Астана қаласы
Баяндама
Тақырыбы: Ақпараттық коммуникациялық технология – нәтижелі білім берудің көзі Баяндаушы:№14 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Нурымбаева Сандугаш Калдарбековна
2016-2017ж.ж.
Астана қаласы №14 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Нурымбаева СандугашКалдарбековна
Ақпараттық коммуникациялық технология – нәтижелі білім берудің көзі
Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлануына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялармен, жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болып отыр.Егеменді еліміз әлемдік білім кеңістігінен орын алу мақсатын ұстана отырып, қарыштап нық қадам басып келеді. Өркениетті елдер қатарына көтерілуді көздеген елімізде ғылым мен техника дамып, экономикамыз өрістеп, көзделген мақсаттар мен міндеттерге жол ашылуда. Жаңа ғасыр мұғалімі жаңа нарықтық экономика заманына сай құзырлы болу үшін үнемі ізденіс үстінде болуы қажет. Ғылыми — техникалық прогрестің негізгі белгісі – қоғамды ақпараттандыру болатын жаңа кезеңіне енді. Қоғамды ақпараттандыру – экономиканың, ғылымның, мәдениеттің дамуының негізгі шарттарының бірі. Осы мәселені шешудегі басты міндет білім беру ордаларына жүктеледі.Ғалымдар ақпараттық коммуникациялық құзырлылықты қалыптастырудың базалық, жалпы және кәсiби кезеңдерiн бөлiп көрсетiп, ақпараттық технологияларды оқу қызметiнде қолдану мен кәсіби мiндеттердi шешуде қолданудың ара жiгiн ашып көрсетедi. Елбасы өзінің қазақстандықтарға арнаған Жолдауында оқу-тәрбие үрдісін ақпараттық технологиялармен барынша қамтамасыз ету міндетін білім беру жүйесінің басты мақсатының бірі және оның болашағы үшін маңызды фактор екенін атап көрсеткен болатын. Қазіргі таңда оқушы- ақпаратпен қаруланған, жан-жақты дамыған тұлға.Оның білімдік қабілеттерін дамыту үшін біздер, мұғалімдер жан-жақты қаруланған болуымыз керек. «Балаға білім бергенде, алыстан жақынға, таныстан жатқа көшіп, жаңа білімді ескі білімге байлап беру керек»-деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, оқыту процесіне жаңа көзқараспен қарау керек. Жазу, баспасөз, электронды пошта, радио, теледидар мен компьютер күнделікті өмірде қарым қатынасты жақсартуға және тілдік қарым қатынастың төрт психологиялық әрекеттерін (тыңдау, оқу, сөйлесу, жазу) дамытуда көмекші болып табылатыны да аян. Қазіргі заман талабына сай адамдардың мәлімет алмасуына, қарым-қатынасына ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың кеңінен қолданысқа еніп, жылдам дамып келе жатқан кезеңінде ақпараттық қоғамды қалыптастыру қажетті шартқа айналып отыр. Осы орайда келешек қоғамымыздың мүшелері – жастардың бойында ақпараттық мәдениетті қалыптастыру қоғамның алдында тұрған ең басты міндет.Ақпараттық-коммуникациялық технология электрондық есептеуіш техникасымен жұмыс істеуге, оқу барысында компьютерді пайдалануға, модельдеуге , электрондық оқулықтарды, интерактивті тақтаны қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларына негізделеді. Ақпараттық әдістемелік материалдар коммуникациялық байланыс құралдарын пайдалану арқылы білім беруді жетілдіруді көздейді. Қазақ тілі сабағында ақпараттық технология арқылы берілетін білім оқу материалын жүйелі беруге, ақпаратты көруге, есте сақтауға, қатысымдық тұрғыдан меңгеруге, қазақша тілдік қатынасты игеруге мүмкіндік береді.
«Ауызша айтсаң – тез ұмыттым,
Көрсетсең – есте сақтаймын,
Іске кіріссең – үйренем.» деген екен қытай даналығында. Ендеше оқушылар интербелсенді тақтаға назар аудара отырып, өтіліп отырған сабақтарын ұтымды түсінуге мүмкіндік алады.
қазақ тілі сабақтарында мультимедиалық технологияларды қолдану сабақтың мазмұнын толықтыруда нәтижесі тиімді екенін байқадым. Бұл білім алушының қызығушылығын, шығармашылық қабілетін көтерудегі қажетті шарты. Мультимедиалық тұсаукесер жүйелі, аналитикалық ойлауды дамытады,сонымен қатар танымдық қызметін ұйымдастырудың әртүрлі формаларын қолдану арқылы: фронтальды, топпен, жеке жұмыс тәсілдері де тиімді. Мультимедиалық тұсаукесер сабақтың үш мақсатына сәйкес келеді: қорыта білу, талдау, салыстыру, шығармашылық қабілетін дамыту; тәрбиелік аспект: ғылыми көзқарасын қалыптастырады, өзіндік және топтық жұмысты ұйымдастыра білуге, өзара көмек көрсетуге тәрбиелеу де маңызы зор.
Оқушылардың пәнге деген кызығушылығын ояту үшін сабағымның әрбір сәтін қызықты, тиімді өткізуге тырысамын. Ұтымды әдістер колдану арқылы ғана оқушының білімге деген ынтасын ұштауға болады.
Оқушы белгілі мәліметті қабылдаушы ғана емес, терең ой иесі бола алуы керек. Ол дербес ойланып, өз көзқарасын дәлелдей алуы керек. Әр оқушының еркін ойлауына, дәлелдер келтіруіне сабақ барысында түрлі әдістер арқылы қолайлы жағдай жасауға тырысамын.
Мысалы, интерактивті тақтаны алатын болсақ — топтағы оқушылардың барлығын оқыту үшін құнды құрал. Бұл оқытушы жаңа материалды өте қызықты және қарқынды етіп түсіндіруге көмектесетін көзге көрінетін құнды құрал. Оның ақпаратты түрлі мультимедиялық ресурстар көмегі арқылы танысуға мүмкіндігі зор. Ол сызбаларды түсіндіруді жеңілдетіп, қиын мәселелерді шешуге көмектесе алады. Оқытушылар өздерінің жаңа ойларын, идеяларын әсерлі, тартымды етіп көрсету үшін осы тақтаны қолданса мақсаттарына жетеді. Бұл тақтада оқытушылармен жаңа материалдарды бірігіп талдауға мүмкіндігі зор. Зерттеулер көрсеткендей, түрлі ресурстарды, қызықтыруларды ұлғайта отырып қолданса, оқытушылар үшін де, оқушылар үшін де сабақты қызықты ететіні анықталды. Интерактивті тақтамен дұрыс жұмыс жасаса, оқушылардың білімдерін тексере де алады. Интерактивті тақта топтағы барлық оқушылардың басты назарына айналады. Ал егер де керекті материалдардың барлығы алдын ала дайындалып, түсінуге оңай болса, сабақтың жақсы қарқынды өтуін қамтамасыз етеді
Ал, электронды оқулық құралдардарына келетін болсақ,электронды оқулықтар оқушының бiлiм сапасын бақылау жүйесiн өзгертуге мүмкiндiк жасайды. Дәстүрлi оқытуда әр оқушы оқытушы тарапынан бақылау өте жиi болмай қалуы да кездеседi, ал электронды оқулықтың көмегiмен оқыту үрдiсiнiң әр кезеңін бақылай алады. Тiптi кейде тапсырманың дұрыс орындалуын ғана қадағалап қоймай, қате орындаған жағдайда оқулықтың тарауына, керектi тақырыбына немесе қажет ақпарға сiлтемелер берiп отырады. Бұл оқушы үшiн, бiрiншiден үлкен көмек, жеңiлдiктер туғызса, екiншiден, сол материалды автоматты түрде бақылап, әдiл бағасын беруге, оқушыға қажетiне қарай кеңес беруге, сол жайында барынша мәлiмет алуға мүмкiндiк жасайды.
Қорыта келе айтарым, оқу үрдiсiнде электронды оқулықты қолданудың маңызы өте зор. Тiл үйренушi электронды оқулықпен сабақ бойы үздiксiз байланыста болғандықтан тiлдi меңгеруiне үлкен мүмкiндiктерi бар. Заман талабына сай жас ұрпаққа сапалы білім беруде электрондық оқулықтарды сабаққа пайдалану – оқытудың жаңа технологиясының бір түрі ретінде қарастыруға болады.Бүгінгі таңдағы білім беру жүйесіндегі ақпараттық технология негіздері Абай айтқандай, жас баланың - «дара тұлғаның» әр нәрсені білсем, үйренсем деген ой – сезім, тілек, мүдделерді өсіру, қанағаттандыру, өрістету үшін қажет технология деп ойлаймын.
Бұл технология - жан-жақты білім, тәрбие беретін, өміртанытқыш қызмет атқаратын құрал. Ұлт болашағы, өркениетті елдер қатарына жету үшін білім алу, жас тұлғаның ғылымды игеруге, имандылыққа, адамгершілікке, өнерлі болуға тәрбиелейді. Болашақта ақпараттық технологияны жекелеген пәндерді оқытуға білім технологияларын интеграциялау мұғалімнің қарқынды дамуына, өзара байланыста белсенді қолдануына өте қажет деп түсінем Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты - бәсекеге қабілетті маман дайындау. Мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі - мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс - оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қ.Жүнісханов. «Бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу» 2008 ж. 2.Г.Әтежанова «Психологиялық-педагогикалық құзырлықты қалыптастырудағы жаңа формация мұғалімінің ролі» Қазақ тілі, №4 2011 3. Дәулетиярқызы А. «Оқытудың әлемдік деңгейдегі инновациялық әдіс- тәсілдері». Қазақ тілі мен әдебиеті 2013ж. №12 18-25 б.