СДЕЛАЙТЕ СВОИ УРОКИ ЕЩЁ ЭФФЕКТИВНЕЕ, А ЖИЗНЬ СВОБОДНЕЕ

Благодаря готовым учебным материалам для работы в классе и дистанционно

Скидки до 50 % на комплекты
только до

Готовые ключевые этапы урока всегда будут у вас под рукой

Организационный момент

Проверка знаний

Объяснение материала

Закрепление изученного

Итоги урока

Сеурен кортотекас-Көктем

Нажмите, чтобы узнать подробности

Мектепке дейінгі ұйым балаларына арналған көктем мезгілінің кортотекасы

Просмотр содержимого документа
«Сеурен кортотекас-Көктем»



Наурыз


Серуен 1


Маусымдық өзгерістерді бақылау


Мақсаты:

  • Табиғаттағы көктемгі өзгерістер туралы түсініктерін қалыптастыру;

  • айнала қоршаған ортадан көктем өзгерістерін көре білуге үйрету;

  • табиғатты бақылауға деген қызығушылығын арттыру, қамқор болуға тәрбиелеу.

Бақылау барысы

Тәрбиеші:

Балалар, мені тыңдаңдар, қазір мен сендерге өлең оқимын, сендер жасырынған сөздерді табыңдар.

Жауған қарымен,

... құнар береді. (қыс)

Үлкендер қарбалас,

... дән себеді. (көктемде)

Бақ пенен бақшаны,

... баптап өсіреді. (жазда)

Дихандар жемісін,

... жинап береді. (күзде)

Тәрбиеші сұрақтары:

  • Өлеңде қандай жыл мезгілдері туралы айтылған?

  • Қазір жылдың қай мезгілі?

  • Көктемнің алдында қай мезгіл болды?

  • Көктемнің келуімен табиғатта қандай өзгерістер болады?

  • Қазір айналадан қандай өзгерістерді көруге болады?

Зерттеу жұмысы: Балабақша ауласынан күннің жылуымен еріген қар суын (қар айналасындағы ылғалды жер) табу, оның неге ерігенін әңгімелеу. (көктемде күн шуағы молаяды, күн көзі көп түскен жердегі қар жібиді де, ылғал пайда болады)

Еңбек

Гүл егетін жерді тазалау.

Мақсаты: Еңбекке деген оң көзқарастарын тәрбиелеу.

Қимылды ойын: «Кім жылдам?».

Мақсаты: жүкіруге жаттықтыру, жылдамдықтарын дамыту.

Жаттығу ойыны:

Орнында тұрып биіктікке секіру.

Мақсаты: секіре білу дағдыларын дамыту, жылдамдықтары мен күштерін есептей білу.



Наурыз


Серуен № 2


Қайың ағашын бақылау


Мақсаты: қайың ағашы туралы, ағаштардың көктемгі өзгерістері туралы білімдерін молайту.

Бақылау барысы

Көркем сөз «Жас шыбық» А. Меңдібай

Көшетін әкеп қайыңның,

Отырғыздым аулаға.

Жіп-жіңішке жас шыбық,

Өспейді деп ойлама.

Жас шыбық өсіп толады,

Әсем қайың болады,

Суғарып, күтіп, баптасам.

Қайың көп ағаштардың ішіндегі сұлу ағаштардың бірі. Оның аппақ діңі жұқа қабықпен қапталған. Қайың қыс шыққан бойда бүр жарып шыға келеді. Халық әндері мен ертегілеріне қайыңды жиі қосқан. Оны сүйіспеншілікпен «ақ қайың» деп атаған. Ерте кезде жолаушы жүретін үлкен жолдардың бойына қайың еккен. Қайыңның жұмсақ қабығынан жеңіл шабата (аяқ киім), жолаушы жүргенде киімдері мен тамағын салатын себеттер тоқыған.

Тәрбиеші сұрақтары:

  • Қандай ағаш түрлерін білесіңдер?

  • Біздің ауламызда қандай ағаштар өседі?

  • Ағаштар жылдың қай мезгілінде көктейді?

  • Әуелі ағаш бұтақтарында не пайда болады?

  • Қазір аулаға ағаш көшетін отырғызуға бола ма?

  • Ағаштар жақсы өсуі үшін біз оларға не істеуіміз керек?

Зерттеу жұмысы

Қайың ағашы мен басқа ағаштарды салыстыру: оларды қандай айырмашылықтары арқылы ажыратуға болады?

Еңбек

Ауланы өткен күзден қалған қоқыстан тазалауға көмектесу

Мақсаты:өз еріктерімен топқа бөлінуге, өз еріктерімен еңбек етуге баулу.

Қимылды ойын: «Орамал тастамақ»

Мақсаты:

_- ойын шартын түсініп ойнауға, аңғарымпаздыққа, шапшаңдыққа баулу.

Жаттығу ойыны Затты нысанаға лақтыру.

Мақсаты: қол күштерін, көз мөлшерін дамыту.






















Наурыз


Серуен № 3


Бұршақты бақылау

Мақсаты:

  • «Бұршақ» түсінігімен таныстыру;

  • Табиғатта неге бұршақ жауатыны туралы түсінік беру;

— есте сақтаулары мен зейіндерін белсендіру.

Бақылау барысы

Көркем сөз «Бұршақ жауғанда» А. Меңдібай

Аспанды бұлт торлап,

Күн кенет бұзылды.

Жел тұрып, сап-салқын,

Жауын исі сезілді.

Айнала тарсылдап,

Ақ моншақ төгілді.

Жер беті ағарып,

Мұз болып көрінді.

Моншақты ұстап ап,

Көргім кеп барады-

Қолымда көп моншақ ,

Су болып ағады.

Тәрбиеші әңгімесі: күннің шуағы молайып, жер қызған кезде су буланып ыстық ауамен жоғары көтеріледі. Жерден жоғары кеңістік үнемі салқын, сондықтан да су тамшылары мұзға айналады. Жауын жауған уақытта кейбір мұздың ірі түйіршіктері еріп үлгермейді де, жерге мұз күйінше құлайды. Табиғаттың бұл құбылысы «бұршақ» деп аталады.Бұршақ көбіне жаңбырмен араласып жауады. Жерге түскен бұршақтар жылы ауамен тез еріп кетеді. Көлеңке, салқын жерде ұзақтау жатады.

Зерттеу жұмысы

Мұз түйіршіктерінің қай жерде тез еритінін анықтау: ашық жерде ме, әлде бұта түбінде, үйдің көлеңке бетінде ме?

Еңбек

Аула қараушыға кескен бұталарды ауладан жинап алуға көмектесу.

Мақсаты: бірлесе жұмыс істеуге, бастаған істі аяқтауға, еңбек нәтижесіне қуануға үйрету.

Қимылды ойын: «Ақ серек-көк серек».

Мақсаты: ойын шартын сақтап ойнауға, құрбыластарын тыңдай білуге, олармен санасуға баулу.

Жаттығу ойыны «Кім алда?».

Мақсаты: бірінің соңынан бірі, қатар сақтап, бір ырғақпен жүкіруге үйрету.




Наурыз


Серуен № 4


Итті бақылау


Мақсаты: жануарлардың көктемгі өмірі туралы түсініктерін жүйелендіру;

  • жануарлар тіршілігіндегі өзгерістер себебін іздей білуге үйрету, өздерінің үйіндегі жануарларына деген жауапкершілік сезімдерін дамыту.

Бақылау барысы

Көркем сөз «КҮШІГІМ» А. Меңдібай

Кіп-кішкентай күшігім,

Сүйкімдісін өзінің.

Еркелейді ойнақтап,

Жылтырын-ай көзінің.

Оратылып аяққа,

Бір сәт тыным таппайды.

Кел, достарым, жасқанба,

Күшігім менің қаппайды

Тәрбиеші сұрақтары.

  • Бұл күшік сендерге ұнай ма?

  • Күшікке қандай ат лайық деп ойлайсыңдар?

  • Күшіктің көңіл-күйі қандай?

♦ Не себепті көңіл-күйі көтеріңкі деп ойлайсыңдар?

♦ Сендерше күшіктер көбіне немен айналысқанды жақсы көреді?

Үйде асырауға алған иттер өз иесін өте жақсы көреді. Ол онымен үнемі бірге болады, иесі үшін қандай да бір қиыншылыққа төтеп береді. Ол өз иесін ешуақытта сатпайды. Ит - адамның сенімді досы.

Бірақ, біздер де оны күту, дұрыс тамақтандыру керек екенін ұмытпауымыз керек. Яғни біз өз күшігімізді немесе мысығымызды, өзімізге тиесілі қандай да бір жануарымыз болса оған қамқор болуымыз керек екенін естен шығармағанымыз, оларды сүйе білгеніміз жөн.

Еңбек: Жер қазу жұмыстарына қатысу.

Мақсаты:

  • ұжыммен жұмыс істей білулерін тиянақтау;

  • еңбексүйгіштікке тәрбиелеу, бастаған істі аяқтауға деген құлшыныстарын арттыру.

Қимылды ойын: «Қасқыр қақпан».

Мақсаты:

— белгі бойынша әрекет етуге баулу;

— жылдамдық, байқампаздық дағдыларын дамыту.

Жаттығу ойыны: Қимылдарын дамыту.

Мақсаты: секіру техникасын меңгерту (жіппен секіруге жаттықтыру).





















Наурыз


Серуен № 5


Бұлттарды бақылау


Мақсаты: әлемді жалпы түсінудің негізі ретінде жер мен аспанды біртұтас деп ұғынуды қалыптастыруды жалғастыру

Бақылау барысы


Көркем сөз «Бұлт» Ә. Ақыпбекұлы

Бұлттың қайда тұрағы,

Біле алмадым мұны әлі.

Білерім көк аспанның

Бұлт көшпелі бұлағы.

Тәрбиеші балаларға сұрақ береді.

  • Аспанға қараңдар, не көріп тұрсыңдар?

  • Бүгінгі бұлттар қандай?

  • Қалай ойлайсыңдар, бүгін қар немесе жаңбыр жауады ма?

  • Бұлт қай бағытқа жүзіп барады?


Еңбек

Бүлдіршіндердің алаңындағы сырғанақ құрылысының орнын тазалауға көмектесу

Мақсаты: бірлесіп жұмыс істеуді, жасалған жұмыстан рахат алуды үйрету. Кішкентайларға көмектесуге дайын болуға тәрбиелеу.


Қимылды ойын «Үйсіз қоян».

Мақсаты:

— бір-біріне соқтықпай жүгіре білуді үйрету;

— жылдамдыққа және шыдамдылыққа

тәрбиелеу.

Жеке жұмыс

Жаңылтпаш айту: «Ала бұлт ақ па,

Ақ бұлт ақ па?

Ала бұлт ақ емес,

Ақ бұлт ақ»

«Анау арал қай арал,

Қайыңды арал, талды арал»

Жұмбақ:

Етек-жеңі жиналмай,

Дауыл тұрса дым қалмай,

Түйдектеліп көшеді,

Тоз-тоз болып өшеді. (бұлт)



Наурыз


Серуен№6


Қарды бақылау


Мақсаты:

  • Табиғаттағы маусымдық өзгерістерге бақылауды жүргізуге үйрету

  • Өлі табиғаттағы (күн – қар) болатын өзара байланыстар туралы білімін тиянақтау

Бақылау барысы

Көркем сөз «Бұл қай кезде болады» Ш. Ахметов

Ақ қар еріп,

Су көбейіп,

Сай-салаға ағады.

Бүршік шашып,

Жапырақ ашап,

Гүл, бәйшешек басады.

Бөбектерім, айтыңдаршы,

Бұл қай кезде болады?

Балаларға сұрақтар

  • Қазір жылдың қай мезгілі?

  • Көктемде табиғатта қандай өзгерістер болады?

  • Аулада қар еріп жатқан жер байқала ма?

  • Неге бұл жердің қары еріп жатыр?

Халық болжамдары бар: қар ұлпалары іріленсе — күннің жылынуын күт; қараторғай келсе көктемді қарсы ал. Көктемнің алғашқы күндерінен бастап күннің шуағы молаяды. Күннің көзі көбірек түсетін жерлердегі қарлар еріп, жер бусана бастайды. Аяққа басқан қар тапталып, кешкі аязбен қатқақ пайда болады. Бірақ, бұл ұзаққа созылмайды. Күннен күнге күннің жылуы молайып, жердегі қар еріп, суға айналады.

Зерттеу жұмыстары

Күн астындағы және көлеңкеде жатқан қардың тереңдігін өлшеу. Күннің көзі көп түсетін жердегі қар неге аласа, көлеңкедегі қар неге биік?

Еңбек Жолдарды қоқыстан тазалау.

Мақсаты: бірлесе жұмыс істеуді үйрету. Қимылды ойын «Қояндар мен аңшылар».

Мақсаты: қуушыдан қашып құтылуларын, тез жүкіре білулерін дамыту.

Жаттығу ойыны Қозғалыстарын дамыту

Мақсаты: лақтырған затты нысанаға түсіруге жаттығу.

Халық болжамы: Жыл құстары тобымен келсе, көктем бірден болып, жаз ерте шығады.





















Наурыз


Серуен № 7

Шырша ағашын бақылау

Мақсаты:

  • Қаламызда өсетін ағаштармен таныстыруды жалғастыру;;

  • Шырша ағашын басқа ағаштармен салыстыру;

  • Ағаштардың көктемгі өзгерістері туралы білімдерін молайту.

Бақылау барысы

Көркем сөз «Жасыл шырша» К. Әзірбаев

Қанша заман өткенімен,

Ескірмейтін асыл шырша.

Алатаудың көктемімен,

Доссың ғой сен, жасыл шырша.

Өзгермейсің қыс келсе де,

Бояыңды оңдырмайсың.

Аяз шымшып, тістесе де,

Жапырағыңды тоңдырмайсың.

Балаларға сұрақтар:

  • Шырша ағашының басқа ағаштардан айырмашылығы неде?

  • Балалар шырша ағашын неге жақсы көреді?

  • Шырша ағашы туралы қандай жұмбақтар білесіңдер?

Тәрбиеші әңгімесі: Шырша ағашы адамға өте ұнамды, қуаныш сыйлайтын ағаш. Шыршаны ойыншықтармен безендіріп, жаңа жылды қарсы аламыз. Өкінішке орай, біздің осындай қиянаттарымыздан шырша орманы сиреп барады. Қазір шыршаны кесіп, бүлдірмес үшін, жасанды шыршалар шығарылды. Қаламызда шырша ағаштары отырғызылып, қала көшелеріне сән беруде.

Шыршаны тек қана адамдар емес, жан-жануарлар мен құстар да жақсы көреді. Қалың шырша орманында аюлар апанын, тиіндер індерін, құстар ұяларын салады.

Зерттеу жұмысы: шырша ағашын маңайдағы басқа ағаштармен салыстыру , ерекшеліктерін атау.

Еңбек: шырша ағашының айналасын тазалау.

Мақсаты:ұжыммен бірлесе жұмыс істеуге деген құлшыныстарын арттыру.

Қимылды ойын: Доппен ойын.

Мақсаты: Қозғалыс координацияларын дамыту..

Жаттығу ойыны

Доппен жаттығу.

Мақсаты: допты жоғары лақтырып, екі қолмен қағып алуға жаттықтыру.

Мақал-мәтел:

  • Орман ел дәулеті, жер сәулеті.

  • Аяламасаң ағаш та, аспандап өспес.



Наурыз


Серуен № 8


Су тамшыларын бақылау

Мақсаты:

— температураға байланысты су күйінің өзгеруі туралы білімдерін тиянақтау;

— зерттеу қызметін өздігінен орындай білу дағдыларын жетілдіру.

Бақылау барысы

Көркем сөз. «Сүңгілер» А. Меңдібай

Күн сәулесін төкті кеп,

Қар да ери бастады.

Шатырынан әр үйдің,

Төмен қарап салбырап,

Мұз сүңгілер аспалы,

Пайда бола бастады.

Тырс - тырс тамып тамшылар,

Тынымсыз жерге тамады.

Қардың суы еріген,

Сай қуалай ағады.

Балаларға сұрақтар

  • Мұз сүңгілер қай бетте ұзын болады – көлеңке бетте ме, әлде күн бетте ме? (күн бетте)

  • Неге? (күн бетте күн қатты қыздырады да, сондықтан сүңгілер ұзын болады)

  • Аязды күндері сүңгілер өсе ме, әлде қысқара ма? (қысқарады, аяз бен желден олар сынады)

  • Шуақты күні ше? (өседі)

  • Қай беттегі сүңгілер тез ериді? (күн беттегі, себебі күн мқзды қыздырады да, ол суға айналады)

Қанекей, тексеріп көрейік: бір ыдысты көлеңке беттегі сүңгінің астына, екінші ыдысты күн беттегі сүңгінің астына қояйық. Қай ыдысқа су көп жиналады екен. Келесі күні серуенге шыққанда ыдыстарды қарайды, қай ыдыста су көп, қай ыдыста аз жиналған.

Еңбек

Кішкентайлардың ойын алаңына баратын жолға құм шашуға тәрбиешіге көмектесу.

Мақсаты: кішкентайлар мен олардың тәрбиешілеріне көмектесу, өзара көмек қолын беруге тәрбиелеу.

Қимылды ойын

«Аяғыңды сулама»

Мақсаты:

  • Кедергіден секіріп өте білу және шашыраңқы жүкіре білу дағдыларын бекіту. Жаттығу ойыны. Қозғалыстарын дамыту

Мақсаты: қозғалыс уақытында өздерін сақтандыра білуге оқыту.


Халық болжамы: Мұз сүңгі ұзын және жиі болса, көктем ұзақ, ас мол болады.



















Сәуір

Серуен № 1

Күнді бақылау

Мақсаты: күн энергиясының адамдар, өсімдіктер және жануарлар өміріне әсері туралы білімдерін бекіту.

Бақылау барысы

Тәрбиеші жұмбақтар жасырады:

Үлкен алтын табақтан,

Әлемге нұр таратқан. (күн)

Алауға оранып,

Көкке өрлеп шығады.

Бір айналып оралып,

Көкжиекке бұғады. (күн)

Күн биікке көтерілген сайын, күн жылы әрі ұзақ болады. Күннің жылуынан қар ериді, жер жылиды. Шөптер өсе бастайды. Ағаштар бүршік жарады.

  • Табиғатта тағы қандай өзгерістер болады?

  • Күн қай жақтан шығады?

  • Қай жаққа батады?

  • Жарқырап тұрған күнге тура қарауға бола ма?

  • Неге?

Зерттеу қызметі

Ағаш, пластмасса, металл заттарға қол тигізіп қарау, қайсысын күн көп қыздырады?

Қандай заттар тез қызады, қоңыр түсті ме, әлде ашық түсті ме?

Күннің көзіне ұзақ уақыт қандай заттың көмегімен қарауға болады? (қоңыр түсті әйнекпен)

Еңбек

Ойын алаңы айналасындағы жолдарды тазалауға аула тазалаушыға көмектесу..

Мақсаты: үлкендерге көмектесуге деген ынталарын дамыту.

Қимылды ойын «Күн мен түн».

Мақсаты:күн мен түннің айырмашылығы жайлы білімдерін тиянақтау, берілген белгі бойынша әрекет етуге баулу.

Жаттығу ойыны Орнында тұрып ұзындыққа секіру.

Мақсаты:секіре білулерін, күштері мен көз өлшемдерін дамыту.

Мақал-мәтел: Сәуір болса күн күркірер,

Күн күркіресе, көк дүркірер.

Сәуірдегі жауын-сауып тұрған сауын.

Сәуір

Серуен № 2

Қардың еруін бақылау

Мақсаты:табиғаттағы өзара байланысты көре білуге үйрету.

Бақылау барысы

Көркем сөз «Көктем келді» Б.Қозыкеев

Қар су болып жөнелді,

Қалды дала жалаңаш.

Күн нұрына кенелді,

Бүршік атып бар ағаш.

Келіп көктем құстары,

Бау бақшада ән салды.

Оларды жас достары,

Ұя жасап қарсы алды.

Көктемде таңертең қар бетінде мұз қақтары пайда болатыны туралы айту. Бұның себебі күн көзінің шуағынан қардың үстіңгі беті ериді де, түнгі аяздан мұз болып қатады. Бұны мұзқатқақ деп атайды.

Зерттеу қызметі

Көлеңке беттегі қар үйінділері мен еріген қарды және сайдағы суды қарау. Көлеңкедегі қатқан қармен, күн беттегі қарқатқақты салыстыру. Еңбек

Тәрбиешімен бірге ауладағы сынған ағаш бұталарын шығару.

Мақсаты:тек қана сынған бұталарды жинауға, аулада тазалық сақтауға үйрету.

Қимылды ойын

«Ормандағы аюда».

Мақсаты: белгі бойынша жүкіру, қуып жету, ойын ережесін сақтау.

Жаттығу ойыны: Қозғалыстарын дамыту.

Мақсаты:

  • Допты оң және сол қолмен лақтыра білулерін тиянақтау;

  • Ептіліктерін қалыптастыру;

  • Қозғалыс координациясын жақсарту.


Халық болжамы: Қарлығаш келсе күн күркірейді.


Құстар ұясын күн жаққа қарай салса, жаз салқын болады.


Мақал: Қыстың қамын жаз ойла.




























Сәуір


Серуен № 3


Ұшып келген құстарды бақылау


Мақсаты: көктем құстары жайлы білімдерін бекіту. Құстарға деген қамқорлыққа тәрбиелеу.

Бақылау барысы

Көркем сөз «Ұя» Қ.Баянбаев

Ұя жасап тақтайдан,

Талға апарып байладым.

Жыл құсының шаттанған,

Күттім қашан сайрауын.

Сол ұяны талдағы,

Қараторғай мекендеп,

Күні бойы сайрады,

Жылы пәтер екен деп.

Балаларға сұрақтар:

  • Балалар сендер қандай құстарды білесіңдер?

  • Жыл құстары деп неге айтамыз?

  • Құстар неге жылы жаққа ұшып кетеді?

  • Құстар туған жеріне қай уақытта ұшып келеді?

  • Ауламызға ұшып келген құстарға қандай қамқорлық жасау керек деп ойлайсыңдар?

Дидактикалық тапсырма: Құстарды топқа бөл.

Мақсаты: құстар суреттерін қыстап қалатын құстар және жыл құстары тобына бөліп, ұяларға орналастыру.

Еңбек: Гүл егетін орынды тазалап, гүл отырғызуға дайындау.

Мақсаты: бірлесе жұмыс істеуге деген құпшыныстарын арттыру.

Қимылды ойын: «Ұшты ұшты».

Мақсаты: зейіндерін дамыту, байқампаздыққа, тез ойлап, тез шешім қабылдауға үйрету.

Жеке жұмыс

Жаңылтпаштар жаттау:

Үйір, үйір үйректі, Қаз маңғаз,

Үйірге кім үйретті? Маңғаз қаз.

Үйір, үйір үйректі, Әр кез маңғаз,

Үйірге өзім үйреттім. Қаз маңғаз.

Мақсаты: сөздік қорларын байыту.

Тыйым сөздер: Құс ұясын бұзба.

Құсқа тас атпа.

Құс жұмыртқасын сындырма.



Сәуір


Серуен 4


Мойыл бұтасын бақылау


Мақсаты:

  • Бұталар туралы білімдерін молайту;

  • Бақылай, зерттей білу қабылеттерін дамыту;

  • Табиғатты аялауға, қорғауға тәрбиелеу.

Бақылау барысы

Тәрбиеші әңгімесі:

Мойыл әрі дәрілік, әрі сәндік өсімдік. Мойыл гүлдеген кезде әдемілігімен көздің жауын алып, хош иісі мұрыныңды жарады. Мойыл мамыр, маусым айларында гүлдейді, ал, жемісі тамыз, қыркүйек айларында піседі. Қоңыр күзде мойылдың жемістері өте дәмді болады. Жаңа піскен жидектерінен қант қосып тәтті сусындар мен кисельдер жасайды. Сол сияқты мойыл жидектерінің емдік қасиеті де өте жоғары. Одан жасалған дәрілермен іш ауруларын, көз ауруларын, безгек ауруларын емдейді. Сондықтан да мойылды кеспей, сындырмай сақтаған жөн. Мойыл гүлдері өте әдемі болғанмен, оның гүл шоғын көп етіп алсаңыз басыңыз ауырады, егер өте қызықсаңыз, бұтасын сындырмай ғана, екі-үш гүлін пышақпен кесіп алып, суға салып қойсаңыз, сол да жеткілікті болады. Мойылды өзіңіз де сындырмаңыз, өзгеге де жол бермеңіз.

Балаларға сұрақтар

  • Мойыл ағашы қай уақытта гүлдейді?

  • Мойылдың жемістері қай уақытта піседі?

  • Мойыл жидектерінен не жасайды?

  • Мойылдың басқа қандай қасиеті бар?

  • Бұл ағашты не үшін сақтауымыз керек?

Еңбек

Үлкендерге ағаш отырғызуға көмектесу.

Мақсаты: ағаш отырғызу және оны өсіруге деген ынталарын ояту, табиғатты көркейтуге тәрбиелеу.

Қимылды ойын

«Біздің аулада не өседі?».

Мақсаты: ағаштар аттарын есте сақтауларын тиянақтау, аталған жерге тез жетуге, тез ойлауға, тез шешім қабылдауға баулу.

Жаттығу ойыны Қимылдарын дамыту

Мақсаты: доп лақтыруға жаттықтыру.

Мақал-мәтел:

  • Бір тал кессең, он тал ек.

  • Бір ағаштан жасалады мың шырпы,

Мың ағашты өртеп кетер бір шырпы.






















Сәуір


Серуен № 5


Ауладағы бұталар мен өсімдіктерді бақылау


Мақсаты: бұталар мен кез келген ағаштардың тіршілік иелері екендігі туралы түсініктерін тиянақтау.

Бақылау барысы

Көркемсөз «Көктем» Б. Жақып

Көктем келді бүгін,

Күнім төкті нұрын.

Сайрап барлық құстар,

Ән салуға құштар.

Түрлі_- түсті әйбат,

Гүлдер шықты жайнап.

Қызыл - жасыл аймақ,

Қырға шықтық ойнап.

Балаларға сұрақтар:

  • Көктем келгелі айнала қоршаған ортада қандай өзгерістерді байқадыңдар?

  • Ауламыздағы ағаштар бойында қандай өзгерістер бар?

  • Бұталар мен шөптерден қандай көктем бейнесін көріп тұрсыңдар?

Дидактикалық тапсырма:

Ауламыздағы ағаштардың қалай қыстап шыққанын қарау: сынған бұталар көп пе?

Еңбек

Алаңдағы сынған ағаш бұталарын жинау, бұталар түбін тазалау.

Мақсаты: еңбексүйгіштікке баулу, бірлесе жұмыс істеу дағдыларын дамыту, істеген жұмыс нәтижесіне қуана білу.

Қимылды ойын «Кім аталған ағашқа тез жетеді?».

Мақсаты: ағаш аттарын дұрыс атай білу, ойлау қабылеттерін дамыту, жылдамдыққа баулу.

Жаттығу ойыны: Қозғалыстарын дамыту.

Мақсаты: сапта дұрыс жүрулері мен жеңіл жүкірулерін тиянақтау


Мақал мәтел:

Бабасы еккенді, баласы орады.

Сәуір айы су айы, мамыр айы гүл айы.

Дана көптен, дәрі шөптен


Сәуір


Серуен № 6


Тастарды бақылау


Мақсаты: тастардың әртүрлілігімен және олардың қасиеттерімен таныстыру.

Бақылау барысы

Балабақша ауласындағы ойын алаңындағы бір ағаштың түбіне әртүрлі тастар салынған қапшықты тығу. Қапшық тығылған ағашты суреттеп айту. Қапшық табылғаннан кейін балалармен әңгіме өткізу.

Тастар әртүрлі болады. Оларды жәй тас деп айтуға болмайды, себебі әр тастың өз ерекшелігі болады. Кейбір тастар бағалы, ал жәй тастардың да пайдасы өте көп.

Сұрақтар:

  • Тастардың қандай түрлерін білесіңдер?

  • Асыл тастарды не үшін пайдаланады?

  • Жәй тастарды қай жерде, не үшін пайдаланады?

  • Гранит, мрамор тастарды көрген жерлерің бар ма, оларды не үшін пайдаланады? Тәрбиеші балалар жауабын толықтырып, түсіндіреді.

  • Балабақша ауласында, ғимарат құрлысында тастар бар ма?

Зерттеу жұмысы

Балабақша ауласынан түсі, көлемі әртүрлі тастарды тауып, жинау.

Еңбек

Ұжымдық жұмыс, балабақша аумағын тазалау.

Мақсаты:ұжыммен бірлесе жұмыс істеуге,бастаған істі аяқтауға, біткен іске қуануға тәрбиелеу.

Қимылды ойын.

«Бәйге».

Мақсаты: нысанаға тез жетуге деген құлшыныстарын, жеңіске деген құштарлықтарын арттыру.

Жаттығу ойыны. Қозғалыстарын дамыту

Мақсаты: секіргіш жіппен секіруге жаттықтыру.



























Сәуір


Серуен № 7


Бұлттарды бақылау


Мақсаты: өлі табиғат құбылыстары туралы білімдерін тиянақтау, табиғатты бақылауға деген қызығушылықтарын арттыру.

Бақылау барысы.

Көркем сөз. «Бұлт» Ө. Ақыпбекұлы

Бұлттың қайда тұрағы?

Біле алмадым мұны әлі.

Білерім көк аспанның,

Бұлт-көшпелі бұлағы.

Тәрбиеші сұрақтары.

♦ Бұлт дегеніміз не?

♦ Бұлттардың түсі қандай болады?

♦ Бұлттар неден тұрады? (сан жетпейтін су тамшыларынан немесе мұз түйіршіктерінен.)

♦ бұлттардың қандай түрлерін білесіңдер? (түйдек бұлттар, шарбы бұлттар, қат-қабат бұлттар, түнерген найзағайлы бұлттар)

♦ Неге түйдек бұлттар дейміз? (олар аспанда түйдек-түйдек болып тұрады)

♦ Шарбы бұлттар неге ұқсады? (ақ ұлпаға, мамыққа, жақсылап аңғарып қарасаң олардан таныс бейнелерді көруге болады)

♦ Ең үлкен бұлттар қай бұлттар? (түнерген найзағайлы бұлттар)

♦ Қандай бұлттар жаңбыр әкеледі? (түйдек бұлттар, түнерген бұлттар)

♦ Бұлттар неліктен аспанда жүреді? (оларды жел қуады)

Зерттеу жұмысы

Аспандағы қандай бұлттар екенін анықтау.

Бір нәрсеге (өлі және тірі табиғатқа жататын) ұқсайтын бұлттарды табу.

Еңбек

Алаңды егу жұмыстарына дайындау; қоқыстарды жинау, сыпыру.

Мақсаты: бірлесе жұмыс істеуге деген ынталарын қалыптастыру..

Қимылды ойын «Қасқыр қақпан».

Мақсаты: ойын ережесін түсініп, шартын сақтап ойнауға, ептілікке, алғырлыққа баулу.

Жеке жұмыс

Математикалық жаттығулар.

Мақсаты: тақ және жұп сандарды санай білу дағдыларын жетілдіру.

Халық болжамы. Ерте көктемде найзағай ойнап, күн күркіремесе, жаз құрғақ болады.



Сәуір


Серуен № 8


Желді бақылау


Мақсаты:

- жел туралы түсініктерін бекіту;

- жел түрлерін есте сақтау.


Бақылау барысы

Тәрбиеші балаларға жұмбақ жасырады:

Ағаштарды шайқайды,

Көзге көрінбейді.

Шарлағанда сай-сайды,

Бір сәт ерінбейді. (жел)

Тәрбиеші балаларға айналаны бақылауға, ағаш бұтақтары қалай шайқалып тұрғанын байқауға ұсынады. Сұрақтар қояды:

  • Желдің қандай түрлері болады?

  • Жел неге соғады?

Атмосферада ауа әртүрлі қызады: жылы ауа жеңіл болады, сондықтан жоғары көтеріледі, ал, суық ауа ауыр болады, ол төмен тартылады. Осыдан ауада қозғалыс пайда болады. Желдің күші жылы және суық ауаның температурасының айырмашылығына байланысты. Ауа массасы барынша тез қозғалған сайын, желдің күші де соншалықты қатты болады. Желдің бағытын анықтаумен айналысатын адамдарды метеорологтар және синоптиктер деп атайды.

♦ Барынша қатты желдердің атын ата? (дауыл, құйын, бұрқасын, боран.)

♦ Әлсіз желді қалай атайды?(«самал жел» деп атайды)

♦ Желдің ізін көруге болады ма?

Зерттеу жұмысы

Компас арқылы желдің бағытын анықтау.

Флюгердің көмегімен желдің күшін анықтау. Еңбек Гүл өсіретін (клумба) алаңды дайындау

Мақсаты: бірлесе жұмыс істей білу дағдыларын бекіту, жұмысты бар ынтасымен орындау.

Қимылды ойын «Кім жылдам?».

Мақсаты: жүкіруге жаттықтыру, жылдамдықтарын дамыту.

Жаттығу ойыны Бір-біріне доп лақтыру.

Мақсаты: қозғалыс координацияларын дамыту.


Халық болжамы. Өрмекші бұрышқа тығылса, жел болады.
























Сәуір


Серуен№ 9


Сутоғанды бақылау


Мақсаты: мұздың қасиеттері туралы білімдерін тиянақтау.

Бақылау барысы

Күн өткен сайын көктем қысты ысырып, өз жылуын алып келуде. Көктемнің ең бірінші жеңісі-жерді жібітеді. Алдымен қары еріген алаңқайлар пайда болады, өгей шөптер өсіп шығады. ал, екінші жеңісі-өзен-көлдердің ери бастауы. Жердегі, қар үйінділеріндегі қарлар еріп, сай-саланы қуалап, өзенге барып құяды. Өзен сулары көтеріліп, мұзды жарады. Жарылған мұздар ағыспен бір-біріне соқтығады. Мұздар жарылып, өзендер арнасынан асқан кезде ауа температурасы кенет төмендейді. Ал, сутоғандардағы мұздар ұзақ уақыт тұрады. Себебі онда ағыс жоқ, су қозғалмайды. Бұл жерде мұздар жарылмайды, біртіндеп ериді.

Зерттеу жұмысы. Сутоғандағы мұздың қалыңдығын мұз өлшегіш құралмен өлшеу. Тоған бетіндегі мұздың еруін бақылау

Еңбек

Ауланы қоқыстан, сынған бұталардан тазалау.

Мақсаты: үлкендерге көмектесуге деген ынталарын тәрбиелеу.

Қимылды ойын «Қасқыр қақпан»

Мақсаты:

  • белгі бойынша әрекет етуге үйрету;

  • ойын шартын сақтап ойнауға баулу;


Жаттығу ойыны

Ұзындыққа секіру.

Мақсаты: ұзындыққа секіруге жаттықтыру.



Сәуір


Серуен № 10


Топырақты бақылау


Мақсаты: торф топырағының қыртысымен таныстыру .

Бақылау барысы

Біздің айналамызда шалшық көп. Ал, шалшықтар торфқа (шымтезек) бай болады. Торф-бұл әрі тыңайтқыш, әрі отын.ол қатты қызған кезде тез тұтанады. Торф дымқыл, жабысқақ, көктемде ылғал кезінде ол ауыр. Ол суды нашар өткізеді, егер ылғал торф үстімен өтсең, ол аяқкиіміңе жабысып қалады. Сондықтан да бұндай соқпақпен (жолмен( жүрмеген дұрыс. Торфты атызға (жүйек) және ағаш түптеріне тыңайтқыш ретінде қосады..

Зерттеу жұмысы

Торфтың құрғақ және ылғал кесектерін салыстыру.

Құммен торфты салыстыру;

Жер қыртысы қай жерде тез кебеді.

Еңбек

Ағаш түптері мен атызға торф тасу.

Мақсаты: торфтың пайдалы қасиеттері туралы білімдерін тиянақтау.

Қимылды ойын

«Аққу-қаздар».

Мақсаты: берілген кеңістікте белгі бойынша қашқандарды қуып жету, ойын шартын сақтау.

Жаттығу ойыны

Секіргіш жіппен жаттығу ойындары.

Мақсаты: секіргіш жіпті алға, кері айналдыра отырып секіруге үйрету.


Мақал-мәтел: Жері байдың-елі бай.

Қара жерге де, қамқорлық керек.




































Мамыр


Серуен № 1

Бақбақ гүлін бақылау

Мақсаты: бақбақ гүлі туралы білімдерін тиянақтау (гүлдеудің алғашқы кезеңіне көңіл аудару );

  • табиғатты қорғау және сақтауға деген ынталары мен іскерліктерін қалыптастыру;

  • емдік өсімдіктер туралы білімдерін тиянақтау.

Бақылау барысы

Көркем сөз.

Аппақ, аппақ бақбақтар, Үлбіреген бақбақтар,

Құдды киіз ақ үйлер. Парашюттен аумайды.

Төнеді кеп жан-жақтан, Сәл-пәл самал жел

соқса,

Тамашалап сәбилер. Ақ ұлпалар заулайды.

Кәдімгі бақбақ көктемнің тұңғышы. Халық оны «Жер күні», «денсаулық эликсирі» деп атайды. Бақбақ көп жылдық шөптес өсімдік. Олар көбінесе үлкен жүргінші жол бойында, егістікте, шабындықта, жаңа тыңая бастаған жерлерде өседі. Бақбақтың гүлді сабақтары жапырақсыз, ең ұшында бір ірі гүл табақшасы болады. Бақбақ басын күн қызуына қарай бұрады. Күн батқан кезде гүл жапырақтары жабылып қалады, ал, таңертең күн сәулесімен бірге ашылады. Бақбақ-тың гүл оралғысы екі қабат. Сәуір айынан қыр-күйек айына дейін гүлдейді. Гүл жарып болған кезде гүлдері ұлпа үлпілдек «парашюттерге» ай-налады. Бақбақтың барлық бөлігі, әсіресе сабағы сүт сымаққа бай.

Бақбақ дәрілік өсімдік. Дәрі жасау үшін бақбақтың тамырын, гүлін, жапырағын пайдаланады. Бақбақтан жасалған дәрілер тәбетті ашуға, ас қорытуға, қан қысымын түсіруге, қатты ісіктерді басуға, ыстықты түсіруге тағы басқа көптеген ауруларды емдеуге пайдаланады. Бақбақты ең қажет дәрілік өсімдік ретінде сақтап, қорғау керек.

Балаларға сұрақтар.

  • Бақбақ гүлінің түрі қандай??

  • Ол жылдың қай мезгілінде әдемі болып көрінеді?

  • Бақбақтың қандай лақап аттары бар?

  • Бақбақты неге дәрілік өсімдік дейміз?

Зерттеу жұмыс: Бақбақтың сабағын кесіп, сүт сияқты сұйықты қарау.

Еңбек. Гүл егілген алаң айналасын тазалау.

Мақсаты:Үлкендерге көмек беруге, үлкендер еңбегін бағалауға тәрбиелеу.

Қимылды ойын «Өз гүліңді тап».

Мақсаты:

  • түстерді айыра білуге, белгі бойынша әрекет етуге үйрету.

Жаттығу ойыны. Қимылдарын дамыту

Мақсаты:- Қимыл белсенділіктерін арттыру;

  • Ұзындыққа секіруге жаттықтыру.



Мамыр


Серуен № 2


Жолжелкенді бақылау

Мақсаты:емдік өсімдіктер туралы түсініктерін қалыптастыруда танымдық белсенділіктерін дамытуды жалғастыру. Жолжелкеннің ерекшелігі мен емдік қасиеті туралы білімдерін молайту.

Бақылау барысы

Тәрбиеші әңгімесі

-Жолжелкен қазақстанның барлық жерінде өседі. Көше бойлап келе жатсаң жол жиегінде, өзен бойы, шалғындық алқаптарда көптеп кездеседі. Сондықтан да болар бұл өсімдікті «жолжелкен» деп атайтыны. Адам аяғы баспайтын жерлерде жолжелкенді кездестірмейсің. Күзде жолжелкеннің гүлдері тұқым шашқан кезде, ол аяқкиімге жабысып барып, басқа жерлерге дәннің түсуіне байланысты, кез келген жерде өсіп шығады. Жолжелкен маусымнан қыркүйек аралығында гүлдейді. Оның жапырақтарын маусым, шілде айларында жинайды. Жолжелкеннің жапыраған сабағымен қоса бүлдірмей алып, көлеңке жерде кептіреді. Жолжелкеннің жапырақтары дене сыртындағы аққан қанды тоқтатуға, күйген жараға, іріңді ісікке, шиқанға қолданылады. Жолжелкеннің шырынын жәндіктер шаққан жерге, асқазан ауруына, шаншуға, мұрыннан қан аққанда және дизентерияға пайдаланады.

Балаларға сұрақтар:

  • Мамыр айын халықта қалай атайды? (шешек айы)

  • Өсімдіктер қай жерде бар да, қай жерде жоқ? (күннің көзі көп түскен жерде бар)

  • Көлеңке, ылғал жерлерге әлі шөп шықпаған, неге? (өйткені ло жер әлі салқын)

  • Мамыр айындағы жаңбырдан соң шөптерде қандай өзгерістер болады? (олар бұрынғыдан да жасылдана түседі)

  • Мына өсіп тұрған өсімдік қалай аталады? (жолжелкен)

  • Оны неге олай атаған?

♦Жолжелкеннің қандай көмегі бар, кім біледі?

Зерттеу жұмысы

Лупа арқылы жолжелкен жапырақтарын қарау, ерекшеліктерін табу.

Өгейшөппен жолжелкеннің айырмашылық-тары мен ұқсастықтарын айыру.

Еңбек: Ойын алаңын тазалау.

Мақсаты: бірлесе еңбек етуге, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Қимылды ойын: «Бәйге».

Мақсаты: жеңіске деген құштарлықтарын арттыру, жылдамдықтарын дамыту.

Жаттығу ойыны: Дыбыстар арқылы жүру

Мақсаты: тепе-теңдікті сақтау, берілген дыбыс ырғағына қарай қимыл жасау.

Мақал-мәтел: Дана көптен, дәрі шөптен.

Құнарлы шөп, қосымша сүт.















Мамыр


Серуен № 3


Жәндіктерді бақылау

Мақсаты: «Жәндіктер» сөзінің мағынасы туралы түсініктерін тиянақтау;

  • Оларды тіршілік ету ерекшеліктеріне қарай салыстыра білуге үйрету.

Бақылау барысы

Тәрбиеші жұмбақтар жасырады:

  • Гүлдің нәрін жинайды,

Адамға бал сыйлайды.

Еңбекқорды аялайды,

Еріншекті аямайды. Бұл не? (ара)

- Қанды сорып сүліктей,

  • Ызыңдап кеп шағады.

  • Бұл қандай бүлік дой? (маса)

- Ызыңдап ән салып,

Жұп-жұқа қанаты.

Тәттіге тамсанып,

Қоқысқа қонады. Бұл не? (шыбын)

  • Құжынаған жұмыскер,

  • Бірлескенде тым іскер. (құмырсқа)

  • Тор тоқуға шебер-ақ,

Бірақ киім тікпейді.

Өнері де өнер-ақ,

Бірақ ісі бітпейді. (өрмекші)

Тәрбиеші сұрақтары.

♦ Жұмбақ жауаптарының шешуінде айтылғандарды бір сөзбен нелер деп атаймыз? (жәндіктер)

♦ Тағы қандай жәндіктерді білесіңдер? (көбелек, құрт т.б)

  • Қандай жәндік гүлдерді тозаңдандырады? (аралар)

  • Көктемде жәндіктер өмірінде қандай өзгерістер болады? (көктемде жұмыртқалардан личинкалар өсіп шығады)

  • Жәндіктер қайда тіршілік етеді? (бақтарда, ағаштарда, су тоғандарда т.б.)

  • Қандай жәндіктердің пайдасы бар? (ара, жібек құрты, құмырсқа).

  • Қандай пайдалы жәндік орман, тоғайларды зиянды жәндіктерден қорғайды? (құмырсқа)

  • Масаларды неге зиянды жәндік деп атайды? (олар әртүрлі ауруларды тасиды)

  • Зерттеу жұмысы

Қанқызын тауып, оның атын атау.

Құмырсқалар «соқпағын» табу, бақылау.

Еңбек: Алаңды қоқыстардан тазалау.

Мақсаты: үлкендерге көмек беруге, үлкендер еңбегін қадірлеуге тәрбиелеу.

Қимылды ойын «Аюлар мен аралар».

Мақсаты: кеңістікте жүкіру, ұстап алуға, ұстатпауға тырысу. Ептілікке, жылдамдыққа баулу.

Жаттығу ойыны: Қимылдарын дамыту.

Мақсаты: жүкіру техникаларын жақсарту.


Халық болжамы: күзде құмырсқа илеуі биік болса, қыс ұзақ әрі қатты болады.


Мамыр


Серуен № 4


Ауа-райын бақылау

Мақсаты:Көктем мезгілінің аяғына қарай өлі табиғаттағы болатын құбылыстар туралы түсініктерін қалыптастыруды жалғастыру.

Бақылау барысы

Көркем сөз. А.Меңдібай

Мамыр айы келгенде,

Дала гүлге толады.

Жайнап барлық атырап,

Қызық-думан болады.

Бақшамызда біз еккен,

Гүл шоқтары гүлдейді.

Жапырақтар сыбдырлап,

«Қандай көркем, көр»-дейді.

Тәрбиеші аулаға ерте көктем көрнісі бейнеленген сурет алып шығып, балалармен әңгіме өткізеді.

  • Балалар, қараңдаршы, мына суретте жылдың қай мезгілі суреттелген?(көктем).

  • Ал, сендер суреттен не көріп тұрсыңдар? (қар еріп жатыр,жер су болып жатыр, балалар құстарға ұя жасап жатыр)

  • Қар неліктен ериді, адамдар неліктен жеңіл киінеді? (күн жылығандықтан)

  • Ал, көктемнің бұл мезгілін қалай атаймыз? (ерте көктем)

  • Ерте көктем мен қазіргі мамыр айындағы табиғат көнісінде, ауа-райында өзгешелік бар ма? Қандай? (балалар жауабы тыңдалады)

  • Қазір аспан көрнісі қандай? (ашық көк)

  • Ағаштар бейнесі қандай болды? (барлық ағаштар жапырағы жайқалып, жап-жасыл болып тұр).

  • Қыста қар жауған кезде ауа температурасы қандай еді?

  • Жаңбыр қандай температурада жауады?

  • Көктемнің соңғы айында табиғатта қандай өзгерістер болды?(күн шуағы молайды, гүлдер шықты, шөптер өсті, ағаштар жасыл жапыраққа малынды).

Еңбек

Кішкентайлар алаңын қоқыстардан тазалауға көмектесу.

Мақсаты: кішкентайларға көмектесу, еңбекке деген құлшыныстарын арттыру.

Қимылды ойын

«Үшінші артық».

Мақсаты: ойын ережесін сақтап ойнауға, аңғарымпаздыққа баулу. Ұлттық ойындарға деген қызығушылықтарын арттыру.

Жаттығу ойыны

Қимылдарын дамыту.

Мақсаты:

  • Допты берілген бағытқа қарай оң және сол қолмен лақтыруға жаттықтыру;

  • Қозғалыс координацияларын сақтау;

Мақал-мәтел -Сәуір айы-су айы,

Мамыр айы- гүл айы.

-Көктемгі жауын артық болмас.












Мамыр


Серуен № 5


Гүлзарды бақылау

Мақсаты:

  • Көктемгі гүлзар туралы түсініктерін кеңейту;

  • Өсімдіктерді күту, суғару іскерліктерін тиянақтау;

  • Табиғатты сүюге, әсемдігін сезінуге тәрбиелеу.

Бақылау барысы

Тәрбиеші сұрақтар қойып, әңгімелесу жүргізеді

  • Қандай үй гүлдерін білесіңдер?

  • Қандай дала гүлдерін білесіңдер?

  • Олардың қандай айырмашылығы бар?

  • Сендерге қандай гүлдер ұнайды? Неге?

  • Сендердің үйлеріңде гүл бар ма? Қандай?

  • Оларды қалай күтесіңдер?

  • Гүлді отырғызбас бұрын не істеу керек?

  • Біздің гүлзарға отырғызуға арнап топта өсіріп жатырған гүлдеріміз қалай аталады?

  • Гүлдер жақсы өсіп, гүлдеуі үшін не істеуіміз керек?

  • Осы кезде бізге гүлді неге аулаға отырғызуға болмайды?

  • Неге кейбір гүлдер көпжылдық, кейбіл гүлдер бір жылдық деп аталады?

Еңбек

Гүл егетін алаңда жұмыс (тазалау, қопсыту).

Мақсаты:

  • Бірлесе жұмыс істей білу іскерліктерін тиянақтау;

  • Гүлдердің өсуі туралы білімдерін қалыптастыру.

Қимылды ойын

«Қай топ тез жиналады?».

Мақсаты: жүкіруге жаттықтыру.

Жаттығу ойыны «Құлап қалма».

Мақсаты: бөрене үстімен жүруге жаттықтыру.

Мақал-мәтел: - Әр гүлдің иісі әр басқа.

  • Гүл-араға, бал-балаға.

  • Қызыл гүл көзге алыстан шалынар.


Мамыр


Серуен № 6


Велосипедті бақылау

Мақсаты: велосипедтің қажеттілігі туралы білімдерін тиянақтау.

Бақылау барысы

Балаларға жұмбақ жасыру

Бірде екі дөңгелекті,

Бірде үш дөңгелекті.

Қажет кезде онымен,

Қызыққа да батасың,

Артып алып сөмкеңді,

Серуендеп те қайтасың. (велосипед)

Балаларға сұрақтар.

  • Балалар, велосипедтер қандай болады? (балаларға және үлкендерге арналған)

  • Олардың қандай айырмашылығы бар? (көлемімен және дөңгелегімен)

  • Велосипед қандай бөліктерден тұрады?

  • Велосипедте жүру қиын ба?

♦Қалай ойлайсыңдар, велосипедпен жүру үшін жол ережесін білу керек пе?

♦Велосипедтің машинадан қандай айырмашылығы бар ?

♦Велосипедпен бір уақытта неше адам жүруге болады ?

Еңбек

Алаңға баратын жолдарды қоқыстардан тазалау.

Мақсаты: бірлесе жұмыс істеуге деген құлшыныстарын қалыптастыру.

Қимылды ойын

«Теңге алу».

Мақсаты: ептілікке, жылдамдыққа, жеңіске жетуге деген құштарлыққа баулу.

Жаттығу ойыны

Затты нысанаға лақтыру.

Мақсаты: қол күштерін, көз өлшемін, объктіні бағдарлай білулерін дамыту.

Мақал: Жолда жүрсең, сақ жүр.
































Мамыр


Серуен №7


Құмырсқаларды бақылау

Мақсаты:

  • Құмырсқалар туралы білімдерін тиянақтау;

  • Зерттеу жұмысына деген қызығушылықтарын арттыру.

Бақылау барысы

Көркем сөз «Құмырсқа» Г. Өкеев

Құжынаған құмырсқа, Ұйымшыл-ақ өздері.

Шығады ерте жұмысқа. Жүкпен қайтып қашықтан,

Нелер шебер табылып, Илеуіне асыққан.

Жасайды илеу жабылып. Бәрі еңбекпен шынығар,

Жылт-жылт етіп көздері, Ісін тындырып тынығар.

Балаларға сұрақтар

  • Құмырсқалардың адамдарға және орманға қандай пайдасы бар? (зиянда жәндіктерді құртады

  • Орманның қандай тұрғыны құмырсқа мен оның көбелектерін (личинкаларын) жеуге құмар? (аю мен тоқылдақ)

  • Құмырсқасыз жер болмайды. Құмырсқаларды «ағаш дәрігерлері» деп те атайды. Олар ағаштарды зиянды жәндіктерден қорғайды. Құмырсқалар өте еңбекқор, олар өздерінен бірнеше есе үлкен нәрселерді илеулеріне сүйретіп тасиды. Құмырсқалардың илеуінің тесігі төбесінде болады. Құмырсқалар өз илеуінен ешқашан адаспайды. Неліктен деп ойлайсыңдар. Құмырсқалар өз илеулерін иіскеп жүріп иісінен табады. Әр илеу өз құмырсқаларынан басқа құмырсқаларды жолатпайды. Егер басқа илеудің құмырсқасы бара қалса, оны жабылып шағып тастайды. Әр илеудің өз иісі болады. Құмырсқалар тек қана ағаштардағы құрттардықұртып қана қоймайды, олар құстарға да көмектеседі. Құстар құмырсқаның илеуінің үстіне қанатын жайып отырады, құмырсқалар оларды үстеріндегі биттер мен бүргелерден тазалайды. Құмырсқалардан бөлініп шыққан өткір қышқыл иістен көпке дейін құстарға бит, бүргелер жоламайды. Құмырсқаның қышқылынан дәрі-дәрмектер де жасайды. Құмырсқалар залалсыз, дәрменсіз жәндік болғандықтан оларға тиіспеуіміз керек.

  • Құмырсқалардың қандай пайдасы бар?

♦ Олар өз илеулерін қайда салады?

♦қане біздің құмырсқалар қалай жұмыс істеп жүр екен, қарайықшы! (олар өздінің ізімен, бірінен соң бірі илеулеріне қарай ағылуда)

Зерттеу қызметі

Құмырсқалардың бір жолына құм, бір жолына қант себу. Олардың қалай әрекет ететінін бақылау.

Еңбек

Ойын алаңын тазалау.

Мақсаты: бірлесе жұмыс істей білулерін жалғастыру.

Қимылды ойын

«Итеріспек».

Мақсаты:

  • Белгілі бір кеңістікте жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру;

  • Ұлттық ойынға деген қызығушылықтарын арттыру.

Жаттығу ойыны

Қимылдарын дамыту.

Мақсаты: оң және сол аяқпен секіруге жаттықтыру.

Тыйым сөздер: Құмырсқа илеуін бұзба.


Мамыр


Серуен №8


Найзағайды бақылау

Мақсаты:

  • «Найзағай» ұғымымен таныстыру;

  • Табиғат құбылыстары туралы шынайы түсініктерін қалыптастыру;

  • Сөздік қорларын байыту;

— Бақылағыштықтарын дамыту.

Бақылау барысы

Тәрбиеші балаларға жұмбақтар жасырады

  • Аспанда от қамшы осады,

Ащы үнін ышқынып қосады.

  • Дүрліктіріп алапты,

Шақпақ тастың жарқылы,

Бұлт көрпесін жыртады.

  • Балалар, бұл жұмбақтардың шешуі не екен?

  • Найзағай қай кезде ойнайды?

  • Аспан неге күркірейді?

  • Күн күркіреп, найзағай ойнаған кезде табиғатта қандай құбылыс болады? (жаңбыр жауады)

  • Найзағай ойнап, жаңбыр жауғанда құрт-құмырсқалар не істейді? (індері мен илеулеріне тығылады)

  • Қалай ойлайсыңдар, найзағай неден пайда болады?

Ауа-райы нашар болған кезде бұлттар арасында электр тогы жиналады. Найзағай-бұл үлкен электр тогының ұшқыны. Ұшқындар айналадағы ауаны қыздырады. Ыстық ауа салқын ауамен соқтығысады да, күннің күркіреуі пайда болады.күн күркіреген кездегі найзағай өте қауіпті. Найзағай жалғыз тұрған, биік заттарға жиі түседі. Сондықтан да найзағай ойнап тұрған кезде ағаштың астына тұруға болмайды.

Зерттеу қызметі

Жәй жаңбыр мен найзағайлы жаңбырды салыстыру, ұқсастықтыры мен айырмашылықтарын табу.

«Найзағайлы жаңбыр» Ө. Ақыпбекұлы

Нөсерлеп жаңбыр басталды,

Науада қалқып қақ қалды.

Найзағай тынбай жарқылдап,

Нөсер тұр құйып сатырлап.

  • Найзағайлы жаңбырды қалай атайды екен? (нөсер)

Еңбек

1 топ- ауланы тырмамен тазалау;

2 топ-қоқыстарды шығару

Мақсаты:

  • Шағын топтарға бөлініп жұмыс істеуге үйрету;

  • Ұжыммен жұмыс істеуге, жұмыс нәтижесіне жетуге деген ынталарын арттыру.

Қимылды ойын

«Өз ағашыңды тап».

Мақсаты: ағаш аттарын есте сақтауға, зейінді, байқағыш және жылдам болуға үйрету.

Жаттығу ойыны «Ағаштан ағашқа дейін».

Мақсаты: екі аяқпен және бір аяқпен секіруге жаттықтыру


Халық болжамы:

  • Ерте көктемде найзағай ойнап, күн күркіремесе, жаз құрғақ болады.

  • Қарлығаш келсе күн күркірейді.








Мамыр


Серуен № 9


Кемпірқосақты бақылау

Мақсаты: өлі табиғаттың бір бөлігі ретінде кемпірқосақ туралы түсініктерін қалыптас-тыруды жалғастыру.

Бақылау барысы

Тәрбиеші балаларға жұмбақ жасырады.

  • Жарқылдан соң жаңағы,

Суға бөкті бар алап.

Көкте түрлі жолақты,

Өрнек тұрды ғаламат. (кемпірқосақ)

  • Жаңбыр жуды жерімді,

Көкте өрмек керілді. (кемпірқосақ)

Жаңбыр жауып, күннің көзі көрініп тұрған мезгілде аспаннан кемпірқосақты байқауға болады. Ол жаңбыр тамшылары арасынан күннің сәулесі өткен уақытта көрінеді. Жаңбыр тамшылары неғұрлым үлкен болса, кемпірқосақ соғұрлым анық көрінеді. Кемпірқосақта жеті түс бар: қызыл, қызғылт, сары, жасыл, көгілдір, көк, күлгін. Бұлар барлық уақытта осы бір ретпен орналасады.

Балаларға сұрақтар:

♦ Кемпірқосақ қай уақытта пайда болады ? I

♦ Ол қай уақытта жоғалады?

♦ Кемпірқосақ қандай құбылыс, қалай пайда болады?

Тәрбиеші балаларға тапсырма береді. Асфальт бетіне түрлі-түсті борлармен кемпірқосақтың суретін салу.

Еңбек: Балабақша ауласын қоқыстан тазалау.

Мақсаты: аула тазалаушыға көмек беру, үлкендер еңбегін бағалауға тәрбиелеу.

Қимылды ойын

«Қасқыр қақпан».

Мақсаты:

Ойын шартының дұрыс орындалуын бақылау, ойын кезінде байқампаз болуға баулу.

Жаттығу ойыны:

Қимылдарын дамыту.

Мақсаты: арқасымен алға қарай жүруге жаттықтыру.


Халық болжамы. Кемпірқосақ кешке көрінсе, ертесіне күн ашық болады



Мамыр


Серуен № 10


Көбелектерді бақылау.

Мақсаты: - көбелектер туралы білімдерін молайту: пайда болуы, көбеюі, құрлысы, пайдасы;

-барлық тірі табиғатқа қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу.

Бақылау барысы

Көркем сөз «Қызыл-жасыл көбелек» Ш. Мұхаметжанов

Дала қандай керемет,

Қойның гүлге толады.

Қызыл-жасыл көбелек,

Бір ұшып, бір қонады.

Қанша қусаң көбелек,

Қанаты бір талмайды.

Соныменен не керек,

Ақыры ұстай алмайсың.

Жазда, жасыл алқапта, гүлдер басында әдемі көбелектер ұшып жүреді. Олар сондай әдемі, түрлі-түсті.

Ертеде Римде адамдар көбелектерді өсімдіктер гүлінен пайда болған дегенге сенген

Көбелектің екі жұп қанаты бар. Олар майда қабыршақпен көмкерілген. Сондықтан да оларды қабыршақ қанаттылар деп атайды. Көделектің денесі қабыршақпен және майда шаштармен көмкерілген. Олардың қысқа мұрттары мен үлкен көздері бар. Гүлден гүлге қонып көбелектер шырын жинайды және оларды тозаңдандарады. Жазда ұрғашы көбелектер жер қыртысына жұмыртқаларын жинайды. Бірнеше уақыттан соң жұмыртқалардан құрттар-личинкалыр пайда болады.осы осы құрттардан нағыз көбелектер өседі. Тұт ағашының жапырақтарымен қоректенетін көбелектер адамға жібек алатын жіңішке жіптерін сыйлайды.

Зерттеу жұмысы

Қай гүлге қандай көбелектер қонып жүргенін қарау. (көбелектер көбіне өзі түстес гүлдерге құмар болады)

Еңбек

Гүлзардағы қоқыстарды жинау

Мақсаты: еңбек ете білу іскерліктерін қалыптастыру, өз беттерінше тазалық жүргізуге деген құштарлықтарын ояту.

Қимылды ойын: «Аюлар мен аралар».

Мақсаты:тәрбиеші белгісі бойынша жүкіруге, өрмелеуге жаттықтыру.

Жаттығу ойыны: «Кеглиді құлат».

Мақсаты: Дәлдеп тигізе білуге жаттықтыру.