Тәрбие сағаты
Тақырыбы: Отан неден басталады?
Мақсаты: Жас ұрпақтың бойында өз ұлтына, еліне, туған жеріне, Отанына деген сезімдерін оятып, өзінің қазақ екендігімен мақтанатын ұлтжанды азаматты тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: кітап көрмесі: «Қазастан – менің Отаным», ҚР-ның елтаңбасы мен туы, Қазақстан картасы, Отан туралы нақыл сөздер.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі: Әнұран орындау.
Мұғалім: Армысыздар, құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан - 2030» стратегиялық даму бағдарламасында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» деп бүгінгі жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің қаншалықты маңызды екендігін атап айтты.
Патриоттық тәрбиенің басты мақсаты – Отанның сүйейтін ұлтжанды, намысшыл, жігерлі азамат тәрбиелеу. Бүгінгі өткізгелі отырған іс-шарамыздың мақсаты мен тәрбиелік мәні осында. Олай болса, 1- сынып оқушыларымен дайындаған «Отан неден басталады?» тақырыбындағы тәрбие сағатымызды ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.
Дәйек сөздер:
1. Өз Отаның бұл дүниедегі жәннатың мен шуағың. Сондықтан білімің мен қайрат-жігеріңді еліңнің мүддесіне жұмса.
2. Туған елің дәулетті, туған жерің сәулетті болса, сен де сәулетті боласың.
3. Нағыз адам Отанының даңқын шығарады, риза болған Отаны өз ұлының даңқын шығарады.
4. Отанды сүю – суығына шыдап ыстығына күю. Н.Назарбаев.
Екі жүргізуші ортаға шығады.
1-жүргізуші: Отан дегеніміз – әр адамның туып өскен жері, туған – туыстарымен, жақындарымен бірге тұратын ата мекені. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар – ол Тәуелсіз Қазақстан.
(Елбасының суреті, ҚР-ның Елтаңбасы мен туы көрсетіледі)
2 – жүргізуші: Адамның бақытты өмір сүруі көп жағдайда Отанға деген сүйіспеншілігіне байланысты. Біз – қазақ елінің тәуелсіз мемлекет атанып, көк туы желбіреген жұлдызды сәтінде дүниеге келген бақытты ұрпақпыз.
(Астана қаласының көрікті жерлері көрсетіледі)
1-жүргізуші: Қазіргі Қазақстан – дүниежүзіндегі көптеген мемлекет таныған беделді елдердің біріне айналды. Қазақ елінің тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына қажетті нәрсенің бәрін шешіп берді. Ғажайып Астана салды. Астанамыз күннен – күнге көркейіп келеді. Қазіргі уақытта Астана қаласы – Қазақстанның саяси және мәдени орталығы. Астанаға барған адам «Астана - Бәйтерекке» шығып, биіктен айналаға қарап, бұл менің туған елім, сүйікті Отаным – Қазақстаным деп мақтанышпен айта алады.
2-жүргізуші: Көп аузынан түспейтін,
Отан деген немене?
Оның тұлға, түс кейпін,
Достым білгің келе ме?
1-оқушы:
Бақытты боп жүргенім
Сенің арқаң, Ұлы Отан.
Елім менің –тірегім,
Құшағында гүл атам.
2-оқушы:
Шығысыңнан арайлы,
Күліп атқан құба таң.
Сенен бақыт тарайды
Баршамызға Ұлы Отан.
3-оқушы:
Сарқылмайтын қуатым,
Тірегімсің сен, Отан.
Мәңгі соғып тұратын
Жүрегімсің сен, Отан!
2-жүргізуші: Иә «Отан » сөзінің мәні өте кең.
(төмендегі мәтінде аттары аталған ерлердің суреттері көрсетіліп тұрады)
1-жүргізуші: Отан «елім» деп еңіреп өткен ерлерден, «бостандық» деп боздап өткен боздақтардан басталады.
2 – жүргізуші: Отан Алаштың айбынын асырған әрідегі керей мен Жәнібек ханнан, берідегі Абылай хан мен хан Кенеден басталады.
1-жүргізуші: Отан сыртқы жаудан елін қорғаған эпостағы Алпамыс, Қара Қыпшақ Қобыланды және тарихтағы Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сынды батырлардан басталады.
2-жүргізуші: Отан Абай мен Шоқаннан, арманда кеткен Әлихан мен Мұстафадан, Сәкен мен Мағжаннан басталады.
1-жүргізуші: Отан әруақты батыр бабалардың көзіндей Бауыржан Момышұлынан, батыр қыздарымыз Әлия мен Мәншүктен, ел азаттығы үшін шейт болған Желтоқсан көтерілісінің боздақтарынан басталады. Олар өз Отанының патриоттары.
2-жүргізуші: Иә, осындай аға-апаларының өмірінен үлгі, ерлігінен жігер алып өз елін жанындай сүйетін әрбір жас ерен Отанының патриоты болып саналады. 5 – сынып оқушылары Отан туралы жаттаған өлеңдерін оқиды.
Ән: «Отан»
4-оқушы: Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен-
Биік тау орман, тоғай көлімізді
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ
Ол бірақ, өз үйіңнен басталады.
5-оқушы: Отан – деп соғар жүрегім,
Отан – деп айтар тілегім.
Арайлап атсын таңымыз
Алаулап батсын күніміз
Қуаныш бақыт сыйлаған
Отанға алғыс айтамыз.
Мұғалім: Құрметті көрермен қауым, Отаны бірдің – тілегі бір, жүрегі бір. Олай болса, Тәуелсіз Отанымыз – Қазақстанның таңы нұрлы болып, ел еңсесі биік болсын! Деген тілекпен тәрбие сағатымызды аяқтайық.
Алматы облысы
Еңбекшіқазақ ауданы
Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп
МДШО КММ
Сынып сағаты: «Отан неден басталады?»
5 «ә» сыныбының жетекшісі: Әбдраманова Ә.Ә
Қайназар ауылы
2017-2018 оқу жылы