СДЕЛАЙТЕ СВОИ УРОКИ ЕЩЁ ЭФФЕКТИВНЕЕ, А ЖИЗНЬ СВОБОДНЕЕ

Благодаря готовым учебным материалам для работы в классе и дистанционно

Скидки до 50 % на комплекты
только до

Готовые ключевые этапы урока всегда будут у вас под рукой

Организационный момент

Проверка знаний

Объяснение материала

Закрепление изученного

Итоги урока

ЖАНЫ ЖАЙСА? НАР Т?Л?А...

Категория: История

Нажмите, чтобы узнать подробности

Б?л ма?ала ту?ан ауылымны?, я?ни Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылыны? арда?ты азаматы, сол ??ірді? дамып, ?ркендеуіне бар ??мырын арна?ан, ?лы Отан со?ысына ?атысып от кешкен майдангер атамыз Сейфолла Бай?ожа?лы туралы болма?. Ол майдангер атамыз та?дырды? талай тос?ауылы мен ?мірді? ?иыншылы?тарын тайсалмай ар?ала?ан жан.

Просмотр содержимого документа
«ЖАНЫ ЖАЙСА? НАР Т?Л?А...»

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ НАР ТҰЛҒА...

Бұл мақала туған ауылымның, яғни Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылының ардақты азаматы, сол өңірдің дамып, өркендеуіне бар ғұмырын арнаған, Ұлы Отан соғысына қатысып от кешкен майдангер атамыз Сейфолла Байғожаұлы туралы болмақ. Ол майдангер атамыз тағдырдың талай тосқауылы мен өмірдің қиыншылықтарын тайсалмай арқалаған жан.

Сейфолла Байғожаұлын замандастары нар тұлғалы сабырлы қалпын сақтап, соғыста қираған жанбасы әсерінен жаймен басып сылтып келе жататын еді-ау деп еске алады. Майдангердің бет-әлпетіне қарасақ, қасіреті мен соғыстың өшпес ізі жатқанын айтпай-ақ аңғаруға болар еді. Өйткені соғыс адамзаттың күйреуі екені оның көз жанарынан айқын сезіліп тұрады.

Ойлап қарасақ, Жарсуат ауылында күні кеше ғана бірнеше ондаған майдангерлердің тұрғанын білеміз. Әрине, солардың ішіндегі сабырлы, көп үндемейтін, тұйық, беделдісі 1912 жылы Гурьев уезі Есбол ауданы Жарсуат ауылдық округінің «Өтеген төбе» қыстауында дүниеге келген Сейфолла Байғожаұлы еді. Бұл атамыз партияда жоқ, әлеуметтік тегі жағынан кедей батырақ, кейіннен колхозшы болған. Әкесінен ерте айырылған Сейфолла Байғожаұлын еті тірі, пысық анасы Мәулен қатарынан кем қылмай азамат етіп тәрбиелеп өсірді. Иә, отбасының тауқыметін міндетім деп санаған ол кісі бұғанасы қатпай еңбекке тым ерте араласты, құрбыларынан қалмай білім алуға да мүмкіншілігі болмады. Халық ағарту саласына зор еңбек сіңірген ауыл азаматы, соғыс ардагері Сәрсен Төленбаевпен бала кезден бірге өскен құрдас болатын. Әзілдері жарасқан достардың әңгімелерін тыңдап өскен ауыл азаматтары майдандағы қиян-кескі ұрыстардағы ерліктерін айтып отырғандарының талай куәсі болған.

Сейфолла Байғожаұлы көп оқығаны болмаса да, өмірден түйгені көп, артық сөз айтпайтын, ешкімнің ала жібін аттап, намысына тимейтін, бала сияқты сәл нәрсеге сене қалатын аңқау мінезді кісі болған. Тіпті қан-құйлы соғысты басынан өткерген кездегі ерліктерін де айта бермейтін.

1942 жылы қаңтар айында «Жаңа құрылыс» ұжымшарының төрағасы болып қызмет атқарып жүрген ағасы Сәле Байғожаұлы майданға аттанып кетті де, көп ұзамай сол жылдың көктемінде өзі де Отанын қорғау үшін отыз жастағы жігіт әскерге алынды. Үлкен отбасының асыраушысы майданға кеткеннен кейін шаңырақта кілең әйелдер мен бала-шағалары қалды.

Азаматтары майданға аттанып, соғыс тауқыметін көріп, тұрмыс қиыншылықтарын бастан кешіріп жатқан халыққа көлденең тағы бір табиғат апатының тап болғанын қараңызшы. 1942 жылдың көктемінде Жайық өзені тасып, елді «топан су» басты. Кеңес үкіметі кезінде жаңа заманға лайықтап салынған үйлер, тамаша мектеп, мәдени ошақтар түгел қиратылып, жермен-жексен етілді. Адамдары аман болғанымен бүкіл халық баспанасыз қалды. Қазақта «Жұт жеті ағайынды» деген сөз осы шығар. Бұл жерде соғыс салған жара мен ауыртпалықты айтып жатудың қажеті бола қоймас.

Осындай қиын-қыстау кезде, 1943 жылы соғыста жамбасына оқ тиіп, жаралы болғасын біраз уақыт госпитальда емделіп, Сейфолла Байғожаұлы ауылға оралды. Жаңа ауылда («топан судан» қираған елді мекенді солай атайтын) көрші болған Намазғалиева Қоңырша деген апайымыз болатын. Өзі математика пәнінен сабақ беретін алғыр, мамандығына ұқыпты кісі. Сейфолла Байғожаұлы көрші болғанда танысып, майданға аттанар алдында жүрек қалауымен сөз байласқан шығар, көп кешікпей сол кісіге үйленді.

Сол жылдары Жарсуат орталау мектебінің табалдырығын аттаған ауыл тұрғыны Жиенбай Бақи «Сол кездегі мұғалімдерге деген ерекше құрмет, сыйластық ретінде ұстаздардың алдынан кесе-көлденең өтпеуші едік қой, сондықтан болар, біразға дейін ұялғандықтан үйге кіруге жүрексініп жүрдім. Қоңырша апай шаңыраққа келгеннен кейін үй-тірлігіміз біраз оңала бастағандай болды-ау. Себебі, ол кезде партияның мектеп мұғалімдеріне деген қамқорлығы ерекше еді ғой. Соғыс зардабының қиыншылықтарына қарамастан үкімет белгілі мөлшерде ұстаздың азық-түлік үлесін (паек) берді» деп ұстазын еске алады.

Сейфолла Байғожаұлы жарақатынан айыққан соң, қайтадан майданға аттанып кетті. Бірақ колхоз басқармасының төрағасы Қапан Шүйінішқалиевтың халық атынан өтініші бойынша, әрі жанұя жағдайы ескеріліп, майдангер біржола елге оралды да, бірден еңбекке қызу кірісті. Сейфолла Байғожаұлының арнаулы мамандығы болмаса да, табиғи таланты ма екен, жастайынан елге танымал ісмер атанды. Ол колхозға арба, шана, көліктің дөңгелектері, киіз үй мен еңбек құралдарын дайындап, ағаш пен темірден түйін түйетін шебер, қасиетті көрік ұстаған жан болды. Ауыл адамдарының күнделікті тұрмысына қажетті заттарының бәрін де жасайтын ұстаханадан үнемі кісі арылмай, әсіресе әйелдер көп келетін. Өзіне жүктелген тапсырмаларды асықпай, сапалы жасауға бар күшімен өнерін жұмсаған ұжымшар мен кеңшар басшылары ауыл халқының ақ алғыстарына бөленіп отырды.

Бұл туралы әріптес інісі, еңбек ардагері Үмбет Тезекбаев былай дейді: «Мен өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Батыс Қазақстан өлкесі алғаш құрылғанда кеңшар басшысы Қайыржан Құспановтың басшылығымен Ақтөбе қаласында өткен ауылшаруашылығы озаттарының слет-көрмесіне Сәкеңмен бірге қатыстым. Бұнда қазақтың сегіз қанат ақ үйі «Жайлаудағы қызыл отау» болып тігіліп, меңгерушісі жас жігіт, қазіргі еңбек ардагері жорналшы, «Индер ауданының Құрметті азаматы» К.Сахиев екенін біреу білсе, біреу білмес. Киіз үйдің іші-сырты кілеммен әсем безендіріліп, ортаға көркем-әдеби кітаптар, газет-журналдар және саз аспаптары қойылып, кереге - шаңырағы, сықырлауық есігі Сәкеңнің қолымен жасалды.

Сол 1963 жылғы қатты жел мен нөсер жаңбырдан көрмеге қатысқан барлық ағаш үйлер құлағанда «Құдай сақтап», Сәкең тіккен жалғыз біздің үйіміз аман қалды. Көрмеде бұл киіз үй өлке тарихында тұңғыш рет 1-орын иеленіп, Құрмет грамота мен заттай бағалы сыйлыққа кілем алды. «Елдің атын ер шығарады» деген міне, осы емес пе?» - деп аяулы ағаны еске түсіреді.

Сонымен қатар Сейфолла Байғожаұлының ұсталық өнерге өзі баулыған баласы Өтебай Сейфоллаұлы аяулы әкенің өнегелі тәрбиесі туралы былайша ой толғайды:

«Мен әкемнің соңынан қалмай 10-12 жасымнан бастап бойым жетпей үстелге шығып, қолым талғанша көрік басатын едім. Сол кезде әкем 60 жаста екен, кейін кеңшар ұстаханасында тағы да 13 жыл абыройлы еңбек етті. Ауылдағы жаңа үлгімен тұрғызылған мектепті салуда әкеммен бірге жұмыс істедім. Бұл еңбегімізді бағалаған Гурьев облыстық партия комитетінің 2-хатшысы Устинов екеуімізге әдемі алтын сағат сыйлады. Мен сүйікті әкемнің шеберлік өнері мен қамқор жанұялық дәстүрін жалғастырғаныма өзімді бақытты сезінемін» - деп терең күрсінді. Соғыс жылдары мен халық шаруашылығын қалпына келтіру кезінде де халықтың тұрмысы бірден жақсара қойған жоқ, әсіресе азық-түліктен қатты қиналды. Сол кездегі Сейфолла Байғожаұлының бауырмал, адамгершілік қасиетінің кейбір қырларын айтпай кетуге болмас.

Ауылымызда азаматтары майданда қаза болған жанұяларда қыстың қамына дайындық кезінде соғым түгілі, нан табудың өзі қиын болатын. Одан шығатын жол - көрші Ақтөбе облысының Ойыл, Байғанин аудандарынан тары әкелу. Сейфолла Байғожаұлы он-он бес шанамен алыс сапарға өзі шығып, кедейлердің аманаттарын орындап, ерлікке пара-пар тіршілік жасайтын. Бұл кісі халықтың адамы болды. 1956 жылдары ау қайырып, балық аулап, ауылдағы барлық 20-25 үйге әділдікпен тең бөліп бергенінің замандастары талай рет куәсі болды.

Сейфолла Байғожаұлы өзінің нар тұлғасына сай сұмдық қайратты еді. Бір шөмеле шөпті айырмен көтеріп бірақ лақтыратынын көргендер таң қалушы еді. Соғыс жылдарында Ақтөбе облысында шахтада жұмыс істепті. Бірде Ақтөбелік еңгезердей қарулы жігіт күрескенінің бәрін жеңіп, «жүрегі шыдап, енді менімен күресетін палуандарың барма?» - депті. Сөйтіп, қандай қиын кезең болса да, намысын таптатпаған майдангер атамыз «Гурьевтен мен бармын» деп баяу қозғалып, топтан бөлініп, ортаға шыға келіпті. «Кеудемсоқ, мақтаншақтың пысын басып», көтеріп алып ұрып, жауырынын жерге тигізіп, тәубасына келтіргенін замандастары аңыз етіп айтады. Сондықтан болса керек, оның қайраттылығына риза болған ауылдастары оны «Қара нар» деп атап кетіпті.

Ауылымызда қадірлі, елге абыз атанған ақсақалдар мен ағалар аз болмаған. Солардың бірі – Көмір деген ақсақал болған екен. Ол кісіні бүкіл елдің қатты сыйлағаны соншалық, ер-азаматтарды айтпағанның өзінде әйел жұрты әжелер мен жеңгелер, ауылдағы қыз-келіншектердің бірде-біреуі күні кешеге дейін Көмір деген сөзді қолданбай тек «Шалашоқ» деген екен. Сейфолла Байғожаұлы сол кісімен қатты сыйлас, сырлас ағалы-інілі дос болған.

Сейфолла Байғожаұлының адами қасиеттерінің бірі - жетімдерді бауырына басып, оларды адам қатарына қосуға сіңірген еңбегі ерекше. Жиенбай Бақи мен жалғыз ағасының тұяғы Қадір інісін қамқорлыққа алып, ел қатарлы азамат қылып жеткізгеніне бүкіл ел куә.

Бірақ Сейфолла Байғожаұлы істеген жақсылығын бұлдамайды, еңбегін сатпайтын адал адам.

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,

Жамандар жақсымын деп айқайлайды.

Бауырында жүрген соң күнде көріп,

Таулардың биіктігі байқалмайды», деп жырлаған Атыраулық ақын Шөпенғали Дәуенұлының өлең жолдары дәл Сейфолла Байғожаұлы сияқты «Нар тұлғалы» аталарымызға арналған сияқты деп ойлаймыз.

Қазақта «Әке мың жасамайды, ұрпақтары мың жасайды» демекші, майдангер атамыз Қоңырша апаймен бірге ұзақ жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп, артында жанұяның игі дәстүрін лайықты жалғастырған ұрпақтар қалдырды.

Бұрынғыларда «Тарихта шебердің қолынан шыққан заты қалады, ғалымның жазған хаты қалады» - деген тамаша сөз бар. Ендеше, көзі тірісінде «Халқы мойындаған» ауылдың ақылман атасы, майдангер, Жарсуаттан шыққан қарапайым еңбек адамы Сейфолла Байғожаұлының Жарсуат өмірінің тарихында ұмытылмастай аты қалды.