Просмотр содержимого документа
«Мақала "Театрландырылған ойындар арқылы балалардың шығармашылығын дамыту"»
Театр әр балаға қуаныш, ұмытылмас әсер сыйлайды, оның көркемдік талғамын, еліктеуі мен қиялын дамытады. Әдетте адамның жеке басының қасиеттері бес жасқа дейін қалыптасады екен. Сондықтанда да баланың жан-жақты қалыптасуы үшін мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің бойына жақсы, жағымды қасиеттерді сіңіре білу керек. Оның жан-жақты дамып, жеке тұлға болып тәрбиеленуіне, тілінің дамуын театрландырылған ойындар арқылы жетілдіруге болады. Ал, театрландырылған ойындарды балалар қызықтап ойнайды. Театрландырылған ойындар ойын – қойылымдары болып саналады, бұл жерде балаларға арналған көркемдік шығармаларды сахналық қойылымдарға айналдырып, оларды кейіпкер ретінде қатыстырудың маңызы зор. Баланы сахнада кейіпкер ретінде ойната отырып, оның жеке тұлғасын жан-жақты дамытып, оның бойында әдебиетке, мәдениетке, өнерге деген құштарлықты ояту қажет. Бүлдіршіндер сахнада шағын рөлдерді ойнау арқылы байланыстыра сөйлеуге, әдемі киініп, жинақы жүруге, үлкендермен және өзге де балалармен тіл табыса білуге үйренеді. Ал диалог балалардың өз пікірін жеткізе білуге жетелейді. Ойын барысында ойын ситуациясына бейімделу, алғашқыда жекелеген элементерді, кейіннен рөлді толығымен ойнау арқылы баланың ой-өрісі, қиялы дамиды. Рөлді ойнау арқылы өз кейіпкерін алдына елестетіп қана қоймай, бала оның әрекеттерін, сезімдерін сезінеді. Осындай эмоциялық күйлер баланы бұрын байқамаған өмір көріністеріне таң қалдырып,өз сезімін мимика, ым-ишара, тағы басқа көріністер арқылы білуге үйретеді.
Театрландырылған ойындар балалардың ой-өрісін кеңейтеді, балаларды әңгімеге араласуға, спектакль туралы ата-аналарына, жолдастарына әңгімелеп беруге итермелейді. Бұның бәрі сөйлеу қабілетінің дамуына, диалог түрінде сөйлеуге өзі алған әсерін монолог түрінде сөйлеп жеткізуге септігін тигізеді.
Театр өнері арқылы бала тек көркем әдебиет шығармаларын қабылдап қана қоймайды, сонымен қатар адамгершілікке, эстетикаға, тазалыққа, ауызбіршілікке, қамқорлыққа, тәртіптілікке бой ұсынады. Бұл ойындарды оқу іс-әрекеті барысында, бос уақытта, режимдік сәттерде қолдануға болады. Балаларды жалықтырмау үшін, олардың қызығушылығын арттыру үшін бір ертегіні әр түрлі (қуыршақ, үстел үсті, фланелеграф, саусақ ойыншықтары, маскалар) ойнатуға болады.
Балалар өздерінің қалаған ертегілерін кейіптендіреді, сөздерін жатқа айтып отырып, өзі қалап алған кейіпкерлердің көңіл-күйін, іс әрекетін беруге тырысады. Ол үшін алдын ала дайындық кезегінде рөлдерді бөліп беру, әр кейіпкердің дауыстарын келтіріп, еркін ойнауға машықтандыру керек. Рөлдерге бөлініп ойнау арқылы бұл ертегі балалардың есінде жатталып қалады.
Қандайда да сахналық қойылымның алдында балалармен бірнеше кіріспе жұмыс жүргізіледі.
1. Тәрбиешілер балаларға ертегі, әңгімелер оқып, не әңгімелеген кезде ертегідегі кейіпкерлердің мінез-құлқына, дауысының ырғағына, қимылдарына назар аударылады.
2. Әр кейіпкердің киіміне көңіл бөлінеді. Қуыршақ театрында қуыршақтардың киімі өзгертіліп отырады.
3. Сұрақ – жауап арқылы кейіпкердің қимылын, іс-әрекетін байқап, бағалап отырады.
4. Қимыл мен сөз арасындағы байланысын қадағалайды.
Күтілетін нәтиже:
Бала ұғынады: әдебиет, мәдениет, өнер, сезімталдық, достық, ұйымшылдық түсініктерін
Бала түсінеді: театр өнерінің шынайы сезімдерін
Бала қолданады: диалог түрінде сөйлеп, өзі алған әсерін монолог түрінде жеткізеді, ертегінің мазмұнын дұрыс түсініп, грамматикалық жағынан дұрыс байланыстырып, жүйелі әңгімелеп береді