Жаңашыл мұғалімнің педагогикалық қызметі
«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» – деп Сократ айтқандай, Егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойылып отыр. Соның ішінде болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай білім мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттердің бірі. Қазіргі кезде білім берудің жаңа жүйесінің жасалынуы, білім мазмұны мен әдіс-тәсілдерінің жаңаруы бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны - мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі де сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім», — деген. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, Алаш арысының осы сөзі ескірмек емес.
Сонымен қазіргі заман мұғалімі қандай болу керек?
-«Өмір бойы оқу керек» ережесін ұстанып, өзі оқи отырып, өзгені оқытатын;
-Өзінің ғана емес, басқаның да еңбегіне жауапкершілікпен қарайтын;
-Жоғарыда айтылғандай жаңа технологияны жетік меңгерген, білімді, жаны жаңалыққа толы, түсінбегенді түсіндіре алатын;
-Меңгермегенді меңгергенше меңгерте алатын;
-Құрамындағы мұғалімдердің білім, білік, дағдыларын жетілдіру жолдарын таба алатын;
Қазіргі білім беру саласындағы басты міндет – білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді жаңа әдістерін іздестіру мен оларды жүзеге асыра алатын жаңашыл мұғалімдерді даярлау.
Жаңашыл мұғалімдер педагогикалық қызметтің барлық түрлерін зерттеп, кез-келген педагогикалық жағдайда өзінің білімділігі, парасаттылығы, ақылдылығы, мәдениеттілігі, іскерлігі, шеберлігі арқасында шеше алатын, педагогикалық үдерістің нәтижесін жақсартуға ұмтылатын жаңашыл әрі шығармашылықпен жұмыс алатын және тұлға болуы керек.
Шеберлік-кәсіби әрекетті жоғары деңгейге көтеретін мұғалімнің жеке қасиеттерінің, оның білімі мен білігінің жүйесі. Осы мәселені терең зерттеген А.Маркова мұғалімнің кәсіби деңгейге көтерілуінің төмендегідей психологиялық критерийлерін анықтаған.
Обьективті критерийлер. Мұғалімнің өз мамандығына қаншалықты сәйкес әлеуметтік тәжірибеге қосар үлесі қандай екендігі. Жоғары еңбек көрсеткіші, әртүрлі мәселелерді шығармашылықпен шеше алу біліктері, т.б жататындығын атап өтеді.
Субьективті критерийлер. Адамның мамандығы қаншалықты оның табиғатына, қабілеттері мен қызығушыларына сәйкес қаншалықты ол өз ісінен қанағат табатындығымен байланысты. Мұғалім еңбегіндегі субьективті критерийлерге кәсіби – педагогикалық бағыттылық, кәсіптің маңыздылығын , оның құндылығын түсіну, маман иесі ретінде өзіне позитивті көзқарастың болуын жатқызады.
Нәтижелі критерийлер. Мұғалім өз ісіне қоғам талап етіп отырған нәтижелерге қол жеткізіп отыр ма деген мәселе тұрғысынан қарастырады.Біреулер нәтиже ретінде оқушылардың білімдерінің стандартқа сай болуын алса, енді біреулер олардың қарым- қабілетін дамытуды алады, ал кейбіреулері оқушылардың өмірге дайындығын басты назарда ұстайды, ал оқыту нәтижесі біз үшін баланың психологиялық функцияларын жетіліп, өзінің педагогикалық әрекеті арқылы алған білімдерін өз өмірлік мәселелерін шешуге қолдана алуы.
Шығармашылық критерийлер. Мұғалім өз кәсібінің шекарасынан шыға алуы, сол арқылы өз тәжірибесін, еңбегін өзгерте алуы жатқызылады. Шығармашыл мұғалім үшін біреудің тәжірибесін қайталағаннан гөрі өз жаңалықтарын, білгендері мен түйгендерін басқаларға ұсына алуының, шығармашылық бағыттылықтың болуының мәні зор. Кәсібиліктің бірден келе салмайтындығы белгілі, оны әр мұғалім ерте ме, кеш пе меңгеруі тиіс. А.Маркова оның кезеңдерін төмендегідей етіп бөледі: мұғалімнің өз мамандығына бейімделу кезеңі: мамандықта өзін-өзі өзектендіру кезеңі: мамандықты еркін меңгерген кезең: мамандықта шығармашылық деңгейге жеткен кезең. Осылайша ғалым кәсіби құзыреттіліктің сипаттамасын шебер-мұғалімнің, жаңашыл-мұғалімнің, зерттеуші- мұғалімнің, кәсіби дәрежесіне көтерілген мұғалімдердің жиынтық бейнесі ретінде қарастырады.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру»,- деген тұжырым жасады. ХХІ ғасыр - қатаң бәсеке ғасыры. Бұл ғасыр – марғаулықты көтермейтін ғасыр. Демек, әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай білімді де тапқыр дара тұлғаның тағдыры біздің қолымызға аманат ретінде тапсырылып отыр.
Осындай шәкірттер тәрбиелеу үшін мұғалім тұлғасына қойылатын бірнеше талаптарға тоқтала кетейін:
Біріншіден, мұғалім жеке көзқарасы бар және соны қорғай білетін жігерлі тұлға және маман мұғалім болуы қажет. Зерттеушілік, ойшылдық қасиеті бар мұғалім жалтақ болмайды. Өз ісін жетік біліп табанды жүргізетін мұғалім ғана түпкі нәтижеге қол жеткізе алады. Ондай мұғалім әрбір күніне есеп беріп отырады, азаматтық ар – ожданын үнемі қорғай алады.
Екіншіден, педагогтік, психологиялық білімін жетілдіріп үйренумен қатар, сол білімін күнделікті ісінде шебер пайдалана білетін болуы керек. Дүние жүзінде ғаламадану үрдісі жүріп жатқандықтан, ақпараттық ағыны көбейді. Мұғалім қай пәннен сабақ бермесін, ол баланы өмірдің әр саласына қатысты кез келген сұрағына жауап беруге даяр болуы керек.
Әр мұғалімнің педогогикалық ойлау қабілеті ғылыми түрде қалыптасуы тиіс. Психологиялық басты заңдылық «Адам өзінің шығармашылық өзгерушілік қызметі арқылы адамдармен қарым – қатынас жасайды және жеке ойлау қабілеті зор жеке тұлға болып қалыптасады» дейді. Көп білу үшін көп оқу, тоқу керек. «Интернет» жүйесін меңгеру қажеттігі туындайды.
Үшіншіден, міндетті орта білім беру, стандартты оқулықтарды пайдалану, ақпараттардың көбеюі, т.с.с мұғалімнің білім берудегі жетекші ролін жойды. Енді білім негіздерін өз бетінше оқып үйренуге оқушыны баулу міндеті тұр. Өзінің оқушысын өз бетінше білім алуға үйретпеген мұғалім қазір түпкі нәтижеге қол жеткізе алмайды. Жан – жақты даму үшін осы салада мұғалім ғана көмектесе алады.
Төртіншіден, мұғалім ұйымдастырушылық, құрылымдылық, бейімділік сараптамалық қабілеттер мен қатар өз бойындағы педагогикалық жағдаяттарды, дәйектерді, құбылыстарды талдай білуі және солардың пайда болуының себеп–салдарын анықтай білуге де бейім болуы шарт. Соның негізінде күрделі жағдайларда шешім таба алатын дәрежеге жету мүмкін.
Бесіншіден, мұғалімнің адамгершілік, саяси идеялық ұстанымы жұмысында көрініс тауып, ол ұстанымда бала тәрбиесіне негіз етіп алуы шарт. Қысқасы, бала ықпал ету обьектісі емес ынтымақтаса қызмет ететін тұлғаға айналуы қажет.
2019 жылы 27 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Бұл Заң ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша әзірленген.
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының мақсаты - педагогтердің мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жосықсыз тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, ынталандыру бойынша өзге де мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу. Бұдан басқа, Заңда педагогтердің құқықтары мен міндеттері қарастырылған, сондай-ақ педагогикалық қызметке рұқсат беру талаптары белгіленген.
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңы 21 баптан тұрады және еліміздегі 500 мыңнан астам педагогтің мүдделерін қорғауды көздейді. Заң нормалары мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру, қосымша білім беру, мамандандырылған, арнайы білім беру ұйымдарының, әдістемелік кабинеттердің педагогтеріне қатысты талаптарды қамтиды. Заң жобасын талқылау мақсатында «Білімді ел – Образованная страна» сайтында арнайы электрондық пошта ашылды. ҚР Білім және ғылым министрлігі Facebook әлеуметтік желісінде педагогикалық және сараптамалық қауымдастықпен талқылаулар жүргізді. 2018 жылғы 20 қазаннан бастап электрондық поштаға қоғамдық қауымдастықтан және педагогтер ұжымынан 8 633 ұсыныс келіп түсті. Оның ішінде 2 399 ұсыныс bilimdinews.kz сайтында орналастырылды. Сонымен қатар бұл заң түрлі алаңдарда - ЖОО-ларда, білім беру ұйымдарында және ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде талқыланды. Жалпы Заң төрт бағытты қамтиды, оның ішінде педагог қызметіне қойылатын талаптарды күшейту қарастырылған. Бұл ретте, педагог этикасы мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген, әрбір білім беру мекемесінде Әдеп жөніндегі кеңес қызметі енгізілуде.