Тақырыбы:
Қазақ халқының материалдық мәдениеті
Тексерген: Уалиева Г.Қ
Орындаған: Шаракулова Ж.Ш
Қазақ халқының материалдық мәдениеті
Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің түп тамыры өте тереңде жатыр. Қазақ мәдениетінің қалыптасып дамыған аймағы осы ұлттың бүгінгі мекені, соның төңірегі. Оның дәлелі археологиялық , палеоэтнографиялық деректер. Біздің жерімізде мекендеген андронов тайпаларының қыш құмыраларындағы ою-өрнектер кейінгі қазақтың бау, басқұрларындағы нақыштарға ұқсайды. Андроновтықтардың тастан салған үйлері, шаруашылық құрылыстары, құдықтары кейінгі қазақтың осындай құрылыстарында көрініс тапқан. Одан бергі сақ , ғұн , үйсін , қаңлы тайпаларының да мәдениеттерінің қазақ дәстүрлі мәдениетінің қалыптасуына әсері аз болмаған. Ерте ортағасырларда бүгінгі Қазақстан жерін және көрші аймақтарды мекендеген таза түркілік этностар және мемлекеттер тұсында бүгінгі қазақ халқы дәстүрлі мәдениетінің, тілінің негізі қалыптасты. Жалпы мәдениетті, әдетте, шартты түрде екіге бөлеміз. Ол материалдық (заттай) және рухани мәдениет. Материалдық мөдениетке ұстап көруге болатын заттық дүниелерді жатқызсақ, рухани мәдениетке көзбен көріп ұстауға келмейтін рухани құндылықтарды жатқызамыз.
Ұлттық материалдық мәдениетте оның дәстүрлі ерекшеліктері анық көрініс табады. Қазақтың дәстүрлі материалдық мәдениетінің ең бір көрнектісі де көнесі — киіз үй .
Киіз үй тарихы
Дәстүрлі қазақ көшпелі қоғамының материалдық мәдениет саласындағы үлкен бір жетістігі — киіз үй. Бүгінгі таңда киіз үйдің 2 мың жылдан астам тарихы бар екенін ғалымдар дәлелдеп отыр.
Көшпелі сақтар бұдан екі жарым-үш мың жыл бұрын өмір сүргендігі белгілі. Көшпелі сақтарда үлкен арбаның үстіне тіккен (орнатқан) киіз жамылғылы баспанасы және жиналмалы шошақ үйлері болған. Б.з.д. I мыңжылдықтың соңында Қазақстан жерін жайлаған ғұндар мен үйсіндерде уықты , шаңырақты, киізбен жабылған үйдің болғандығы дәлелденіп отыр. Одан екі-үш ғасыр ертерек кезеңге жататын Алтайдың Пазырық қорғандарынан табылған киіздердің қазақ киіздеріне ұксастығы таңғалдырады.
Жиналмалы керегесі бар, уық, шаңырағы бүгінгі қазақтың киіз үйіне ұқсас жылжымалы баспана түркі заманында толық қалыптасқан болуы керек. Орхон—Енисей көне сына жазбаларында киіз үй ұғымын білдіретін « керагу » деген сөз кездеседі. Көне түркілердегі киіз үйдің « керегу » атауы кейінгі қазақтарда да сақталған. Қазақ кейде киіз үй атауының баламасы ретінде « кереге » деген сөзді де қолданады. Бұл әдет көбіне шығыс өңірі қазақтарында жиі кездеседі.
Монғолдар керегесі бар киіз үйді түркілерден шамамен XIII ғасырда қабылдаған. XV—XVI ғасырларда Еуразия даласында киіз үйдің екі түрі — түркілік және монғолдық түрлері қалыптасады. Киіз үйдің түркілік түрі уығының иіні қайқылау болуына байланысты жатағандау болып келеді, ал монғол киіз үйінің уығы тіктеу, төбесі конусқа ұқсас шошақтау болады.
Қазақтың күнделікті өмірде пайдаланған үйлері дәулетіне қарай төрт қанаттан сегіз қанатқа дейін болған. Әйгілі ғалым Әлкей Марғұланның айтуына қарағанда, салтанатты орда үйлері 12,18, тіпті 30 қанатқа дейін болған. XVIII—XIX ғасырларда қазақтың сұлтандары, атақты билері екі үйді қатар тігіп, арасынан керегеден дәліз жасап екі бөлме етіп те пайдаланған. Кереге желкөз және торкөз болып екі түрге бөлінеді .
Киіз үйдің құрылысы
Киіз үй ағаш , киіз бөліктерінен және бау-шудан тұрады. Үйдің ағаш саймандары төрт бөліктен: кереге , уық , шаңырақ және есіктен тұрады.
Кереге — киіз үйдің дөңгелек қабырғасын құрайтын, бірнеше жиналмалы бөліктен тұратын зат. Әрбір жеке бөлігі қанат деп аталады.
Уық — шаңырақ пен керегенің арасына дәнекер болып тұратын иінді шыбық ағаштар.
Шаңырақ — киіз үйдің төбесі. Үйдің көлеміне қарай шаңырақтың диаметрі екі жарым метрден бес метрге дейін болады. Шаңырақ иінінің бүйірінің астына қарай уықтың ұшы кіріп тұратын көздері болады. Шаңырақтың дөңгелек иінінің ортасынан жартылай томпайып келген кергіш ағаштар салынады. Бұл ағаштарды күлдіреуіш дейді. Олардың екі түрлі қызметі бар. Бірі — шаңырақты керіп тұру, екіншісі - шаңырақтың үстінен жабылатын түндік (түңлік) киіздің астына дәнекер болу. Күлдіреуіштің бағыты есікке қарамай ауысып тігілсе, көргенсіздіктің белгісі деп есептелген.
Сықырлауық — киіз үйдің ағаш есігі. Ашып-жапқанда одан шығатын дыбысқа қарай сықырлауық атанған. Бұл есік екі жармалы болады. Оны, әдетте, өрнектеп әшекейлеп жасайды.
Киіз үйдің киіз жамылғысы үш бөліктен тұрады: туырлық , үзік , түндік . Туырлық — үйдің кереге бөлігін айнала жауып тұратын төртбұрышты ұзын киіз. Әдетте, туырлық үйдің көлеміне қарай үшеу, төртеу болады. Уықтардың үстін жауып тұратын трапеция тәрізді киіз жамылғыны үзік деп атайды. Ол екеу болады. Шаңырақты жауып тұратын төртбұрышты шағын киізді түндік (түңлік) дейді. Сонымен қатар көбінесе киіз үйдің ағаш есігінің сыртынан киіз есік тұтады. Оны түнде түсіріп, күндіз шиыршықтап маңдайшаға жинап қояды.
Киіз үйдің бау-шуына желбау, аяқ бау, аспа бау, әр турлі таңғыштap, бау-басқұрлар жатады. Олар, әдетте, тоқылып жасалады. Әдемі геометриялық өрнектермен безендіріледі.
Қазақ дәстүрі бойынша киіз үйдің есігін шығысқа қаратып тіккен. Күншығыс бағытын ұстану сонау сақтардан, одан бергі қыпшақтардан келе жатқан дәстүр.
Киіз үйдің іші оң жақ, сол жақ болып бөлінеді. Киіз үйдің оң-солы төрден есікке қарап отырған адамның оң-солымен есептеледі. Киім үйдің сол жақ жоғары бөлігінде үй иесінің төсек-орны болады, одан төмен ыдыс-аяқ , саба , ас-су тұратын орын, оны кейде шимен қоршап орналастырады. Үйдің оң жақ бөлігінде бойжеткен қыздың төсегі орналасады. Қазақ сондықтан бойжеткен қызды «оң жақта отырған қыз» деп атайды. Үйдің қақ төрінде жүкаяқ қойылып, үстіне жүк жиналады. Оң жақтың есікке жақын бөлігінде ер-тұрман қойылады, жүген ілінеді. Үйдің қақ ортасында ошақ болады.
Қазақ халқының ұлттық киімдері
Күнделікті тұрмыста киетін киімдермен қатар той-томалаққа, жиынға киетін киімдер болады. Сал-серілер, ел жақсылары, бой түзеген бойжеткендер, бозбалалар әдемі киініп жүретін болған. Жалпы, киімдер адам үшін тұрмыстық және әлеуметтік қызмет атқарған. Киген киіміне қарап адамның дәулетін, қоғамдағы орнын ажырататындықтан да « жат жерде тонсыйлы » деген ұғым қалыптасқан.
Киім ерлер киімі , әйелдер киімі деп бөлінген. Жас ерекшелігіне қарай кішкене балалардың, бозбала-бойжеткендердің, орта жастағы адамдардың, қариялардың киімі болып тағы да бөлінеді. Киімдер, сонымен қатар бас киім , ұлы дене киімдері және аяқ киім болып бөлінеді.
Ерлердің киімі — ішік , тон , шапан , шалбар (сым) жөне өте көне заманнан XIX ғасыр мен XX ғасырдың басына дейін келіп жеткен түрі — кебенек , күпі , жарғақ (тайжақы).
Ішік — иленген теріден жүні ішіне қаратып тігілген қыстық киім. Ішік бағалы аң терілерінен тігілетіндіктен бұлғын ішік , жанат ішік , қасқыр ішік , түлкі ішік деп бөлінеді. Ішіктер кейде етек-жеңіне алтын , күміс зер ұсталған, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырмалы болып келеді. Ішікті жол жүргенде, той-жиынға көбірек пайдаланады.
Toн — иленген теріден , көбінесе қой терісінен тігілетін киімнің бip түрі. Тон жіліншікке, одан төмен толарсаққа дейін түсетіндей етіп жасалады.
Шапан — ішіне жүн , мақта тартып, қалың матадан тігілетін киім. Шапан қыстық, жаздық болып бөлінеді. Жұқалау етіп тігілген жаздық шапанды жадағай шапан дейді. Шапандар қайырма жағалы, кейде тік жағалы болады. Көпшілік жерлерде өңірі үшкілденіп ашық қалдырылатын шапандар тараған. Жиын-тойға киетін шапандар түрлі түсті жібек жіппен кестеленіп, зер салынған. Шапанда түйме болмайды, мата белбеумен, не сырылып жасалған белбеумен қусырылады.
Шекпен түйе жүнінен жасалған матадан тігілетін сырт киім, ол астарсыз болады.
Ерлер бас киімі — тымақ , бөрік , тақия , қалпақ , жалбағай.
Тымақ — қыстық бас киім. Ол пайдаланылған терінің түріне қарай түлкі тымақ, елтірі тымақ, сеңсең тымақ болып бөлінеді.
Бөрік — қыста да, жазда да киілетін бас киім. Қыстық бөрік қалың жасалып, жиегіне елтірі не аң терісі жапсырылады. Қалпақты қазақ көбіне көктем, жаз, күз айларында киген.
Тақия – ерлердің жеңіл бас киімі. Тақияның түрлері көп. Биік төбелі, тегіс төбелі және үшкір төбелі тақия.
Ерлер аяқ киімі — мәсі , етік, саптама, кебіс , шақай (шоқай, шәрке) болып бөлінеді.
Етік — қонышы жіліншікті жабатын, басы өңделген сиыр, жылқы терісінен, қонышы қой, ешкі терісінен тігілетін, табаны қалың, жайпақ өкшелі аяқ киім. XIX ғасырдың орта шенінен бастап етікті фабрикада өңделген былғарыдан тігетін болған.
XVIII—XIX ғасырларда кең қолданыста болған аяқ киім — саптама . Оның өкшесі биік, басы қайқылау болып, қонышы тізеден асатын бұл қыстық аяқ киімді киіз байпақпен киген. Мәсі — жұқа теріден не былғарыдан жасалатын жұмсақ табанды, өкшесіз аяқ киім. Оны көбіне үйде киіп, далаға шыққанда сыртынан галош сияқты затты табанды,өкшесі былғары аяқ киім - кебіс киген. Кедей адамдар, бақташылар қой терісінен тігілген, киіз байпақпен киілетін жеңіл аяқ киім киген.
Әйелдер киіміне — көйлек , камзол, белдемше , шапан, кестелі тон жатады. Әйелдер көйлегінің жағасы тұйық. Әйелдер көйлегін екі түрлі пішкен. Бірі ұзынынан тұтастай пішу де, екіншісі мықынға дейін бөлек пішіп, кейін қосып тігу. Әйелдер көйлегінің жаға тұсы — алды бip қарыстай кесіліп, өңірі мен жағасы түймемен тұйықталып жабылады. Кейде қыз балалар көйлектің сыртынан өңірше киетін. Өңірше дегеніміз — үшбұрышты бұлдан істеліп, шетіне тоқыма бау сырылып, желкe жағынан түймеленетін киім. Кейде өңіршеге маржан , күміс тиындар да тағатын. Әйелдер көйлегінің жеңі ұзын болады, жасына қарай әйел көйлектерінің түр-түсі әр түрлі. Мысалы, қыздар мен жас келіншектер қызыл, жасыл түсті немесе түрлі түстінің ашық түсінен көйлек киеді. Қыз балалар жиын-тойға қос етек көйлек киген.
Күнделікті өмірде мақта матасынан тігілген көйлек кисе, қызық-қуанышқа жібек, атлас , барқыт , парша , пүліш көйлектер киетін.
Атқа мінгенде, сыртқа шыққанда әйелдер қалың мақта матасынан, мәуітіден тігілген шалбар киген.
Қамзол
18- 19 ғасырларда қазақ халқы арасында кең тараған ұлттық киім. Қамзол туралы мәліметтер 19 ғасырдың ортасынан бастап кездеседі. Қамзол тек қазақта ғана емес, басқа да түркі елдерінің киім үлгілерінде кездеседі. Әйелдер киімінде қамзолдың орны ерекше, ол әрі жылулық, әрі сәндік міндеттерін атқарады. Қамзолдар астарлы, жеңсіз жеңіл жаздық киім. Етектері мен жағалары тас, оқа, күміс тиындарымен ( сөлкебай )әшекейленген, бұйымдар қадап, әртүрлі әткеншектер ілінген.
Көйлек – әйелдерге арналған киімнің бір түрі ( Қазақстанның кейбір аймақтарында ерлер жейдесін де Көйлек деп атайды). Қыздар мен әйелдер Көйлекгін бүрмелі, тік етек, қос етек, үш етек, көп қатарлы деген бірнеше түрге бөледі.
Бөрік - Қазақтың ертеден қалыптасқан ұлттық бас киімі , оны бағалыаң терісінен және жас төлдің- етірісінен тігеді . Оның жаздық және қыстық түрлері болады. Терінің түріне қарай бөрік әр алуан аталады. Құндыз бөрік , сусар бөрік , кәмшат бөрік , жанат бөрік , түлкі бөрік , елтірі бөрік , т. б. деп аталады. Оны ерлер де, қыздар да киеді .
Сәукеле — әйелдің бас киімі, оны ұзатылған қыздар және оның жанына еріп жүретін құрбылар киген. Сәукеленің негізгі бөліктері — тәж , төбе , құлақбау және артқы бойы. Сәукеленің төбесі қиық конус тәрізді болып келеді.
Кимешек
Жасамыс (егде) әйелдер киетін бас киім . Ол өн бойы көкіректі жауып тұратын тұтас матадан тігілдеді. Ақ матадан бет жағы ойылады. Жағы, өңірі оқаланып кестеленеді. Төбесіне сәндік үшін шылауыш немесе күндік сияқты ақ мата оралады.
Қазақ әйелдерінің аяқ киіміне мәсі , етік , кебіс жатады.
Мәсі жұқа теріден тігілетін өкшесіз жұмсақ аяқ киім. Оны көбіне үйде киеді.
Ертеде қазақ әйелдері мәсінің сыртынан кебіс киетін. Кебісті кейде байпақпен де киген. Кебіс дегеніміз — былғарыдан жасалатын калош сияқты, бірақ өкшесі болатын, табаны қалың аяқ киім.
Әйел етіктері де былғарыдан тігіледі. Етік сыртқа киетін аяқ киім, оның міндетті түрде өкшесі болады. Кейде әйелдер етігіне ою-өрнек бастырады.
Қазақтың зергерлік бұйымдары
Қазақтың зергерлік өнері ежелгі дәстүрлердің сабақтастығы мен көрші халықтар мәдениетінің өзара ықпалы арқылы қалыптасқан. Зергерлік өнердің өзіндік жасалу ерекшелігіне тән кәсіптік мінездемесі бар. Қазақ зергерлері (зер – зар парсы тілінде алтын ұғымын білдіреді) көбіне жеке – дара жұмыс істеп, өз өнерінің қыр – сырын ұрпақтан – ұрпаққа үйретіп отырған. Зергерлердің басты жұмысы – қоғамның барлық әлеуметтік топтарының сұранысына ие болған - әйелдердің әшекей бұйымдарын жасау. Ол тек эстетикалық сұраныстан ғана емес, сондай – ақ діни – идеологиялық, әдет – ғұрыптық, салт – дәстүрлік қажеттіліктен де туындап жатты. Негізгі материал ретінде тіл – көзден, пәле – жаладан сақтайтын тылсым күші, қасиеті бар деп танылған алтын, көбінесе күміс пайдаланылды. Ата – бабаларымыздан мирас болып қалған зергерлік бұйымдар Сырым Датұлы атындағы тарихи - өлкетану музейінде де сақтаулы.
Сақина – жүзіктер . Сақина, жүзіктерді сиқырлы күші бар заттар деп қарастыру Шығыста кеңінен таралған түсінік. Кез келген әйел ас тазалығы үшін күміс сақина не жүзік салып жүруге тиіс болды. Бұл ретте қазақтың: «Тамақ адал болуы үшін қолда жүзік болуы керек» - деген қағидасы бар. Сақина – жүзіктердің үш – төртеуі әдетте сәндік үшін киілген. Ал үлкен айтулы жүзіктерді мереке – тойларда егде әйелдер тағып шыққан. Қазақ халқы нәрестені шомылдырғанда суға күміс теңге тастап: «Баланың күні күмістей жарық болсын» деп жоралғы жасаған екен. Сақина мен жүзіктің киелігі мен қасиеттілігіне сену ғұрпы Шығысқа кең тараған түсінік.
Құдағи жүзіктер . Батыс Қазақстандық «құдағи жүзіктер» екі бастаудың, екі шаңырақтың ілік жекжат болуын бейнелейді. Бұл жүзікті келінге деген жылы қабағы, қамқорлығы үшін қыз шешесі құдағиына салады.
Алқа. Қазақ әйелдерінің ең жеңіл бұйымдарының бірі . Ол бір-бірімен шығыршық арқылы жалғасады және бірнеше төрт бұрыш, үш бұрыш, дөңгелек әшекейлерден көрініп тұратын болғандықтан асыл тастармен өңді әйнектермен безендіріледі.
Сырғалар. Әшекейлердің тіл – көзден сақтау қасиеті бар деген түсінік ертеден қалыптасқан. Солардың көнеден келе жатқандарының бірі – сырға. Ол әйел затының бала кезден бастап өмірден өткенше тағып жүретін әшекейі. Сырғалардың көптеген түрлері бар. Ширатпа сырғалар шебер әшекейленгендігімен әрі нәзіктігімен ерекшеленеді. Ол жеңіл келген, қиюы жарасқан ширатпа сырғалар қоңырау қалыпты салпыншақтарымен жақсы үйлеседі. Халықтың көне діни сенімімен астарланып жатқан ай сырғалар бұрын да, бүгін де кеңінен таралған. Пішіміне орай бұл сырғалар космологиялық – ғарыштық нақыштармен әшекейленген. Ұзын шынжырлы ілдіргілерге бекітілген дөңгелек бітімді сырғалар да өте сәнді көрінеді. Салмақты және көлемді бұйымдарды Батыс Қазақстандық шеберлер құйып жасамаған, оларды қапталған күмістен соққан. Оның бетіне қалыпты өрнектер мен бедерлерді зерлеу жеңіл болған.
Білезік. Білезік әдетте бір қолға кейде екі қолға да тағылады. Білезіктер жәй және топсалы болып бөлінеді. Сондай – ақ саусақтарға тағылған жүзіктердің білезікпен қоса жасалуы «бес білезік» деп аталады. Білезіктің ашпалы – жаппалы түрін қақпақ білезік дейді. Иіліп істелетін жұмыр білезіктердің екі қоспасын кигенде жыланның бас пішініне келтіріп, ортаңғы бөлігін жуандау етіп жасайды. Формасы ХХ ғасырда қалыптасқан сағат білезік түр ерекшелігімен қызықтырады. Қыздардың тағуы үшін нәзік те сымбатты өрнектеліп жасалатын жұқа селдір білезіктердің іс –мәнері де арнайы атап өтуге тұрарлық.
Шолпы, шашбау. Халық арасында «Адам жанының бір ұшы шашының арасын мекендейді» деген наным сақталған. Сондықтан да шолпының ұшына бәле – жаланы маңайлатпайды деп қоңыраулы сылдырмақ тағатын болған. Шолпы, шашбаулар бір жағынан әшекей болып саналса, екіншіден, қыз шашының ұзындығы мен қалыңдығын көрсетіп тұрады. Шашбау асыл тастар мен күміс теңгелерден, ортасына ақық орнатылған шілтерлі майда таналардан құралып, қыз бұрымының ұшына тағылады.
Әйелдер мен еркектер үшін істеліп, көп тұтынатын заттың бірі – түйме. Шебер зергерлер бойжеткен қыздың немесе батырдың түймесін алтын, күміс, мыс т.б. металды қолданып, әшекейлеп, оюлап жасайды. Дөңгелек, үш бұрыш, төрт бұрыш түймелер істелген. Түйменің сабағы, сағағы жоғын тана деп атайды.
Қазақ зергерлері қыздар мен келіншектердің ісмер, шебер болуы үшін және қолды жарақаттап алмауы үшін оларға арнап әдемі оймақтар жасаған. Оймақ көбінесе күміс пен мыстан өрнектеліп, ине тоқтар жері көп шұқыланып бейнеленген. Оймаққа өте жіңішке күміс бау да тағылған. Оймақ былғарыдан да жасалады. Оны матадан көйлек, камзол т.б. іш киімдер тігуде қолданады.
Қазақ келіншектерінің ең әдемі, ең көп қолданған әшекей заты – түйреуіш. Әсіресе, кербез әйелдер алтындаған, күмістеген және оқшантайлы белбеу буынған. Қазақ әйелдері алтындаған, күмістеген, әрі жіңішке әрі жібекпен шеккен, шығыршықты ілмекті үзбелі белбеу тұтынған. Оның қалай және неден істелгенін, қалай әшекейленгенін, нендей қосымша пайдаланатын құралы барлығын білдіреді.Оның қалай және неден істелгеніне байланысты «шығыршықты белбеу», «мақпал белбеу», «дүрия белбеу» т.б. аттары бар.
Қару жарақтар
Қазақта « ер қаруы — бес қару » деген сөз бар. Ол бес қаруға aтy қарулары ( садақ , жақ, жай) , түйрегіш қарулар ( найза , сүңгі, жыда), кесу қаруы ( қылыш , семсер , сапы), шабу қаруы — айбалта , соғу қаруы ( шоқпар , гурзі ) жатады.
Қосымша қару-жарақтарға қанжар , кездік , арқан жатады. Қанжар (кездік) ертедегі сақ, түрік тайпаларында кездеседі. Олар көбіне семсер, сапылардың кішірейтілген түрі. Айқас кезінде жау әскеріне арқан тастап, аттан құлатып сүйретіп те әкететін әдіс болған.
Қару атадан балаға мұра болып беріледі. Ер жетіп алғаш рет ел қорғауға шыққан жас батыр әкесінің, не атасының қаруын сандықтан алып беліне таққан.
Қорғаныс құралдарына сауыт, дулыға, қалқан жатады. Сауыттың көбе сауыт, кіреуке сауыт, берен сауыт, қаттама сауыт, жалаңқат сауыт, торғауыт сауыт деген түрлері бар. Көбе сауыт тырнақтың көбесі сияқты металл тіліктерден бір-бірін бастыра бекіткен сауытты айтады. Кіреуке сауытқа темір торлы сауыт жатады. Ол темір шығыршықтардан тоқу, өру арқылы жасалады. Берен сауыт болат темірден жасалатын өте мықты сауыт. Қаттама сауыт матадан бірнеше қабатталып, сырылып тігілетін сауыт. Бұл әрі жылы киім. Торғауыт сауыт бірнеше қабат қалың теріден тігілетін сауыт. Ол бірнеше бөліктен тұрады. Бір бөлігі саннан мойынға дейін жапса, екінші бөлігі арқаны, үшінші, төртінші бөліктері екі қолдың үстіңгі жағын жабады. Әр бөлік денеге қайыс баулармен бекітіледі. Мысалы, жырда айтылатын «тоғыз қабат торғауыт» деген сөз бірнеше қабат теріден жасалған сауыт дегенді білдіреді.
Сауыттармен қатар кеудеге, арқаға, иыққа дөңгелек болат тақталар байланатын. Осындай қорғаныс құралын шарайна деп атаған.
Дулыға — басты қорғайтын бас киім. Олардың бөрік пішіндісі, қалпақ пішіндісі, телпек (тақия) тәріздес және күләпара пішіндес түрі болады .
Қалқан да ертеден келе жатқан құрал. Ол сақтардан бері белгілі. Ат үстінде соғысуға арналған көшпелілер қалқаны кішкене, жеңіл болып келеді.
Бұлардан басқа адамның ашық қол-аяғын қорғайтын сауыт , атты қорғайтын ат сауыты да аса жиі болмаса да ерте қазақтарда кездесіп тұрған. Сонымен қатар сонау сақтардан бастау алып, кейінгі қазақтарға дейін жеткен ат томағасы да бар. Бұл ат басының маңдай алдын, екі шекесін, төбесін жауып тұратын қалқан. [1]
Ертоқым немесе ер тұрман
Ғаламның дамуына бабаларымыздың үзеңгіні ойлап тапқаны негіз болған деп көпіреміз. Славяндар шәркей киіп жүргенде біздер бұтымызға тері шалбар киіп ат ертегенбіз деп те мақтанамыз. Бабаларымыздан қалған ат әбзелдерін тарата отырайын. Жылқыны жайдақ үйреткен көшпенділер, оған жайлы болу үшін ертоқымды да ойлап тапқан еді.
Ер тоқымның құрамына: терлік, киіз тоқым,қайыстан өрілген айыл-тартпа,үзеңгі,құйысқан, өмілдірік және көрпеше мен қанжыға кіреді. Осының бәрі ағаштан ойылып жасалған қаңқаны толықтырып ер-тоқым атауына ие болады. Терлік-аттың арқасына жабылатын көлемі тоқымнан сәл үлкен терді сорып тұратын материалдан даярланады. Қазіргі кезде бұл материалдың рөлін одеяло ойнап жүр. Тоқым-көлемі терліктен кіші ердің қаңқасының екі қапталына өлшеніп қиылған киіз.Төрт бұрышты болып келеді. Бұл аттың арқасын ағаш ер жауыр қылмау мақсатында төселеді.Терліктің үстіне тоқымды қойып, терліктің артық қалған бөлігін киіздің үстіне қайырып қоямыз (алдыңғы жағынан қайырылады «связка» ретінде).
Бұлардың үстіне ағаш ерді қоямыз. Ағаш ердің үстіне көрпеше төселеді. Кезек айыл тартпаға да келді. Ер тоқым әрі бері жылжымас үшін және екі қапталға ауып кетпес үшін ойлап табылған қайыс баулар.айыл ердің үстіндегі көрпешенің үстінен жіберіліп аттың алдыңғы қабырғаларының тұсынан байланады. Ал, айыл ердің қапталының артқы жағына байланған бау. Бұл аттың артқы қабырғалары тұсынан байланады. Үзеңгі-атқа жерден тез міну үшін ойлап табылған тепкішік немесе ілмек. Бұлда ердің ағаш қапталына қайыспен байлану арқылы ердің бір бөлігіне айналады. Құйысқан-бір ұшы аттың құйрығына ілініп, екі ұшы ердің екі қапталына бекитін құрылғы.Бұл ер тоқымның алдыға қарай жылжып кетпеуі үшін қажет. Мысалы, таулы жерден еңіске қарай түскенде аттың мойнынан ауып түспес үшін. Өмілдірік- керісінше аттың кеудесінен (төсінен) ердің алдыңғы екі қапталына бекитін құрылғы. Бұл ер тоқымның артқа жылжымауын қамтамасыз етеді. көбіне шоқтығы биік жылқыларға қолданылады. Қанжыға-ердің артқы екі қапталына бекіген екі бау. Бұл аулаған аңыңды байлап алуға немесе қажетті заттарыңды байлап алуға арналған бау.
Көңіл бөліп тыңдағандарыңызға рахмет