№ 15 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімдері
Ормаханова Л.Қ.
Арызғұлова Б.Қ.
Кештің тақырыбы: Ана тілі – асыл мұра
Мақсаты: Білімділік: Жас ұрпақты ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ана тілінің өресін әлемнің бай тілдер сатысына көтеру арқылы білімдерін шыңдау және тіліне, халқына деген сүйіспеншілігін арттыру.
Дамытушылық: Туған тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған аға ұрпақ өкілдерінің еңбектерін оқып үйрену, қазақ тілінің мәртебесін көтеру.
Тәрбиелік: Егеменді еліміздің жас қырандарын өз ұлтымыздың мәртебесін биіктетуге, ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Плакатта жазылған нақыл сөздер, кітап көрмесі, суреттер.
Әнұран орындау.
І жүргізуші:
Құрметті ұстаздар мен оқушылар!
Бүгінгі «Ана тілі – асыл мұра» атты кешімізге қош келдіңіздер. Тіл - ұлттың белгісі, халықтың мұрасы, дүниетаным құралы. Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Адамдық мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз – ана тіліміз!
Қазақ тілі – дүние жүзіндегі ең бай, беделді де бейнелі тілдердің бірі.
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас, деп ұлы Абай атамыз таңырқап, тағзым еткен осы қасиетті ана тіліміз.
ІІ жүргізуші:
Әр адамзаттың қасиеті мен мәдениеті өз халқын, өзінің атамекенін қалай білуімен өлшенбек.
Ананың ақ сүтіне, уызына жарыған адам қашан да отаншыл, ұлтжанды болмақ. Әркімнің өз тіліне деген құрметі өз анасына. өз ұлтына, өз отанына деген құрмет деп білу керек.
І жүргізуші:
6 «А» класс оқушысы орындауында Құрманғазының күйі «Адай»
ІІ жүргізуші:
Көрініс. «Ана тілі – асыл мұра»
І жүргізуші:
Ән салса, айтса егер таң қаларсың,
Ән сөзін тоқсан тоғыз қайталарсың.
Осындай ән туғызған қазағымды
Қалайша тар пейіл деп айта аларсың?
ІІ жүргізуші:
Құлақ кіріп, бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй, - деп Абай атамыз айтқандай
Келесі кезекті Абай атамыздың әніне береміз.
«Көзімнің қарасы» орындайтын 8 «Б» класс оқушысы
І жүргізуші:
Қуан халқым, күшіне енді Тіл заңы,
«Сүйінші» деп ақын тілмен жырлады.
Ел елдігі бағаланар тілімен,
Сол арқылы құлпырады гүл бағы.
ІІ жүргізуші:
Келесі кезекті ақын-жазушыларымыздың өлең-жырларына береміз.
І жүргізуші:
Тілім менің!
Жауға айбарым, ұраным, туған тілім!
Найзасымен тең ұстап осы тілді
Намысымды қорғады Сырым менің!
Жарқылдап асыл сөздің алдаспаны,
Қызыл тіл жол бастады, қол бастады.
Даланың өз даусы деп түсінемін
Шалкиіз, Асан қайғы, Марғасқаны.
Қаныңды отты толқын тулататын,
Ғасырлар қатпарынан үн қататын,
Қазақтың ар-намысы, жан дауысы,
Қазтуған, Махамбет пен Дулат ақын.
ІІ жүргізуші:
Халайық, құтты болсын тілің бүгін,
Ашатын жан сарайын білімдінің.
Кешегіанаң айтқан, бабаң айтқан,
Тіліне зер салыңдар бұрынғының.
І жүргізуші:
Көрініс. «Аталар сөзі – ақылдың көзі»
І жүргізуші:
7 «Б» класс оқушысы Қайырбаев Тұрланның Сыпыра жыраудың термесі.
ІІ жүргізуші:
Жататын биіктерде өлшемі тым,
Бір тұтас тауларымның –
Бөлшегісің!
Тағы да тіл жайында толғанамын, жазуға құдіретіңді келсе күшім!
Түсермін от пен суға мен сен үшін,
Жатса да көп шындықты көмкеріп күн...
Тілі мен діннен жұртты бездіргенде,
Аспаным қақыраған,
Теңселіп шың!
Тәуелсіз, нұрланды елім, азат күннен,
Аңсаған азаттықты
Қазақпын мен!
Жыр жазам, мен осынау –
Ғажап тілмен!
І жүргізуші:
Ойымды ана тілмен оюлаймын,
Жүректе ана тілсіз
Қоюлар мұң.
Құдіретті тілімнің арқасында
Ешқашан
Жер бетінен
Жойылмаймын!
Ар тұтып, ардақтаған азаматын,
Бар ойын,
Ана тілмен жазады ақын.
ІІ жүргізуші:
Мектебіміздің жас ақындарын ортаға шақырамыз.
І жүргізуші:
7 «Б» класс оқушысы орындауында «Елім-ай» әні.
ІІ жүргізуші:
Жылаған алғашқы іңгә үннен тілім,
Жөргекте былдыр қағып күлген тілім.
Жағымды ана әлдиі, ақ сүтімен
Жүрегіме, қаныма сіңген тілім.
І жүргізуші:
Жанымды жадыратқан бала тілім,
Жыр, ертек жаттаттырған сана тілім.
Жралып жермен бірге, күн көзімен,
Жасасқан қазақ тілі – ана тілім.
ІІ жүргізуші:
Жарысқан жыл құсымен үнді тілім,
Жарасқан дала, малмен сырлы тілім.
Жиһанкез желмаялы Асан қайғы
Жер-жерге баға берген сынды тілім.
І жүргізуші:
7 «Б» класс оқушысы Қайырбаев Тұрланның орындауында «Атамекен» әні.
І жүргізуші:
Ғ. Мүсірепов: «Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың болмысы, бүгінгісінде, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана аяққа таптайды. Ана тілін ұмытқан адам, өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді» - дейді.
ІІ жүргізуші:
Қазақ халқының ана тілі – қазақ тілі. Біз қазақ тілін байытуымыз керек. Халық тілінің мазмұнын байытқан –Абай Құнанбайұлы. Абай қазақ тілін мәдениеттің биік сатысына шығарып кеткен. Әдеби тіл – бүкіл қазақ халқының мәдени мұрасы.
І жүргізуші:
Қазақ халқының атақты жазушысы М.Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» - деп өсиет еткен. Егер өзіміздің ана тіліміз, яғни қазақ тілін біз өзіміз қадірлеуіміз керек.
ІІ жүргізуші:
Мен – қазақпын. Ана тілім – анамның ақ сүтімен бойыма жайылған ақылым, ойым, санам, қолымдағы қаруым.
І жүргізуші:
Тіл құдіреті ауыз толтырарлықтай өте күшті. Тіл киелі, қасиетті дейміз. Сондықтан ана тілімізді қадірлеп сүюіміз керек.
Сөзіміздің соңын Бауыржан Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген сөзімен аяқтағымыз келеді.
ІІ жүргізуші:
Құрметті ұстаздар мен оқушылар!
Осымен «Ана тілі – асыл мұра» атты кешімізді аяқтаймыз. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет!