Менің атым Қожа
Үзінді (1-топқа)
Тапсырма. Шығарма үзіндісінен тілдік бейнелеу, суреттеу құралдары – теңеу, эпитет, ауыспалы мағынадағы сөздерді анықтаңыз.
Таңертеңгі шайымды ішіп алғаннан кейін, аяңдап мектептің спорт алаңына қарай келе жаттым. Қолтығымда добым бар. Біздің «Спартак» кеше қайраттықтардан жеті де бес болып ұтылған еді. Бүгін оларды қалайда жеңуіміз керек. Команданың капитаны ретінде соған қатты ширығып, іштей дайындықпен келе жатырмын.
Мектептің қасында Жантас ұшыраса кетті. Қолында мөр басылған бір жапырақ жазулы қағазы бар. Соны шертіп-шертіп қойып:
— Қара көже, мынаның не екенін білесің бе? — дейді.
— Ол не?
— Лагерьге жолдама. Біз лагерьге баратын болдық. Ал сен көшедегі иттерді тәртіпке салуға ауылда қалатын болдың.
Тілінің қыршаңқылығы үшін Жантасты мытып алғым келіп бір тұрдым да, әуелі жолдама жайын тиянақтамақшы болдым:
— Оны саған кім берді?
— Кім беруші еді. Майқанова апай берді. Бірақ сен жоқсың тізімде.
«Неге жоқпын?». Жантастан Майқанованың қайда екенін сұрап едім, мектепте деді.
Бұдан былай біреуді келемеждеп сөйлеудің қандай екенін білуі үшін, Жантасты мұрынға сырт еткізіп бірді шерттім де, жүгіре жөнелдім. Сол бойда екпіндеген қалпыммен мұғалімдер бөлмесіне алқынып кіріп бардым. Майқанова бірдеңе жазып, жалғыз отыр екен, маған басын көтеріп алып, таңырқаған кейіппен қарады:
— Не болды? Не болды, Қадыров?
— Лагерьге жолдама беріңізші маған.
— Саған бұл жолы жолдама берілмейді. Екінші кезекте барасың.
— Неге?
— Неге болушы еді: барлық оқушыға бірден жетіспейді. Ал екіншіден, ең әуелі, біз лагерьге үлгілі, тәртіпті оқушыларды жібереміз.
— Жантас немене... менен артық болғаны ма?
Майқанова екі бүйірінен біреу қысып қалғандай еңсесін кілт көтеріп алды:
— Сен немене? Мені тергегелі тұрсың ба?
Майқанованың көкшіл көзі шатынай бастады. Оның бір ашуланса, шапылдап, жуық арада толас бермейтінін білем.
— Бермесеңіз, қойыңыз, — дедім де, жалт бұрылып, есікті бар күшіммен тарс жауып, жөнеле бердім. Осындай әділетсіздікке қаның қалай тана қайнамайды. Жантас біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін қу, сабақ үстінде сыбырлап-сыпсыңдағыш, өзі тақтаға шыққанда көрінгенге құлақ түргіш Жантас үлгілі оқушы болғаны да, мен үлгісіз болғаным. Менің сабақ үлгеруім одан көш ілгері екені, екпінділігім ешқандай есеп емес.
Соңымнан ілесе шықты Майқанова:
— Қадыров! Бері кел.
Мен бұрылып та қарамадым.
— Қадыров!
Есіктен жүгіріп шығып кеттім.
Турникке сүйеніп, жылмия қарап Жантас тұр. Зығырданым одан бетер қайнап кетті.
— Немене, жолдама алдың ба? — деп сиқырланып, жолымды тосқауылдай қалыпты.
— Алдым, — дедім.
— Кәне, көрсетші?
Сарт еткізіп танаудан тағы бірді шерттім.
— Міне.
Менің атым Қожа
Үзінді (2-топқа)
Тапсырма. Шығарма үзіндісінен тілдік бейнелеу, суреттеу құралдары – теңеу, эпитет, ауыспалы мағынадағы сөздерді анықтаңыз.
Түстен кейін төсегімде демалып жатып, ойға қалдым: Бағана Майқановаға істегенім тұрпайылық болды-ау деймін. Әрине, Жантасқа жолдама беріп, маған бермеген оныкі де әділдік емес. Ызамды осы келтірді. Дегенмен, Майқанова мұғалім, класс жетекшісі. Жә, қазір оқу кезі емес қой, каникул. Ол маған не істей алады? Үш айға дейін кім бар, кім жоқ. Мүмкін, жаңа оқу жылында біздің класс жетекшіміз басқа біреу болар. Онда мен Майқанованың шеніне де жолай қоймаспын. Өмір дегенді ойлап отырсаң, қызық нәрсе. Бірімен бірінің қалай да тұзы жараспайтын кереғар жаралған адамдар болады. Майқанова екеуіміз соның дәл өзі секілдіміз. Біздің кикілжіңіміз күзде ол осында мұғалім болып келген бетте-ақ басталды. Былай болды: жаңа оқулықтар, дәптерлер сатып жатыр дегенді естідім, әжемнен ақша ала салып, замғап дүкенге келдім. Рас, сатып жатыр екен. Бірақ адам деген лық толы. Кезектің соңы далаға шығып кетіпті.
Қайтсем екен деп біраз ойлап тұрдым да, тәуекел деп, ішке кезексіз кірмекші болдым. Өйткені соңындағыларға жетпей қалатын азабы да болушы еді. Сонан соң көрінгеннің оқулығына мінгесіп, жалынасың да жүресің, бұл — күн емес. Өзге ештеңең болмаса да, әуелі оқулықтарың сай болсын. Мен былай деп мақалдаған болар едім: оқулығы сай бала — көңілі жай бала.
Сығылысып есіктен енді кіре берсем, бойы менің бойымдай ғана, тықылдаған бейтаныс көк көз келіншек алдымды тосқауылдап жібермейді.
— Қайда кимелеп барасың? Кезекке тұр, — дейді.
Осы арада тілі құрғыр өтірікті менің еркімнен тыс айтып салды:
— Мен оқулық емес, қант аламын, — дедім. Өйткені магазиннің арты азық-түлік сататын бөліміне қарай адамдар еркін өтіп жатыр.
Көк көз келіншек мені жіберді. Мен сыр бермейін деген оймен әуелі қант сататын жаққа өтіп кеттім. Бірақ қанттың қазір маған түкке керегі. жоқ. Маған қажеті бесінші кластың оқулықтары. Прилавканы жағалап, адамдардың арасымен ептеп, кітап сатып жатқан жаққа қарай сырғи бастадым. Енді бір ұмтылғанда жетіп те қалатын едім. Кенет әлгі көк көз келіншек желкемнен бүріп ұстап:
— Сен адасып барасың. Қант ана жақта сатылады, — деді.
— Сіздің не шаруаңыз бар, қоя беріңіз, — деп жұлқынып қалдым да, прилавкаға бір-ақ барып жеттім.
Көк көз келіншек сатушыға дауыстап жатыр:
— Анау сұр кепкалы балаға бермеңіз. Ол кезексіз кіріп кетті.
Ол бұл сөзді айтып үлгергенше, Қожекең сұр кепканы қойынға сүңгітіп жіберіп, тақыр бас қара бала болып шыға келді. Балалар ананы-мынаны сұрап, азан-қазан болып жатқанда, мен ләм деместен сақ еткізіп елу сомдықты сатушының қолына ұстата салдым. Сөйтіп, қажетті оқулық-дәптерлерімді бір құшақ етіп алып шыға бердім. Есік алдында көк көз келіншек иығымнан қатты ұстап (қолы мұндай қатты болар ма!):
— Ой, ұятсыз. Қай класта оқисың? — деп бір жұлқып қалды.
Мен оған жөнімді айтып жатырмын!
Менің атым Қожа
Үзінді (3-топқа)
Тапсырма. Шығарма үзіндісінен тілдік бейнелеу, суреттеу құралдары – теңеу, эпитет, ауыспалы мағынадағы сөздерді анықтаңыз.
Анфиса Михайловна жымиып, басын шайқап қойды.
Адам жанын ол керемет түсінеді.
Мақтанғаным емес, кластағы орыс тілін тәуір біледі дейтін оқушының бірі менмін. Өткен жылдың барлық тоқсанында да бұл пәннен ауызша, жазуша ылғи «бестік» бағалар алдым. Анфиса Михайловнаның мені тәуір көретіндігіне, мүмкін, бұл да себеп шығар.
Жаңа сабақты түсіндіріп болғаннан кейін, ол:
— Ал балалар, Пушкиннің «Қысқы кешін» жаттап келдіңдер ғой? — деді.
— Жаттап келдік.
— Тәтей, мен айтайыншы!
— Мен айтам!
— Анфиса Михайловна, менен сұраңыз, — деген дауыстар бірін бірі баса-көктеп, жамырап кетті.
Сендер дәл осы сәттегі Қожекеңнің халін білсеңдер етті. Менің кеше сабақ қарауға мұршам болды ма? Үйге ел орынға отыра келіп жеттік. Одан кейін Сұлтан ат тұсап келейік деп, жайылымға ертіп барды. Содан соң Хасеннің Мәрзиясын қай жігіт айналдырып жүргенін білеміз деп, ел жатқанға дейін бостан босқа Хасеннің үйін торуылдадық.
— Кім айналдырса, сол айналдырсын. Бізге оның керегі қанша? — деймін Сұлтанға.
— Керегі бар, — дейді Сұлтан.
— Не керегі бар?
Жауап беру орнына Сұлтан ауыр күрсінеді.
— Қара Көже, саған бұны түсінуге әлі ерте, — дейді. «Бопты, сен-ақ түсін».
«Қысқы кешті» жаттап келмек түгіл, мен ондай тапсырма берілгенін ұмытып та кеткен екем. Есіме мұғалім айтқанда ғана түсіп, бүйірімнің түп жағы қып ете қалды. «Масқара! Сұрай қалса, масқара болдым-ау!»
Анфиса Михайловна тақтаға шақырып сұрай бастады. Әуелі Балабекова деп, Жанарды атады. Жанар сабаққа дайындалмай келуші ме еді.
Буря мглою небо кроет,
Вихри снежные крутя, —
деп бастады да, сыдыртып, тоқталмай айтып шықты.
— Жарайсың, Балабекова, отыр.
— Тұрсынбаев, — деді мұғалім.
Менің желкемнен қылқиып, арт жатымда отыратын Жантас орнынан түрегелді.
— Буря мглою...
— Тақтаға шығып айт.
— Бәрібір емес пе?
Ох, сұмпайы Жантас. Сұмпайысын қарай гөр. Партаның астына кітапты ашып қойып, бір көзі мұғалімде болса, бір көзімен соны сығалап тұрмақшы ғой. Өйтіп көрген күнім құрсын да. Жантастың пасық қулығына жем бола қоятын адам Анфиса Михайловна емес.
— Тәртіп жұрттың бәріне бірдей. Тақтаға шығып айт, — деп, ол дегенінен қайтпады.
Жантас мұрнын уқалап, тырп-тырп басып тақтаға шықты.
— Ал енді айт.
— Буря мглою... — Жантас осыны айтты да, жым болды.
— Дальше?
— Мұғалім, мен жаттамай келіп едім...
— Неге жаттамадың?
— Диірменге барам деп... уақытым болмай...
Анфиса Михайловна Жантасқа біраз қарап тұрды да:
— Мүмкін, орныңа барып айтатын шығарсың? — деді. Біз ду күліп жібердік.
Тағы бір қатерден жаным қалғандай, «уһ» деп демімді шығардым. Менің байқауымша, әр мұғалімнің сабақ сұрау тәсілі әртүрлі. Мәселен, Майқанова тізімнің басынан төмен қарай қуалап сұрайды. Онысы біз үшін рақат. Өзіңе дейін неше оқушы қалғанын, сенен қашан сұрауы мүмкін екенін біліп отырасың.
Ал Анфиса Михайловна өйтпейді. Алфавитті қуаламай, тәртіп сақтамай сұрайды. Қазір тізімнің басындағы біреуді атаса, одан соң соңғы жағынан біреуді атайды. Бүгін сұраған адамнан ертең тағы да сұрауы мүмкін. Қысқасы, ол кімнен сұрағысы келсе, содан сұрайды. Оның ой-пиғылын күні ілгері аңдау мүмкін емес.