«Түлеп ұштық бақшадан......»
(Мерекелік ертеңгілік)
Мақсаты: Балабақшада үйренген білімдерін, өнерлерін қорытындылау.
Отаншылдық рух қалыптастыру. Алдағы күндерге нық сенім
мен жақсылыққа құштарлық және алтын ұя балабақшаларына,
тәрбиешілеріне құрмет сезімдерін тәрбиелеу.
Сахна мәдениетіне баулу. Мерекелік көңіл-күй сыйлау.
Мереке өтетін бөлме алдын ала арнайы безендіріледі. Әріптер, сандар, ертегі кейіпкерлері, шарлар, гүлдер т.б. ілінген, тақырыптық көңілді музыка ойнап тұр
Пролог
Балалар II кіші топтан бастап келіп,ортаңғы,ересек топтарындағы әрекеттерін би қимылдарымен көрсетеді.
Барысы: Фанфар ойналып, тәрбиеші ортаға шығады:
Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да,
Мұндай күй болған сірә қаншаңызда
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық,
Бүлдіршін түлектерді ортамызға!
Төлегетай Шұғыла,
Нұр Айша
И Дамир Айару
Айсұлтан Амина
Саят Айдос
Ұлықпан Шахназар
Сұңғат Қарақат
Али Іңкәр
Мадияр Жанерке
Арман Каусар
Карим Рания
Али: Мінекей өсті міне бойымызда
Іңкәр: Ақылға ақыл ой қостық, ойымызға
Екеуі бірге; Қош келдіңіз апайлар, ата аналар,
Бүгінгідей дүбірлі тойымызға. (шарды ұшырып жіберу)
(орындарына тұру екі жаққа бөліну)
Мадияр: Сонда біз бүгіннен кейін балабақшаға келмейміз бе?
Шұғыла: Балабақшамызды, апайларымызды, бір-бірімізді сағынамыз ғой!
Арман: Қалайша қоштасамыз?
1-тәрбиеші: Әрбіріңді бөле-жармай сүюші ек
Өздеріңді біз де сағынып жүрерміз
2-тәрбиеші: Амал нешік?! Өмір заңы солай ғой...
Біз сендерге сәтті сапар тілейміз!
Қарақат: Балабақшада талай қызықты күндер өткізіп едік. Ойнадық,
биледік, ән салдық..........
Али: Иә, иә! Есептеуді, мүсіндеуді, сурет салуды, тағы-тағы көп
өнерге үйрендік. Ең бастысы - бір үйдің балаларындай
бауырласып кеттік!
Нұр: Қоштасу қандай қиын?! Бір-бірімізді ұмытпау үшін неғылсақ
екен?
Карим: Мекен-жайларыңды жаттап алып хат жазысып тұруға болады
ғой!
Рания: Бірақ біз әлі жүргізіп тез жаза алмаймыз. Хат жазуды
үйренгенше сағынысып қаламыз ғой! Әрі хат жазысу - қазіргі
уақытта мода емес!
2-тәрбиеші: Онда ұялы телефонмен хабарласып сөйлесіп тұрыңдар...
Айша: Ұялы телефон жоғалып немесе нөмірі өзгеріп кетуі мүмкін
ғой!..
1-тәрбиеші: Шынымды айтсам, тағы қандай ақыл қосарымды білмей
тұрмын....
И Дамир: Таптым! Интернет желіде сайт ашайық!
Ұлықпан: Ол қалай сонда?
Айсұлтан: Үлкендерде «Одноклассники», яғни «Сыныптастар» деген
сайт бар ғой! Сол сияқты біз де «Бегім Ана»-нүкте-кz» деген сайт
ашып қойсақ бәріміз бір уақытта интернет бойынша кездесіп,
тіпті жүздесе аламыз. Балабақшадағы бал күндерімізді еске
түсіреміз,бір-біріміздің жаңалығымызды біліп отырамыз.
Мадияр: Та-был-ған ақыл! Онда алдымен сүйікті балабақшамызға ән
арнайық!
Ән «Балабақша әнұраны»
(Әннен кейін Қарақат шығып кетіп ханшайым киімін киеді)
(Сұңғат Іңкәр Жанерке ортаға шығып сөйлейді)
Сұңғат: Сонымен сайтымыздың алғашқы бетін қалай атаймыз?
Іңкәр: «Балабақша бағында» -деп атайық. Бұл бетте балабақшаға алғаш
келгеннен бастап не үйренгеніміз, қызықты оқиғаларымыз,
жалпы балалық шақтың қайталанбас сәттерін топтастырайық.
Жанерке: Онда еске түсірейік, кімдер биді қатты билеуші еді?
Биші балалар: Әрине біз!
(жоғарыдағы балалар қатармен төменге түседі)
Би «Қазақша»
(қазақша биден кейін қыздар үнді киімін киіп күтіп тұрады, ұлдар стиляга киімдерін киіп орындарына кіреді, ұлдар ғана)
Саят: Балабақшада біз әріптер таныдық!
Шахназар: Көп қызықты ойындар ойнадық!
Сұңғат: Түрлі-түрлі ертегіні сомдадық!
Ертегі әуенімен ертегілердегі еркетотай ханша Қарақат билеп шығады:
Қарақат: Тынышталыңдар!Қане, мені тыңдаңдар!
Менің тойға киетін 4 көйлегім, серуенге киетін 2 көйлегім,
көрші хандыққа қонаққа барғанда киетін 2 көйлегім бар.
Сонда барлығы қанша көйлегім бар екенін тез есептеп айтыңдар!
Ұлықпан: Сіз кімсіз? Неге айқайлайсыз?
Қарақат: Мен ханшамын! Әкемнің хан сарайында әбден ішім пысты.
Бүгіннен бастап сендердің тәрбиешілерің боламын!
Арман: Біздің тәрбиешілеріміз айқайламайды.
Мейірімді, білімді және жақсы дос.
Қарақат: Балабақшада тәрбиеші болу қиын ба соншалық!
Сұрақты қоя берсең, қоя берсең, айқайлап ұрса алсаң болды емес
пе?
Бәрі бірге: Жо-о-оқ! Біз сіздің тәрбиеші болғаныңызды қаламаймыз!
(Бәрі жерді топылдатады)
Қарақат: Жарайды, жарайды. Мен тәрбиешінің көмекшісі-ақ болайын.
Сыпырғы мен шүберектер сендер сияқты шуламайды қайта.
Еден жуып, шаң сүрту, тамақ тасу қиын болыпты ма?
(Музыка фонында сыпырады, шаң сүртеді т.б. Бір кезде шаршап құлайды. Ғайыптан пайда болғандай экраннан хан көрінеді: «Ай, қызым-ай! Еңбектің үлкен-кішісі болмайтынын енді түсінген шығарсың. Әр мамандықтың өз қызығы мен қиындығы бар.
(Уәзірлеріне)-Уәзірлерім! Сиқырлы желбегеймен ұшып ерке ханшаны қайтадан ертегілер еліне алып келіңдер!
(Балаларға) -Балалар! Мен сендерді танимын. Ертегілермен дос екендеріңді де білемін. Мектепке бет түзеген қадамдарың оң болсын! 4 пен 5-ке оқыңдар! Жақсылыққа сене біліңдер!) Ханшаны уәзірлер келіп алып кетеді.
Уәзірлері: Төлегетай, И Дамир
Уәзірлері, Қарақат барлық 4 қыз үнді киімін киюге кетеді.
Жанерке, Іңкәр, Каусар, Қарақат үнді киімін киеді
(Төлегетай қайтып кіреді, барлық балалар бір қатарға сахна алдына тұрады.)
Арман: Достар! Интернет сайтымыздың бір бетін арнайы аяулы
апайларымызға арнайық.
Ұлықпан: Қуанышымызға бірге қуанып,
Шахназар: Қиындығымызға төзе білген,
Мадияр: Бар мейірімі мен ақ тілегін арнаған,
Саят: Қамқор да жанашыр жандар - аяулы апайлар!
Бәрі бірге: Мың алғыс сіздерге! (Бәрі бас иеді)
Ән «Бал күлкілі баламыз»
Орындайтындар: Ұлықпан, Шахназар, Карим, Сұңғат, Арман, Мадияр, Нұр, Төлегетай
Айсұлтан: Осы сәтте аяулы апайларымыздың ақ тілектерін бейнетаспаға жазып интернет сайтымыздың «Асыл бейне» атты 2-ші бетіне орналастырайық.
Төлегетай: (Бір бала дереу микрофон ұстап меңгеруші мен әдіскерге жүгіріп барып сұхбат ала бастайды, ал бірі планшетке бейнежазбаға түсіріп алғандай болады)
Төлегетай: «Тілші» бала: (меңгерушіге) Дәл осы сәттегі сезіміңіз? (Меңгеруші жауабы)
Төлегетай: «Тілші» бала: (әдіскерге) Бізге деген ақ тілегіңіз? (Әдіскер жауабы)
Төлегетай: «Тілші» бала: Көп рахмет! Мына әсем үнді биіміз сіздерге арналады.
Қыздар кіреді. «Үнді» биі
(қыздар стиляга киімін киюге кетіп қалады)
Али тақпағы: «Сен қазақсың»
Мадияр: Бүгінгі күні бізден де артық толқып, қуаныш пен тебіреніске
бөленіп отырған тағы бір жанымызға жақын, аяулы жандар бар.
Олар – біздің...
Бәрі бірге: Ата-аналарымыз!
Нұр: Біз сіздерді жақсы көреміз!
Карим: Тентек болмауға, мектепте үздік оқуға уәде береміз, үміттеріңізді ақтап, жақсы азамат болып өсеміз!
Бәрі бірге: Бәрі-бәрі үшін.................
Көп рахмет!
Хор ұлдар: «Ата анаға көз қуаныш»
Ойын ата анамен:
Тәрбиеші: Республикалық байқаудан жүлделі І орынды алған балалардың
«Стиляга» биін тамашалаңыздар
Қыздар «Бәрін білгім келеді» (қыз
Айсұлтан: Сайттың төртінші бетіне ойыншық достарымыздың суреттерін
салайық. Есейгенде суреттеріне қарап сағынышымызды басатын
болармыз.
Сұңғат: Ал оларды кімдерге қалдырамыз?
Саят: Әрине, өзімізден кіші топтағы бүлдіршіндерге сыйлаймыз.
Өздері қайда жүр екен?
2-тәрбиеші: Олар өздеріңді мектепке шығарып салу үшін бағанадан келіп
күтіп тұр. Ортаға шақырайық, келе қойыңдар, балапандар!
Ән «Балабақша бағында» (кішкентайлардың орындауында)
1-бүлдіршін: Бір бақшада бірге өстік
Көп жақсы нәрсе үйрендік.
Шығарып сап мектепке
Құттықтауға біз келдік
2 бүлдіршін: Амал қанша бұл анық,
Қоштасатын кез келді,
Ойыншықтар мұңайып
Іздейтін болды-ау сіздерді.
3 бүлдіршін: Өздеріңізді олар да,
Сағынады біліңіздер
Бізбен бірге ойнауға,
Келіп-кетіп жүріңіздер !
4-бүлдіршін: Сабақты тек 5-ке оқыңыздар!
5-бүлдіршін: Балабақшамызды ұмытпаңыздар!
6-бүлдіршін: Мектепке барған қуаныштарыңыз құтты болсын!
Ересек топтың баласы кішкентай балалардың жанына келіп:
Нұр: Бірге ойнап, бірге жүрген
Күндерді біз де қимаймыз
Естелік болсын біздерден
Ойыншықтарды сыйлаймыз -деп, сыйлықтарын береді.
Арманға сенемін қыздары сыйлықтар таратады.
Рания: Сайттың келесі «Бала арман» атты бетіне қазіргі армандарымыз
туралы жазайық. Келешекте кім қандай маман иесі болғысы келеді?
Мадияр: Мысалы мен, генетик ғалым болғым келеді. Қартаймаудың,
жүздеген жылдар жасаудың құпиясын ашсам деймін....
И Дамир: Ал мен бұрыштары жоқ үй тұрғызып архитектураға жаңа жаңалық
қосуды шештім. Сонда тентек балалар бұрышқа тұрмайтын болады!
Шұғыла: Ал мен келешекте әйгілі әнші болып, қазақ әндерін әлемге
мойындатқым келеді.
Жеке ән «Арманға сенемін»
Али: Армандардың орындалғанына не жетсін?! Мысалы мен өскенде
президент болғым келеді. Нұрсұлтан Назарбаев ата секілді көптің
арман-тілегінің орындалуына үлес қоссам деймін.
Ортаға диктор шығады
Диктор: (қолына микрафон ұстап шығады)
Диктор Мадияр: Қымбатты көрермендер! Хабар арнасында кешкі жаңалықтар. Кеше Қазақстан Республикасының Президент сайлауы болып өтті.
Сайлау қорытындысы бойынша Нұрбекұлы Али президент болып
сайланды. Енді жаңа Президентпен өткізілген баспасөз мәслихатын
назарларыңызға ұсынамыз.
Президент Али: (Айсұлтан мен И Дамир екі оқ қағарымен): Құрметті Отандастар!
Маған артқан зор сенімдеріңіз үшін алғысымды білдіремін.
Еліміздің өсіп-өркендеуі жолында бар күш жігерімді аямаймын.
Мадияр: Құрметті Президент! Сізді жеңісіңізбен құттықтаймын.Туған жеріңіз
туралы айтып өтсеңіз?
Президент: Сен өзім Сыр бойының перзентімін:Қызылорда қаласында туып
өскенімді,ондағы «Бегім Ана » балабақшасында тәрбиеленгенімді
әркез мақтан етемін.
Мадияр: Құрметті Президент! Сіздің алғашқы жарлығыңыз қандай болмақ?
Президент: Мен күні ертең мұғалімдердің,оның ішінде балабақша
тәрбиешілерінің жалақысын 100%-ға арттыру жөніндегі
жарлыққа қол қоймақшымын.
Али: Қиялдарға жетелейді,
Балғын жүрек,бала арман
Президент те,министр де
Біз сияқты бала болған.
И Дамир: Желбіретіп бабалар туын
Ертеңгі күнге баратұғын
Сенімі берік, мақсаты айқын
Мәңгілік елдің баласымын!
Айсұлтан: Бөлеген шексіз шапағат, нұрға
Елбасы - биік, дара шыңым
Бірлігі берік, ертеңі – кемел
Мәңгілік елдің баласымын!
Ән «Елім нұрлы Қазақстан» Орындайтындар: Айсұлтан, и Дамир, Али
(Қалған балалар артына жарты шеңберге жиналып тұрады, қайырмасында қосылады)
Айсұлтан: «begimana»-нүкте-кz» сайтына естеліктерімізді де,
болашаққа жоспарларымыз бен тілектерімізді де бәрін-
бәрін салуға тырыстық. Енді интернетке жиі кіріп жолығып
тұруды естен шығармайық.
Еркін сөйлеп үш тілде
бар әлемді таң қылам
Мәңгілік елдің ұланы
Біз бақытты балдырған
Ағылшынша тақпақтар: Али, Төлегетай, Айсұлтан, Мадияр, Шахназар, Іңкәр
«Әрқашан күн сөнбесін» хор (Барлығы жиналып орындайды)
Ұлықпан: Балабақшам, балабақшам
Шаңырағы шаттықтың
Бас бағдары, қорғанышы
Балғын сәби жастықтың
Каусар: Ана тілін ардақтап
Ата салтын біз көрдік.
Сурет салып, ән жаттап.
Оқып-жазып үйрендік.
Айша: Күліп, ойнап алаңсыз
Қуандық біз баршамыз
Ризамыз сүйікті
«Бегім Ана» балабақшамыз
(Екі қатарға бөлініп тұрады, жоғарыда ұлдар, төменгі жағында қыздар тұрады)
Ән «Қош, балбұлақ бақшамыз» муз, сөзі: Б.Жұмабекова
1-тәрбиеші: Бізге сыйлап сыңғырлаған күлкіні
Жүздеріңде әрдайым да нұр тұнды
Бүгін міне көзді ашып-жұмғанша
Өздеріңмен қоштасатын күн туды
2-тәрбиеші: Биік ұшып, талмай қанат қағындар
Жүректерден арман отын жағындар
Жақсы оқып алтын ұя мектепте
Бұл өмірден бақыт жолын табыңдар
Бәрі бірге: Рахмет! Шұғыла қалады.
(қалған балалар шығып кетеді, перде жабылады, вальске дайындалады)
Шұғыла: Толқытқан бүгінгі күн қандай
Қалайша қалармыз нұрланбай
Вальске ілескен біздермен
Жер шары айналып тұрғандай!
Би «Вальс»
Гүлдер тарату
(Түлектерге тілектер, дипломдар мен естелік суреттер
тарату, ата-аналар сыйлығы т.)