Тақырыбы: «Наурыз-жыл басы!»
Жүргізуші: Ар ма, ағайын! Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Дәстүрімізге айналған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз құтты болсын! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып Жаңа Жыл келеді. Ендеше, той құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Ұлы мереке сіздерге тек жақсылық әкелсін!
Наурыз келді, жайраң қақты таң күліп,
Жап-жасыл болып кетті дүние жаңғырып.
Жақсылыққа жаршы болған Наурызым!
Сен өмірдің көктемісің мәңгілік!
Жүргізуші:Ән: «Әриайдай». Орындайтын: 10-сынып оқушылары
Жүргізуші: Көрініс: Келін түсіру. (Наурыз мерекесінде көрсетілген салт - дәстүр)
- Ау жараңдар, армысыз!
Ұлыстың ұлы күнінде
Ағайын туыс бармысыз!
Наурыз тойы басталды.
Жаңарса да санамыз
Дәстүрді кім ұмытар
Ата салтын бабамның
Алып келді Ұлыс күн!
Салт - дәстүрмен жараса,
Қайта құрып жаңаша
Жарыса өнер көрсетіп,
Той тойлайық тамаша!
Бүгінгі біздің дәстүрді
Көргендерде арманда,
Көрмегенде арманда
Қызықтан тыс қалмаңдар!
(сахнада киіз үй көрінісі, үй іші қазақша жасалған. Дастархан басында Атасы, әкесі мен анасы, басқа да келіндерімен отыр.) үйге бала жүгіріп келеді.
Бала: - Сүйінші, ата, Жандос ағам келіншек әкеле жатыр!
Атасы: - Ой өркенің өссін! міне сүйіншің (сүйінші береді)
Бала: - Жеңгеміз өз көшімен жеңгелерімен, сіңлілерімен жақындап қалды, анашым бәріміз бірге қарсы алайық.
Анасы:
- Ал, келіндер қозғалыңдар! Кіші атаның келіндері шымылдық алып шығыңдар, Ошаққа от қойып, май дайындаңдар. Келіннің астына төрт қабат кілем төсеңдер!
(Сөйтіп, жеңгелерімен, сіңлілерімен келін келеді, абысындары бетін шымылдықпен жауап келінді алдымен атасының алдына әкеледі. Жас келін атасына үш рет сәлем жасайды. )
Атасы:- Көп жаса қарағым! – деп атасы бата береді.
Жас келіннің қонған жері,
Құтты қоныс тұғыр болсын.
біреуі шал, бірі кемпір –
Қоса ағарған ғұмыр болсын!
Балапанмен, балақанмен,
Бесік іші жыбыр болсын.
Кәрі күліп, бала бағып,
Мол қызықтан ығыр болсын!
Кәрілерге мейірімді келіндерде әдеп болсын,
Ата күту, ана бағу –
Ата жолы әдет болсын! Әумин!
(Келінді абысындары үлкен үйден шығарып, отауға кіргізеді. Отауда оны анасы қарсы алады. үйдің сол жағына шымылдық құрылады.)
Анасы:
- Келініміздің мінезі де иленген тулақтай жұмсақ, биязы болсын! Қарағым мына тулаққа келіп отыр.
Осы рәсімнен кейін келінді шымылдыққа отырғызады. Енесі шашу шашады. Келіншектерге, қыздарға сырға, сақина таратады.
Көрші - көлем келіп, құтты болсын айтып, «Қазақы дастарханы» әнін айтады.
Анасы:
- Уа, жұртым, енді беташарға жиналыңыздар.
Жүргізуші:
- Тойларыңыз тойға ұлассын ағайын!
Назарларыңызға көп рахмет! Осындай той сіздерде де болсын!
Жүргізуші: Мереке қарсаңында бәріміз бірге «Қазақ биі» биін билейік! . «Нұр-ай» би тобы.
Жүргізуші:
Құтты болсын әр күнің,
Сыйла, бақыт баршаға.
Сәбидің әсем шат үнін
Тыңдат абзал анаға.
Наурыз – достық,
Наурыз – күн.
Барша халық бірлігі.
Тағы келді ұлыс күн.
Жалғасып ғалам тірлігі.
Ән: «Шақырады көктем». 5-сынып
Жүргізуші:
Той кезінде, жас құрбым,
Жалтақтама, тайынба?!
Тартқан күйің тамылжып,
Тіл бітірсін қайыңға.
Күй «Көңіл толқыны». Орындайтын Гүлфия Хасанова.
Жүргізуші:
Сымбатына сән киім жарасатын,
Аспандағы айменен таласатын..
Өнеріне көркі сай келіп тұрған,
Аруларға қызығып қарасасың.
«Флешмоб» биі биленеді.
1-жүргізуші: Құрметті, оқушылар енді сіздерді қазақтың ұлттық ойындарын ойнауға шақырамыз. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтарымыз бар. Ойын бастамас бұрын әділ-қазылармен таныстыра кетейік.
1. Асық ойынынан жарыс
2. Арқан тартыстан жарыс
3. Қол күрестен жарыс
Жүргізуші:
Ерітіп қарын даланың,
Жинатып гүлін саланың.
Жетелеп жұмсақ самалын,
Келді Наурыз – жыл басы.
Күлімдеп қарап күміс күн,
Аспаның бүркіп пүліш түн.
Ұлы күні Ұлыстың,
Келді Наурыз – жыл басы!
Ән-шашу. «Мәңгілік ел» әні орындалады. 6-сынып.
Жүргізуші: Шашу! Шашу!
Көп шашайық шашуды,
Жауғандай кеп аспаннан нөсер жаңбыр.
Уа, жамағат, теріп ал несібіңді,
Ризығың болсын көл – көсір!
Жүргізуші:
Қашанда құт – береке орнасын деп,
Тойларда шашу шашу - салты елімнің.
Уа, халайық! Теріп ал несібіңді,
Қабыл болсын, жамағат, ақ тілеуің!
Бата беру: Төкеш Сырымбек.
Жүргізуші: Осымен мерекелік кешіміз аяқталды. Баршаңызды наурызкөже ішуге шақырамыз.
(Кеш соңында ата-аналар дайындап келген наурыз көже таратылады)