«Жақсы қарым-қатынас» тренингі
Мақсаты : жағымды қарым-қатынас орнату және белсенді қарым-қатынас стилін меңгерту, қарым-қатынас кезінде оқушылардың өзара әрекеттестіп, түрлі жағдайды шешуге көмектесу.
Қатысушылар: 10- сынып оқушылары
«Танысу» жаттығуы
Барлық қатысушылар шеңбер бойымен тұрады. Жүргізуші ақ парақ пен қаламсапты оқушыларға алдырады. Ақ парақтың жоғары жағында өзінің есімін жазып, ақ парақты екіге бөліп, оң жағына «+» белгісін, сол жағында
«-» белгісін қояды. «+» белгісі бойынша өзіне қоршаған ортада (табиғатта, адамдардың бойында, өзінің бойында) не ұнайтынын жазады. Ал, «-» белгісі бойынша өзі үшін қоршаған ортада не ұнамайтынын жазады. Содан соң, барлығы өзінің жазғанын көкірегіне іліп, бөлме ішінде жайлап жүріп, бір-бірінің ерекшеліктерін оқып шығады.
«Аялы алақандар» жаттығуы
Мақсаты: Кері байланыс орнату, топтың ұйымшылдығын арттыру, өзіндік бағалуын жоғарылату.
- Әр қайсысыңыз қолымызды біріктіріп, алақанның ортасына өз есімдеріңізді жазасыз. Одан соң, өз парағыңызды оң жағындағы көршіңізге бересіз, ол сіздің жақсы қасиеттеріңізді жазады, ал өзіңіз басқа көршіңізден суретті аласыз. Оған жақсы жағын жазып, әрі қарай бересіз. Барлық жазуларды жүргізуші қолына алып, оқып шығады да, ал оқушылар оның кімге айтылғанын табады.
Талқылау:
- Өзіңіздің қолыңыздағы жазуларды оқығанда сіз қандай сезімде болдыңыз?
- Сіз туралы айтылған жақсы сөздердің барлығын білетін бе едіңіз?
3. «Мақтаныш столы» жаттығуы
Барлық қатысушылар шеңбер бойына отырады. Жүргізуші бос бір стол алып, оған өз таңдауымен бір адамды отырғызады.
Бұл жай стол емес, бұл мақтаныш столы. Оған отырған адамның мақтануға құқығы бар. Несімен? Өз өмірінде жеткен кез-келген жетістігімен мақтануға болады. Ол адам: «Мен мынандай жағдаймен мақтанғым келіп отыр...» -дейді.
Бірінші мақтаныштан кейін шапалақ ұрылады. Столда отырған адам келесісін өзі шақырады.
«Бір – бірімізге жаман сөз айтамыз »
Мақсаты: вербальды агрессиядан арылту. Балаларға қолданбалы түрде өз ашу-ызаларын шығара білуге көмектесу.
Балаларға келесі сөздерді айтамыз. «Балалар мына допты бір-біріміздің қолымызға шеңбер бойымен бере отырып, бір-бірімізді ренжітпейтіндей сөздермен атайық (Балалар шарт бойынша қандай сөздермен атайтындарын алдын-ала келіседі. Ол жеміс-жидектер, жиһаздар, т.б. болуы мүмкін. ). Әрбір қаратпа сөз былай айтылуы керек: Ал, сен, ..сәбізсің!» Бұл ойын, сондықтан бір-біріңе ренжудің қажеті жоқ екенін естеріңде ұстаңдар. Қорытынды айналымда міндетті түрде өз көршіңе жағымды сөз айту шарт, мысалы: «Ал, сен, ... күнімсің!».
«Өз құндылықтарым мәлімдемесі» жаттығуы.
Мақсаты: өзіндік бағалауды көтеру, өз күшін тексеру мүмкіндігі.
Психолог: «Қазір мен сендерге «өз құндылықтарымның мәлімдемесін» оқимын. Бұл әркімнің өзіне арналған әнұраны іспеттес. Барлығымыз дауыстап бірге оқимыз:
Мен - бұл мен. Бүкіл әлемде дәл Мендей ешкім жоқ. Барлық менің жеңістерім мен жеңілістерім менікі. Барлық менің қиялдарым, армандарым, барлық менің үміттерім мен қорқыныштарым менікі. Сондықтан мен өз-өзіммен өте жақын таныса аламын. Мен өз-өзімді жақсы көре аламын және достаса аламын. Сонымен бірге Мен мендегі барлық қасиеттерді менің қызығушылығымды оятуға жұмылдыра аламын.
Мен көремін, естимін, сезінемін ойлаймын, сөйлеймін және әрекет ете аламын. Басқа адамдарға жақын болу үшін және айналамдағы заттар мен адамдар әлеміне мән мен тәртіп енгізу үшін Менде бәрі бар.
Мен тек өзіме тиесілімін, сондықтан Мен өзімді өзім жасай аламын.
Мен – бұл Мен. Мен кереметпін».
6. «Мінез бен әрекет» тесті
Мұндай тестерді көбіне психологиялық тренингтерде оқушыларға жасатады. Кішкентай тесттен адамның болмысын суреттеп шығуға, әрине, болмас, алайда өзіңіз жайлы кішкентай мағлұмат алуға болады
1. Саусақтарыңызды бір-бірімен айқастырыңыз.
Егер оң қолыңыздың бас бармағы сол қолыңыздың бас бармағының үстінде жатса, параққа «2» деп жазыңыз, егер сол қолыңыз үстіде жатса - «1».
2. Бір көзіңізді жұмып, кез келген нысанаға дәлдеп көздеңіз.
Егер сол көзіңіз ашық қалса, «1» санын жазыңыз, егер оң көзіңіз ашық қалса - «2».
3. Қолыңызды кеудеңізге айқастырыңыз, қай қолыңыз үстіде жатыр?
Егер сол қолыңыз саусақтары оң қолыңыздың үстінде жатса, «1» санын жазыңыз, егер оң қолыңыз үстіде жатса - «2».
4. Көлденең шапалақтаңыз.
Егер сол қолыңыз үстіде болса - «1», егер оң қолыңыз болса, онда «2».
Қорытындысын сандардың орналасу тәртібі бойынша анықтаңыз:
«2222» - (жүз пайыз оңақай) – мінезі тұрақты, консерватизм, біреулермен шиеленісуден, ұрсысудан қашады.
«2221» - ең үлкен кемшілігі – батылсыздық, тартыншақтық.
«2212» - өте ашық, кез келген адаммен тіл табысып кетеді.
«2111» - тұрақсыздық, жалтақтағыш, біреудің қолдауы мен пікіріне тәуелді, өзіне сеніп үйрену керек.
«2211» - мұндай үйлесім көп кездесе бермейді. Ашық адамдар, жақсы қарым-қатынас жасайды, әрі мінездері жұмсақ.
«2122» - бұндай адамдарда аналитикалық ақыл-ой жүйесі қалыптасқан, мінезі жұмсақ. Бәріне сақтықпен қарайды, адамдармен өзін салқынқанды ұстайды.
«2121» - бұл тіркес те сирек кездеседі, қорғансыздық, адамдардың ықпалына ұшырап тұрады.
«1112» - өте әсершіл, қайратты әрі батыл адамдар.
«1222» - жиі кездесетін мінез. Әсершіл, алайда өмірлік сұрақтарды шешуде жігерлік пен батылдық жетпей жатады, басқалардың ықпалына көніп кетеді. Өте ашық, адамдар өздері тартылады.
«1221» - әсершіл, батылдық жетіспейді, мінезі жұмсақ, аңғал.
«1122» - досжанды адамдар, бірақ сонымен қатар аңғал және қарапайым. Істерін саралап, өз-өзін қазбалауға құмар. Қызығушылығы көп, бірақ уақыты жете бермейді
«1121» - адамдарға қатты сенеді және мінезі өте жұмсақ. Көбіне шығармашылыққа бейім адамдар.
«1111» - (жүзпайыз солақай) – кертартпа адамдар. Шығармашылыққа өте бейім. Көптеген заттарға ерекше көзқараспен қарайды. Өте әсершіл, дарашылдық, эгоизм басым. Қыңыр әрі өзімшіл, бірақ бұл оларға өмір сүруге кедергі емес.
«1212» - рухы мықты адамдар. Бірбеткей десе де болады, қойған мақсаттарына жетеді.
«1211» - өз-өзін қазбалауға құмар, тұйық адамдар, көпке ашылмайды, бірақ рухы мықты, алдына мақсат қойса ештеңеден тайсалмайды.
«2112» - жайдары, еркін мінезді, достарды тез табады, танысуы да оңай және қызығушылықтарын да жиі ауыстырады.
«Мен саған сенемін» жаттығуы.
Шарты: қатысушылар жұп құрып, бір-бірінің көздеріне қарап отырады. Алғашында ыңғайсыз сезінеді, содан кейін өз ойларын кезектесіп, мынадай сөзден бастап айтады, мысалы: «Мен саған сенемін......», өйткені, сен жақсы адамсың..... Осы кезде әуен ойнап тұру керек.