Мұғалімнің сыйы:
Сабыр, табыс және байлық (аңыз әңгіме) Бір күні әлдебір әйел үйінен шыға бергенде есігінің алдынан жүздері жарқыраған үш қарияны көреді. Олардың жүздерінен қатты шаршағандары байқалып-ақ тұрды. Әйел қариялардың қалжырағанынан бұрын, қарындары аш болар деген оймен былай дейді: - Мен сіздерді танымаймын, алайда сіздер қатты шаршаған сияқтысыздар. Ішке кіріп, біраз тынығыңыздар. Ал мен ыстық тамақ дайындау қамына кірісейін. - Үйдің отағасы қайда? – деп сұрайды олар. - Ол әлі жұмыстан келген жоқ, - деді әйел. - Олай болса, ол әуелі жұмыстан келсін. Біз содан соң кірерміз, – дейді қариялар. Кешкісін отағасы үйге келгенде, әйелі оған есік алдында отырған үш қария туралы бәрін айтып береді. Бұған қуанған қожайын «Қонақ – үйдің ырысы емес пе? Тез шақыр оларды, ауқаттанып, демалып алсын!» - дейді. Күйеуінен рұқсат алған әйел есік алдына жүгіріп шығады. Қариялар әлі отыр екен. - Күйеуім келді, сіздерді үйге шақырып жатыр, – дейді қуанып. Сонда қариялардың бірі орнынан тұрып: - Үшеуіміз бірден кіре алмаймыз. Менің қасымда тұрған құрметті қария – Байлық. Ал мына қарияның есімі – Табыс. Ал менің атым Сабыр. Барып, қайсымызды бұрын шақыратындарынды күйеуіңмен ақылдас, - дейді. Әйел естігенін күйеуіне айтады. - Қандай керемет! Ендеше Байлықты шақырайық, үйімізден молшылық кетпесін! – дейді ері. Алайда әйелі оған қарсы болып: - Неге Табысты шақырмасқа? Біздің ісіміз бірден өрге домалар еді! – дейді. Осы сәтте әңгімеге ата-анасының сөздерін еріксіз тыңдап тұрған кішкентай қыздары араласады. Ол былай дейді: - Сабырды шақыруға бола ма? Онда біздің үйімізде тыныштық, достық орнап, бәріміз жақсы өмір сүрер едік! Әкесі бір сәт ойланып барып: - Иә, қызым, сен дұрыс айтасың. Ең алдымен Сабыр атты қарияны шақыруымыз керек. Сол адам біздің қонағымыз болсын. Қыздың анасына да бұл шешім ұнап, үйге Сабыр қарияны шақыруға шығып кетеді. Отбасы шешімін бірден айтуға ыңғайсызданып, әйел жай дауыспен: - Кешірерсіздер, бірақ біздер ең әуелі Сабыр қарияны қонаққа шақыруды жөн көрдік. Осы сәтте қарияның үшеуі де орындарынан тұрып, үйге қарай бет алады. Бұны түсінбеген әйел: - Мен тек Сабырды ғана шақырдым ғой! Сіздер өздеріңіз айтпап па едіңіздер, үйге үшеуіміз қатар кіре алмаймыз деп! Осы сәтте Сабыр қария жүзі жарқырай күлімсіреп былай дейді: - Егер сендер Байлықты немесе Табысты шақырғанда, қалған екі қария есік алдында қалар еді. Бірақ сіздер мені бірінші шақырдыңдар. Ал мен қайда барсам да, соңымнан Байлық та, Табыс та бірге еріп жүреді. - Есік алдындағы қариялар кімдер, үйге кіруден неге бас тартты? - Отбасы кімді бірінші шақырмақшы болды, бұл шешімге қалай келді? - Үйінде сабыр, байсалдылық бар отбасы қандай болады? - Бұл қасиеттер отбасы мүшелеріне қалай әсер етеді? |