Шығармашылық есеп
Қостанай облысы, Қарабалық ауданы, Михайлов орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Аубакирова Динара Бердыклычевна
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауы-тарихи маңызы, қоғамда алатын орны ерекше стратегиялық құжат. Себебі, бұл Жолдауда елімізді одан әрі дамыту, әрбір отбасының, әрбір азаматтың жағдайын одан әрі жақсарту, халқымыздың бірлігін, тыныштығын қорғау жолдары нақты атап көрсетті.
Қазақстанның өркениетті әлемге қол созып, бәсекеге барынша қабілетті отыз елдің қатарына кіруінің негізгі тетігі – білім. Білімнің жаңа үлгісі өзіне сәйкес жаңа мұғалімдерді талап етеді. Ол шығармашылықпен жұмыс істей алатын жеке тұлға, педагогикалық қызметтің барлық келеңді-келеңсіз жақтарын зерттеп меңгеруге ынталы, өзінің пәнін жетік меңгерген, кез келген педагогикалық жағдайды өзінің білімділігі, парасаттылығы, ақылдылығы, мәдениетті, іскерлігі, шеберлігі арқасында шеше алатын педагогикалық үрдістің нәтижесін жаңарта алатын мұғалім болуы керек.
Мектептегі еңбек жолымды Қостанай облысы Сарыкөл ауданы Тимирязев орта мектебінде 2011 жылы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып бастадым. Ал, осы мектепте 2016 жылдан бері жұмыс жасап келемін.
Әдістемелік тақырыбым: «Сын тұрғысынан ойлау технологиясының элементтерін қазақ тілі сабағында қолдану».
Мұғалім – мектептің басты тұлғасы. Мемлекеттің білім саясаты осы мұғалім арқылы жүзеге асырылады. Ал, бүгінгі таңда мұғалім міндеті – рухани бай, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру.
Бүгінгі жас ұрпақты оқытып қана қою аз, оны жан-жақты дамыту, жаңаша оқыту, тәрбиелеу қажет. Сондықтан да қазіргі білім беру саласындағы өзгерістерді дұрыс қабылдап, оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, бүгінгі заман талабына сай ұстаз болу мүмкін емес.
Мұғалімдердің ортақ мақсаты – жеке тұлғаны қалыптастыру болса, оқушы бойынан табылатын жақсы қасиеттердің бәрі мұғалімнің де бойында болуы керек. Мұғалім өз білімін үнемі толықтырып отыруына, оқыту мен тәрбиелеудегі заманауи әдіс-тәсілдермен, ақпараттық құралдарды қолдану тәсілдерін меңгерген шығармашылықпен жұмыс жасауды мақсат ете білуі керек.
Қазіргі таңдағы педагогика жаңалықтарын өзіміз оқытып жүрген пән ерекшеліктеріне қарай қолдана білу – оқыту мақсатына жетудің бірден-бір жолы.
Сондықтан, мен өзімнің ұстаздық тәжірибемде заманауи оқыту технологиясының элементтерін жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде үнемі қолданып отыруға тырысамын.
ХХ ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытов «Сабақ беру бұл үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер»,- деген екен. Сол кісінің айтқанындай «жаңадан жаңаны» тауып жатпасам да, өзіме таныс жаңа технологияларды сабақтарыма кіріктіре отырып, жас буынға саналы тәрбие мен сапалы білім беру ісіне бар ынтамды салып келе жатырмын. Оның дәлелі ретінде соңғы үш жылдағы өткізген ашық сабақтарымды алға тартар едім. Атап айтсам: 10-сыныпта «Тоқтар Әубәкіров», 7-сыныпта «Уақыт» атты ашық сабақтарым, пән бойынша сыныптан тыс мектепішілік «Қазақ тілінің білгірлері» және «XXI-ғасыр көшбасшысы» іс-шаралары өз дәрежесінде өтті.
Ұстаз еңбегі оқушы білімімен өлшенеді десек, ұстаз еңбегінің күрделілігі әрбір оқушы жүрегінен жол таба білуінде. Әрбір баланың бойындағы қабілетті дамыту арқылы өзін, өмірді, әлемді танып білуге, қоғам алдындағы жауапкершілік қасиеттерін сезіндіре білуінде жатыр. Баланың жеке тұлғасын қалыптастыру – оның рухани әлемін байыту, жеке дарындылығын дамыту. Осы мақсатқа жету жолында да аз жұмыстар жасалған жоқ.
Оқушылар пәндік олимпиадалар мен аудандық олимпиадаларға қатысып отырады. 2016-2017 оқу жылында Дарабоз атты республикалық конкурсқа «Салауатты өмір салтын таңдаймын» 11 сынып оқушысы Блошенко Валерия қатысып, I дәрежелі дипломға ие болды. Облыстық эссе конкурсына Блошенко В. қатысты. Республикалық интернет олимпиадасына Блошенко В. қатысып, III дәрежелі дипломға ие болды. Қазақ тілінен Кропотова Е. «Тіл-мемлекет тәуелсіздігінің символы» республикалық қашықтық олимпиадасының 1 кезеңнің қатысушы деген мадақтама мен сертификатқа ие болды. Республикалық олимпиадаға Цыганов Н., Кабанов Н. «Мемлекеттік тіл» деген олимпиадаға қатысып, I дәрежелі дипломға ие болды. 27 қазанда 8-11 сыныптар арасында мектепішілік олимпиада өткізілді. Қазақ тілінен олимпиадаға 11 сыныптан Блошенко Валерия қатысты. Олимпиаданың қорытындысы бойынша Блошенко Валерия аудандық олимпиадаға өтті.
Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған ұлы ойшыл Әбунасыр Әл Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» деген екен.
Ұлы ойшыл айтқандай, адамды жеке тұлға ретінде танытатын оның бойындағы барлық қасиеті ғана емес, сонымен қатар оның өзін-өзі танытуға деп қойған мақсатына ұмтылысы да ерекше қасиеттерінің бірі болып табылады.
Мұғалім шығармашылығының кәсіби іс – әрекетіне деген қажеттіліктің туындауына ықпал ететін мына шарттарды атап айтқан жөн.
– қайшылықтарды жеңе білу.
– өзінің жеке тұлғалық кәсіби қасиеттерін танып білу.
– іс-әрекеттің біріккен түрін қолдана білу. Оқыту процесінің өзекті мәселелері шеңберіндегі шығармашылық сипаттағы таңдалған тақырыптар әр мұғалімнің көздеген мақсатына қол жеткізу үшін тиімді ізденіс жұмыстарын ұтымды ұйымдастырып жүргізе білуге мол мүмкіндік туғызады. Мұғалімнің беделі өсіп, білім сапасы жақсарады. Елдің, жердің қамын ойлар жас буын тәрбиеленеді. Олардың білімге, ғылымға деген құлшынысы артады.