«Ал, қанеки, қыздар!» атты сайыс
«Ал, қанеки, қыздар!» атты сайыс
Өтілу формасы: Конкурс (сайыс)
Міндеттері: Ойын тәсілі арқылы оқушылардың ойын дамытып, пәнге деген қызығушылығын ояту; Өнерді түсініп, бағалап, меңгеруге бағыт-бағдар беру; Өнер үйренуде өз беттерінше ізденудің қажеттілігін сезіндіру.
Мақсаты: Оқушылардың танымдық және шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын, шеберлігін дамыту. Өнерді тануға, қызығушылыққа баулу, әдептілікке, парасаттылыққа тәрбиелеу.
Әдісі: Ойын сауық, жарыс.
Пәнаралық байланыс: қазақ әдебиет, бейнелеу өнері, өлең, дене тәрбиесі.
Көрнекілігі: Ұлағатты асыл сөздер жазылған плакаттар, қабырға газеті.
«Ана - жүрек, жүректі құдіретте,
Ана - тірек, тіректі құрметте.
Ана - шыңың, шыңыңа сағнып жет,
Ана - күнің, күніңе табынып өт»
«АНА - тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі»
Жоспары
І. Ұйымдастыру бөлімі:
- сайыстың тақырыбымен таныстыру,
- сайысқа қатысушы топтармен таныстыру,
- әділқазы алқаларымен таныстыру.
- сайыстың шарттарымен таныстыру.
ІІ. Сайыстың барысы:
ІІІ. Сайыс қорытындысы.
Сайыс барысы:
Жүргізуші:
Армысыздар, ата-аналар, ұстаздар! Қазақ әйел затын ерекше қадірлеген. Өмірдің ащы-тұщысын көріп, ысыла білген, тұяғы тасқа салса кетілер, суға салса жетілер деген оймен ұлын жел өтінде ұстаса, қызын аз күндік қонағым, алтынның сынығы, шұғаның киығы деп бөркінің төбесіне үкі қадап, үлпілдетіп өсірген. Міне жыл аралатып, көктемнің алғашқы күндерімен келетін 8-Наурыз мейрамы құтты болсын демекпіз. Осы жерде отырған барлық аналарға отбасына береке, бірлік тілейміз! Мейрамдарыңыз құтты болсын! Енді сыныбымыздың дайындалған «Ал, қанеки, қыздар!» сайысымызды тамашалауға шақырамыз.
Қыздарымыз сүйкімді болсын деп,
Өнер – білімге икемді болсын деп,
Бәйтеректей бойшаңдансын деп,
Өрен-өршіл өркенді болсын деп,
Жақсы жолды таңдайық.
Жамандық тәлім алмайық,
Дарынды мектеп дәстүрін
Жаңалайық, жалғайық,
Ары адал, жаны жаз,
Арулар жолын таңдайық, - деп «Ал, қанеки, қыздар» атты кешімізді бастайық.
Жүргізуші: Армысыздар қадірменді көрермен қауым! Қадірменді көрермен қауым, ақылына көркі сай қыздарымыздың өнері мен өнегесін, білімі мен парасатын тамашалауға баршаңызда қош келдіңіздер дейміз.
Ендігі сәтте бүгінгі сайысымыздың шартарымен таныстырып өтейін.
1-шарт. «Сәлем – сөздің атасы» – деп аталады, әр қыз өзінді таныстырады.
2-шарт. «Бәйге» сұрақ-жауап сайысы.
3-шарт. «Ас – адамның арқауы» салат түрлерін дайындау.
4-шарт. «Он саусағы майысқан шебер болар ұрпақпыз» сурет бейнесі.
5-шарт. «Өнерім бар өрге жүзер» өз өнерін көрсету.
6-шарт. «Қыздарға әсемдік жарасады» сән үлгісі.
7-шарт. «Шаштыда әдемі жарастырамын» шаш үлгісі.
8-шарт. «Тіл өнері» Мақал-мәтелдерден, жұмбақтардан жасырылған сөздердің жауабын табу.
Жүргізуші: Өнер, білім, өнеге тұнған дарын,
Өнерліге өз басым таң қаламын.
Өнерді әділдікпен бағалайтын,
Таныстырайын әділқазы алқаларын.
1. Мектеп директоры: Дүйсекеева Меруер Оразалықызы
2. Директордың тәрбие жөніндегі орынбасары: Қабылтаева Ғалия Абайқызы
3. Директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары: Саменова Кенжегүл Көпейқызы
4. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі: Құлкенова Айнұр Төлеубайқызы
Жүргізуші: 1-шарт.
Сөздерді ең аяулы
Жақсы көріп жаттадым
Енді білдім оларды
Кімнің ойлап тапқанын
«Ана» деген сөзді де
«Әке» деген сөзді де
«Аға» деген сөзді де
«Әпке» деген сөзді де
«Ата» деген сөзді де
«Аже» деген сөзді де
Ойлап тапқан балалар
«Күнім, жарым» дегенді
«Құлыншағым» дегенді
«Ботақаным» дегенді
«Қошақаным» дегенді
«Айналайын» дегенді
«Толған айым» дегенді
Ойлап тапқан аналар!
Ақ жаулығы анамның
Алатаудың шыңындай
Ардақтысы ол адамның
Ұқсатамын мен күнді
Ақ жаулығы анамның
Ақ көңілі секілді.
Сайыстың 1 шарты бойынша қыздар өздерін таныстырады.
Жүргізуші: 2-шарт. «Бәйге»
О, анашым, таянышым, тірегім
Бар бақытты бір басыңа тіледім!
Мені жақсы болса екен деп қашанда
Лүпілдейді сенің қамқор жүрегің
Туған жердің жайнап тұрған даламның
Өзіңе деп гүлін үіп алармын
Жүрек сырын өзіңе арнап жинадым міне гүлім!
Мен де гүлдей балаңмын.
Ақылдылық қыздарға жарасады,
Көзі ашықпен бәрі де санасады.
Келесі сұрақ – жауап сайысында
Сыналар білімі мен парасаты – дей отырып, келесі кезекте сұрақтарға жауап береді.
Әр қызға 3-сұрақтан беріледі, тез әрі нақты жауап беру керек.
1. Ұлттық бас киімді ата. (сәукеле, тақия, бөрік т.б.)
2. Малдың сүтінен дайындалатын ұзақ уақыт сақталатын тағам (құрт)
3. Үш арсызды ата. (ұйқы, күлкі, тамақ)
1. Киізге ою-өрнек басып жасалған кілемше (түскиіз)
2. Кестелеуге ине мен жіптің қандай түрін алған жөн? (жіңішке ине, кесте жіп)
3. Қандай қолданбалы өнер түрлерін білесіңдер? (кілем тоқу, құрақ құрау, киіз басу, сырмақ сыру)
1. Табиғи жүнді неден алады? (қой, ешкі)
2. Қамырдың негізгі шикізаты (ұн)
3. Көкөністен дайындалған салқын тағам. (салат)
1. Тамақ әзірлеу өнері (кулинария)
2. Тамақтан соң ауыз сүртуге арналған орамал. (салфетка)
3. Бидайдан әзірленген ұнтақ (манка)
1. Кестелеу үшін қандай құрал керек? (кергіш, оймақ, ине)
2. Сумоншақтың орысша атауы (бисер)
3. Нанның кептірілген бөліктері, орысша айтылуы (сухари)
Жүргізуші: 3-шарт. «Ас адамның арқауы»
Дүниедегі ең ардақты асыл жан,
Анам менің мәпелеген жасымнан,
Мен қуансам қуанды ол бірге,
Мен қиналсам табылады қасымнан.
Маған қымбат жан жоқ сірә өмірде,
Бар жақсылық аналардан тараған.
Жер бетіне өмір нәрін себуші,
Ана алдында борышты ғой бар адам.
Ендеше іске сәт сайыскерлер!
Ас көңілдің ажары деген ырым
Жақсы ғой тағамның да білген сырын,
Көрсетсін келесі сәт сайыскерлер
Дайындаған жаңашыл салат түрін.
Өнер-білім тұңғиығынан нәр алған сайыскерлеріміздің тағам дайындау жағынан сыналар уақыты да жетті. Әр қыз салат жасайды.
Жүргізуші: 4-шарт. «Он саусағы майысқан шебер болар ұрпақпыз» сурет бейнесі.
Ана тұрса құшаққа алып барасың,
Бақыт, шаттық белгісіндей жарасым.
Қабағынды кірбің шалмай өмірде
Қуанышқа кенеде бер, анашым
Мен ананы шуағы мол күн деймін.
Анадан зор құдіретті білмеймін,
Анам ылғи қамқор болып жүреді,
Тілерің болса алдағы керде анашым,
Үмітіңді ақтап, арналсын саған жыр-әнім!
Ақыл көпке жеткізеді,
Өнер көкке жеткізеді, деп сайысымыз жалғастырайық «Он саусағы майысқан шебер болар ұрпақпыз» мерекелік сурет бейнесін салу.
Жүргізуші: 5-шарт. «Өнерім бар өрге жүзер» өз өнерін көрсету.
Анашым, жыр арнады қалқаң бүгін,
Көмкерер сен дегенде бір таңды күн
Болса егер уысымда бір өзіңе,
Сыйлар емдүниенің дархандығын!
«Қой» десең балаң күнде «неге» дедім,
Өзіңде мені нұрға бөлеген үн...
Қанат жоқ әттең шіркін, асыл анам,
Жұлдыздың бәрін әкеп берер едім.
Жалқау болса жатады, Ұйқыға ұзақ батады.
Зерігеді, күлмейді Серігуді білмейді, дегенше «Өнерім бар өрге жүзер» сайыста әр қыз өзінің өнерін ортаға шығап көрсетеді.
Жүргізуші: 6-шарт. «Қыздарға әсемдік жарасады» сән үлгісі.
Төгілген маған мейірің – бейне шуағың,
Сарқылмас мәңгі ән салған бастау бұлағың,
Жасашы, Ана! Жасашы - менің тілерім,
Қанатын қомдап ұшса да биік ұланың,
Анашым, сенсің мәңгілік менің тірегім,
Мен үшін пана нұрлы әлем сыйған жүрегің.
Еңбегіңді ақтап, аялап өтсем тек сені,
Болмас-ты басқа перзенттік менің тілегім.
Тағамды жақсы жасаймыз,
Үйдіде еппен жинаймыз,
Қуантып жүріп баршаны
Сәндіде еш қалдырмаймыз сәнді, жарасымды қалай киіну керек? Қазір қыздарымыз «Қыздарға әсемдік жарасады» айдарымен сән үлгісін көрсетеді.
Жүргізуші: 7-шарт. «Шаштыда әдемі жарастырамын» шаш үлгісі.
Халқымызға билік айтар даналар,
Даналардың өзі анадан жаралар,
Жүрегінің бір бөлшегі бала үшін,
Сізден жақын адам бар ма аналар?
Балаға ең жақыны сіз ғой ана,
Сіздің ыстық құшағыңыз бізге пана,
Сіздерге теңестірер еш нәрсе жоқ.
Теңесе алар бір-ақ нәрсе Отан ғана.
Бірін айтсаң бәрін айт,
Бәрін жүрем жарастырып,
Қыздың көркі шаш деген
Оны да жинайым киімге ұйқастырып - келесі сайысымыз шаш үлгісі.
Жүргізуші: 8-шарт. «Тіл өнері» Мақал-мәтелдерден, жұмбақтардан жасырылған сөздердің жауабын табу.
Әр сөзіңді жаттағам,
Жүрегімде сақтағам,
Анашым деп мақтанам,
Айналайын ақ анам!
Ана – көркі көгімнің,
Ана – нұры жерімнің
Ана – баға баланың
Мақтанышы елімнің!
Ал, қанеки, қыздар, ойнайық,
Ойнайық та, ойлайық
Қандай жұмбақ болса да,
Шешпей оны қоймайық – дегендей жұмбақ шешіп көрейік, жұмбақтардың жауабын мақал-мәтелдермен жалғастырайық.
1. Бар екен дүниеде жалғыз көзді,
Сол көзбен дүниенің бәрін кезді.
Әлемді он сегіз мың киіндіріп,
Дүниеден жап-жалаңаш өзі безді. (Ине) Оқу инемен құдық қазғандай.
2. Құрғақ жерде сақтайсың
Онсыз тамақ татпайсың. (Тұз) Доссыз адам – тұссыз ас.
3.Екі семсер айқасқан, Асыл қайшы пішуге сән,
Оқта-текте шайқасқан. (Қайшы) Күміс қасық – ішуге сән.
4. Арық ат қарны қабысқан
Бір көлді ішіп тауысқан. (Қасық) Құрғақ қасық ауыз жыртар.
5. Дәмді-дәмді тағамдарды жинайды, Қоныс көркі – там,
Қонақтарды көңілдене сыйлайды. (Дастархан) Дастархан көркі – нан.
Жүргізуші: Мерекелік би.
Аналарға сыйлық сыйлау.
Аналарға сұрақтар:
Балаңыздың туған күні?
Сынып жетекшісінің толық аты-жөні?
Балаңыздың парталас көршісі кім?
Балаңыз спорттық қандай түрін жақсы көреді?
Балаңыздың атын еркелеткенде қалай атайсыз?
Балаңыздың ең жақын досының есімі кім?
Сүйіп оқитын пәні?
Балаңыздың жақсы көретің түсі?
Балаңыздың сүйікті тағам?
Балаңыздың аяқ киімнің өлшемі?
Балаңыз қандай ертегіні жақсы көреді?
Балаңыз қаламды қай қолмен ұстайды?
Балаңызды еркелеткенде айтатын сөзіңіз?
Балаңыздың қазіргі салмағы?
Балаңыздың бойының ұзындығы?
Жүргізуші: Осымен бүгінгі сайысымыз мәресіне жетті. Ал қазір кімнің ұпайы көп екенін білу үшін әділқазылар алқасына сөз кезегін береміз. Марапаттау қағазымен марапатталады. Қыздар, бүгін сендер өз білімдеріңді ортаға салып тамаша өнер көрсеттіңдер. Сайысқа қатысқан қыздарымызға және ата-аналарға, көрермендерімізге үлкен алғысымызды айтамыз.