Ойын іс-әрекеті арқылы балалар танымын дамыту
Ойын- баланың жан серігі іспеттес. Қай бала болмасын ойнап өседі. Әрбір елдің ойыны сол елдің қоғамдық идеологиясына тұрмыс-тіршілігіне, айналыстан кәсіп шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты. Ойын сырттай қарағанда анау айтқандай қиындығы жоқ, оп-оңай тәрізді көрінуі мүмкін. Ал іс жүзінде бала үшін ойынға қатысты басқалармен тіл табысып, өзінің ойлаған ойын іске асыру оңай емес. Мәселен, рөлдерге бөлгенде балаға өзіне ұнамсыз рөлдің тиюінің өзі-ақ көп нәрсені шешеді. Сондықтан тәрбиешінің міндеті -балаларды ойынға өз қызығушылығымен ынтасымен қатысуын қамтамасыз ету. Сонда ғана ойын өз мақсатына жетіп, тәрбиелік мәні арта түседі.
Айталық, тәрбиешінің ұжымдық ойынды тартымды ұйымдастырып, өткізуі балалардың бір-бірімен достық қатынастарының дұрыс қалыптасуының нышаны екені сөзсіз. Ойын кезінде жолдасының айтқанымен келісіп, оны құрмет тұтудың өзі адамгершілікке бастайтын жол.
Тәрбиеші ойын арқылы әр баланың игі бастамасын қолдап, оның бойындағы жақсы қасиеттерді өрбіте, өзіндік мінез-құлқын қалыптастырады. Мәселен, Әлім құмнан неше түрлі құрылыстарды өзі ойлап сала алады. Жанынан келген Әсетке ол құмнан құрылыс салудың жолдарын бар ынтасымен айтып түсіндіреді. Болашақта осы Әлімнен талантты құрылысшы шығуы әбден ықтимал. Әр баланың бойында өмірге деген белгілі бір бейімділігі сүйікті істері болады. Соны дер кезінде байқап, жан –жақты дамыта тәрбиелеу қажет.
Баланың әдепті, көргенді, қайырымды болып өсі қоршаған ортасына үлкендерге байланысты екені мәлім. Бала өмірде көрген-білгендерін ойға түйгендерін ойын арқылы қалай бейнеленсе, біздердің, яғни үлкендердің көрсеткен үлгі-өнегеміз қандай дәрежеде болса , балалардың да тәлімділігі соны айқын бейнелейді.
Балалардың мейірбандық қасиеті отбасындағы үлкен адамдардың өнегесіне, балабақшадағы тәрбиеші апайының ұтымды жүргізуіне байланысты қалыптасады. Үлкендердің мейірімділігі баланың сәби жүрегін қуаныш сезіміне бөлейді. Бала жаны еліктегіш, ол үлкендердің іс-әрекетін үлгі ретінде қабылдайды да , оны ойын кезінде айқын бейнелеуге тырысады. Балалардың бір –бірімен достық қарым-қатынасының дұрыс қалыптасуында мақсаты жүргізілген достық сезім ойын кезінде шындала түседі. Кішкентайлар тобындағы екі-үшеудің бірігіп ойнауы келе-келе ұжымдыққа бағына алады.
Бала табиғатының өзі тек ойынмен байланысты. Сәби шағындағы алғашқы қуыршақпен ойнауы баланың қамқорлық, ізгілік сезімін ойатады да, әрі қарай өріте түседі. Мұндай ізгілік сезім құрбылар арасындағы достық қатынастың қалыптасуына жағдай туғызады. Қай бала болмасын жеке –дара ойнағаннан гөрі , бірігіп ойнаудың әлде қайда қызықты, мақмұнды болатынын айқын сезіне бастайды. Соның нәтижесінде олардың ойынға деген қызығушылықтары артып, достықтары беки, нығая түседі.
Мектеп жасына дейінгі балалардың ерекшелігі ойын арқылы көрінеді. Бала ойынның үрдісінде біз балалардың келіспеушілік кездерін, не болмаса тату –тәтті ойынының , әділетті, ұйымшыл, яки ұйымшылдықтың жоқтығын ойын арқылы айқындап білеміз.
Ойын кезінде балалар өздерінің мінез-құлықтарының танытуы мүмкін, сондықтан ең алдымен балаларды ойын барысында бағыттап отыру қажеттілігі туады, мысалы, қандай іс-әрекетті жасау қажеттілігін, қандай жағдайда қажет кезінде дұрыс бағыт беріп, көмектесу керектігін ойластырған жөн.
Балалардың күнделікті іс-әрекетінің негізгі түрі шығармашылық ойынмен тығыз байланысты болады. Тәрбиеші ойын кезінде балалрдың « Азат менің ойыншығымды алып қойды», «Біздің жасаған құрылысымызды Әсет бұзып тастады», «Сәуле ылғи апа болады да, мен оның қызы ғана боламын» деген сияқты арыз шағымдарын жиі естиді. Ол бұл сияқты ойын кезінде туындаған ұсақ –түйек кикілжің, қақтығыстарды дер кезінде дұрыс шешіп, балалардың өтініштерін аяқсыз қалдырмаса, әділдік жеңіп, олар да бірден тынышталады. Бірақ біраздан кейін басқа біреуі келіп шағым айтуы мүмкін. Сондықтан мұндай дау-дамайлардың алдын алуы бағытындағы тәрбие жұмысы жоспарлы түрде жүргізілгені абзал. Ол әсіресе, педагогтің ойынды шебер ұйымдастыруына, тәртіп бұзатын, қисықтау, қынырлау балаларды өзіне белсенді көмекшілікке тағайындап, біртіндеп ықпал ете отырып, ойын ережесін бұзбай ойнауға негіз болады.
Педагог өз тобындағы тәртіп бұзатын балалардың намысына тимей, адамгершілік жайындағы шығармаларды оқып талдай отырып та, олардың сезіміне әсер етеді. Қай бала болмасын жағымсыз қылықтан жиреніп, әңгіме мазмұнындағы жағымды бейнелерге еліктейді. Ойын кезінде көркем шығармаларды оқу барысында, біртіндеп топтағы балалардың өздері де байқағыш, реттегіш бола бастайды. Тәрбиеші күнделікті білім беру, еңбекке баулу, ойындарды ұйымдастыру кезінде әрбір баланың жеке тұлғасының қалыптасуына ізгілік сезімдерінің дамуына ықпал етуі тиіс, сонда ғана баланың танымына жағымды әсер болады.
Атақты педагог А.С.Макаренко ойын туралы: «Ойын балалар ұжымында міндетті түрде қатысты болуы қажет, ойын ойнамаған балалар ұжымы, нағыз балалар ұжымы болып саналмайды, балалар өмірінде ойындар ұйымдастырылып, ойынның түрленіп отыруы, мазмұнды және қызықты болуы қажет. Балалардың өміріндегі іс-әрекетті ұйымдастыру үшін, ойынға сүйене отырып тәрбиенің тиімділігін қамтамасыз ету керек». Ойын кезінде тәрбиешінің жетекшілігінің міндеті алынған сюжетті ойынның орнықтылығына көмектесіп, ойынның даму барысында ықпал жасап, егер ойын кезінде іс-әрекеттің дұрыс ұйымдастырылмаған жағдайда дұрыс бағыт беру керек. Бала күнделікті ойында бесікті бос тербетіп ойнайды, ал егер бесікке қуыршақ салып берсе, не ұсынса ойынның мәні өзгереді, ойынның көздеген мақсаты да дамиды. Тағы мысал келтіруге болады: Бір топ бала «Поезд» ойынын ойнайды, ойынды өз күштерімен әрі қарай дамыта алмағасын біраз ойыннан кейін тарап кетеді. Ал егер тәрбиеші ойынға араласып, жетекшілік жасаса, балалардың бұл ойындағы қызығушылығы артып, ойынның барысы орнықтылады.
Басқа жағдайда тәрбиеші ойынды өзі бастап өткізеді. Шағын топпен топтасып ойналғанда ойын түсінікті және жақын болады, топ ойыншыларының құрамы әрдайым алмасып отыруы керек. Тәрбиешінің көңілі ойынға бейім болып, балаларды ойын кезеңінде баурай алып, ұжымдылық қабілеттерін нығайту керек. Сюжеттік ойындарда рөлдік ойындардың іс-әрекеті балаларды қызықтырып, ойынға деген құмарлығын арттырады. Мысалы: тасу, жіктеу, тамақ пісіру, яки тәрбиеші болу, мұғалім болу ойындарында балалар үлкендердің бейнесіне еніп, ойынды қызығушылықпен ойнайды.
Ойын кезіндегі жетекшіліктің тәрбиелік маңыздылығы - ойын барысында дайын рөлдерді ұсынбай, ойындағы рөлдік іс-әрекеттің тууы, ойынның дамып, түрленуіне жағдай жасау. Егер балалар ойын ережесін дұрыс түсініп қабылдамаса, ойын барысында жетекшілік жасай алмай, ойын тез бұзылады, не рөлдік ойындарда ойын аяқсыз қалады.
Бала ойынын жандандыру үшін ойыншықтардың маңыздылығы зор. Сондықтан ойыншықтарды дұрыс, орынды таңдау керектігіне көңіл аудару қажет. Таңдау негізінде баланың ойындағы қолданылатын ойыншықтарын зерттеп білу, ойынщықтарды тікелей мақсатта қолдану ғана емес, ойын кезіндегі қажеттілігі үшін әртүрлі қолданылуына байланысты мәселесін ойластыру керек. Мысалы: құрылыс материалдары көбіне тікелей мақсатпен қолданылмай, басқа ойын мақсатында қолданып ойнайды. Ол уақытта баланың ойынын тоқтатпай бағыттап, дұрыс қолданылуын түсіндіру керек. Сюжетті ойынның бір тақырыпта болуы, оның бірнеше күнге созылуы мүмкін. Егер сәбилер тобында балалар рөлдік іс-әрекетті ( қимылдау, тасу, сүйрету, пісіру) ойындары қызықтырса, естияр кезінде бұл рөлдік іс-әрекеттерді белгілі бір түрде бейнелей алады. Осылай сатылай отыра бала есейген сайын әлгі рөлдің мағынасын түсіне бастап, үлкендердің еңбегінің бейнесін қабылдай отырып, түсінушілік ой-өрісінің маңыздылығы қалыптасады. Баланың бұл түсінушілік қадамы, оның дамуына өзіндік әсерін тигізеді.
Балабақша балалары болашақ қоғам иесі болғандықтан дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын деңгейі жоғары білікті болуы міндетті. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдениетін жасөспірімдер бойында саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасын,міез-құлығын, өмірге деген көзқарасын, бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты.
Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесі тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық , жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Ал балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері сабақтарында өлі-тірі табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылыады.
Қазақ ауыз әдебиетіндегі,әсіресе, балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала- балалар ойыны. Ойын-балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың саотын үйренуде, табиғат құбылыстарын көру, сезу, есту қабілеттерін, зейінділік пенн тапқырлықтарын дамытады. «Адам өркениетке бейім болуы үшін балалық шақты бастан кешіруі міндетті, иегер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса,ол мәңгілік жабайы болып қалған болар еді» деп К. Чуковский бала денесінің мен ой дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей байланысты екендігін атап көрсеткен.
Қазақ халқының жылдар бойы атадан балаға жалғасып, қалыптасқан ұлттық дәстүрі, әдет-ғұрпы, тәрбие мектебі бар. Баршамызға белгілі, ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттері қалыптасады. Ойын дегеніміз-жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді.
Ойын - мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров: « Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа мүмкінділігі, бейімділігі және қызығуы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсініңті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға тырысады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетті біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетте бағыттайды,балалардың өзара қарым-қатынасын реттеп,олардың бойында адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады. Бала алған рөліне сай кейіпкердің киімін киіп,қимылын, дауыс ырғағын мәнерлі жеткізуге тырысады, көркемдік сабақтардан ( ән-саз, бейнелеу өнері сабақтары) алған білімдерін пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан құрастырған заттарды ойын құралы ретінде пайдаланады. Мазмұнды- бейнелі ойынның ерекшелігі: оның балалардың өздері дасауында, ал лйын қызметі айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Бұл ойындар қысқа да, ұзақ та болуы мүмкін.
Құрылыс ойынынында бала сызық бойына әдемі үй құрылысын жасап, оның бояуларының бір- бірімен келісімді болуын қадағалайды. Құрылыс материалдарын пішіні, түсі бойынша симметриялы орналастырып, оларды көлемі (кең, тар), биіктігі (биік, аласа) бойынша салыстырады. Ойын барысында шығармашылық танытып, жаңа мазмұн ойластырып белсенділік көрсетеді. Өзінің және жолдастарының тұрғызған құрылыстарының сапасына баға береді. Дидактикалық ойын барысында есту, көру, сезіну, қабылдау сияқты үрдістері дамып, балалар музыкалық ойыншықтар мен әртүрлі саздық аспаптардың дыбыс шығару ерекшелігін ажыратуға, заттардың пішінін,түсіне, көлеміне қарай іріктеуге, әр түрлі қимылдарды орындауға үйренеді. Ауызша ойналатын дидактикалық ойындарда сұрақ, өтініш, келісімді білдіретін дауыс ырғақтарына еліктеу қабілеттері жетіледі. Ертегі немесе әңгіменің мазмұны бойынша бөлек-бөлек суреттерді пайдаланғанда оларды белгілі бір тәртіппен жинау үшін байқағыштық пен тапқырлық көрсетеді. Қимыл-қозғалыс ойынында балалар санамақтар, ойындар, тақпақтар қолданады. Бұндай ойындарда балалардың ептілігі, қимылды әдемілігі дамып, кеңістігі, уақытты бағдарлауға үйренеді, батылдық, тапқырлық, қайраттылық, достық, жолдастық көмек, тәртіптілік, ойын ережесіне бағына білу сияқты адамгершілік сапалар қалыптасады. Бала өмір құбылыстарына, адамдарға, жануарларға деген ынтасын, қоғамдық мәні бар іс-әрекетке деген құштарлығын ойын арқылы қанағаттандыратындықтан, ойынның қай түрі болсын балалардың адамгершілік тәрбиесінің дамуында маңызды рөл атқарады.
Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті-ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма?» деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады.