Ересек тобындағы ұйымдастырылған
оқу қызметінің конспектісі
Білім беру саласы: «Әлеумет»
Пән: Өзін-өзі тану
Өтпелі тақырып: «Дені саудың жаны сау»
Тақырыбы: Салауаттылық менің қалауым
Мақсаттары:
- Тәрбиелік: денсаулықты бағалауға, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу
- Дамытушылық: Денсаулығын сақтай білу іскерлігін дамыту.
- Оқыту: Балаларға адам мен табиғат арасындаы қатынас туралы түсінік беру.
Педагогикалық технологиялар: әңгімелесу, түсіндіру, сұрақ-жауап
Ресурстармен қамтамасыз ету: суреттер
Көптілдік: денсаулық- здоровье- health, спорт-спорт- sports,
Ұйымдастырылған оқу қызметінің барысы:
І. Ұйымдастырушылық кезеңі
Шаттық шеңбері
- Сәлеметсіздер ме балалар! Мен бүгін сіздерді көріп жүздескеніме қуаныштымын. «Сәлем- сөздің анасы» демекші алдымен бір-бірімізбен амандасып алайық. Амандасу – амандық тілеу дегенді білдіреді. Амандасудың қандай түрлерін білеміз екен? Ол үшін әрқайсыларың алдарыңыздағы дөңгелектерді алып, артын аударсаңдар бір құпия табасыңдар. Ал оның сиқыры мынада: артындағы суреттен сендер бір – бірлеріңмен қалай амандасу керек екендігін көресіңдер.
- күлімсіреген күн бейнеленсе онда бір-бірімізге күлімдей қарайық, жақсы ықыласпен амандасайық.
- алақан бейнеленсе қолымызды қысып амандасайық.
-жүрек болса құшақтасайық.
- Міне, балалар, бір-бірімізбен амандасу арқылы көңіл күйіміз көтерілді. Бұдан былай, амандасу мен жақсы сөздердің адамның жанын сауықтырып, көңілін көтеретінін ұмытпаңдар. Бүгінгі өтетін сабағымыздың тақырыбы «Салауаттылық – менің қалауым» деп аталады.
ІІ. Негізгі бөлімі:
Әңгімелесу
Денсаулық, салауаттылық дегенді қалай түсінесіңдер?
Дені сау адам қандай болады?
Өз денсаулықтарыңды қалай күтесіңдер?
Қандай спорт түрлерімен шұғылданасыңдар?
Салауатты өмір сүруге не кедергі болуы мүмкін?
Мәтінмен жұмыс Аңыз әңгіме
Ертеде бір шаһарда мейірімді, дана қарт өмір сүріпті. Күндердің күнінде
саудагерлер сату үшін шаһарға темекі алып келіпті. Шаһар тұрғындары бұрын көрмеген тауарды қызық көріп, саудагерлерді қоршап алады. Саудагерлер:
-Керемет жапырақ! Құдіретті жапырақ! Барлық ауруға ем болады! Алған да арманда, алмаған да арманда! Келіңдер! Дәмін татып көріңдер! – деп жар салады.
Дана қарт адам басын айналдыратын осы бір өсімдікті жақтырмай қалады. Ол жиналып қалған қауымға: -Алыңдар! Бұл «құдіреттің» басқа да пайдалары бар. Темекі шеккен адамның үйіне ұры түспейді, ит қаппайды және ол ешқашан қартаймайды,- депті.
Саудагерлер қуанып кетіп: -Айтқаныңыздың бәрі рас. Бірақ сіз «құдіретті» жапырақтың мұндай қасиеттері бар екенін қайдан біліп қойдыңыз?!- деп таң қалады.
-Темекі шеккен адамның үйіне ұры түспейді, өйткені ұрылар түнде тыныш болғанын жақсы көреді. Ал темекі шегетін адам түнімен күркілдеп жөтеліп ұйықтамайды. Көп ұзамай темекі адамның денсаулығын әлсірететеді де, адам тез қартайып, таяқпен жүруге мәжбүр болады. Таяқпен жүрген адамға қай ит жоласын?! Ол адам ешқашан қартаймайды, себебі жасына жетпей, көз жұмады…
Аңырап қалған жұрт ойланып қалады…
Сергіту сәті:
Сабағымыздың ендігі бір бөлімі сергіту сәті. Бәріміз де орнымыздан тұрып, бойымызды сергітіп алайық. Ол үшін менің жасаған қимылдарымды қайталайсыңдар.
Өзгелерге зиянды заттарды ұсынатын адамдар үнемі шындықты айта ма?
Кейбір адамдар неліктен темекіге, ішімдікке әуес болады?
Зиянды нәрселердің адам денсаулығына қаншалықты қауіпті екенін білесіңдер ме? Зиянды нәрселерден қалай бас тартуға болады?
ІІІ. Қорытынды:
- Бүгінгі сабағымызда біз денсаулық туралы көптеген мәлімет алдық. Сонымен денсаулықты сақтаудың негізі – салауатты өмір сүру екен.
«Сау дене, азат ақыл, адал көңіл – үшеуімен болады бақытты өмір» – деп бүгінгі сабағымызды аяқтаймыз. Салауатты өмір салтын жандарыңа жан серік етіп, дені сау ұрпақ болып өсіңдер!