Ақындар ішінде туған ел, ата-мекен, туған халқына деген шексіз сүйіспеншілігін, шалқар махаббатын шабыттана жырламағаны кемде-кем болар. Әрбір ақын алдымен өзінің туған жерінен нәр алады, сол жердің суын ішіп, бойына сол жердің қасиетін сіңіреді; алғашқы жүрекжарды өлеңдерін де сол өңірге арнайды. Ал, өзіне ардақты да қасиетті мекенді, үйреншікті өмірді, қуанышы мен қайғысына куә болған сол ортаны, жерді, суды, қыраты мен белді, барлығын да артқа тастап шығып кету қандай қиын.
Осындай сәтті басынан кешіру Төлеген Айбергенов үлесіне де тиді.Ата бабасының мекені бұрын Қазақстан болса да, тағдырдың салғанына қарай, ол Қарақалпақстан өңірінде дүниеге келді. Бірақ бұл жер де ақынға өте қымбат. Өйткені, ақынның кіндік қаны тамған, өскен жері, әке-шешесі жер ауа көшкенде құшағын кең ашып, пана болып, тұрақ болған мекен. Ақын жүрек екеуін бөле-жара алмайды. Сондықтан да:
Алда қазақ даласы,
Ару қызын гүл басқан,
Артта арал жағасы
Әмуменен сырласқан
– дейді. Ал ақын жүрегі болса тілім-тілім, тарам-тарам. Ақын өзі сүйген елмен, жермен қоштасып бара жатыр. Алда атамекен қалай қарсы алады? Дарындылары да, таланттылары да өзіне жеткілікті Қазақстан оны керек қыла ма, жоқ па, ол жағы белгісіз?! Көкірегінде қауіп те, қорқыныш та, намыс та, қуаныш та бар. Не болса да өмір мен өнердің қиыншылығын еңсесімен көтеруге иығына ауыр жүк артып, «Өлеңнің қызығын ұзатуға» басын жырдың құрбаны етіп, «Қимастық отынан теңселіп кетіп» бара жатыр.
Сенімге мені бөлеген,
Жандардың мынау алдында,
Қадірмен дос ең, о, өлең,
Ұятқа мені қалдырма – деп өмірінің серігі болған өлеңге сеніп кетіп бара жатыр.
Бірақ көкірегінде болашшаққа деген үлкен үміт пен сенім де бар. Сондықтан да ақын:
Жолдар, жолдар мені алыс апарыңдар,
Апарыңдар ұзаққа сапарым бар.
Қаламдаймын мен әлі ұшталмаған,
Өткізіңдер жолдардан құс қонбаған,
Сын тақпасын дос түгіл дұшпан маған,
дейді. Бұл ақынның мақсат-мұраты, мән-мағынасы. Әрине мұндағы «Жолдар» тіке ұғымдағы жолдар емес, жеңістерінен жеңілістері басым, қуанышынан қиындықтары басым өмірдің сан тарау тарамдары. Мұны да ақын алдын-ала біліп:
Алысым бар жетпеген, парызым бар,
Қарызым бар жетпеген, парызым бар.
Кел, қиындық, менімен алысыңдар! – деп тағдырдың салғанына қасқайып қарап тұрып,
Абзал жар, ару ақ залдар,
Ақ залдар аппақ вокзалдар,
Тілеулес жерге аттандым,
Тілеңдер маған ақ жолдар,
– дейді.
Аттанып бара жатып екі елдің де амандығын, тұтастығын, татулығын армандайды. Қалай да екі елін де ұятқа қалдырмау үшін:
Жауыңды кескілермін де,
Қас етпен ешкімді ешкіммен.
Бағың боп естілермін де,
Сорың боп естілмеспін мен,
– деп азаматтық үлкен мінбеден тіл қатады, ағынан жарылады. Ақынның жалынды сезімі өлеңді оқып отырған адамды бей-жай қалдырмайды. Ол екі елдің де бағы болды да, соры болған жоқ.
Филология ғылымдарының докторы Әзиза Нұрмаханова өзінің Төлеген Айбергенов туралы естелігінде де осы жайында былай деді: «Төлеген Қазақстанға кетуге белін мықтап байлаған екен… Қимастық білдіріп, кетпеуін өтіндім. Мен бұл кезде Қарақалпақ Республикасының Оқу министрі болып қызмет атқаратынмын. Төлеген туралы, оның қызметі мен шығармашылығына мүмкіндік туғызу жөнінде біраз ойларым бартын. Күні бүгінге дейін есімде: – Төлеген кіндік қаның тамған жеріңді, кіршіксіз мөлдір жырларыңа арқау болған Аралды, Әмуды, Қарауымбетті, құрбы-құрдастарыңды, Мойнақ пен Қоңыраттың ақ жарқын адамдарын қалай қиып тастап кетесің?, – дедім. Ақын үндемей отырда да, терең бір күрсінді. Шынында да өзі туған өлкеде небір қаймағы бұзылмаған, төкпе өлеңдері ел аузында болатын». Расында да осындай қимастық сезімі, қалай болған күнде де атамекеніне барып, табан тіреу арманымен арпалысқа түскен болуы керек. Сондықтан да ақын «Атамекен» деген өлеңінде:
Түп-түгел құбыламды түстік етіп,
Туған жер, мен сен алған құс түлетіп,
Дүние-ай, қандай жақсы ед табаныңа
Тұрғаны өз топырағыңнан ыстық өтіп,
– деп шабыттанады. Алдағы өмірде Қазақстан нық тұрағы боларына сөзсіз сенеді, өз махаббатын қалай ұқтырарын білмей:
Мен сенің ақ төсіңе шаңқай түсте
Көлеңкем түспесін деп тік тұрамын,
– дейді.
Бөтен жерде, бөтен елде дүниеге келгендіктен де болар Төлеген Айбергенов жырларында ең өнімді жырланған тақырып – туған жер. Елі туралы жырлағанда ақынның көкірегі мақтанышқа, сол мақтаныш арқылы қуанышқа, сезімнің сан түрлі арпалысына, бірде сап-сары сағынышқа толы.
Атамекен Қазақстанға жеткендігі ақынның шексіз қуанышы мен сезім селі өлшеусіз.
Мен сенің бүгін қойныңа жеттім сабылып ұшып,
туған жер,
Сарғайып ұшып, жүректі тоқсан пәршалап.
Қайғырған жоқпын баратқан қалып малға да,
тіпті басқаға,
Гүл шығады ғой тасқа да.
Тауға да керек астана,-
Тасқа да керек астана,
– деп өз ұлтының панасы, астанасы болған Алматыға барып тұрақтануды, тіпті болмаса Қазақстан жеріне табаны тиіп тұруын аңсайды.
Ал ақынның атамекеніне, ата-бабасының, кіндік қаны тамған жерге деген махаббаты оттай ыстық, даладай шексіз, қалтқысыз таза.
Құстарың мәңгі ән салсын деп,
Жат қолға ілгізбедім мен.
Қызарып мәңгі қалсын деп
Қырыңнан гүл де үзбедім мен, –
Деген шумақты оқи отырып, еріксіз тамағыңызға өксік тығылып, көзіңізге еріксіз жас үйіріледі. Бұл қуаныш кернеген сезімнен бе, жоқ әлде дәрменсіздіктен бе, ол жағы өзіңізге де түсініксіз.. Ары қарай ақынның «көлді де кешпегенін, тұнығын лайлармын» деп, мәңгілік сая қалсын деп шыр-пыры шығып жүргені көзіңізге елестейді. Қазіргі кезде жерді сатып ата бабадан қалған мол қазынаны талан таражға салып жатқан әбестіктерге қарсы тұрған зиялылардың ақын көңілімен үндес екенін сезінесіз. Сол жандарға іштей риза болып, олардың туған елін, жерін шын сүйетін азаматтар екенін сезесіз, қалтқысыз сенесіз. Сондай азаматтар атынан ақын үлкен мінбеден былай үн қатып тұрғандай болады:
Өмірде ұзақ жасауың үшін болғаныменен қайғың қас,
Туған жер, сен деп қайғыра алмасам
тағдыр да мені бай қылмас.
Өлеңінің әр шумағынан сағыныштың сазы есетін Төлеген Айбергеновтың поэзиясында ерекше бір қуат бар. Ол басқа түскен қайғыға мойымайтын, қайта онымен тірескенде бел омыртқасын морт сындырып жіберетін – күрескерлік қуат. Ол адамды жеңіп, жігерін құм қылғысы келетін қасіретпен арпалысып,қолын қайырып, мойнын бұрап тастайтын – батырлық қуат. Мысалы, ақынның «Апаларым» атты өлеңінде Төлеген Айбергеновтің күрескерлік және батырлық қуаты мейлінше шынайы кестеленген.
оқушыға Т. Айбергеновтің өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет беру, шығармалардың идеялық көркемдік мазмұнын меңгерту, өлеңдер табиғатын саралай отырып, өзгешелігіне көңіл бөлу; жаңа білімді өз бетінше іздендіру, өз көзқарасын қалыптастыруға ықпал ету.
Оқушылар, бүгінгі сабағымыздың мақсаты – көрнекті ақын Төлеген Айбергеновтың өмір жолымен, шығармашылығымен танысу. Бұл – бір. Екіншіден, “Аппақ қыс” атты өлеңін оқимыз және өлеңдегі ақын көтерген өзекті мәселені, оның айтпақ болған ойын, көзқарасын анықтаймыз. Сонымен қатар, аталмыш өлең мазмұнын ашу барысында жүргізілетін түрлі тапсырмаларды орындаймыз, өз пікіріміз бен көзқарасымызды ортаға саламыз.
Сабағымыздың мақсатына жету үшін мына міндеттерді орындаймыз.
Міндетіміз:
1. Ақынның өмірімен, шығармашылығымен танысу.
2. Өлеңді оқу және өлең шумақтарына мазмұндық талдау жасау.
3. Өлеңді құрылысына қарай сатылай кешенді талдау.
4. Берілген түрлі тапсырмаларды орындау.
Яғни, сабақ барысында түрлі тпасырмалар орындау арқылы Т.Айбергеновтың шығармашылығын қолдана отырып оқушыларға жаңа сабақты түрлі жолмен түсіндіру ең бірінші мақсатымыз.
Оқыту мақсатында қолданылатын ойындардың түрлері көп. Ойын - қанағат алу үшін жасалатын іс-әрекет. Ол мектеп жасына дейінгі балалардың іс-әрекетінің негізгі түрі, ал оқушылар мен ересектер ойынды сабақтан және жұмыстан қолы бос кездерінде ойнайды. Бірақ оқуда да, еңбекте де ойын элементтерін қолдануға болады. Практика кезінде де жаңа сабақты түсіндіру барсысында біз де ойын түрлерін қолдана аламыз.
«Аппақ қыс” атты өлеңін оқып, өлеңдегі ақын көтерген өзекті мәселені, оның айтпақ болған ойын, көзқарасын анықтадық. Сонымен қатар, аталмыш өлең мазмұнын ашу барысында жүргізілетін түрлі тапсырмаларды орындап, пікірімізді, көзқарасымызды ортаға салдық. Біз сабақ барысында
осы мақсатымызға қол жеткіздік.