық музыка ойнап тұрады, мұғалім І.Есенберлиннің айтылған сөзін оқиды: «Жақсы көру деген бір ұлы қасиет. Кім өзінің ата-анасын,туған бауырларын жақсы көрмейді? Солар үшін жан аямай еңбек еткісі келмейді? Кім өзінің сүйген адамы үшін сын сағаты туса, жанын құрбан етуден бас тартады? Бұл-қайсымыздың болса да қолымыздан келетін іс.Бірақ біреуді жақсы көру, ұнату бар да, не болмаса оны шын жүректен өлердей сүю, онсыз өмір сүре алмайтындай ғашық болу бар. Жан-тәнімен сүю, ғашық болу меніңше адамда бір-ақ рет кездесетін қасиет.
Сен махаббаттан құмарлықты, еркек пен әйелдік сезімді алып тасташы, сонда бірін-бірі жақсы көрген екі адам бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын екі аққуға ұқсаса, міне,сонда ғана олар- шын ғашықтар»
Сұрақ-жауап:
-Ғашық болып көрдіңізбе?
-Өз махаббаттарыңның тарихын айтып беріңіздерші?
-Махаббат неден басталады?
-”Махаббатсыз өмір бос” деген пікірмен келісесіңдер ме?
-”Құлай сүю-ерлік”,-деген оймен келісер ме едіңіздер?
Шығармашылық жұмыс:
«Махаббат бейнесі» тақырыбында оқушылар өз пікірлері негізінде махаббат бейнесін салады.
Ойын: «Ашық хат» оқушылар бір-бірлеріне хат жазады.
Сахналау: «Махаббат диалогы»
-Құс боп ұшып жоғалсам не етер едің?
-Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
-Отқа түсіп өртенсем,не етер едің?
-Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
-Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
-Жел боп қуып, ақыры жетер едім.
-Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
-Қойшы,сәулем,бәрін де көтеремін.
ІV. Қорытындылау:
«Махаббат» сөзіне түйіндеме жасау.
Жүрек – менің алақаным достарыма ашылған.
Жүрек – менің жұдырығым жауларыма ашынған.
Жақынымды аялайды, мейірімін төгеді.
Жұрттың бәрін құшағыма алып, сүйе бергім келеді.
Жүрек жасыл жапырақтай жасарады көктемде.
Жазғы жаңбыр жұпар иісін төккенде.
Жүректен жүрекке. Медитациялық музыка. “Махаббат алауы”
Махаббат әрқашан біздің жүрегімізге от береді.
-Канекей,сол махаббат алауын жағайықшы.
Қараңдаршы, алау жарық болып жанып жатыр.
Бізге жылуын беріп тұр.
Бұл жарық жан-жағымызға жылу береді.
Бізге өте жақсы, өйткені біз-бірімізді сүйеміз.
Канекей, бір-бірімізге махаббат сөздерін айтайықшы.
«Бос микрофон» (рефлексия)
Еркін түрінде қатысушылар өзін – өзі тану пәнінен өткізілген тренинг-сабақтан алған әсерлері туралы пікір бөліседі.
Іңкәр көңіл, нәзік сезім
Сабақтың тақырыбы: Іңкәр көңіл, нәзік сезім
Сабақтың мақсаты: «Махаббат» адам өміріндегі шынайы сезім құдіреті, құштарлық ұғымдарды ажырата білу.
Міндеттері: - жастар арасындағы қарым - қатынас, сезім құдіретінің маңыздылығын сезіне білу.
- алғашқы сезім, құштарлық, сүйіспеншілік ұғымдарын ажырата білу.
- оқушыларды өз Отанын, туған жерін, ата - анасын сүюге тәрбиелеу.
Сабақтың әдісі: сұрақ – жауап, әңгімелесу, пікірлесу, топтық жұмыс, тест.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Сәлемдесу, оқушыларды түгелдеу.
1. «Амандасу» тренингі. «Бумба - Юмба тайпасы» жаттығуы.
Біз сендермен барлығымыз Бумба - Юмба тайпасына қоршауға түсіп қалдық. Ол тайпаның дәстүрі, салты бойынша былай амандасуымыз керек.
Қолымызды, алақанымызды 1 рет соққанда сендер қасыңызда тұрған адаммен бір - біріңіздің мұрындарыңызды ұстайсыздар. Белгі беріліп, алақандарыңызды 2 рет соққанда бір - біріңе арқаларыңды түйістіресіздер.
Рефлексия: Сіздер қандай сезімдесіздер?
Қандай әсер алдыңыздар?
Жыл мезгілдеріне қарай топқа бөлу. Әр топ өз көшбасшысын сайлайды.
2. Шаттық шеңбері.
«Гүлдәурен» әні мен сөзі М. Шахановтікі.
ІІ. Ойланайық, пікірлесейік.
- Алғашқы сезім, балауса махаббат дегенді қалай түсінеміз?
- Сезім әркез екіжақты бола ма?
- Қыз баланың бірінші болып, өз сезімін білдіруіне қалай қарайсыз?
- Егер біреуді ұнатсаңыз, сезіміңізді ашық айтуға дайынсыз ба?
- Сырыңызды кіммен бөліскен дұрыс деп ойлайсыз?
- Махаббат адамның лауазымына, байлығына, жасына байланысты өзгеруі мүмкін бе?
ІІІ. Оқу ақпараты.
Жас өспірімдер арасындағы достық кейде үлкен сезімге айналады. Ұл мен қыз бала арасындағы қарым - қатынасынан балауса махаббат ұялаған жан ерекше күйге бөлінеді. Ол ұнатқан адамына аса бір сүйіспеншілік көңілмен қарап, нәзік сезімін білдіруге тырысады.
ІV. Сергіту сәті.
V. Жаттығу ойлану.
Оқушы дәптеріндегі тапсырманы орындау.
- Достық қарым - қатынастың тез түсінесіз бе?
VI. Ойлан, тап.
«Жігіттің қызды жақсы көруінің себептері көп қой. Мен болсам, самғап келіп, бір курста мөлдіреп отырған 30 қызға тап болдым – 30 торға шырмалдым. Алғашқы күнгі мен партаға құлатып алған кішкентай сия - сауыттың әлсіз сылдыры бірте – бірте сол кісен шынжырының шылдырына айналған тәрізді. Осы оқиға сұлу әйелдің бетіндегі менмұндалап, мөлдіреп тұратын меңдей болып, өмір бойы көкейімде, көз алдымда қалды. Меңтайды шын жақсы көруімнің шеті» осы оқиғадан басталды – ау деймін.
- Бұл үзінді қай романнан алынған?
- Романның авторы кім?
VII. Пантамимо. – этюд.
І - топ. «Күнге қыздырынған мысық»
Шарты: Күнге қыздырынған мысықты бейнелеп көрсету.
ІІ - топ. «Ұйқыдағы мысық»
Шарты: Ұйықтап жатқан мысықты бейнеле.
ІІІ - топ. «Тәтті кәмпит»(қуанышты бейнелеу.)
Шарты: Бір оқушы шеңбер бойынша орналасқан оқушыларға кәмпит үлестіреді. Кәмпит алған оқушылар мимикамен ауыздарын қимылдатып, жымиып, кәмпиттің тәттілігін бейнелеу керек.
VIII. Шығармашылық жұмыс.
«Махаббатсыз дүние бос...» тақырыбына зерттеу, талдау жасаңыз.
Төмендегі берілген тапсырмаларды ретімен орындаңыз.
1 - кезең. «Махаббат» ұғымының мәнін анықтау.
2 - кезең. Ұқсас ұғымдарды іріктеу.
«Махаббат» ұғымына синоним ұғымдарын іріктеу.
3 - кезең. Қарсы ұғымдарды іріктеу.
«Махаббат» ұғымына антоним ұғымдарын іріктеу.
4 - кезең. Ұғымның адам өміріндегі мәнін анықтау үшін сұрақтар:
- Махаббаттың құндылығы неде?
- Адамға махаббат қаншалықты қажет?
- Махаббат адам бойында жақсы қасиеттердің қалыптасуына көмектесе ала ма?
5 - кезең. Махаббаттың кемшілігін анықтау.
- Махаббатта кемшіліктер бола ма?
- Адам өз махаббатынан зиян шеге ме?
6 - кезең. Ұғымды өз ойыңмен тұжырымдау.
- Махаббат - бұл.
ІХ. Түйіндеме.(Ой - толғаныс)
1. Біреуді жақсы көру, сол үшін барыңды аямау – бәріміздің қолымыздан келетін ерлік.
2. Махаббат – адам жанына ерекше өзгеріс енгізетін, адам сөзбен айтып жеткізе алмайтын – Ұлы сезім!
3. Махаббат – адам көңіліндегі тазалық пен сұлулықтың иесі, адамдардың қасиетті киесі.
4. Махаббат – шуақты да шұғылалы, нәзік те көркем, тіл жеткісіз ғажайып сезім.
Х. Рефлексия жазу.
ХІ. Жүректен жүрекке. «Майшам» жаттығуы.
Біздің сабағымыз аяқталуға жақын. Мен сіздердің барлығыңызға қатысқандарыңыз үшін рахмет айтамын, ризамын. Ал қазір мен майшамды жағамын. Барлығымыз бір - бірімізбен бірігіп жұмыс жасағанымыз үшін бір - бір жылы сөз айтып майшамды беріп отырамыз. Майшамды алған себебім, жарық деген әрқашан да жақсы нәрсе, сондықтан да алдарыңыз ашық, жарқын болсын деген тілек. Төменнен жоғары қарай шапалақтау.