Меңдекеш Сатыбалдиев өлеңдеріндегі Махамбет бейнесі
Атырау өңірі – Асан қайғы мен Қазтуған Сүйінішұлы, Шалкиіз Тіленшіұлы мен Жиембет Бортоғашұлы, Мұрат Мөңкеұлы мен Ығылман Шөреков сынды алыптарды сыйлаған өңір. Махамбеттің дәстүрін жалғастырған Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Зейнолла Қабдолов, Берқайыр Аманшин, Фариза Оңғарсынова, Жұмекен Нәжімеденов, Меңдекеш Сатыбалдиевтай дара саңлақтар да айдыны шалқыған осы өңірден түлеп ұшқан.
Мен бүгін арғымақтың құлынындай сұлу, ақсүйектің баласындай бекзат, ақсұңқардың түлегіндей тапқан-таянғанын төгіп-шашып жүретін асқан жомарт ақын Меңдекеш Сатыбалдиев туралы сөз қозғайтын боламын.
Қазақ әдебиетіне 60-жылдары келіп қосылған, Атырау өңірінен шыққан осы бір талантты тұйғын көз жігіт ешкімнен қаймықпады, өзіндік ерекшелігімен келіп әдебиетші қауымға қосылды. Оның өлеңдері өзі туған өлкесіндегі бұйрат құмдардай құпиясын ішіне бүккен жойқын жырлар еді. Меңдекеш Сатыбалдиев жасындай жарқылдап өткен, өзі де, өлеңі де ешкімге ұқсамайтын ерекше тұлға еді. Қырыққа қырқасына да шығып үлгерместен о дүниелік болған ақын поэзияда өз қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Бұйра-бұйра әдемі шаштарын асқақ көтеріп, өмірге ғашық жүрегімен шабыттана жырлады.
Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаев өзінің естелік-эссесінде адуынды дарын иесі Меңдекеш Сатыбалдиевті былай сипаттаған еді: «Басын шалқайтып, күрек тісін қасқайтып, күмбірлей кісінеген керік мойын, кереге жал тұлпардай лақылдата төгіп, рахаттанып тұрып, ағыл-тегіл күлетін Меңдекештің тұла бойы тұнған молшылық еді. Осынша жоқшылықтың ортасында осынша бейнет арқалап өсіп, мұншама дарқандықты қайдан тауып жүр?! Ал, таңғалмай көр! Адам ретінде де, азамат ретінде де ол айтып түсіндіре алмастай айрықша құбылыс, елден ерек жан, қазіргіше айтқанда, нағыз сирек кездесетін феномен еді.»
Иә, ақынның ғұмыры оңай болған жоқ, дегенмен қандай қиындық кездессе де мойымады, торықпады, себебі ол Махамбеттей бабасынан қайсарлықтың не екенін ұғып өскен болатын.
Атырау өңірде туған ақынның не жазушының Махамбет-Исатай трагедиясын айналып өткені жоқ шығар. Мысалы: Ығылман Шөреков «Исатай-Махамбет», Қалижан Бекхожин «Махамбет қабіріндегі тебіреніс», Мұхтар Шаханов «Нарынқұм трагедиясы», Фариза Оңғарсынова «Алмас қылыш» атты шығармаларында Махамбеттің бейнесін өте тамаша суреттеген. Меңдекеш қаламынан да ұлт алдаспандарына арналған сұрапыл өлең сорғалады. Әсіресе, Махамбет бейнесі арқылы жаратылыс берген жалғыз ақындық ғұмырын жебе ғып көздеген жеріне қадаған. «Махамбеттің монологы» деген өлеңінде ақынды сөйлету арқылы қажыр-қайратқа толы ойларын жарыққа шығарады.
Қара табан қазақтың
Қазанын сақ-сақ қайнатқан,
Қып-қызыл шоқтай қызулы ем,
Қылышпен көксеп азат күн,
Қылпып бір шығып қайрақтан,
Құсамды бастым, халқым-ау,
Қиқулап орда бұзумен...
Не байқадыңыз?!
Меңдекеш ақын Махамбет бабасының атынан сөйлеп, өлеңді «Махамбеттің монологы»деп атаған. Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңі ассонанс арқылы тамаша үндесіп тұрса, бұл өлеңдегі «Қ» дыбысынан басталатын аллитерация өлеңге тамаша өрнек беріп тұр. «Қ» дыбысының өзара үндесуі арқылы қайсарлықтың қара желі соғып тұрғандай ерекше рухтанасыз. Үнемі осы «Қ» дыбысынан басталатын 96 жол ұзақ өлеңде «Қ» әрпі 215 рет кездеседі екен. Ойлап қараңыз. Бұлай бір дыбыстың қайталануы арқылы өлеңді әдемі жымдастыру ақынның ақынының ғана қолынан келетін дүние. 215 рет қайталанатын қатқыл дауыссыз «Қ» дыбысы ғаламат бір күшке айналып, өлеңдегі үйлесімді үндестікті қия шыңына дейін көтеріп әкеткен.
Әсіресе, «Махамбеттің монологы» өлеңі тармағының барлығы бірдей «Қ» дыбысынан басталып қана қоймай, тұла бойы өршілдік пен рухқа толы қорғасын оқтай жүйрік жыр болды.
Қалғыған менің Нарыным, жалпақ жапан құм,
Қырық ханнан қымбат Махаңның,
Қазына қайнар кеудесін
Қырқаңның еңкіш қарпуына көмдіріп.
Қапыда қалма, алау жанымның
Қоздаған шоғын сөндіріп.
Қой, қой, қой. Міне, жеңді үміт
Қара аспандай мынау қаһарлы басыммен,
Қопармаспын ба, Қап тауының да тасын мен?!
Құл бола алман қай құдайға да көндігіп.
Әсіресе, осы жырлар қазақ тілінің шексіз мүмкіндігін молынан пайдаланған, батыстың жауынгер-жыраулық дәстүрін тірілткен теңдессіз туындылар еді.
Меңдекеш ақын бабасына бір өлең арнап қана қоя салмаған. Оның Махамбет бабасына арнған екінші бір өлеңі – «Махамбет». Бұл өлеңі:
Ол күндерде жол тауып жүруден де,
Оңайырақ еді ғой орға құлау.
Ақын-дүджүл оқыста сүріншгенде,
Масайрайтын жортақшлы жорға-жырау.
Айға шапса – кәнілап арыстанды
Ит пен мысық күндесіп сөз ететін.
Алаяқтар ғайбаттап арыстарды
Әттең, мата даңғымен бөз өтетін! –деп, сол заманды сипаттаудан басталады.
Одан әрмен ақын:
Шарт үзетін шідерін тағылықтың.
Тағдыр еркін жібермей тарпаңдарды.
Ерлер тауы қаншама шағыоыпты,
Құм астында қаншама қалқан қалды?
Бауыр етің ел үшін жырптылғанда,
Өзі құдай болғандар қолдасын юба!
Алтын-айдар күнге сен ұмтылдғанда,
Аяғыңнан шалыпты-ау...»Жолдасың да»...-деп қай кезеңде де шындықты тура айтатын, халқының мұң-мұқтажын жоқтайтын арда азаматтардың аяғынан шалатын да өз елінен шыққан күндестері екенін баса айтады. Махамбетті кезінде өз туысы басын шауып өлтірді емес пе?! Міне, Меңдекеш осы өлең жолдары арқылы ақын өмірінің бір қайғылы тұсын тұспалдағандай.
Исатайдың жоғында тау құласа,
Сенен өзге оны кім тіреуші еді?!
Жау жыласа –
Құлдық ұрып алдыңда,
Білсең еді сатқанын біреу сені.
Меңдекештің өлеңдері екпінді, дүбірлі. Ол қалғып кеткен қамсыз сезімдер мен ұйқылы-ояу тоқ көңілдерді сілкіп-сілкіп алғанды негізгі парыз деп есептейді.
Меңдекеш Сатыбалдиевтің Махамбет батырға арнаған келесі бір өлеңі «Батырдың бас сүйегі» деп аталады.
...Қаңқ етіп қанша артында қазы қалған,
Жалт етіп қанша артында жазы қалған?
Жатыр, міне, батырдың бас сүйегі –
Ұабірден күні кеше қазып алған.
Өлеңмен отырды ма өсіңкріеп,
Ұлымен сүйіскендей тқсін тіреп.
«Қапыда кеттім!» -депті-ау қайран батыр,
Шапқанда басын қылыш бесінші рет.
Иә, Махамбеттің қайсарлығын осыдан артық бейнелеу мүмкін де болмас. Мұндай ерлік, өжеттік қарақұстан туған қалықпандай, сұңқардан туған құмайдай Махамбеттің ғана қолынан келер өлім.
Сонда да бассыз дене күйремепті,
Құзғындай жау үстіне үймелепті.
Өз қанына шомылып бара жатып,
Ақын жауын есікке сүйреп өтті.
Сонда да батыр қанша өкінді екен,
Ажалмен неге ойнауға бекінді екен.
Махамбеттің басы да біле білсек,
Дүние-ай, жалаң қылыш секілді екен.
Осы соңғы шумақта «екен» сөздерінің қайталанауы арқылы ,яғни, эпифора арқылы тамаша өрнек қалыптасқан.
Меңдекеш Сатыбалдиевтің «Өлең» атты арғымағы да Төлегеннің ақбоз атындай Ақ Жайықтың жағасына жете алмай ерте қаңтарылды. Өзі өмірден көшкенімен, артына аз да болса мәнді әдеби мұра қалдырып кетті. Аяулы ақынның шығармаларын кейінгі ұрпаққа насихаттау – біздің парызымыз. Осы жоба жұмысым арқылы мен де Меңдекеш ақынның мұрасын тануға аз да болса өз үлесімді қостым есептеймін.
Мен – ақ жаңбырмын,
Ағыл да тегіл жаумаған.
Қазбауыр бұлтпын –
Күн қолтығында аунаған.
Атырауда жанған кішкене ғана алаумын,
Таулардан соққан самалмен қатты лаулаған.
Мен – бозала таңмын,
Тамлыжпы әлі атпаған,
Сайрампаз құспын –
Даусымды жаңа баптаған.
Жартасқа соқсам жуаси қалар жөнім жоқ,
Мен – ақ толқынмын,
Нөпірімді артқа сақтаған,- деп өзі жырлағандай, Меңдекеш жағасы гүл-жазиралы арал болып көпшілікке сан мың құпиясын ашпай жатыр-ау.
Меңдекеш Сатыбалдиевтің шығармашлыығына арнаған жұмысымды қорытындылай келе ұсыныс етемін:
Меңдекеш оқулары жыл сайын дәстүрлі өткізіліп отырса;
Меңдекеш шығармашылығы негізінде жоғары сынып оқушыларына қолданбалы курс жүргізілсе;
Меңдекеш Сатыбалдиев шығармашылығына арналған аудандық, облыстық оқырмандар конференциясы өткізілсе.