
ЭССЕ «Тәрбиеші болу бақыт»
Мамандық – әрбір адамның болашағы, сондай-ақ тіршілік көзі болып табылатын сүйікті іс. Кез - келген адам өз мамандығына құрметпен қарайды. Мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті қажет етеді.Адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі тиіс. Болашақта қандай мамандық иесі болатынын армандамайтын бала болмайды. Мектеп түлегі ретінде менің ойымды «Қоғамға, елге пайдасын тигізетін мамандықты қалай таңдауға болады?» -деген сұрақ мазалады.
Менің таңдаған мамандығым –ұстаз болу. Сондықтан, Қостанай қаласының №61 бөбекжай- бақшасында тәрбиеші болып жұмыс істеймін.
Тәрбие тал бесіктен басталып, балабақшадағы тәрбиемен ұласады. Тәрбиеші- балаларды адам мәдениетінің әлеміне, күрделі және алуан түрлі қарым-қатынастардың әлеміне ертетін үлкендердің бірі. Ұжымымның өмірінде таңғажайып қызықтар бастан өтіп жатады. Бірақ, бәрінен де жарқ етіп, есте қалғаны – біздің бірінші кездесуіміз. Балабақша есігін ашқанымда – «Бақытты балалық шақ» әлеміне түскенімді түсіндім. Әр мамандықтың өз қиындығы, өз қызығы бар. Тәрбиешінің жұмысы күрделі де, қызықты . Шынын айтсам, кейде жұмыстан соң үйге келгенде, қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген күнді талдай отырып, балаларымның маған деген ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарын бір сәт еске түсірсем, шаршағаным ұмытылып та кетеді. Осы бір «Балалар әлемінің» теңізіне бір бойласаң, ешқашан басқа жаққа кете алмайсың деп ойлаймын. Өйткені бала – пәк, бала – тап-таза , мөлдір бұлақтың бастауын, көзін ашып, тұнығына қану үшін қаншама қиын да, қызықты еңбек пен тер төгу керек десеңіз! Балаларды ана тілінде әдемі сөйлету, олардың ой-сезімдерін анық, еркін, көркем жеткізе алуға баулу, танымдық қабілеттерін дамыту – тәрбиешінің мақсаттарының бірі.
«Тәрбиешінің жеке басының жас жанға ететін ықпалы оқулықтармен де, жақсы әдет-ғұрыпты құлаққа сіңіретін уағызбен де, жазалау және мадақтау жүйесімен де, ауыстыруға көнбейтін тәрбиелеушілік күшке ие» , – деген ұлы жазушы К.Д.Ушинский. Мен әрі «әсем сөз» маманы, әрі суретші, әрі әртіс, әрі баланың жан дүниесін түсіне алатын психолог ретінде балаларымды тәрбиелеуде халқымның ғасырлар бойы келе жатқан құндылықтарды бойына сіңіріп, ойына ұялатуға тырысамын. Менің кәсібіме, еңбек іс-әрекетіме деген көзқарастың қалыптасуына әріптес ұстаздарымның рөлі ерекше. Берсүгірова З.К, Ахметова С.Е. және т.б. педагогтардан үлгі-өнеге алдым. Осы кісілерден алған ең басты сабағым – балаға деген мейірімділік, қамқорлық және жанашырлық, шыдамдылық, шынайы болу және әрдайым шығармашылық ізденісте болу. Әр таңда өз кішкентай достарымды асыға күтемін, олардың әрқайсысы бүгін қандай көңіл күймен келетінін ойлаймын. Кішкентай адамның көкірегі ашық, жүрегі жұмсақ, ол маған сенеді, сондықтан бұл үлкен жауапкершілік! Таңғажайып балалар әлемін тереңірек танып, өз өмір тәжірибемнің, мейірімнің дәндерін қондыру – менің жұмысымның мәні. Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала, ешнәрсеге де алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып, маған сенім артады. Пәк көңіл балаларыммен ара-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды, себебі мен оларға, олар маған керектігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы – әр педагогтың бақыты деп ойлаймын.
Тәрбиеші- балалардың жақын досы. Оны еркелетуге де болады, бірақ сақтықпен қараған жөн. Бір баланы еркелету басқа балалардың қызғанышын тудырады. Дегенмен балаларды еркелету де қажет. Тәрбиеші талабына ұқыпты болғаны жөн. Бала тек адамның жеке басының тікелей тигізетін әсері арқылы ғана тәрбиеленеді. Балабақша тәрбиешісі жас ұрпақты жан- жақты дамытып, тәрбие беру, оны өмірге, еңбекке даярлауда педагогикалық білімді көпшілік арасына насихаттау сияқты әрі жауапты, әрі қадірлі қоғамдық міндеттер атқарады деп санаймын.
Баланы балабақшадан бастап жақсы мінез- құлыққа, мейірімділікке, инабаттылыққа, жасы үлкенді және бірін- бірі сыйлауға үйрету ата- аналар, ұстаздар мен тәрбиешінің міндеті. Балалармен жұмыс тәрбиешіден көп күш пен қуатты талап етеді. Сондықтан, ұжымда қайырымдылық, сыпайылық, бір- біріне құрметпен қарау маңызды. Балабақшада бала тілінің дұрыс дамуына аса назар аударған жөн. Қазақ халқы арнайы бала тәрбиесімен айналысатын қоғамдық орындары болмаса да, өз ұрпағын бесікте жатқан кезінен бастап-ақ өлең-жыр мен әңгіме, ертегі, тақпақ, санамақ т.б. арқылы тәрбиелеп отырған. Сондықтан тәрбиешінің міндеті – жеке тұлғаның ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде қалыптасуы мен дамуы, оның жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасалу керек деп санаймын.
Еліміздің егемендік алған уақыт ішінде қоғамда қаншама өзгерістер болды. Сол өзгерістер туғызған соңғы жаңалықтар бала өміріне тікелей әсерін тигізіп жатқаны белгілі. Ел ертеңі, ұлт болашағы үшін этнопедагогика мен этнопсихология ілімдерінің жетістігін тәрбие құралына айналдыру – бүгінгі күннің сұранысы. Баланың адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы мектепке дейінгі жас шағында қалыптасады. Мектеп жасына дейінгі балалар түсінгенін, қабылдағанын, естігенін, қиялын, ойын тіл арқылы білдіреді. Балабақшада да тәрбиеші баланың ойын, тілін, сурет арқылы сөйлету немесе сөйлем құрау арқылы дамытады. Балабақшаларда балалардың жан- жақты тәрбие және білім алуына жағдай жасалып, топ бөлмелерін қажетті көрнекіліктермен жабдықтау арқылы баланың қызығушылығын оятады. Біздің тәрбиеленушілерге абаттандырылған бөлмелерде ойнауды ұйымдастыру, оқыту, дем алу және ұйықтайтын жатын жайлар жабдықтандырылған. Ғимаратта өзінің хауызы және жеке музыкалық залы бар. Жылы және үй жағдайы жасалған – ол балабақша ортасының даму негізі. Жайлы тұрмыс жағдайлары, ойнайтын ойыншықтар және дамыту ойындары, жолдастарымен ойнау бәрі баланың көңіл-күйін жақсартады, ал ол үздік дамуына әсер етеді.
Тәрбиеші өз тобындағы әрбір баланың қызығушылық қажетіне ұқыптылықпен және қамқорлықпен қарап, балалардың денсаулығын сақтауды қадағалауға байланысты дәрігер талабын орындау қажет. Балаларды отбасында, балабақшада тәрбиелеу мәселелері туралы ата- аналармен тиімді жұмыс жүргізеді және балалармен жүргізілетін өз жұмыстары туралы жоспар құрады, есеп береді, әрбір оқу іс- әрекетіне ұқыпты дайындалады. Қалалық әдістемелік бірлестіктерде, балабақшада педагогикалық кеңестің жұмысына қатысады, өзінің әдістемелік жұмысы жайында ой-пікірін айтып, әріптестерімен тәжірибе алмасады, яғни балалардың дұрыс тәрбиеленуін қамтамасыз етеді.
Менің түсінігімде тәрбиеші жас ұрпақтың бойына тәрбиенің алғашқы негіздерін қалыптастыра алатын, адамгершілігі жоғары, мәдениетті, ғылым жетістіктерін дұрыс бағалай алатын, әдебиет пен өнердің, техниканың даму жайын жақсы білетін, оны түсіндіре алатын адам болуы керек. Ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл- Фараби: «адамзатқа алдымен тәрбие берілу керек, тәрбиесіз берілген білім оған апат әкеледі, сондықтан алдымен тәрбие берілу қажет» -деген сөзі бекер айтылмаған деген сенімдемін.
Менің жұмысымның өзектілігі - қоғамда мектепке дейінгі ұйым тәрбиешісі мамандығы туралы жағымды көзқарас қалыптастыру және мектепке дейінгі білім берудің басымдылықтарын нығайтып, балабақшадағы балалармен заманауи бағытта жұмыс жолын іздестіру. Сондықтанда да тәрбиеші бір балаға емес, әр баланың жүрек түбінен орын алуы тиіс. Сонда ғана бала ұстаз мейірімін бойына сіңіреді. Мойнымыздағы жүк күннен-күнге ауырлай түседі. Оны жеңілдету, келешек ұрпақтың қамын ойлау өз қолымызда. Ата-бабамыз алмаған қамал жоқ деген, ендеше біздердің бұл тұғырда да жетер биігіміз алда деп ойлаймын. Осынау қиындығы мен қызығы мол еңбекте талапқа сай істерімізбен көрінейік.

Қазір өмір талабы,
Дамыту барша баланы,
Денсаулығна мән беріп,
Бала тәрбиелеу саналы.

Ойнаймыз, оқимыз, күлеміз,
Жолдас боп бәріміз жүреміз
Тәрбиешінің берген тәлімін,
Ойға тоқи білеміз.

Ерте,ерте,ертеде,
Талай-талай өлкеде...