Діннің қоғамдағы орны
Дін - адам тарихының үлкен тағылым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Егемен ел болып қалыптасуымыз, мемлекетіміздің өсіп, өркендеуінде діннің алатын орны зор. Өйткені, дін - имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі.
Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ. Сонымен қатар қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.
Дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес.
Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің зайырлы мемлекет екені анықталған. Демек, заманауи шынайылықтағы зайырлы мемлекет ұғымының мазмұны құқықтық, демократиялық құндылықтарға негізделген және сенім мәселесінде дін өрісіне мүмкіндік беретін мемлекет ретінде тұжырымдалады. Сондықтан дінаралық қарым-қатынас тәжірибесі әлем назарына ілігіп отырғаны белгілі.
Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы жəне қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан, екi тараптың өзара бiрiгiп əрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындап жəне жетілдіріп отырудың маңызы зор.
Жалпы дін туралы, оның ішінде ислам діні туралы түсінігіміз жеткілікті деп айта аламыз ба? Өкінішке орай, қоғамдағы кейінгі кезеңде көрініс тапқан келеңсіз оқиғалар керісінше жауап беруге мәжбүрлейді. Кейбір зерттеушілердің пікірінше «қазақтардың діншілдігі «үстірт», «таяз», әсіресе жастар ислам дінінің негізгі қағидаларын білмейді». Шындығында, мешітке барып намазға жығылып немесе үйінде бес уақыт намаз оқып, ораза ұстайтындардың көпшілігі өзінің ислам дінімен байланысын ұлттық дәстүрдің құбылысы ретінде қарайтындығы шындық. Қазіргі кезеңнің ерекшелігі – дінге сенем деушілердің көпшілігінің діни білімнің негізгі ұстанымдары, қағидаларын, тарихын жете білмейтіндігінде.
Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң жобасына сәйкес, экстремистік мақсаттарды көздейтін қоғамдық бірлестіктерді құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Заңнамасында көзделмеген әскерилендірілген құрылымдарды құруға тиым салынса, «Экстремизмге қарсы күрес туралы» Заңымен Қазақстан Республикасының аумағында экстремистік бағыттағы ұйымдардың, бөлімдердің ашылуына және олардың қызметіне тиым салынған.
Қазақстан Республикасының Конституция сында ар-ождан бостандығы мен діни бостандықтың принциптері, әр түрлі конфессияларға жататын азаматтардың өздерінің діни бірлестіктерін құруға тең құқылығы, мемлекеттің шіркеуден бөлінгендігі туралы принциптер бекітілген. Сондай-ақ діннің және діни бірлестіктердің әлеуметтік қызметтерін реттеудің халықаралық тәжірибелеріне негізделген өзге де бірқатар нормативтік-құқықтық негіздер дайындалып шығарылды. Қазақстандағы қандай да болмасын діни бірлестіктіктердің қызмет етуінің нормативтік құқықтық негізі белгілі дәрежеде әзірлен гендігіне қарамастан, діннің мәртебесі, оның қоғам өміріндегі шынайы жағдайы мен рольі, яғни діннің қоғамның әлеуметтік-саяси, рухани салаларына тигізер әсерінің мәртебесі, кеңістігі және шекаралары қазірге дейін дәл анықталмаған. Осы еліміздегі белгісіздік, әсіресе оның теріс салдары еліміздегі қазіргі діни жағдайда орын алған жаңа тенденцияларға байланысты анық та, айқын аңғарылуда. Бұл, әрине, әсіресе дін мен діни сананың күдік туғызатын діни-рухани нормалары мен догмаларына негізделген жаңа діни ағымдар мен бағыттардың елімізде еркін қызмет жасауының көрінісі. Мұндай әсірешіл нышандар діни фундаментализм мен діни экстремизм ретінде көрініс табуы әбден мүмкін.
Бейбітшілік пен конфессияаралық келісім салаларында Қазақстан аясында болсын, тіпті дүниежүзілік ауқымда болсын, қол жеткізген белгілі табыстарымызға қарамастан, әлі шешілмеген, жедел шешуді қажет ететін мәселелер баршылық. Әсіресе қазір дүние жүзіне діни төзімсіздік, діни экстремизм және терроризм шынайы қауіп төндіріп тұр. Оларды XXI ғасырдың анағұрлым өткір мәселелеріне жатқызуға болады. Конфессияаралық келісім мен диалогты жетілдірудің жаңа жолдарын іздеу қажет.
Экстремизм термині сөзбе-сөз (лат. ехігетш- шеткі) шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару ретінде анықталады. Экстремизм бұл әруақытта әр қалай көрініс беретін өте күрделі құбылыс. Оған анықтама беруде эксперттік ортада әртүрлі түсінік бар. Экстремизмді бір созбен негативті және әлеуметтік қауіпті құбылыс деп бағалайды.
Қазақстанның жауапты органдарының, Ұлттық қауіпсіздік органдарының мәліметтеріне қарағанда, діни саяси экстремизм және фанатизм Қазақстанда да бар, ал бұл әрекеттердің өкілдері хизбуттахриршілдер мен «Мұсылман бауырлары» ассосациясы. Бұл жағдай Қазақстан Республикасының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас болып басқа да мемлекет адамдарының әрекет етуіне түрткі болып, шара қолдануға мәжбүр етті. Сондай-ақ, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сындарлы он жыл» атты кітабында бұл жөнінде былай деп айтады: «Фундаменталистер мен экстремистердің мақсаты - Қазақстанның мұсылман халқы. Осы орайда Қазақстанда үш мыңнан астам діни топтардың, 40-тан аса діни мәзхабтардың ұйғарымымен «Терроризммен күрес жүргізу ұйымы» атты ұйым ұйымдастырылды. Сонымен қатар Н.Ә.Назарбаев, тәуелсіздіктің 11 жылдығын кұттықтау шаралары шеңберінде жасалған Облыс әкімдері Мемлекеттік Кеңесіңде ел үшін маңызды мәселелердің бірі «діни ұйымдар және олардың өкілдерінің жүргізген жұмыстарының ұлттық кауіпсіздік күштері тарапынан қатаң бақылауға алынуы» керектігін айтты.
Мамандар, соңғы уақыттары, әсіресе жастар арасында дінге бет бұрғандардың саны артып отырғандығын айтады. Дін өкілдері оны жағымды құбылыс ретінде қабылдағанымен, қоғамда оның басы ашылмай тұрған тұстары да бар. Оның бірі және ең өзектісі – білім ордаларындағы қыз-келіншектердің басына орамал тағып жүруі. Бұл мәселе бірқатар жерде даудың шығуына да себепші болды.
Үстіміздегі жылдың басында, Қарағандыда мектеп басшылары хиджаб таққан оқушыларды қысымға алды. Орамал таққан екінші сынып оқушысы Назерке Амановаға сыныптастарының көзінше жекіген мектеп басшылығы оны хиджабын шешуге мәжбүрлеген. Ал қыздың ата-анасы ұстаздардың әрекетіне қарсылық білдіріп, сотқа шағымданған.
– Біз үйде басқаша тәрбие береміз. Орамал тарту арқылы дініміз бен мәдениетімізді сақтаймыз десек, мұғалімдер бұған қарсы шығады. Дін бостандығына шектеу келтірсе, арты жақсы болмайды, – дейді Назеркенің әкесі Аян Аманов.
Алайда, ұстаздар қауымы басын тұмшалап орап алу қазақтың ежелгі дәстүрінде болмаған дегенді алға тартып отыр. Ол тіпті оқушының үлгеріміне де әсер етеді деген уәж айтады.
– Орамал тартқан бала басқа балалардан бөлек тұрады: көзге шыққан сүйелдей. Бұл оқушының үлгеріміне де кері әсер етеді, – дейді Қарағанды қалалық білім беру мекемесінің бөлім басшысы Баян Нұртаева.
Назеркенің және өзге де оқушы қыздардың құқын қорғаған Қарағанды қаласындағы «Гарант» тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының заңгері Жасұлан Айтмағамбетов Азаттық радиосына былай деді:
– Бірде-бір заңда «қоғамдық орындарда орамалмен жүруге болмайды» деген тыйым жоқ. Сондықтан, мектеп қабырғасында «хиджаб кигізбейміз» дейтін мектеп директорларынің өздері заң бұзып отырғандықтарын елемейді. Назерке де қазір өз мектебінде, басындағы орамалымен білім алып жатыр.
Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданы Қазақстан ауылында жергілікті мектеп әкімшілігі мен бірнеше ата-ана арасында дау туды. Мектеп басшылығы сабаққа орамал тағып келген үш қыздан «хиджабтарын шешуді» талап еткен, ал ата-аналар «бұл талап заңсыз» дейді. Ақпанның 3-і күні Қазақстан ауылының әкімшілігінде дәл осы мәселеге орай жиналыс өтуі тиіс еді. Бірақ жиналыс өткізбекші болған ауылдың ақсақалдары, бірқатар ата-аналар Азаттық радиосы тілшісінің жиынға қатысатынын білгенде:
– Біз журналистерді шақырған жоқпыз. Бұл – ауылдың ішіндегі өзара жеке әңгіме. Сіздің қатысуға құқыңыз жоқ. Рұқсат қағазыңыз қайда? – деп жиналысты бастамай қойды. Ата-аналардың бірі «жиналысты бұзғаны үшін сотқа береміз» деп журналистке шүйлікті. Бұл жиынға хиджаб киген үш оқушының ата-аналары да келген еді. «журналистерді неге шақырасыңдар» деп оларға да ұрысты. Үш оқушының ата-аналары «осыған дейін мектеп басшылығының оларды балағаттап, ар-намыстарына тигенін», балаларының моральдық тұрғыда зардап шеккендіктерін айтты. Олардың айтуынша, орамалдарын тастауды талап етіп отырған мектеп басшылығының талабы – заңсыз. Шамамен 10-15 минутқа созылған кикілжіңнен кейін «онда жиналыс болмайды» деп ауыл ақсақалдары мен ата-аналар тарап кетті.
Ата-аналардың бірі – Жанар Закированың айтуынша, «қыздардың бастарына орамал таққаны болмаса, мектеп формасын киген өзге оқушылардан еш айырмашылығы жоқ. «Діни жоралғы» дегенде олар бұған хиджаб кіреді деп ойлап отыр. Ал біз орамал тағудың діни жоралғыларға жатпайтынын айттық. Діни жоралғыларға «сүндетке отырғызу», «балаға ат қою», «ауызашар беру», т.б. сондайлар жатады ғой»
Ата-аналардың сөзіне қарағанда, мектеп басшылары бұған дейін 5 және 7-сыныптарда оқитын үш оқушы қызды жеке шақырып алып, «діни сұрақтар қойып тергеген». Тіпті біріне «құбыжыққа ұқсайсың» деген сөз айтқан.
– Қызым келіп, тамақ ішпей жылап... Екі сағат діни сұрақтар қойып, балалардың миын қатырған: «Сендердің шешелерің миларыңды улаған», «Сендерді улап тастаған» деген. Біз дінмен, Аллаһтың үкімімен жүргізсек, сонда біз улаған боламыз ба? – дейді аналардың бірі.
Олардың айтуынша, мұндай дау өткен жылы да болған. Алайда ол кезде ата-аналар Есіктегі аудандық білім басқармасына барып, басқарма рұқсатын бергеннен кейін бұл дау тыншыған. Бірақ өткен жылы қабылданған дін туралы жаңа заңнан кейін дау қайта өршіген.
Дәл осындай «орамал дауы» осыған дейін Ақтөбедегі жоғары оқу орындарында да шыққан еді. Құқық қорғаушы Андрей Гришиннің айтуынша, дін туралы жаңа заңда хиджаб, орамал тағуға тыйым салынбаған. Әйтсе де, кез-келген білім мекемесінің өзінің ішкі ереже тәртібі болады. Мәселе – сол ішкі тәртіп пен заңның сәйкес болмау мүмкіндігінде.
– Ішкі тәртіптер, ережелер заңға сәйкес келмеуі мүмкін. Бұл бәрібір де заңнан туындаған акт. Сондықтан жалпы мектеп «оқушылар бірдей киінсін» деп талап қоя алады. Бұл жерде ең дұрысы – жай ғана Ақтөбедегідей өзара келісімге келу. Яғни онда хиджабқа тыйым салып келген екі жоғары оқу орны ақырында киімде ештеңе тұрмағанын түсініп, өздерінің шешімдерін өзгертіп, рұқсат берген, – дейді Андрей Гришин.
Құқық қорғаушының пікірінше, егер балаларға ауыр сөз айтылғаны рас болып шықса, онда бұл – мектеп басшылығының қателігі. «Өйткені, қандай себеп болмасын, мектеп басшылығы балалардың ар-намысына тимеуі керек. Бұл айдан анық нәрсе» деді құқық қорғаушы.
Қазақстан Республикасы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны және оны жүзеге асыру мақсатында, жалпы білім беру мекемелерінде радикалды діни әрекеттің алдын алу жөнінде тәрбиелік мәні бар іс-шаралар өткізіліп келеді. Құрылған жоспарға сай діни экстремизмнің алдын алу мақсатында әр тоқсан сайын мектептерде ақпараттық-түсіндірме ата-аналар мен оқушылар арасында алдын алу шараларын насихаттайтын кеңестер, «Абайлаңыз, секталар» атты оқушылар мен ата-аналар жиналыстарында түсіндірме-жұмыстары жүргізіледі. Оқушыларға «Дін және экстремизм», «Діни фанатизм», «Ислам діні-ақиқат дін» т.б тақырыптарда күзгі және қысқы каникул кездерінде кештер, дөңгелек үстелдер, ашық тәрбие сағаттары үнемі өткізіледі.
Сонымен қатар, Ақтөбе облыстық прокуратурасымен «Аңсар» діни орталығымен бірігіп шығарылған теріс ағым жолына түскен жасөспірімдер жайында «Адасқандар», «Құрбандар» атты деректі фильмдері мектеп басшыларына ұсынылып, талқыланды. Білім беру мекемелеріндегі 8-11 сынып оқушылары арасында деректі фильмді көрсетіп, дінімізге жат , қайшы келетін ағымдардан аулақ болулары туралы дәрістер берілді және барлық мектептердегі ата-аналар жиналыстарында назарларына ұсынылды.
Елімізде «Хизбут Тахрир», «Таблиғи жамағат» сияқты радикалды ұйымдардың өкілдері көбейді. Олар насихаттап жүрген Конституциямызға қарсы уағыздар қазір қазақстандықтарға таңсық болудан қалды. Елімізде ислам дінін ұстанушылардың көбейе бастауы бұл діннің принциптеріне ерекше назар аударып, жан-жақты талқылау қажеттігі сөзсіз.
Экстремизмге қарсы күрестің бірден-бір жолы - олар туралы өз уақытында шынайы мәлімет беру. Бұл жерде әрине күнделікті ақпарат құралдарының рөлі өте жоғары. Әйтсе де, жас өспірім балалар үшін ақпарат құралдарының беретін мәліметі де жеткілікті емес. Секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру қажет. Ол үшін барлық мектептерде «Дінтану» сабағымен қоса мамандар қауіпсіздік сабақтарын өткізіп, онда экстремистік топтарды, тоталитарлық секталарды қалай білуге болатынын түсіндіріп, олардан қалай сақтану жолын көрсетіп отырулары керек.