Көркем әдебиет – адамгершілікке тәрбиелеудің негізгі құралы
Еліміз өзінің тәуелсіздігін алғалы ана тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып қанат жайып келе жатыр. Мемлекеттің болашағы біздің қандай ұрпақ өсіріп, тәрбиелеуімізге тікелей байланысты болса, мемлекеттік тілге құрмет көрсетуіміз, ана тілімізді ардақтай білуіміз де ерекше рөл атқарады.
Егемен ел атанып, өз алдымызға дербес мемлекет болғаннан кейін жасөспірім буынға дұрыс тәрбие беру, олардың патриоттық сезімін ояту, елге қызмет етуге, мемлекеттің іргесін нығайтуға баулу, тілдің дәрежесін көтеру біздің негізгі мақсатымыз. Сондықтан тіл тағдырына терең қарап, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудегі талап, міндеттер балабақшамызда жақсы іске асырылуда. Балабақшадағы бала қазақ тілін меңгеру барысында тілдік қатынастың аса маңызды түрі – ауызша сөйлеп үйренеді. Ол сөздерді байланыстырып айту арқасында жүзеге асады. Сөздің байланысты айтылуы баланың тілдік және ақыл-ой дамуымен біртұтас жүреді. Мектепке дейінгі шақта бала тілі икемді келеді, сол себепті де сәбилермен жүргізілетін жаттығу түрлері де әр алуан. Балалардың жас ерекшелетеріне қарай топтары үлкейген сайын тіл дыбыстарын айтып үйренуге арналған жұмыс түрлері біртіндеп күрделене береді. Балабақшада жүргізілетін тәрбие, білім беру үрдісінде дыбысқа байланысты жаттығу түрлері де кешенді түрде іске асырылады. Дыбыстардың ерекшелігін жете меңгеріп, дұрыс айтуға жаттықтыру тілдерін дамыту сабақтарында ғана емес, ән-күй, дене шынықтыру сабақтарында да, сабақтан бос кездерінде балаларға ана тілінде өлеңдер, тақпақтар, көркем сөздер жаттатылып, үйретіледі. Қазақ тілін үйретуде көркем және халық ауыз әдебиетін қолданудың маңызы зор. Осы арқылы балалардың ойлау, дұрыс сөйлеу қабілеттерін дамыту, сөздік қорын молайту, сөйлем құрап өз ойларын жеткізе білуге, қазақ тіліне тән ерекше дыбыстарды дұрыс айтуға, өлең, тақпақ, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, ертегілерді рольдермен орындауға, қазақ халқының дәстүрімен таныстыру арқылы, еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, балаларды тіл үйренуге, халық мәдениетін зерттеуге, адамгершілікке баулиды. Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте, – деп ақын жырлағандай, өз ана тілімізді жетік меңгеру, ана тілінде таза сөйлеуге үйрету, халқымызда ғасырлар бойы қалыптасып, сақталып келе жатқан наным-сенімдерін, дәстүрін, әдет-ғұрыптарын өсіп келе жатқан, жас ұрпақтың бойына сіңіру барысында, мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытуда үлкен нәтиже береді. Халық байлығының асыл қазынасы – рухани тіл. Оны меңгеру бесік тәрбиесінен, ана әлдиінен бастап, балабақшада ары қарай жүзеге аспақ. Қазақта «Сүтпен сіңген сүйекпен кетеді» деген мақал бар. Демек, біз балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршін бойына қазақ тілінің қасиетін сүттей сіңіре білсек, еңбегіміздің ертеңі алда деген сөз.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»дегендей, ата-ананың күн сайын атқарып жүрген жұмысы- балаға үлкен сабақ. Жас балалардың үлкендер айтса, соны айтатынын, не істесе соны істегісі келетінін бәріміз де білеміз. Баланың үйден көргені, етене жақындарынан естігені-ол үшін адамгершілік тәрбиесінің ең үлкені, демек жақсылыққа ұмтылып, жағымды істермен айналысатын адамның айналасындағыларға көрсетер мен берер тәлімі мол болмақ..
Жақсы адамгершілік қасиеттердің түп негізі отбасында қалыптасатыны белгілі. Адамгершілік қасиеттер ізгілікпен ұштастырады. Әсіресе еңбекке деген тұрақты ықыласы бар және еңбектене білуде өзін көрсететін балаларды еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу басты міндет болып табылады.
Өз халқының мәдениетін, тарихын, өнерін сүю арқылы басқа халықтардың да тілі мен мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарайтын нағыз мәдениетті азамат қалыптасады.
Қазақ халқының әлеуметтік өмірінде үлкенді сыйлау ұлттық дәстүрге айналған. Отбасында, балабақшада , қоғамдық орындарда үлкенді сыйлау дәстүрін бұзбау және оны қастерлеу әрбір адамнан талап етіледі. Халқымыздың тәлім- тәрбиелік мұрасына үңілсек, ол адамгершілікті, қайрымдылықты, мейірбандықты дәріптейді.
Ата-бабаларымыздың баланы бесігінен жақсы әдеттерге баулыған. «Үлкенді сыйла», «Сәлем бер, жолын кесіп өтпе» деген секілді ұлағатты сөздердің мәні өте зор. Адамгершілікті, ар-ұяты бар адамның бет-бейнесі иманжүзді, жарқын, биязы, өзі парасатты болады. Ондай адамды халық «Иман жүзді кісі» деп құрметтеп сыйлаған.
Балаларымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілдік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру қажет. Баланы үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, иманды болуға, адамгершілікке баулу адамгершілік тәрбиесінің жемісі.
Балаларды адамгершіліке тәрбиелеуде ұлттық педагогика қашанда халық тәрбиесін үлгі ұстайды. Ал, адамгершілік тәрбиелеудің бірден-бір жолы осы іске көзін жеткізу, сенімін арттыру. Осы қасиеттерді балаға жасынан бойына сіңіре білсек, адамгершілік қасиеттердің берік ірге тасын қалағанымыз. Адамгершілік- адамның рухани арқауы.
Өйткені адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ардақталады. Адам баласының мінез құлқына тәрбие мен тәлім арқылы тек біліммен ақылды ұштастыра білгенде ғана сіңетін, құдіретті, қасиеті мол адамшылық атаулының көрініс болып табылады.
Балаларды адамгершілікке тәрбиелеуде көркем әдебиеттің маңызы өте зор.
Ауыз әдебиеті үлгілерінен:
· балаларға арналған тақпақтар;
· төрт-түлік жырлар (мысалы, «Бөбектің тілегі», «Шопан атаға», «Түйе», «Сиыр»);
· өтірік өлендер (үзінділер);
· мақал-мәтелдер (әр түрлі тақырыптағы);
· жұмбақ-жаңылтпаштар (әр түрлі тақырыптағы);
· ертегілер: хайуанаттар жайындағы ертегілер мен қиял-ғажайып оқиғалы ертегілер (мысалы, «Байлық пен ақыл», «Ұр, тоқпақ», «Жақсылық пен Жамандық», т.б.);
· Аңыз-әңгімелер (мысалы, «Қожанасыр мен Алдар
көсе», «Үш сом», «Кімнің баласы?», «Бала Жиренше», «Күй
құдіреті»);
· шешендік сөздер (мысалы, «Кедейлік неден?», «Жақсы жігіт белгісі», «Ананың арқасы», «Қазыбектің Төле бимен кездесуі», «Не қымбат?», «Әйтеке бидің айтқаны», «Жігіттің жақсысы»).
Сөз өнерінде тек сыртқы объективті шындық қана емес адамның ішкі жан дүниесі суреттеледі. Адам факторы, оны зерттеп – зерделеу – әдебиеттің айнымас мақсаты, негізгі тақырыбы ғана емес, жалпы көркемдік дамудың басты бағытын айқындайтын ажырамас темірқазығы. Осы тұрғыдан алып қарағанда әдебиеттік оқу қоғамдық, тәрбиелік, эстетикалық категориялар тұрғысынан табиғат әлемін, қоғамдық құбылыстарды, жеке адамның рухани - психологиялық болмысын негізгі нысана етеді. Адам жаны диалектикасының ашылу дәрежесі сөз өнерінің интеллектуалдық және эстетикалық байлығының өлшемі болып қала береді.
Кез келген көркем мәтін бірнеше рухани шындықтың қиылысы ретінде қарастырылады: мәтінді тудырушы автордың көзқарасы мен сол мәтінді қабылдаушы оқырманның, бақылаушының, тыңдаушының ішкі жан дүниесі. Әдебиеттік оқуда қабылдаушы кішкентай оқырманды тәрбиелеу, мәтін арқылы оның сезіміне әсер ету, рухани дамыту басты назарда болады. Оқырманды тәрбиелеу ісі сауатты оқушы жағдайында ғана мүмкін болмақ.
Балалар әдебиетінің бастау көзі – халықтың сонау ерте дәуірлерде шығарған өлең– жырлары, мақал-мәтелдері, нақыл сөздері, аңыз ертегілері. Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» – балалар әдебиетінің жазба нұсқасының алғашқы үлгісі. Балалар әдебиетінің жаңаша үлгіде өркендеп кемелденген тұсы Абай шығармашылығынан басталып, Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев т.б. шығармашылығында жалғасып, бүгінгі күндері жаңа жанрлық түрлермен, үлгілермен толығып, дамып келеді.
Балалар әдебиетін тарихи кезеңдерге бөліп қарастыруға жалпы әдебиет туралы ой қозғаған Ш.Уәлиханов зерттеулері, Ә.Диваев пен С.Көбеев, С.Торайғыров және басқа ағартушы демократтардың баспасөз беттеріндегі әдебиет мәселесіне арнаған мақалаларды, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Әуезов, М.Ғабдуллин, М.Қаратаев, З.Ахметов, Қ.Жұмашев, Б.Кенжебаев, Ш.Ахметов т.б. зерттеулері мүмкіндік берді.
Осы орайда жалпы әдебиетімізбен бірге балалар әдебиетінің де қаз басып, қалыптасып кетуіне зор ықпал еткен А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров сияқты классиктеріміздің отызыншы жылдардағы ойранның құрбандығына айналуы, республикамыздағы зиялы қауымның жаппай дерлік жазалануы, отызыншы жылдарда әлемдегі ешбір елдің, ешбір халықтың тарихында болып көрмеген сұрапыл ашаршылықтың зардабын бүгін де қайталап айтуға әрі мәжбүрміз, әрі міндеттіміз. Сондықтан оқулықта осындай ақын-жазушыларымыздың балаларға арналған шығармаларымен қатар олардың өмірлерінен нақты мәліметтер беріледі. Оқушыларға қазақ балалар әдебиетінің тарихпен байланысын, үздіксіз дамуын, көркемдігін ұғындыру мақсатында халық ауыз әдебиеті үлгілері, әр дәуірдегі жазушылардың балаларға арналған шығармалары, сондай-ақ әлем әдебиетінің кейбір классикалық үлгілері сұрыпталып алынады.
Қазақстан бастауыш мектебі
Баяндама
Тақырыбы: Көркем әдебиет – адамгершілікке тәрбиелеудің негізгі құралы
Дайындаған: Кадирова М.Б
Қазақстан ауылы,2013 жыл