Абдулова Назгуль Тлековна
Атырау облысы Құрманғазы ауданы Құрманғазы ауылы
«Мерей» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі
«Асық ойындарын ойнату арқылы балаларды жан-жақты дамыту»
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын іске асыру Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпыға міндетті мемлекеттік стандартында айқындалған міндеттерді орындауды талап етеді.
Бағдарламаның мақсаты: балалардың жас ерекшеліктері мен жеке мүмкіндіктеріне, қабілеттері мен қажеттіліктеріне сәйкес білім, білік және дағдыларын қалыптастыру, рухани-адамгершілік құндылықтарын, «Мәңгілік ел» жалпы ұлттық идеясына негізделген сәйкес жалпы адамзаттық құндылықтарды, патриотизм мен төзімділікті тәрбиелеу.
Еліміздің заманауи білім кеңістігіне бет бұруы ұлттық педагогикада, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуда уақыт талабына сай өзгерістер енгізуді қажет етеді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», деп жазған болатын. Яғни, мектепке дейінгі кезеңнен бастап ұлттық тәрбиені қалыптастыру, баланың физикалық және ой-өрісінің дамуын қамтамасыз ететін жаңа технологияларды іздестіру өте өзекті.
Аса көрнекті үздік педагог Н. К. Крупская қимылды ойын жөнінде былай деп толғанады: «Ойын – өсіп келе жатқан бала организмінің қажеті. Ойында баланың дене күші артады, қолы қатайып, денесі шыңдала түседі, көзі қырағыланады, зеректілігі, тапқырлығы, ынтасы артып жетіле түседі. Ойында балалардың ұйымдастырушылық дағдылары қалыптасып шыңдалады». Ұлттық ойындарымыз балаларға тәрбиелік мәнімен, дене бітімінің әсем де сымбатты болып бітуге пайдасы зор. Балаларды қазақ халқының ұлттық ойындарымен, ойната отырып жан - жақты тәрбиелейміз.
Педагогика және психология ғылымында мектеп жасына дейінгі балалардың жетекші әрекеті ойын екендігі мойындалып, білім берудің нәтижелілігі ойынның алуан түрлілігіне, оқу-тәрбие мақсатында үйлесімді қолдануға тікелей байланыста екендігі дәлелденді. Соған сәйкес бүлдіршіндерді дамыту мақсатында қолданылатын технологиялар да жеткілікті. Асық технологиясы бүгінгі бүлдіршінді дамытуға қажетті бірегей методикалық құрал екенін айтуға болады. Әлбетте, арғы заманда асық қазақ балаларының күнделікті ойыны болатын. Қазір балалар балпаң баса бастағаннан-ақ ата-анасы жүйкесі тыныш болуы үшін қолына планшет беріп қоятынын көріп жүрміз. Педагогтардың пайымына сүйенсек, бұдан баланың зейіні тұйықталады, көзінің көру қабілеті төмендейді, жүйкесі жұқарады, төмен қарап отырғандықтан омыртқалары қисаяды және кәдуілгі адами қарым-қатынасты ұмытады. Виртуалды әлемге бой ұрған бала қоршаған ортамен сөйлеспейді.
Балабақшадағы асық ойнай бастаған баланың бойындағы өзгерістерді ата-аналар күн сайын байқауға болады. Яғни, бала еңкейеді, тұрады, үздіксіз қозғалыс дене сымбатына көмектеседі. Сонымен қатар, кәсіпкерлік қабілеті дамиды, ұтып алған асығы көбейген сайын қуанады. Жанындағы өзі қатарлы балалармен бірге ұйымшылдығы мен тіл байлығын дамытады. Асықты ұяшықтарға салу баланың саусақ буындарына өте пайдалы. Балалар боялып, тесілген асықты бір түстен кейін екінші түсті жіпке өткізіп, тізбектейді. Тізу арқылы бала түстерді бір-бірінен ажырата алады, қолының ұсақ моторикасы дамиды. Саусақтарымен жұмыс жасау арқылы, саусақтары иілгіш болып жаттығады. Мұның бәрі баланың қиялы мен ойын, ұшқырлығын, зейінін жан-жақты дамытады. Асық терапиясы балалардың қимыл-қозғалысын реттеуге, кеңістікті бағдарлай білуге, сөздік-логикалық ойлауды сатылай қалыптастыруға, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлауға, сабырға, бірлесе әрекет етуге тәрбиелейді.
Балабақша тәрбиешілері асық арқылы санау, құрастыру, асық үстінен жүру, математикалық логикалық тапсырмаларды шешу, түрлі оқиғаларды ойлап тауып, бала танымына қоршаған әлем заңдылықтары мен оқиғаларын қызықты түрде жеткізуге тырысады. Асық ату ойыны арқылы балалардың мергендігін дамытуға, асықпен ойнайтын сан алуан ойындар арқылы бала денсаулығын шыңдауға болады. Ересек топтар үшін тапсырма қызықты әрі пайдалы. Баланың логикалық ойлауы, көзбен көру арқылы есте сақтау қабілеті артады, эстетикалық талғамы дамиды және бір-бірімен бәсекелесіп орындау барысында шапшаңдыққа үйренеді. Асықтан құралған тақтайшалармен жүру арқылы балалардың аяқ, қол еті қатаяды, қабілеті артады. Табандағы жүйке нүктелері арқылы ойлау қабілетінің дамуына, жалпақтабанның алдын алуға болады.
Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту стандарты мен үлгілік бағдарламасына сай барлық білім саласында асықты қолдануға болады.
Қорыта айтсам, кейінгі кездері жастар мен жасөспірімдер ойын автоматтары, интернет сынды зиянды ойындарға әуес болып барады. Кез келген ойын автоматтарына бас сұқсаң көбіне көп қазақтың баласын кездестіресің. Ойын автоматтарының зиянын атап өтсем, оларды төмендегіше жіктеуге болады.
Бұл ойындардың адам денсаулығына тигізер залалы көп.
Баланың ойлау қабілеті, ойлау шеңбері белгілі бір жүйеде шектеліп қалады.
Ал, ата-бабамыздан ұзақ ғасырлық көш-керуен арқылы үзілмей жалғасып келе жатқан асық ойыны күш-жігерді жетілдіріп, дәлдікке, мергендікке үйретеді. Бір байқағаным, бүгінгі балалар ата- анасынан оқу құралға емес, осындай компьютер ойнына ақша сұрап жатады. Мұның соңы неге апарып соғатынын кім білсін?.. Сосын ол балалардың тәбеті бірте- бірте құмар ойындарына да шабуы ғажап емес. Ал, асық ойыннын кез келген жерде, қалаған уақытында ақша төлемей-ақ ойнай бересің. Бірақ қазір түр –түрімен жаңарып, санамызды улап жатқан құмар ойындарының көптігінен құмарпаздар асық ойнына аса мән бермей жүр. Уақыт өте келе асық ойнының денсаулыққа пайдалы екеніне көзім жетті. Бір жағынан адам денесі қимыл- қозғалыс арқылы шынығып, шымыр болады. Екіншіден, жан тазалығы таза болады. Сондықтан тек тазалықтың ойыны дер едім.