Күні:
Сынып: 5 «А»
Пән атауы: қазақ әдебиеті
Сабақтың тақырыбы: Мұхтар Әуезов
«Ақын қонақтардың бала Абайға әсері, оның өнер адамдарымен достасуы».
Сабақтың мақсаты:
а) білімділік: оқушыларға Мұхтар Әуезов «Ақын қонақтар» жайында толық мәлімет бере отырып, олардың ой-пікірін қалыптастыру, ой – өрісін әрі қарай дамыту, шыңдау.
ә) дамытушылық: ой-өрісін, ойлау белсенділігін, сөйлеу шеберлігін, тіл мәдениетін дамыту, сөздік қорын молайту.
б) тәрбиелік: елін, жерін, Отанын қадірлеуге, адамгершілікке, адалдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: жаңа сабақ
Сабақтың әдісі: түсіндіру, суреттеу, салыстыру, сұрақ-жауап, бекіту, қорытындылау, бағалау.
Сабақтың көрнекілігі: жазушы портреті мен еңбектері
Сабақтың формалары: жеке баламен, топпен, сынып ұжымымен жұмыс жүргізу.
Сабақтың типтері: ұйымдастыру кезеңі, жаңа сабақты түсіндіру, қорытындылау, бағалау.
Сабақтың барысы:
А) Ұйымдастыру кезеңі:
1. Сәлемдесу;
2. Үй тапсырмасын сұрау.
Ә) Жаңа сабақ
Мұхтар Әуезов 1897 жылы Шығыс Қазақстан облысының Семей өңірі, Шыңғыстау бауырында, ұлы Абай ауылында дүниеге келген. Мұхтар атасы Әуездің тәрбиесін алады. Кіп – кішкентай немересінің зеректігін, алғырлығын байқаған Әуез ата Мұхтарға Абай өлеңдерін жаттатып, сөз қадірін үйретті. Бала Мұхтар Абай рухымен ержетті. Ал кейін барлық өмірін Абайға арнады. Абай арқылы әлемге қазақ деген халық барын танытты. М.Әуезов ұлы ақын Абайдың өздеріңдей бала кезінен бастап, өмірден кеткенге дейінгі ғұмырын жазып шықты. «Абай жолы» эпопеясы - ғасырдың ұлы туындысы. Оны дүние жүзі халықтары оқып, «ғажап» деп таң қалысты.
Халқымыздың шежіресіндей болған, мақтанышымыз болған асыл дүниемен сендер де таныс болыңдар.
«Ақын қонақтар»
(«Абай жолы» романынан үзінді)
Басты кейіпкерлер


1.Абай – жасы 13 – те. Денесі бір аралық кейіпте. Бойы өскен. Қол – аяғы ұзарған. Бұрынғы шолақтау мұрыны биыл біраз ұзарыпты. Бірақ сырқаттанған Абай сидиып арықтап, құр созылған. Күн көрмей өскен реңі солғын, бойшаң ғана өсімдік бейнелес. Бұрынғы қара, беті қып – қызыл болып тұратын бала бүгінде бозғылданған. Сұйықтау қара шышының арасынан бас құйқасы да қылаңданып көрінеді. Абай – өте зерек, алғыр, білімді, әжесі Зере мен анасы Ұлжан айтқан ертегі, жыр – дастандарды жалықпай тыңдайтын талпынғыш бала.
2. Анасы Ұлжан – бала Абайға өте мейірімді, ертегілерді жалықпай айтып беретін, қонақжайлылығы күшті, ашыққол ана.
3. Әжесі Зере – немересін жанындай жақсы көретін, жас бала Абайға «Еділ - Жайық», «Жұпар қорығы», «Құламерген» әңгімелерін, Мамыр мен Еңлік зарларын, «Жүсіп - Зылиқа» сияқты қиссаларды ерінбей айтып, бала құлағына сіңірткен мейірімді әже.
4. Байкөкше – қонақ, жас, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын жырлаған, бала Абайға «Қобыланды батыр» жырын жырлап берген, адамгершілігі мол кісі.
5. Барлас – қонақ, қартаң, шоқшалау ғана сақалы бар, келбетті келген зор дауысты, ақсары, сөзге шешен, сөздің майын тамызатын, бала Абайдың ұғымтал, зеректігіне риза болып, шын сүйсініп, бата мен жақсы тілектер айтып, өз домбырасын ұсынған кісі.
Сөздікпен жұмыс:
Тәуір болу – жазыла бастау
Елдің шабысы – ел – ішіндегі дау – дамай, қақтығыс
Қажымай - шаршамай
Қал алу – келісу
Қан базардай – өте көп адамдар
Термелеу – белгілі бір мақамға салып орындау
Ұғымтал – түсінікті
Сүле науқас – созылмалы, дерт, ауру
Құлан – таза болып арылу – толық жазылу
Ырым байлау – құрмет көрсету
Жетекке алу – жылқыларды жетектеп кету
Дән риза – қатты риза болу.
Қосымша:
Портрет – көркем әдебиетте адамның сырт бітімін, кескін – кейіпін, жүріс – тұрысын суреттеу.
Б) Сабақтың қорытындысы:
1.Сабақ соңында сұрақ қою арқылы сабақты қорытындылаймын.
2.Сұралған балаларды бағалау
3.Үйге тапсырма: Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы, «Ақын қонақтар» мазмұндау. 130-134-бет.
Балалар, үйге тапсырма түсінікті ме? Түсінікті болса сабақ аяқталды, сау болыңыздар!