Просмотр содержимого документа
«Статья на тему: Бастауыш мектеп оқушыларына сөз таптары туралы ұғым беру»
Бастауыш мектеп оқушыларына сөз таптары туралы ұғым беру
Сөз таптары жөніндегі мәселені бағдарлау әрі тілдің құрылымының, әрі сөздің құрылымының теориялық та, практикалық та мәселелерін терең зерттеу, жете білу үшін керек. Мысалы, бастауыш, орта, жоғары мектептерде тілді оқытудың негізгі түйіндері, сайып келгенде, сөз таптарына, солардың айналасына шоқталады; сондай-ақ, тілдің грамматикалық құрылысына байланысты көптеген мәселелерді алсақ, оларды сөз таптарына байланыстырмай зерттеу де, шешу де мүмкін емес. Олай болса, сөз таптары жайындағы мәселелер тілдің грамматикалық құрылысының, сөздің грамматикалық құрылымының әрі кіндік қазығы, әр негізгі арқауы сияқты мәселелер.
Тіл білімінде сөз таптарының табиғаты жайында әр түрлі көзқарастар мен пайымдаулар бар. Олардың бірі бойынша, сөз таптары сөздердің лексика-грамматикалық категориялары болып саналса, екіншілері бойынша, сөз таптары сөздердің формальды-грамматикалық категориялары, үшіншілері бойынша, сөздердің таза грамматикалық топтары болып саналады.
Сөз таптарын сөздердің лексика-грамматикалық категориялары деп қарайтындар сөздер өзіне тән белгілері, атап айтқанда, семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілері бойынша топталып, тиісінше белгілі бір сөз табына телінеді деп есептейді. Мысалы, А. А. Шахматовтың пікірі бойынша, әрбір сөз табының мағынасы сөздің негізгі лексикалық мағынасы мен оған қосымша грамматикалық ұғымдардың, грамматикалық категориялардың жиынтығынан құралады. Орыс тіліндегі зат есімдерде негізгі атауыш түсініктер (основные знаменательное представление) грамматикалық жекелік-көптік, тек (род), септік категорияларымен ұштасады да, етістіктерде – грамматикалық шақ, рай, етіс, жақ және т.б. категориялармен ұштасады. А. А. Шахматовтың бұл жерде «мағына» жайында емес, «түсінік» жайында әңгіме етуінің себебі оның грамматикалық теориясына тән психологизмге байланысты екендігі аңғарылады.
Ф.Ф. Фортунатов және оның мектебі сөз таптарын формальды-грамматикалық (дәлірек айтқанда морфологиялық) категория деп қарады. Ф.Ф. Фортунатов сөздерді «түрленетін» сөздер деп топтастырады да, «түрленетін» сөздерді «жіктелетін» (етістіктер), «септелетін» (зат есімдер) сөздер септелетіндердің ішінде тек (род) категориясына орай сөз түрлендіруші формаларға ие болатын сөздер (сын есімдер) деп іштей жіктейді. Ф. Ф. Фортунатов үстеулерді «түрленбейтін», бірақ сөз тудырушы формаларға ие болатын топқа жатқызады.
Сөз таптарын таза грамматикалық категория деп қарайтын лингвистер де бар. Мысалы, О.П.Суник сөз таптарын классификациялауда тіл білімінде негізге алынып жүрген заттық, атрибутивтік, іс-әрекет (процесс) тәрізділерді лексикалық мағына емес (ал А.А. Шахматов бұларды лексикалық мағынамен ұштастырады), жалпы грамматикалық мағына деп есептейді. Оның пікірінше, заттылық – зат есімдерге тән және оны басқа сөз таптарынан ажырататын жалпы грамматикалық мағына. О.П.Суник сөз таптарының әрқайсысына тән жеке грамматикалық категориялар мен мағыналарды, грамматикалық формаларды сөз таптарын ажырататын белгілер ретінде емес, сөз таптарының әрқайсысының өзіне тән жалпы грамматикалық мағынасынан туатын, соған бағынышты құбылыстар деп қарайды. Сонымен, О.П.Суник сөздерді сөз таптарына классификация жасауда сөз таптарының жалпы грамматикалық мағыналары – заттылық, атрибутивтілік, процессуальдық және т.б. мағыналарды негізге алады да, сөз таптарын таза грамматикалық категория ретінде қарастырады.