ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ
«АВИМЕД» көпсалалы колледжі
«Бекітемін»
Директордың оқу ісі
жөніндегі орынбасары
Э.Т. Тезекбаева
«__»_____________ 2021ж.
Ашық сабақ
Тақырыбы: «Анемиялар. Теміртапшылықты анемия»
Өткізген: Абат С.А.
Тобы: ФЛ-19/30
Күні: 12.11.21
Шымкент, 2021
Ашық сабақты орындаған: Абат Салауат Абатұлы
Ашық сабақ мамандық бойынша негізделген : 09120100 «Емдеу ісі»
«Медициналық пәндер» циклдық әдістемелік бірлестігінің (ЦӘБ) отырысында қаралды және ұсынылды.
ЦӘБ жетекшісі ____________Мыктыбеков И.М
Әдіскермен қаралған ____________Нурлыбаева Г.Т
Сабақтың тақырыбы: «Анемиялар. Теміртапшылықты анемия»
Сабақ типі: аралас сипатта
Оқу сағатының көлемі: 90 минут
Сабақтың мақсаты: Тыныс алу жүйесінің анатомиясы мен физиологиясының жастық ерекшеліктері мен құрылымдық функциональды өлшемдерімен таныстыру. Адам организмінің күрделі органы өкпенің құлысымен таныстыру.
Дамытушылық: студенттерді жинақылыққа, жүйелілікке, ойды тұжырымдай білуге үйрету;
Тәрбиелік: іскерлікке, ұқыптылыққа, өзара көмек көрсетуге тәрбиелеу.
Құрал-жабдықтар: муляждар, интербелсенді тақта, инъекция жіберуге арналған құрал-жабдықтар.
Әдістемелік шешім: әңгімелесу арқылы сұхбат, практикалық жұмыс, көрнекіліктер көрсету, сұхбат дәріс арқылы.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі-5 минут
а) сәлемдесу әдебі: Сәлемдесу, студенттердің көңіл - күйіне, денсаулығына баса назар аудару.
ә) сабаққа қатысуын бақылау: жоқ студенттерді белгілеу, кезекшілерді анықтау, құралдарды тексеру.
II. Өткен материалды еске түсіру-25 минут
а) үй тапсырмасын тест түрінде бағалау;
ә) өткен материалды пысықтау:
1. Пиелонефриттің анықтамасы
2. Пиелонефриттің жіктелуі
3. Пиелонефриттің этиологиясы
4. Пиелонефриттің патогенезі
5. Пиелонефриттің клиникасы
6. Пиелонефриттің диагностикасы
7. Пиелонефриттің емі
Жоспар:
Темір тапшылықты анемия туралы жалпы түсінік?
Тәжірибелік тапсырмалар-1
4 сурет 1 диагноз
Тәжірибелік тапсырмалар-2
«Кім жеңімпаз?»
«Микрофон» ойыны
ІІІ. Жаңа сабақ түсіндіру кезеңі- 30 минут
«Анемиялар. Теміртапшылықты анемия» тақырыбы бойынша слайд-презентация.
Тақырып бойынша қысқаша дәрістік шолу.
Кіріспе
Анемия немесе қан аздық – қан гемоглобинінің (Нв) және эритроциттер санының азаюымен қосарланатын патологиялық күй.
Анемияның критерийлері:
Ерлерде гемоглобин 130 г/л және әйелдерде 120 г/л төмен, жүкті әйелдерде 110 г/л аз;
Эритроциттер ерлерде 4х1012/л және әйелдерде у 3,5×1012/л төмен;
Гематокрит индексі ерлерде 40, әйелдерде 36 төмен.
Теміртапшылықты анемия (ТДА) – қан сарысуында, сүйек миында, деполарда темірдің жетіспеуінен дамитын анемия.
Темір тапшылықты анемия – жер бетінде кең тараған патологиялық процесс, оның саны барлық анемиялардың 80-95% құрайды. Онымен ауратын көбіне әйелдер, мәселен жүкті әйелдердің және 16-17 жастағы қыздардың 60-65% осы ауруға шалдығады.
Жіктелуі
Ауырлық дәрежесі бойынша:
Жеңіл НЬ 90-110 г/л дейін;
Орташа НЬ- 70-90 г/л;
Ауыр НЬ
Кезеңдері бойынша: прелатентті, латентті, ТТА өзі
Түсті көрсеткіш бойынша: нормохромды (0,85-1,05) , гипохромды(1,05).
Эритроциттер өлшемдері бойынша:
Нормоцитарлық Д- 7,2-8,0мкм; Микроцитарлық Д
Макроцитарлық Д8,1мкм; Мегацитарлық Д 9,1 мкм
Этиолгиясы.
1. Қан жоғалтуға әкелетін жағдайлар:ас қорыту жолдарының аурулары ( эррозиялар, жаралар, гемморой),әр түлі қан кетулер ( мұрыннан, өнештен, жатырдан, асқазаннан, өкпеден), донорлық (400-500 мл қан тапсырғанда онымен 250 мл темір кетеді), гельминтоз.
2. Темір сіңірілуінің бұзылысына әкелетін жағдайлар:ас қорыту жолының аурулары (жіңішке ішектің резекциясы, созылмалы энтерит, панкреатит); қою шайға әуесқойлық (шайдың құрамындағы танин темірдің сіңірілуі бөгейді); гипотиреоз.
3. Темірдің көп мөшерде жұмсалуына әкелетін жағдайлар:уланулар, ісіктер, жүктілік және лактация, организмнің тез өсуі.
4. Темірдің туа біткен тапшылығы: көп балалы темір тапшылығы бар анадан туылу.
5. Темірдің тамақпен аз түсуі: ет тағамдарын тұтынбау( вегетариандықтар, дұрыс тамақтануға материалдық жағдайы келмейтіндер, тісі жоқ қариялар).
Клиникалық көрінісі. Анемияға шалдыққан науқастардың көбінде әлсіздік, бас ауруы, бас айналуы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, ұйқышылдық пайда болады, шаршағыш, көз алдында шыбын -шіркей тәрізді көлеңкелер көрінеді. Мидың есте сақтау, зейін қою қасиеттері төмендейді. Ауасы жеткіліксіз жағдайда немесе төсектен тез тұрған кездерде науқастар кейде талып қалады. Бұл белгілер бас миының гипоксиясы мен гипоксемиясынан болады. Дәм, иіс сезуінің өзгеруі, сондықтан топырақ, бор, күл жеуге, бензин, ацетон басқада иістерді иіскеуге құштарлық.
Сидеропеникалық синдром:
Тері және оның қосалқыларының түсінің өзгеруі (құрғақтық, қабыршақтану, жеңілжарықшақтардыңпайда болуы, терініңбозаруы). Шаш түтіккен, сынғыш, «ұшталған», ерте ағарады, қарқынды түседі, тырнақтардың өзгерулері: жұқаруы, сынуы, көлденең сызылғыштар, кейде қасықтәрізді жинақталулар (койлонихиялар).
Шырышты қабықшалардың өзгерістері (бүртіктердің атрофиясымен глосит, ауыздың бұрыштарындағы жарықтар, ангулярлы стоматит).
Асқазан-ішек жолдарының тарапынан өзгерістері (атрофиялық гастрит, өңеш шырыштысының атрофиясы, дисфагия). Құрғақ және қатты тағамды жұтудағы қиындықтар.
Бұлшықет жүйесі. Миастения (сфинктердің әлсіреуінен несеп шығаруға императивті келулер пайда болады, күлу, жөтелу кездерінде несепті ұстап тұру мүмкіндігінің болмауы, кейде қыздарда түнгі уақытта несепті ұстай алмауы). Миастенияның салдарынан жүктілікті аяғына дейін көтермеу, жүктілік және босану кезіндегі асқынулар болуы мүмкін (миометрияның қысқарту қабілеттілігінің төмендеуі).
Ерекше иістерге құмарлық.
Дәмнің өзгеруі. Сирекжелінетін затты жеуге талпыныспен көрінеді.
Тахикардия мен гипотонияға бейімділік.
Объективті.Терінің құрғауы, түлегіштігі; шаштың түсуі, ерте ағаруы, жылтырын жоюы, үзілгіштігі; тырнақтардың жұқалығы, сынғыштығы, көлденең сызықталуы, бұлынғырлануы; тырнақтар ортасының қасық тәрізді ойықталуы – койлонихия; парадонтоз бен кариестің тез дамып өрістеуі. Қуық сфинктірінің әлсіздігінен зәр шығарудың жиіленуі, күлген, жөтелген, түшкірген кездерде зәрдің еріксіз шығып кетуі; түнгі ұйқы кезінде зәрді ұстай алмау (энурез).
Асқорыту жолы кілегей қабығының атрофиясы, осыдан атрофиялық гастриттің, энтериттің дамуы.Иммундық жүйенің әлсізденуінен жедел респираторлы-вирустық, өзге инфекциялық-қабыну процестерге шалдығуға және инфекцияның созылмалыға ауысуына бейімділік.
Анемия болғанда жүрек –тамыр жүйесіне күш түседі. Осыдан тахикардия, ентікпе, жүректің қағу сезімдері пайда болады, жүрек біршама ұлғайады. Анемияның ауыр және ұзаққа созылған түрінде анемиялық миокардиодистрофия дамиды.
Диагностикасы.
Қан анализінің өзгерістері:
гемоглобин концентрациясының азаюы;
түс көрсеткішінің төмендеуі (0,7-0,5)
эритроциттердің кішіреюі (микроцитоз)
эритроциттердің көлемі мен пішінінің әртүрлігі (пойкилоцитоз, анизоцитоз)
Темір алмасуының бұзылыстары келесі биохимиялық зерттеулермен анықталады:
Қанның сарысуындағы темірдің мөлшері. Қалыпты көрсеткіші 12,5-30,4 мкмоль; темір тапшылығында 1,8-5,4 мкмоль/л дейін төмендеуі мүмкін.
Анемияның себебін анықтау мақсатымен жасалатын зерттеулер:
ФЭГДС;
Нәжісті ішек құрттарына тексеру;
Нәжісті жасырын қан кетуге зерттеу;
Асқорыту жолының рентгенологиялық зерттеулері (ісіктерді, диафрагманың жарығын т.б. анықтау мақсатымен);
Тік ішекті тексеру (геморройды, ісікті, жаралы колиттіанықтау үшін);
Гинекологтың көмегімен мено-,метрорагияның себебін анықтау.
Емі. Барлық жағдайларда қан жоғалтудың себебін тауып, оны жою қажет.
Емдік дәм. Тағамдар темірге бай болуы тиіс. Темірге бай өнімдер: сиыр еті, балық, бауыр, өкпе, бүйрек, жұмыртқа; бұршақ, қарақұмық жармалары; алма, шабдалы, қара өрік, т.б.
Сонымен қатар өзге микроэлементтер де қажет (мыс, марганец, кобальт, мырыш). Аталған микроэлементтер мал өнімдерінде, дәнді дақылдарда (сұлы, арпа, бидай, бұршақта) мол.
Дәрмектік ем. Ферротерапияны қолдану. Темір дәрмектерін тамақтан 1 сағат бұрын немесе 2 сағат кейін ішкізеді. Темірдің сіңірілуін жақсарту үшін темір дәрмектерімен бірге ацидин-пепсин, тұз қышқылын, табиғи асқазан сөлін, аскорбин қышқылын суға ерітіп және құрамында фруктоза болатын тағамдарды ішкізеді.
Ферротерапияның әсерін арттыру үшін антиоксидант болып табылатын Е витаминді 1 капсуладан 2 рет/күніне, 1 ай ішкізеді.
Парентеральдік дәрмектерді арнайы көрсеткіштер болса қолданады.
(Анемияның ауыр түрі, пероральды іше алмаса)
Эктофер – 2 мл ампулада (темірдің мөлшері 100 мг), 1 рет 2 мл б/етке енгізеді.
Фербитол – 2 мл ампулада (темірдің мөлшері 100 мг), 1 рет 2 мл б/етке енгізеді.
Ферум-лек – ампулада 2 мл (темірдің мөлшері 100 мг), бұлшықетке күн ара енгізіледі.
Осы препараттардың вена ішіне енгізілетін түрлері ампулада 5 мл (темірдің мөлшері – 100 мг), 1-ші күні 2,5 мл, 2-ші күні 5 мл, 3-ші күні 10 мл қосып вена ішіне баяу енгізеді.
Ағзада темірдің қорын толықтыру. Гемоглобин деңгейі қалпына келген соң, темірдің қорын толықтыру үшін дәрмектің дозасын 2-3 есе азайтып, емді әрі қарай 3 айға жалғастырады.
Рецидивке қарсы (сүйемдеуші) ем. Қанның жоғалтылуы қайталанатын жағдайларда, мысалы етеккірге байланысты, темір дәрмегін әр айда 7-10 күн ішкізеді, ал анемия қайталанса, емді 1-2 айға созады.
Қорытынды
Анемия - бұл қанның көлем бірлігінде гемоглобин мөлшерінің төмендеуі және эритроциттер санының азаюы, бұл тіндерде оттегінің тапшылығына әкеледі /гипокси деп аталады.
Гемоглобин (темір + ақуыз) оттегімен байланысып эритроциттер арқылы оны тіндерге тасымалдайды. Бұнда гемоглобин оттегін қалдырып көмірқышқыл газын алады. Осылайша ағза тіндеріде газалмасу процессі жүреді.
Осы функцияны орындау үшін қажетті кез-келген компоненттердің жетіспеушілігімен денеде анемия дамиды.
Ең жиі кездесетін анемия темір жетіспеушілікті болып табылады, сонымен қатар В12 немесе фолий тапшылықты (олар эритроциттердің синтезі кажетті), темірді қорға жінайтын ақуыздың жетіспеу түріде кездеседі, гемолитикалық анемия - қызыл қан жасушаларының патологиялық деструкциясы және т.б. анемия түрлері бар.
АНЕМИЯНЫҢ АЛДЫН АЛУ:
1. Дұрыс тамақтану:
темірге бай - бауыр, ет, балық, анар, алма, қызылша, сұлы мен қарақұмық жармаларын жиі тұтыну
В12 дәрумен көзі - ет, құс еті, ішкі өнімдер, теңіз өнімдері, сүт, ірімшік, жұмыртқа
фолий қышқылы - жасыл жапырақты көкөністер, брокколи, бұршақ дақылдары, апельсин, банан, өрік т.б.
С дәрумен көзі - итмұрын, қарақат, таңқурай, бүлдірген, қырыққабат, болгар бұрышы т.б.
2. Зиянды әдеттерден арылу (темекі шегу және алкогольді ішімдіктерден бас тарту).
3. Дене белсенділігін жоғарлату (күніне 30 минуттен кем емес денешынықтыру).
4. Уақытылы профилактикалық медициналық тексеруден өту (қан анализін тапсырумен).
Пайдаланылған әдебиеттер
Клинические руководство по скринингу профилактике и лечению железодефитной анемии. Ташкент 2009.
Iron deficiency anemia. EBM Guidelines. 17/04/2014
Клинические рекомендации. Фармокологический справочник. «ГЭОТАР-МЕД», 2004.
Клинические рекомендации для практикующих врачей. «ГЭОТАР-МЕД», 2007.
Основы клинической гематологии. Справочное пособе. Под редакцией проф. В.Г.Градченко, 2005г.
ІV. Жаңа сабақты бекіту кезеңі-20 минут
Анемия. Теміртапшылықты анемия (қайталау). B12 витамин жетіспеушілікті анемия.
V.Қорытындылау кезеңі – 5 минут
Студенттердің білімін бағалау, хабарлау
VI. Үйге тапсырма беру кезеңі- 5 минут
Тақырып бойынша қайталау жұмыстарын жасау. Өтілген сабаққа талду жасай отырып түсінік айту.