Кулимбетова Калампыр Тулегеновна
КӨПТІЛДІ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУДАҒЫ
ТИІМДІ ТӘСІЛДЕР МЕН СТРАТЕГИЯЛАР
Әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енуді көздеген халықтың басты мақсаты - сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ – өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Әрбір адам мемлекеттік тілін меңгеруге міндетті. Тіл қай ұлттың болса да өзгеше соғылған қорғаны. Сол қорғанымыз мықты болғай! Сауатты ұрпақ демекші, мемлекеттік тілден (оған қиянат етпей) басқа да шет тілдерін меңгеру – заман талабы! Мемлекетіміздің саяси, экономикалық, мәдени байланыстары бірнеше тілде білім алуды қажет етеді.
Көптілділік, полилингвизм – нақтылы коммуникативтік жағдайдың әсер етуі мен белгілі бір әлеуметтік ортада, мемлекетте бірден үш, одан да көп тілде сөйлей білушілік.
XXI ғасыр адамының универсалды жан-жақты болуы – заман талабы. Осыған орай, бүгінгі таңда Қазақстанға халықаралық байланыстарды нығайтып, әлем аренасына шығу үшін көп тіл білетін мамандар қажет. Осы тұрғыда, білім беру жүйесінде қойылатын басты талаптардың бірі - өз ойы мен пікірін еркін жеткізе алатын, мобильді, мәдениетті, бәсекеге қабілетті мамандар тәрбиелеу.
Тәуелсіздік тізгіні колымызға тиіп, егеменді ел болған алғашқы күндерден бастап-ақ, елімізде тіл саясаты мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың тікелей басшылығымен салиқалы да, сындарлы түрде жүзеге асырылуда. Елбасы жыл сайынғы Қазақстан халқына арнайтын дәстүрлі жолдауларында тіл саясатына, оның ішінде қоғамдағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесіне тоқталмай өткен емес. Білім мен ғылымның, экономиканың, бизнестің, саясаттың, жалпы бәсекелестіктің қарыштап дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде Елбасы көрегенділік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттігін қойып отыр. Әсіресе, өскелең ұрпақтың, жастар алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр. Президент Н.Ә. Назарбаев халыққа арнаған «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауында Үкіметтің алдына «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдету міндетін қоя отырып, бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударды. Бұл мәдени жобаның мақсаты – орыс тілін сақтау, ағылшын тілін үйрену және қазақ тілін дамыту.
Кезінде халқымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөзі дәл бүгінгі дамыған дәуірімізге сәйкес айтылғандай. Тарихи деректерге жүгінсек, энциклопедист ғалым, әлемде Аристотельден кейін екінші аға ұстаз аталған ұлы ғұлама Әбу Наср Әл-Фараби бабамыз өз өмірінде 70-ке жуық ұлттың тілін жеттік білгендіктен, артына мәңгі өшпес мол рухани құнды мұра қалдырып кеткендігі анық. Бұл ұлы есімді «полиглот» ұғымымен салыстыруға болады. «Полиглот» дегеніміз – үш немесе одан да көп тілді меңгерген адам. Тарихтан ойып тұрып орын алған бірнеше тіл меңгерген полиглоттар – Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Қыдырғали Жалайыр, Шоқан Уәлиханов. Осылайша полиглоттар қатарын тізе берсек, тізім жалғасып кете береді.
Қазақстан мектептеріндегі жаңа реформалар туралы барлығымыз білеміз. Үкіметтің мектеп білімін жаңарту бағытындағы жұмыстарын әлі де жалғастырып жатқаны біздерді қуантуда. Жаңартылған білімнің артықшылығы, мұғалім баланың ойлау қабілетін дамытуда зор үлес атқарады. Расында, қазіргі заман балаларын таң қалдыру оңай емес. Таң қалдыру үшін мұғалім білімді болуы қажет. Білімді, ізденімпаз мұғалім ғана балаға жаңалық аша алады. Баланың алдында мұғалімнің еңсесі түспес үшін, олардан көп білуіміз керек. Әр сабаққа ғылыми жобаға дайындықпен келгендей келуіміз қажет. Мұғалім балаға білім беру кезінде білмегенін үйреніп, әлемдегі болып жатқан жаңалықтармен танысып отыруға төселеді, яғни баламен бірге дамиды.
Қазақ мектептеріндегі оқушылардың көбінің қызығушылығы ағылшын тіліне басым келетінін байқадым. Ағылшын тілі арқылы балалардың орыс тіліне деген қызығушылықтарын да арттыруға болатынын түсіндім. Ол үшін біз бала сүйсініп оқитындай мықты стратегияларды қолдана білуіміз қажет.
5-сыныптағы (қазақ сыныбы) орыс тілі пәніндегі қолданылған «болжам» стратегиясына тоқталғым келеді. Сыныпқа тапсырма бердім: сабақтың лексикалық тақырыбына сәйкес ағылшын тіліндегі «rodent» cөзі. Сол сөзді пайдаланып 3-4 сөйлемнен құралған әңгіме жазу. Тапсырма берілгеннен бастап бірнеше оқушы қолдарын көтеріп, «rodent» деген не екендігін сұрады. Оқушылардың сұрақтарына жауап бермей, олардың өз ойлары туралы білгім келетінін айттым. «Естеріңе түсіріп көріңдер, мүмкін, бұрын бұл сөзді естіген боларсыңдар. Естеріңе түспесе, осы сөз туралы ойларыңа не келеді, қандай анықтама берер едіңдер, ой-түйсіктерің не дейтінін жазып беріңдер», - дедім. Сөздің мағынасын білмей, оқушылар әңгіме жазуға кіріседі. Кейін оқушылардың жұмыстары түгел тыңдалады. Тыңдалым барысында, бір-бірінің жазған әр түрлі нұсқаларына әзілдесіп, күліп те алды. Кейбір авторларға келісетіндігін, не келіспейтіндігін айтып сөзді талқыға салды.
Неліктен барлық жұмыс тыңдалуы қажет? Осы тұста оқытудағы конструктивтік көзқарас мүмкіндіктерін ұстануға тырыстым. Маған, біріншіден, барлық оқушының бірдей шартта жұмыс жасауы маңызды болды. Яғни, бірде бір оқушы ұсынылған сөздің лексикалық мағынасын білмейді, бірақ, барлығы орындауға тиіс. Екіншіден, мұғалімнің өздерін «дұрыс-бұрыс» әдісі арқылы бағаламайтындығына оқушылардың көзі жетеді. Яғни, оқушыларда «менің жауабым маңызды» деген позитивті ой туады. Әр оқушыны тыңдау барысында оқушылар синтастистік құрылымға, сөздік қорға, грамматикалық нормаға мән береді.
Тыңдалым аяқталғаннан кейін, дайындалған слайдтарға мән берулерін өтініп, оқушылар назарына 6-7 еске түсіру сөздерін, суреттерін ұсынамын. Бұл кезеңде оқушы әр еске түсіру сөздерін оқып, суреттерін мұқият қарап, өз әңгімесінің мазмұнымен салыстырады. Ал оқушылардың «rodent» сөзінің кеміргіштер отрядының терісі бағалы құндыз аңы екенін білгендегі таң қалысын сөзбен жеткізе алмаймын! Келесі сабақта кейбір оқушылар өз еркімен құндыз аңының суреттерін әкелсе, ал кейбірі құндыздар туралы интернет дереккөздерінен қосымша мәліметтер алып келген. Бірақ, мұндай тапсырма үй жұмысына берілмеген болатын.
«Болжам» стратегиясы бойынша ұсынылған тапсырма оқушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді. Ағылшын тіліндегі сөзді пайдаланып болжам стратегиясын қолдану арқылы мынадай шешім қабылдадым: жағдаятты болжауға үйретеді, бірнеше болжамдар, ой-пікірлер пайда болады, жұмыс барысында оқушылар түрлі дәлелдер ойлап табуға төселеді, шешім қабылдай біледі, ой-өрісі кеңиді, әр түрлі стиль лексикасын (түрлі стиль сөздерін, терминдерді, түрлі ұғымдарды) қолдана біледі.
Ал мұғалімнің еске түсіруге ұсынған сөздері, суреттері оқушылардың жаңа мәлімет алуларына, ой елегінен өткізулеріне, өз білетін мәліметімен салыстыруларына, мұғалім қойған сұраққа жауап іздеулеріне мүмкіндік берді. Қолдану барысында стратегияның бұл нұсқасы арқылы
оқушылардың есте сақтау қабілетін дамытуда өте тиімді әдіс екеніне (әңгіме жазғанда, өз әңгімесін оқығанында, өзгенің әңгімесін тыңдау кезінде ағылшын тіліндегі сөзді бірнеше рет қайталайды. Сабақ барысында бұл ағылшын сөзін қырық рет қайталады (санап тұрдым). Бір ай өткен уақытта бұл сөзді оқушылардың 90% есінде сақтаған),
оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын оятатындығына,
оқушылардың сабаққа белсенді араласуына мүмкіндік беретініне,
оқушыларда тыңдалым мен оқылым процессі өсетіндігіне,
оқушылардың шығармашылық қабілеттерінің дамитындығына,
оқушылардың жеке және топпен жұмыс жүргізуіне бұл тәсілдің қолайлы екендігіне көз жеткіздім.
Синквейн француздың «бес» деген сөзінен шыққан, яғни бес жолды өлең жазу әдісі.
Бірінші жолда - тақырып бір сөзбен беріледі (зат есім)
Екінші жолда - тақырып екі сөзбен сипаттау (сын есім)
Үшінші жолда - тақырыпқа қатысты қимыл атауынан үш сөз жазу (етістік)
Төртінші жолда - 4 сөзден тұратын бір сөйлем.
Бесінші жолда - тақырып мәнін ашатын бір синоним сөз.
«Синквейн» тәсілін де ағылшын тілінде жазуды тапсырма етіп берсе, оқушы біріншіден, сөз таптарын есіне түсіреді, сөз таптарының аттарын білетін болады, екіншіден, берілген сөзге синоним табуға үйренеді, үшіншіден, ағылшын тілінде сөйлем құрай алатын болады.
Синквейн әдісі - ақпаратты түйіндеу, күрделі ойларды бірнеше маңызды сөздермен, кең және қысқа сөйлемдермен жеткізу қабілетін дамытады. Синквейн әдісін жеке өзіндік жұмыс ретінде, жұппен жұмыс үшін, сирек топтық шығармашылық ретінде ұсындым. Әдетте өзімнің сабақтарымда синквейн әдісін рефлексия сатысында қолдандым.
Оқушылардың ағылшын тілінде құраған бесжолды өлеңдері:
1. My teacher
2. Nice, clever
3. Teaching, helping, surprising
4. She is very cool.
5. My friend
1. Christmas
2. Merry, funny
3. Celebrate, play, dance
4. Have a good time
5. Happiness
1. Mother
2. Nice, pretty
3. Loves, helps, takes care
4. I love my mother very much
5. Woman (wife, friend)
www.quizlet.com сайтының сабақта көптілділікті дамытудағы алар маңызы зор. Сайтты идеяңыздың ерекшелігіне байланысты әртүрлі етіп қолдануыңызға болады. Бұл бағдарлама 7 бөлімнен тұрады. Ерекшеліге сол, «карточка» бөлімін толтырса, қалған 6 бөлігі автоматты түрде жүйеде тапсырма ретінде дайындалып беріледі. Карточкадағы терминге сабақта өтілген бірнеше сөзді енгіземіз. Сол термин туралы мәлімет графасына ағылшын нұсқасын таңдаймыз (суретімен таңдасақ та болады). 5-сыныпта өтілген «Дауыссыз дыбыстардың жазылуы» тақырыбындағы сабағым жайлы айтқым келеді. Карточканы ашқанымызда терминнің ағылшын тіліндегі аудармасын оқушылар аудио арқылы тыңдай алады. Тыңдалым бойынша келесі кезеңдерде басқа тапсырмалар орындай бастайды.
Екінші «есте сақтау» кезеңі. Біріншіден, оқушы берілген терминнің астына аудармасын жазады. Екіншіден, оқушы 4 нұсқамен берілген сұраққа жауап береді. Үшінші кезең «Жазылым» кезеңі. Берілген ағылшын тіліндегі сөздің орыс тіліндегі аудармасын жазады, жауап бергеннен кейін екі тілдегі нұсқасын да тыңдай алады. Төртінші кезең «Қатесіз жазу». Оқушы естіген сөзін қатесіз жазып беруі қажет. Бұл тапсырма оқушының дауыссыз дыбыстарды дұрыс жазуына мүмкіндік береді. Дауыссыз дыбыстардың орфограммасы – дауыссыз дыбыстардың қатар келуі (книжка) мен сөз соңындағы дауыссыздар (снег). Бағдарламаның келесі кезеңі «Тест» деп аталады. Бұл кезеңде Жазба жұмысына байланысты екі сұрақ, таңдауға байланысты екі сұрақ, бір дұрыс нұсқасы бар бір сұрақ және «дұрыс/бұрыс» әдісі бойынша бір сұрақ. Келесі кезең «Сәйкестендіру» ойыны. Оқушылар уақытқа жұмыс істейді. Екі тілдегі сөздерді бір-бірімен сәйкестендіреді. Соңғы кезең «Гравитация» да ойын болып келеді.
Мұнан бөлек, «easyQuizzy» тестілеу сайты бар. Көптілділікке байланысты тапсырмалар енгізіп, оқушылар арасында шағын сынама жұмысын жүргізуге болады. Өзім көбіне рефлексия кезеңінде пайдаланамын.
Қорыта айтатын болсақ, көптілді білім беру бағдарламасы аясында үштілді меңгеру тәжірибесін жинақтап, әлемдік деңгейде көтерілуіміз керек. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейтуге, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарды нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Елдің ертеңі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарды өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие беруіміз қажет.
«Тілі бірдің-тілегі бір», «Тіл тағдыры-ел тағдыры» екендігін әрдайым жадымызда ұстай отырып, елбірлігінің негізі - тіл бірлігіне қол жеткізу жолында қызмет ету парызымыз. Ендеше, жас ұрпақтың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, өзге тілдерді оқып-үйренуге деген қызығулары мен ұмтылыстарын арттыру арқылы бәсекеге қабілетті, өз тағдырын ел тағдырымен мәңгілікке байланыстыратын ұрпақ болып қалыптасуына қол жеткізу - басты міндетіміз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан Республикасының Призендеті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан»
2. Қазақстан Республикасының Призендеті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» («Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы)
3. www.quizlet.com
4. www.easyquizzy.com