МҰХТАР ӘУЕЗОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ

ҰЛТТЫҚ РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Кабимолдина Айгуль Кайрбековна
ШҚО, Семей қаласы, М.О. Әуезов
атындағы педагогикалық колледжі
«Педагогика және психология»
ПӘК оқытушысы
Елбасы Н.Ә. Назарбаев жолдауда Қазақстан жастарын «білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға, жұмыс пен сұранысы бар өңірге батыл қадаммен баруға, шеберлікке» қол жеткізуге шақырып, кәсіби маман даярлауда үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Жолдаудағы «Қазір... ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген адам озады» деп бағыт сілтеуі-білім алушылар мен оқытушылардан ғылыми ізденіс пен кәсіби шеберлікті, біліктілікті талап еткені [1,.3б].
Бұл үшін білім жүйесін инновациялық технологиялармен жабдықтап, білім алу мен білім берудің, оқытудың халықаралық талаптарын меңгертудің маңызы зор. [2,.9 б] Десекте білім беруден бұрын әр тұлғаға адамгершілік-рухани қасиетті сіңіре отырып, болашақтың білікті де білімді ұстазын тәрбиелейміз. Ол үшін адамгершілікті – ғылымда дамыту әр адамның өзін-өзі жетілдіруі мен дамытуында және байытуында болмақ.
«Ғылымда ілгері ұмтылғанмен, адамгершілігі ақсап жатса, ондай адамның алға басуынан гөрі, кері кетуі тезірек», - [3,.11 б] деп грек елінің ұлы ғалым Аристотель айтқандай жасөспірімдерге білімді меңгерту ғана емес, оның рухани-адамгершілігін дамытып, ішкі жан-дүниесіне әсер арқылы жас ұрпақтың өзін-өзі дамуына көрсетуде оқытушыға қойылатын талаптың маңыздылығын анық байқауға болады.
Қазіргі білім берудің маңызды міндеттері келешек ұрпақтың білімді меңгере отырып, рухани-адамгершілік құндылықтарын танып-біліп, ішкі жан-дүниесіне әсер ету арқылы жастардың өзін-өзі дамытуына жол көрсету.
Заманымыздың заңғар жазушысы, оқу орнының түлегі М.О.Әуезов 1912-1919 жылдары мұғалімдер семинариясында оқып, алғашқы шығармашылық-ағартушылық ізденістерін осы қабырғадан бастады. [4,.7 б]
Мұхтар - жаңа дәуірде қайта түлеп, жаңа мәдениет жасаған өскелең ұрпақтың ұстазы еді. Жазушылық өнегесіне қоса, ғылымда да, мектепте де шәкірт тәрбиеледі. [5,.78 б].
Мұхтар шығармаларында ұлылық пен қаһармандық сиыстыра білді. Оның талантына тән жігер-күш, рухани сергектік, ізденгіштік-заманның қандай қиын соқпағына түссе де, жазушыны алып шыққан қасиеттер. Осының бәрі Мұхтар Әуезовті дүниежүзілік көлемдегі ірі тұлғалар қатарына қосады. Оны алға ұстау, ұстаз тұту-өсер, үйренері бар әдебиеттің ісі.
«Әр адамның туып-өскен елі, жасынан жаттап өскен әдеті, нанымы, тұрмыс қалпы сол адамның ақыл, мінезіне із қалдырмай тұрмайды» [6,.107 б]
Мұхтар Әуезов – бұл қалдырған із көңілге кіріп, ерікті билеп, әр адамға өзінің елін сүйгізіп, елдігін іздетеді.
Ұлттық рухани мұраны терең түсіне білген М.О.Әуезов бүкіл өмір бойы оны байытудың жолдарын қарастырумен болды. [6,.110 б]
Рухани жақындық бүкіл адамзаттық татулыққа жеткізетін төте жол екенін ғұлама Әуезов ерте білген. Сондықтан да ол алыстағы ағылшынның Шекспирі мен Американың Джек Лондонын қазақ топырағына алып келді, грузиннің Шота Руставелиі мен үндінің Робиндранат Тогорын асқан құрметпен асқақтата жазды, орыстың Толстой мен Достоевскийін кейінгі ұрпақтарына үлгі етті. [6,.112 б]. Ал, Низами мен Ноуаиден бастап, бүгінгі Шыңғыс Айтматовқа дейінгі түрік жұртының ұлыларына деген құрметі мен бауырластық сезімін бәріміз де жақсы білеміз.
Адамның «Менін» айқындайтын, оның ішкі рухани әлемінде болатын «Әлемдік рухты» уағыздаған Л.Н.Толстой ілімін өз ортасы қабылдау алмаса, керісінше, одан мыңдаған шақырым қазақ даласында жатқан Абай және оның шәкірттеріне оның ілімі түсінікті болды[7,.193 б].Себебі жоғарыда Л.Н.Толстой ұсынған моральдық-этикалық талаптардың барлығы да қазақ даласында уағыздалып жүрген дүниетаныммен үндес, өзектес, таныс дүниелер болатын.
Л.Н.Толстой еңбектерінен Сидхарта Сакья Муни, яғни Будда ілімімен танысқан соң «Шіркін, Будданың сөзі қалай терең еді, жасымда кез келмеді-ау», -деп тамсанғаны сөзсіз.
Сейдхартаның бұл хақиқаты 10 парызға бөлінеді.
Өмірді өлтірме, қор қылма, сыйла.
Ұрлама, тонама, еңбегіңнің пайдасын әркімге тигіз.
Арамдықтан сақтан, нәпсіден аулақ бол.
Өтірік айтпа, шынды айтуға қорықпа, бірақ ақиқатпен айт.
Жаныңнан өсек шығарма, біреудің айтқанын біреуге айтпа.
Ант ішпе
Бос сөзге уақыт бөлме, орынды сөйле, әтпесе үндеме
Мақтан қума, күндеме, жақыныңның жақсылығына қуан
Жүрегіңді ашудан тазарт, дұшпаныңды жек көрме. Бар жан иесіне махаббат көзіңмен қара.
Сенімсіздіктен құтыл, хақиқатты ұғуға тырыс. [8,.194 б]
Осындай парызды білу арқылы әр бала өз бойына адамгершілік құндылықтарды дамыта отырып, өзін соған қарай бағыттай келе, ой түюге және соны іске асыруға белсенді болмақ. Әсіресе кеңестік кезеңде, өзге өркениетті елдермен қазіргідей ашық экономикалық, мәдени, әдеби байланыс болмаған жағдайда біздің бой мен ой түзеріміз тек орыс әдебиеті болғаны рас.
Өзгені былай қойғанда туған әдебиетіміздің көшбасшысы, мақтанышы болған көрнекті суреткеріміз Мұхтар Әуезовтің өзі бала кезінен оның шығармашылығын құлай сүйіп, адам жанының небір құпия қалтарысын тереңдей зерттейтін құдіретті қаламгердің қолтаңбасына қызығушылық танытып, тағылым алғаны ақиқат. [9,.199 б]
Кез келген тұлға-өз дәуірінің перзенті, сондықтан да ол сол өзі тіршілік кешкен заманның басым көзқарастарына әрқилы деңгейде ниеттестік білдірері анық. [9,.397 б]
Адамның өмір сүру тәсілі өздері отырған жердің табиғи өзгешеліктеріне байланысты, соған икемделуі, әрекет жасауына талпынуы жергілікті ел өркениетке жету үшін экономикалық, кәсіптік, мәдени байланыстардың үнемі ілгерілеуі және шекаралас көрші мемлекеттермен достық қатынасты сақтауы, ірілі-ұсақты өндіріс орындарының ашылуы, сауданы дамытуы, мектеп, жоғары маман даярлайтын оқу орындарының ашылуы, сонымен қатар қазақ жұртының ру, жікшілдігі жойылып, күш жігері бір мақсатта жұмылдырылған жағдайда қазақ жетіліп ел болатындығын жеткізеді. [9,.409 б]
«Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды. Себебі, ол қандайлық мамандық иесі болса да, рухани-ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады. Тегінде, қай мамандық саласында жүрген адам болса да, шын интеллигент дәрежесіне жету үшін әдебиетті білу-жалпыға ортақ шарт» [10,.305б]. – деп кемеңгер педагог М.О. Әуезов айтқндай, қазіргі жаңа ғасырдың білім алушыларының бойына тек білімді ғана емес, соны қалыпты ұстай алатын тәрбиелі тұлға, білікті маман, адамгершілік қасиетті азамат етіп тәрбиелеу әр ұстаздың міндеті мен қатар аталатын ұстаздық жолының басты мақсаты болмақ.
«Кісінің имандылығы кісі силауынан көрінеді. Адамның ақыл парасаты, мәдениеті мен тектілігі мінез-құлқынан байқалмақ», деп Мұхаммед Пайғамбар айтқандай адамгершілік негізі – мінез-құлық нормалары мен ережелерінен тұрады.
Білім алушыларға білім береміз, сұраймыз, дамытамыз, орындатамыз, ойлантамыз, нәтижесінде – адамгершілік – адам бойындағы кісілік, ізгілік имандылық ұғымдармен мәндес гуманистік құндылық екенін түсіндіреміз.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Қ.Р президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы.30.11.2015ж.
2. Серік Пірәлиев. «Елбасы жолдауы және білім көкжиегі» //Ақиқат. №3/2016
3. Нигметжанова Г.М. Тұлғаның өзін-өзі тану мәселесінің психологиялық ерекшелігі. /Вестник КАСУ №4-2005ж.
4. Алаштың білім ордасы. Семей «Тенгри» 2013ж.
5. «М.Әуезов - ХХ ғасырдың ұлы жазушысы және гуманисі». Алматы «Ғылым» 1997ж. /«Әуезов тағлымы» Кирабаев С.С. 78б
6. Әбдімәлік Нысанбаев. Мұхтар Әуезовтің рухани мұрасы және ұлттық қоғамдық ойдың дамуы. 104-114 б
7. «М.О. Әуезовтің көркемдік дүниетанымдық ізденістері (1920-30 жылдар)» Алматы, 2006/ Мамай Ахметов «М.О. Әуезов шығармашылығындағы діни-рухани сарындар». 193-б.
8. Гулзия Пірәлі «Қазіргі Мұхтартану» 2-кітап. Алматы «Елтаным» 2014. 194-б.
9. Ұжымдық монография. «М.Әуезов шығармашылығындағы тәуелсіздік идеясы». Алматы, 2011. 197-413-б.
10. Нұржанат Рахманова «Әуезовтану дәрістері» Алматы, 2010 «Кітап». 305