Тақырыбы: Дара жолды дала жүйрігі
«Салауаттылық- саулық кепілі, ал саулық – байлық негізі. Өркениеттің жолындағы елдің ертеңі – халқының саулығына байланысты. Дені сау халық – бай халық, халқының дені сау болып тұрса, мемлекеттің де мықты болып тұрары сөзсіз.
Әмин Елемесұлы Тұяқов 1937 жылы 12 ақпанда қазіргі Маңғыстау облысындағы Маңғыстау ауданына қарасты Шайыр ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Елемес, анасы Жәнияш. Бірақ, Әмин аға әжесінің бауырында өсіп, соның тәрбиесін көрді. Сондықтан да өзінен жөн сұрағандарға қашан да мен әжемнің баласымын дейтін.
Атыраудағы (Гурьевтегі) екі жылдық мұғалімдер (педагогикалық) институтының физика - математика факультетіне түсіп, 1960 жылы үздік дипломмен бітіріп шығады. Ол сабақтарын өте жақсы оқумен қатар институттың және факультеттің қоғамдық жұмыстарын жауапкершілікпен орындап, оның ішінде, спорттың жеңіл атлетика түрінен елеулі табыстарға қол жеткізеді. Осы жетістіктерінің арқасында 1957 жылы Қазақстан құрама командасының мүшесі болып қабылданады.
Әмин Елемесұлы 1960 жылдан 1968 жылдың аяғына дейін КСРО құрама командасының сапында тек Кеңес Одағының ғана емес, қазақ халқының да даңқын аспандата түскен. Әмин Тұяқовқа 1963-1967 жылдар аралығында 200 метрге жүгіруден тең келер ешкім болмады. 1965 жылы Киевте өткен Кеңес Одағының чемпионатында осы қашықтықты бағындыруда жасаған соңғы КСРО рекордын (Ә.Тұяқов 6 рет рекорд жаңартқан) – 20,6 секундты тек 1968 жылы жеңіл атлет В.Борзов қана 0,1 секундқа жаңартқаны көп жайды аңғартады.
Әмин Елемесұлы 1965 жылы - Еуропа кубогының жеңімпазы, 1966 жылы - Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері, 50-ге тарта ірі халықаралық жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегері болды. 1965 жылы оған КСРО спортына еңбегі сіңген шебер жоғарғы атағы берілді. Және сол жылы спорттың жеңіл атлетика саласында қазақ халқының даңқын әлемге аспандатқан желаяқ «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.
Жаңаөзен қаласында Әмин Тұяқов атындағы спорт сарайы ашылған. Оқушылар арасында дәстүрлі Әминиада ойындары өтіп тұрады. Биыл 8-ші рет жалауын көтерген бұл спорт сайысы Қарақия ауданының Құрық ауылында 2001-2002 және 2003-2004 жылдары туылған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылды. Ауыл спортын көтеру, ауылдағы жастар арасынан жеңіл атлетикада мықтыларды анықтап, республикалық жарыстарға баруына жол ашу, еліміздің абыройын асырар чемпиондарды дайындауды мақсат еткен сайысқа 7 команда қатысып, 30-дан астам желаяқ өзара сынға түсті. Жеңіл атлетиканың 3 түрі бойынша өткізілген Әминиадада балалар 100 м, 200 м, 400 м, 800 м, 1500 м жүгіруден және 4х100м. эстафеталық жүгіруден жарысты. Қарақия ауданының әкімі Ә.Дауылбаев және даңқты желаяқ Ә.Тұяқовтың өзі жарыс қорытындысында жеңімпаздарды арнайы сыйлықтармен және төсбелгілермен марапаттады.
Қазір қазақ жастары аз да болса жеңіл атлетикаға бет бұра бастады. Бірақ әзірге шашасына шаң жұқтырмай, топ жарып шығатын қазақтың желаяғы табылған жоқ.
Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де Олимпиада ойындарында қазақстандық жеңіл атлетшілер өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көріне бастады. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері жеңіл атлетикадан қанжығамызға түскен медальдар да бар. Бүгінге дейін Қазақстан Олимпиада ойындарынан 2 алтын, 1 қолаға иелік етті.
Әмин Елемесұлы Тұяқовтың ізбасарлары жеңіл атлетшілер 3 рет қарғып секіруде Олег Сокиркин, 50 шаршы шақырымға спорттық жүрісте Сергей Корепанов, алтылыққа секіруде Игорь Потапович жеңіс туын желбіретті.
Ардақ тұту азаматты жұрт ісі...
Екі миллиард мұсылманы, түркісі...
Жиырма, отыз арасында бір жігіт,
Сілкіндірді миллиартарды, бір ісі!..
Бақыты да, азабы да аяқтан,
Тегі Тұяқ, жанарлары жай атқан!..
Шарлап өтті Әмин аты әлемді,
"Жеңіс, намыс" жанға қуат күш артқан!
Туы болып қалды аты жеңістің,
Желбірейді намыс атты желісің!
Әр биіктің талабын орындап, өз өмірімізді басқарсақ, әрине болашақтың жарқын болуы айдан анық. Нұр шапағатын шашқан алтын Күн - бақытты болашақтың кепілі. Денсаулықтың кепілі - Салауаттылық. Салауатты өмір салтын сақтап, болашағымызды сәулелендірейік!!