Жиренше шешен
Жиренше (ХІҮ-ХҮ) — аты аңызға айналған дала данышпаны, шешен. Түркі халықтарына ортақ ойшыл. Өмірде болған тарихи тұлға ретіндегі болмысы аз зерттелген. Бірқатар өмірбаяндық деректерінің нақтылығына, шығармашылық стилінің айқындығына және автор ретіндегі есімі ел есінде ғасырлар бойы еш өзгеріссіз сақталғандығына қарамастан, Ж.-ге әпсаналық кейіпкер, жиынтық образ ретінде қарау басым. Шығыс мәдениетінің көне дәуірлердегі өкілдерін персонификациялауға күмәнмен қарауға бейім «евроцнтризм» салқыны сезіледі. Тіпті, әдеби лақап (псевдоним) пен жиынтық образ негізінде де шындық жататынын естен шығаруға болмайды. Ж. шешендік сөздері — далалық өркениет тәжірибесінің жарқын көріністерінің қатарына жатады. Терең тағылымды толғамдар өміршеңдікке шақырып, ақыл-ой салтанатын түйсінуге мүмкіндік береді.
Жиренше шешен
Дүниеге келгені: шамамен 15 — 16 ғ-лар
Ұлты: қазақ
Мансабы: қазақтың ақыл-парасатымен, тапқырлығымен аты аңызға айналған ділмәр шешені
Жалпы мағлұмат
Жиренше шешен (туған-өлген жылы белгісіз) — Қазақ хандығын құрған Жәнібек хан (15 — 16 ғ-лар) — қазақтың ақыл-парасатымен, тапқырлығымен аты аңызға айналған ділмәр шешені. Аңыз-әңгімелердің дерегі бойынша ол тарихта болған, әз Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген кісі, бірақ тарихи шығармаларда Жәнібек ханның төңірегінде ондай адам болды деген дерек кездеспейді. Халық аңыздары бойынша, Жиренше шешен кедей адам болған. Ол дербес Қазақ хандығын құруда ханға көмектескен, оған пайдалы кеңестер айтып, халық бұқарасының атынан сөйлеген. Оның атынан айтылып, халық жадында сақталған аңыз-әңгімелер мен шешендік сөздер көп. Олардың көпшілігі 15 — 16 ғ-лардан басталатын халық шығармасына немесе әлденеше адамның, бірнеше буынның өңдеп, өзгертуінен өткен ортақ мұраға айналып кеткен. Жиренше шешен туралы аңыздарда оның әйелі Қарашаш та ақылды әрі тапқыр жан ретінде суреттеледі. Басқа түркі тілдес халықтар фольклорында да Жиренше шешен туралы ертегі, аңыз, әңгімелер кездеседі. Мысалы, қарақалпақта Жиренше шешен, қырғыздарда Жээренче чээчэн, түрікменде ақылды да тапқыр, әділ Ийкренче туралы аңыздар бар. Жиренше шешен туралы әңгімелерді, негізінен, үш салаға бөлуге болады. Біріншісінде ол Жәнібек ханның уәзірі, ақылшысы, досы ретінде бейнеленеді, екіншісінде ханның кемшіліктерін бетіне айтып, ақыл-парасатымен өзін оған мойындата білген әділ адам ретінде суреттелсе, үшіншісінде оның өз әйелі Қарашашпен, т. б. қарапайым халық бұқарасы өкілдерімен қарым-қатынасы көрсетілген.[1] Жиренше шешен жөнінде өзге халықтардың шығармаларында да сөз болады. Түркі-Моңғол, Үнді-Еуропа халықтарының біразының фольклорында да ол туралы әңгіме бар. Қазақ фольклорында бар Жиренше шешен жайындағы аңыз әңгімелердің кейбір нұсқалары негізгі кейіпкердің атымен, мысалы, қарақалпақ (Жиренше), қырғыз (Жээренче чээчен), түрікмен (Йикренче) фольклорына ауысқаны байқалады. Жиренше шешен туралы ертегілер, әңгімелер қазақ фольклорында шамамен XV ғасырдан басталады. Онда шешендік сөздің үлгілерімен қатар, тұрмыс-салт ертегілері де бар. Жиренше шешен атымен байланысты әңгімелердің ішінде ең көп тарағаны — оның көркіне ақылы сай, дана қыз Қарашашқа үйленгені. Жалпы зерттеулер Жиренше шешеннің атына қатысты аңыз әңгімелерді үш топқа бөледі. Біріншісі—Жиренше шешенді Жәнібек ханның ақылшысы, әрі досы етіп көрсететін әңгімелер. Мұнда Қазақ хандығын құрысуға белсене қатысқан Жәнібек ханға деген ел ілтипатының әсері айқын аңғарылады. Екіншісі — Жиренше шешенді әлеуметтік теңсіздікке қарсы күресуші етіп көрсететін әңгімелер. Мұнда ол ханды әшкерелеуші, ханның зорлығына өзінің ақыл- парасатын қарсы қоюшы, тапқыр ақыл иесі ретінде бейнеленеді. Үшіншісі — Жиренше шешеннің көпшілік арасындағы күнделікті қақтығыстарда айтатын тапқыр әзіл-қалжың сөздері. Осы шығармалардың арқасында Жиренше есімі ұмыт болмай ғасырдан ғасыр асып, бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. [2]
Халық аузынан
Жиренше шешен қазақтың дәстүрлі ауыз әдебиеті арқылы халық арасына атақ-даңқы кеңінен жайылған айтулы тұлға. Оның туған жылын, қайсы атадан шыққанын, өмір жолдарын дәл тауып айту мүмкін емес. Өйткені Жиренше шешен халық ауыз әдебиетіндегі Алдар Көсе, Қожанасыр тәрізді аңызға айналып кеткен фольклорлық бейне. Аңыз бойынша ол Әз Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген. Жиренше шешен сол Әз Жәнібектің сарай биі, шешені болғанға ұқсайды. Өйткені халық аузында да, тарихи шежірелерде де екеуінің есімі қатар аталып отырады.
Әз Жәнібектің шамамен 1406-1473 жылдар аралығында өмір сүргені аян. Бір аңызда аң аулап серуен құрып жүрген Жәнібек жігіт кезінде 7-8 жасар шамасындағы аққұбаша жетім балаға кездесіп, танысады. Оны үйіне әкеліп, жуындырып өзіне серік етіп алады. Аққұбаша бала өсе келе сол Әз Жәнібек ханның сарай би-шешені боп кетеді. Сонда Жиренше шешен де Жәнібекпен қатарлас, замандас болып шықпай ма?
Ал, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының "Шипагерлік Баяны" (1996) Жиреншенің даналық шешен сөздерінен басталады.
Ал, Жиренше шешен жөнінде Қазыбек бек Тауасарұлы "Түп-тұқианнан өзіме шейін" дейтін 1993 жылы "Жалын" баспасынан шыққан (баспаға әзірлеген жазушы Балғабек Қыдырбекұлы) кітабында былай жазады: "Бір жетім баланы, Қарабай қолбала етіп алыпты, - дейді Сенкібай шал, Сеңкібай Төкеңе төрт-бес атадан қосылатын кісі. Төкең сұрастыра келе, қыз кәдімгі Жиренше шешеннің шөбелегі болып шығады. Қыз "Менің әкем Бәкір, оның әкесі Тілеубай, оның әкесі Атай, оның әкесі Шақ, оның әкесі Жиренше" - деп сайрайды"[3]. Бұл Жиреншенің өзінен бергі үрім-бұтағы. Ал, шешеннің өзінен арғы ата-бабалары әлі беймәлім.
Жиренше шешен жөнінде Қазақ Совет Энциклопедиясында былай жазылған: "Жиренше шешен қазақ ауыз әдебиетіндегі кейіпкер, ақыл-парасаттың, тапқырлықтың символы. Қазақ аңыздары бойынша Жиренше ше шен тарихта болған. Жәнібек ("Әз Жәнібек") ханның тұсында өмір сүрген кісі. Ал айда тарихта Жиренше шешен туралы нақты деректер аз. Ол жөніндегі шығармалардың дені көп халыққа ортақ сюжеттерге негіз болған. Қазақтан өзге түркі, монгол және үнді-еуропа халықтарының фольклорында Жиренше шешен туралы шығармалар кездеседі. Қазақ фольклорында Жиренше шешен жайлы ертегі, аңыз, әңгіме, анекдоттар бір топ."